72
- Жоқ, бар тілегім - баламды босатсаң екен.
Олай болса, Зәйдті шақырайық, өзінің ойын сұрайық. Егер сізбен бірге
кетем десе ақысыз-пұлсыз сіздікі болсын. Ал, егер менің қасымда қалуды
қаласа, Уаллаһи, мені қалаған адамды мен де қалаймын, ешкімге
айырбастамаймын.
Ағалы-інілі екеуі Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) айтқандарына риза
болып:
- Бәсе, көргенді адам осылай жасаса керек-ті. Ынсаптылығың мен
кісілігіңді бұған дейін естіп келіп едік, енді өзіміз куәміз, - деді.
Зәйдті шақыртып:
- Мына кісілерді танисың ба? - деп сұрады.
- Әрине, танимын.
- Кім бұлар?
- Мынау - менің әкем, ал мынау - әкемнің інісі. Бұл жауаптан соң
пайғамбарымыз Зәйдке қарап:
Сен менің қандай адам екенімді білесің, сені қалай жақсы көретінімді
де білесің. Сені кет деп қумаймын, ерік өзіңде, қалғың келсе, менің қасымда
қал, ал егер әкеммен үйге қайтам десең, бара ғой. Тек ақылмен ойлап шеш,-
деді.
Зәйд салған жерден:
- Мен еш жаққа да кетпеймін, сенің жаныңда қалғым келеді. Сен мені
бауырыңа бастың, анамды да, атамды да жоқтатпадың, - деді.
Ұлының жауабын естігенде сасып қалған әкесі:
"О не қылғаның, балам-ау! Сен туған әке-шешеңді, ағайын-туыс,
отбасыңды, азаттықты ысырып қойып құлдықты, бодандықты қалағаның ба,
жаным-ау?!" - деді.
Зәйд айтқанынан қайтпады.
"Жаным, әкем мен сендерді ұмытқаным жоқ, ұмытпаймын да. Бірақ,
қарсы алдымызда тұрған мына кісіден көрген жақсылықтарымды тілмен
айтып жеткізе алмаймын. Мен не де болса, осы адамның қасында қалғым
келеді", - деді.
Кіп-кішкентай Зәйд осылайша Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) шын
берілгендігін көрсетті. Тағдыр оған нұрлы болашақ дайындаған еді.
Жоғарыдағы жауабы - соның алғашқы белгісі.
Достарыңызбен бөлісу: