Неге атау әр түрлі болып келеді? Бұған Қ.Жұбанов «Қазақ тілінің
жоғарғы курсы» («Дәрістері») бойынша арнайы берілген «Функциональная
семантика» (Атқаратын қызметіне қарап затқа ат тағылады)» деген
тақырыпта былай жауап берген: «Құбылыс көп және олар әр түрлі; бір халық оның, бір заттың бір сипатын біліп, екінші жағын білмейді; мұның үстіне біреуін көп, екіншісін аз біледі. Содан келіп атауда түрлілік, көптік туады».
Ғалымның «Зат пен құбылысқа тағылатын аттардың қалай пайда болуы мен
олардың мағыналарының өршуі» жөніндегі пайымдауларында әлем тілдері
семантикасына ортақ қасиеттер де сипатталады.
«Сөйлеу дегеніміз – белгілі бір заттың, істің сыйпаттың аттарын белгілі тәртіппен тізіп, бірімен-бірін байланыстырып барып, солар арқылы хабар беру», – деген тұжырымы әбден дұрыс дегіміз келеді.
Қ.Жұбанов, сонымен қатар, лексика, семасиология, синтагматика, грамматика т.с.с. бірсыпыра лингвистикалық ұғымдарға дұрыс түсінік
берген.
Ғалымның шығармашылық еңбектерінен біз байқаған басты ерекшеліксол – ғалым ана тілі мәселесін сөз ету үшін әдетте тіл-тілге тән әмбебап заңдылықтар қандай – соны алдымен сөз етеді де, содан кейін оны
қазақ тілі материалымен ұштастырады. Мысалы, ғалым «Буын жігін қалай
табуға болады?» деген еңбек жазғанда алдымен «1. Буын жүйесінің маңызы»
деген мәселені қытай, араб, еврей тілдерін тілге тиек ете отырып, уақыт
факторымен байланыста алып баяндайды. Содан кейін «2. Біздегі буын
түрлері», одан әрі «3.Буын жігі қайткенде оңай табылады?» деген тақырыпта
ой толғап, кеңес береді.
Жалпы алғанда, ғалым адам мен тілдің, адам мен лингвистиканың байланысу тетігін көре білді. Мәселен, адамның өз тіліне әсер ете алатынын
дұрыс түсіндіреді: «Человек, как активное животное, могущее воздействовать на свою жизнь, может активно воздействовать и на свой язык, но для этого требуется не только одна письменность, а целый ряд социально-экономических условий ...», – дейді ғалым. Бұл айтып отырғаны –
тіл дамытуға әсер ететін әлеуметтік факторлар.
Ғалымның семиотикалық тұрғыдан, тілді таңба ретінде сипаттау
жөнінде де өз пікірі болмаса: «Сонау Аристотельден бастап, көпке аян болған, осы күнге дейін буржуазия ғалымдары қайталап айтып келе жатқан қисын бойынша тіл дегеніміз шартты таңба ғана болып табылады. Олай болса, біз айтып отырған табиғи тілден басқа хабарласу амалдарының бәрін де тіл ретінде тануымыз керек болмай ма?!» – деген сауал қоймас еді.
Демек, Қ.Жұбановша, тілді таңба ретінде сипаттауды нақтыламақ керек.
Күллі тіл атаулының даму тарихында ортақ белгілер болуы да
заңдылық, бұл – жалпы тіл білімі құзырындағы мәселе. Проф. Қ.Жұбанов
пайымдауында, тіл тарихын білу жалаң мақсат емес, тілді меңгеру мен
өзгерту үшін керек: «Тілдің тарихын білу деген сөз – оның өніп-өскен жолын білу деген. Әлбетте, тіліміздің сонау ұзақ жолда қандай өзгерістерге ұшырағанын білу керек. Бұрынғыны білу жай әшейін мақсат емес, тілді
143
меңгерудің амалы», – дейді ғалым. Қ.Жұбановтың ойынша: «Біз тілді меңгеріп болғанымыз жоқ, толық меңгерсек қана оны дұрыс бағытта өзгерте аламыз». Демек, мемлекеттік тілдің, әсіресе оның ішкі құрылысын
(мысалы, термин қоры мен жүйесін) тиісті дәрежеде дамыта алмай келе
жатқанымыздың бір белгісі, әлеуметтік қажеттілікке сай, толық меңгере
алмағанымыз. Қазақ тілі жүйесін ғылыми тұрғыда толық меңгере алмауымыз
жоғары оқу орындарының қазақ тілін оқыту ісін жетілдіруді қажет ететінін
аңдатады.
Ғалымның «Қазақ тілі ғылымын бір адам ғана жасай алмайды, бір мезгілде ғана ол жасалмайды. Бұл – көп күш, көп қол, көп уақыт керек қылады...» деген пікірінен жеке тіл ғылымы жөніндегі тұжырымның жалпы
тіл біліміне енгізуге болатыны туындағанын байқау қиын болмаса керек.