ӘӨЖ 929(09) 045
ӘЛ-ФАРАБИ ЖӘНЕ ОНЫҢ РУХАНИ МҰРАСЫ
Абдиганиева А.Ж., География мамандығының студенті
Ғылыми жетекшісі: Серикбаева А.К., аға оқытушы
Ш.Есенов атындағы КМТИУ, Ақтау қаласы
Аңдатпа. Бұл мақалада Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірбаянына сипаттама
беріледі. Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми еңбегі, соның ішінде «Қайырымды қала
тұрғындарының көзқарастары туралы трактаты» кеңінен талданды.
Түйінді сөздер: жаратылыстану, философия, астрономия, математика, медицина
Қазақ топырағының көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтары бүкіл араб-
парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп, кейінгі
ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты әлемге жайылғандары да аз
емес. Солардың бірі – бәрімізге танымал ұлы жерлесіміз, Батыс пен Шығысты терең
білімімен бас идірген Әбу Насыр әл-Фараби.
Ол Отырар қаласында 870 ж. дүниеге келген. Ежелгі Ұлы Жібек жолында, Арыс
өзенінің Сырдарияға құятын жерінде бой көтерген Отырар қаласын арабтар Фараб,
Барба-Фараб деп атаған. Осында әл-Фараби жастық шағын өткізген. Нақты айтқанда,
әл-Фараби Фарабтың өзінде емес, соның маңындағы Весиж қалашығында туған. Весиж
— Сырдарияның сол жағалауында орналасқан қала. Археологтар Весиж қалашығы
Отырардан солтүстік-батысқа қарай шамамен 20 шақырымдағы Ақжар сайында
орналасқан Оксус қалашығына сәйкес келетінін анықтады. Қалашық ішкі қамалдан,
қабырғамен қоршалған шахристаннан және рабаттан тұрады. Қалашықтың VІІІ–ХV
ғасырларда өмір сүргені анықталды. Уақыт өте келе Весиж ұмытылып, асқан ақыл ой
иесінің Отаны Фараб қаласы саналып кетті.
Фарабидің толық аты-жөні — Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан
ибн Ұзлағ әл-Фараби ат Түрки. Ат Түрки — шыққан тегі түркі дегенді, әл-Фараби —
Фараб қаласынан шыққан дегенді білдіреді. Өзінің азан шақырып қойған аты —
Мұхаммед, әкесінің де аты — Мұхаммед, атасының аты — Тархан, бабасы — Ұзлағ.
Кейде оны жай ғана «Тархани» деп те атаған. Әл-Фараби түркі тайпасының дәулетті
отбасында дүниеге келген, әкесі әскербасы болған. Бір нұсқада руы қаңлы-қыпшақ
делінген. Әкесінің әскербасы болғанын «тархан» деген атаудан да байқауға болады.
Біздің жерімізде мекендеген ежелгі түркі тайпалары «тархан» деп әскери лауазымды
кісілерді айтатын болған. Яғни Фараби әскери ортадан шықты деп жорамалдауға әбден
болады. Оған қоса тарихи еңбектерде «әл-Фараби мықты, күшті және ержүрек болған.
Ол жебені жақсы тартқан, атқан оғы нысанаға дәл тиетін», — деп жазылған. Осыған
қарағанда әкесі әскербасы болғандықтан, жас Мұхаммедтің те жауынгерлік, соғыс
өнерінен хабары болған сияқты. Екіншіден, ежелден Сыр, Отырар бойын жайлаған,
тарихқа ертеден мәлім қаңлы тайпасында тархан (кейде дархан деп те атайды) атты ру
болған, қазір де бар. Сондықтан Фараби қаңлы-қыпшақ руынан шықты деп айтуға
122
толық негіз бар. Тағы бір деректерде «Фарабидің әкесі Весиж қаласының әміршісі
болған» деп те айтылады.
Сол тұста өмір сүрген зерттеушілердің қалдырған еңбектеріне қарағанда,
Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса
ірі мәдениет орталығы болған. Отырардағы кітапхана, ел аузындағы аңызға қарағанда,
кітабының саны жағынан атақты Александрия кітапханасынан соң екінші орында
болған. Әл-Фарабидің ғылымға деген ынтасы осы Отырар кітапханасында пайда болған
сияқты. Осы аймақты мекендеген тайпалардың сонау арғы заманнан қалыптасқан
өнері, ғылымы, түркі тілдес жазуы болған.
Бала Мұхаммед қала медреселерінің бірінде сауатын ашып, хат танып, Отырар
кітапханасының мол қорынан сусындап өскен. Тіл үйренуге жастай көңіл қойған
тәрізді. Өйткені араб тарихшысы ибн Халликан «әл-Фараби 70-ке жуық тіл білген» деп
жазып қалдырған. Ғалымдардың бір тобы: «Бұл шындыққа жанаспайды» десе, біраз
ғалымдар ибн Халликанның жазғандарын мақұлдап, қайталап та жүр. Яғни бала
Мұхаммед өз кезіндегі ұлы ғұламалардың еңбектерін оқу үшін жастайынан тіл
үйренуге ден қойғандай.
Зерттеуші-ғалымдар әл-Фарабидің балалық, жастық шақтары туралы мардымды
әңгіме айтпайды. Себебі ұлы ғалымның өмірінің бұл кезеңі туралы мағлұматтар
жоқтың қасы. Сондықтан да зерттеушілер ұлы ойшылдың өмірбаянын оның елуден
асқан шағында Бағдад шаһарына қоныс аударуынан ғана бастайды. Оның ғылым
жолындағы ізденістері мен ұзақ сапарлары нақ осы кезден басталса керек.
Әбу Насыр әл-Фарабидің өзінен: Сіз қандай ғылымдар саласында еңбек еттіңіз?
— деп сұрай қалсақ, ол не дер еді? Біздің ойымызша, ол былай дер еді: Менің
айналысқаным бір-ақ түрлі ғылым, оның аты — «Табиғат пен адамзат» деп аталады.
Оп-оңай, екі-ақ ауыз сөз. Бірақ осы екі сөздің шеңберінен тыс ғылым қайда, ондайды
естіген жан бар ма? Олай болса, Фараби қамтыған ғылым мен өнер жоқ деуге болады.
Ол жаратылыстану, философия, астрономия, математика, медицина, логика,
этика, метафизика, жағрафия, әдебиеттану, тіл білімі, музыка сияқты ғылым
салаларынан 164 трактат жазғаны мәлім.
Бір қызығы, Фараби шығармаларының санын неміс ғалымы Ш. Штейшнейдер 117
еңбек десе, түрік ғалымы А. Атеш — 160, ал тәжік ғалымы Б. Ғафуров 200 трактат деп
көрсетеді.
Келтірілген еңбектер санының өзі Фарабиден бізге көп мұра қалғанын
байқатады. Мың жылдан асса да осынша рухани мол дүниесінің қолдан қолға өтіп бізге
аман жетуі Фарабидің ұлылығының, данышпан білімпаздығының тағы бір айғағы болса
керек. Ендігі парыз осы еңбектердің барлығын жинап, екшеп-талдап ұрпақтар кәдесіне
жарату болып отыр.
«Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» – әл-
Фарабидің негізгі еңбектерінің бірі. Ол 948 жылы Мысырда жазылды. 942 жылғы
мәтіннің бірінші үлгісі «Китаб ас-сийаса ал-маданиййа» жеке шығарма ретінде танымал
болды. Әл-Фарабидің қайырымды және қайырымсыз қалалар туралы ілімі түп-
тамырымен Платон және Аристотельдің мінсіз мемлекет және мемлекет түрлері туралы
ілімінен бастау алады. Платон өзінің «Мемлекет» деген шығармасында мінсіз қаланың
құрылымы туралы ойын білдірген.
Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы
трактаты» – ойшыл дүниетанымының мазмұнды арналарының бірі. Трактатта ізгілікті
қоғам болмысының негізгі тетіктері мен қажетті шарттары туралы жан-жақты
талданып, зерделенеді. Мәселен, адамның табиғатынан көмекті қажетсініп, қоғам
құруға бейілді екенін және қоғамның түрлері көптігін айтады. Себебі, әрбір адамның
тіршілік етуі мен кемелділікке жетуі үшін қандайда болмасын қауым керек. Әл-
123
Фарабидің пікірінше, «қайырымды қала» идеал болып табылады. Бұл – қайырымды
билеуші басқарған феодалдық қала. Оған өзінің мақсатына сәйкес әрекет ететін
басқарушы шенеуніктер мен сол шенеуніктердің мақсатын жүзеге асыратын келесі
рангілі шенеуніктер көмектеседі, осылайша қоғамның төмен қабаттарына дейін.
Жалпы, адам қоғамдастығын философ екі түрге бөліп көрсетеді: толық және
толық емес. Толық қоғамдастықтың өзін үш түрге бөлген: үлкен, орташа, кіші. Үлкен
қоғамдастық деген – ол бүкіл жерді мекендеуші барлық адамдардың жалпы
қоғамдастығы деп көрсетеді. Ал орташа қоғамдастық дегеніміз – белгілі бір халық
ретіндегі қоғам дейді, кіші қоғамдастық – белгілі бір қала ретінде көрсетілген. Толық
емес қоғамдастыққа келер болсақ, әл-Фараби оларды төртке бөліп қарастырған. Олар:
квартал, көше, үй және ауыл. Соңғысы қала құрамына кірмегенімен, ол қалаға қызмет
көрсетуші толық емес қоғам болып табылады. Жоғары деңгейдегі игілікке адам ең
бірінші ретте қалада ғана қол жеткізе алады деп көрсеткен. Кез келген нәрсеге шынайы
таңдау жасап, талаптанып жетуге болады дейді. Әрбір тұрғыны бақытқа жету жолында
бір-біріне көмектесетін қайырымды қала деп түсіндіріледі. Сол сияқты қайырымды
қала, қайырымды тұрғындар болады дейді . Әл-Фараби трактатында былай деді: Адам
толығымен жетілуі үшін ол көптеген мәселелерден тәуелді болады. Себебі, ол барлық
қажетті нәрселерді жалғыз өзі жасай алмайды әрі қол жеткізе алмайды дейді.
Сондықтан адам өзінен басқа да адамдардың қоғамдастығында өмір сүруі керек және
сонда ғана ол толық жетіліп, бақытқа қол жеткізе алады дейді. Бірақ ол басқа адамдарға
қатысты да қоғамдастықтың құраушысы болып табылады. Осылайша, қоғамдастықтың
әрбір мүшесінің іс-әрекеті оның әрбір мүшесіне қажетті нәрселердің барлығын тауып
береді дейді.
Қауым адамдары бір-біріне көмек көрсетулері арқылы ғана кемелділікке жетіп,
тыныштығын сақтайды және үйлесімді өмір сүреді. Бірақ олардың барлығы толық
мәнге ие бола алмайды және қоғамның да түрлері көп. Ойшыл толық мәнді қоғамды
үшке бөледі: ұлы, орташа, шағын және оларды барша адамзат баласы қоғамдарының
тұтас жиынтығы дейді. Игілік пен кемелділік дәрежесіне ең бірінші қала жетпек. Әл-
Фараби: «Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу
мақсатын қойған қала – қайырымды қала, ал адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-
біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету
мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық. Егер халықтар
бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отырса, бүкіл ғалам қайырымды
болмақ», – деген гуманистік ойын ұсынып, оның жүзеге асуын аңсайды. Қала болмысы
– адамның кемелденген денесі мен оның мүшелері секілді. Дене мүшелері тіршілік ету
мақсатында бір-біріне көмектесіп отырады және өздерінің қабілеттері мен
жаратылыстарына қарай бөлінеді. Дәл сол секілді қала бірлестіктері де қабілеттеріне
байланысты бөлінеді. Данышпан ізгілікті қоғамды қалай билеу керек, оның бөлшектері
туралы, әділ билеудің әдістері мен билеушінің қабілеті, белгісі, негізгі шарттары жайлы
пайымдайды. Қала басшылары қала бірлестігінің мүшелері болуы үшін тек табиғи
қасиеттерімен ғана емес, өнер секілді қасиеттерімен де мүшелікке енеді. Ал қала
бірлестігінің басшысы бойындағы қасиеттерімен өзгелерден кемелді болғандықтан
жоғары тұрады және мәртебелі.
Әл-Фараби қайырымды қала деген сау әрі ешбір мінсіз адам мінезіне ұқсас
дейді. Себебі, оның әрбір мүшесі денсаулықты сақтау үшін бір-біріне көмектесіп өмір
сүреді. Бірақ адам денесіндегі мүшелер бір-біріне табиғаты, атқаратын қызметіне
байланысты айырмашылық жасайтындығы сияқты, қала тұрғындары да өздерінің
қызметі мен қоғамдағы орны бойынша айырмашылық жасайды деген. Қалада бір
басшысы болады, ол өзіне бір саты төмендегілерден белгілі бір істің атқарылуын талап
етеді, ал талап етілгендер өз кезегінде өздерінен кейін тұрғандардан талап етеді,
124
осылайша ең төменгі талап ете алмайтын сатылардағыларға да жететінін көруімізге
болады дейді.
Қайырымды қала басшылары және билеушілерінің келесідей төрт түрлері
болады: – шынайы билеуші (барлық қасиеттерге ие бірінші басшы); – шынайы билеуші
жоқ болса, қайырымды қаланы «ең лайықтылар» басқарады; – егер жоғарыда
аталғандардың екеуі де болмаса, бірінші билеушілермен енгізілген ерте заңдарды және
ережелерді білетін және орындайтын «заң бойынша билеуші» қаланы басқарады; – заң
бойынша билеуші жоқ болған жағдайда, бұрынғы заңдар туралы білімдері бар адамдар
тобы, яғни, заң бойынша басшылар. Әл-Фараби үшін қайырымды қаланы кім және
қанша уақыт басқарғаны маңызды емес. Оған қалай басқаратыны маңызды. Әл-Фараби
бір билеуші жалғыз өзі қаланың барлық бөліктерін басқара алмайды, сол себепті «сол
қоғамның арасында одан жоғары басшы жоқ, әр қаланың бөлігінде басшы бар».
Мұндай қоғамды ұлы ойшыл «әрбiр адам екiншi адамның өмiр сүруiне қажеттi үлесiн
беретiн, бiр-бiрiне көмектесетiн адамдарды бiрiктiру арқылы ғана адам өз табиғатына
сай жету дәрежесiне ие болатын» қоғам түрiнде елестетедi. Халықтың аз қамтамасыз
етiлген топтарын мемлекеттiк қолдау туралы бұдан мың жылдан астам бұрын айтылған
ғұлама идеясы бүгiнгi күнi де мемлекеттiң iшкi саясатындағы басты мiндеттердiң
бiрiнен саналады. Осындай «жетiлдiрiлген қоғамда, әл-Фарабидiң айтуынша, бiр-
бiрiмен қарым-қатынас жасау, көмектесу, қолдау, ұжымдасу адамдардың өмiрлiк
қажетiне айналады».
Әл-Фараби қайырымды қала басшысында алты түрлi қасиет болу керек деп
есептейдi. Олар: даналық, асқан пайымдылық, сенiмдiлiк, ойлау қабiлетiнiң жоғары
болуы, соғыс өнерiн жетiк бiлуi, денсаулығының мықты болуы. «Осының бәрiн өз
бойында ұштастыратын адам барлық уақытта кiмге елiктеу керек екенiн, кiмнiң айтқан
сөзi мен ақылына құлақ қою керек екенiн көрсететiн үлгi болады. Мұндай адам
мемлекеттi өзiнiң қалауынша басқара алады». «Бақыт – әрбiр адам ұмтылатын ұлы
мақсат» екендiгiн атап көрсеткен әл-Фараби бақытқа бiлiм мен игiлiк нәтижесiнде ғана
жетуге болады, ал ондай мүмкiндiк қайырымды қала тұрғындарында көбiрек
болатындығын дәлелдейдi. Әл-Фараби басқаруды қайырымды және қайырымсыз деп
екіге бөлді. Қайырымды, білімді, мәдениетті басқару – халықты бақытқа бастайды,
олардың іс-әрекетін, ерік-қасиетін осы жолға бағыттайды. Ол үшін басқару заң күшіне,
игі тәжірибеге негізделуі тиіс. Ал қайырымсыз, надан басқаруда теріс әрекеттер мен
жаман қасиеттер бой алады. Сондықтан ол надан адам басқарған, озбырлыққа сүйенген,
қайырымсыз, қатал мемлекеттік тәртіпті өткір сынайды. Ол мінсіз мемлекетті
уағыздайды. Осы еңбегiнде ол «бақыт дегенiмiз – игiлiктердiң iшiндегi ең қадiрлiсi, ең
үлкенi және ең жетiлгенi» деп атап көрсетедi және әр адамның оған толық құқығы бар
дейдi. Ал ондай құқыққа ие болуға қайырымды қала тұрғындарының ғана мүмкiндiгi
бар, сондықтан да қайырымды билеушiлер билеген қала тұрғындары ғана бақытқа жете
алатындығын айтады. Мұндай қалалардың басқа қалалардан басты айырмашылығы
және негiзгi белгiсi – жоғары тәртiп пен оның тұрғындарының мәдениеттiлiгi,
сыпайыгершiлiгi және билеушiлерiнiң қайырымдылығы, ақыл-парасаты. Сондықтан әл-
Фараби бұндай қалалардың өмiр сүруi өзiнiң бiлгiрлiгi мен ұстамдылығына толық
жауап бере алатын билеушiге тiкелей байланысты деп тұжырымдайды
Қорыта келе, Ұлы бабамыз — Аристотельдің философиясын дамыта отырып, өз
тарапынан көптеген маңызды ғылыми еңбектер жазды. Әл-Фараби ғылымның
философиялық- логикалық іргетасын дұрыстап қайта қалап шықты. Ол музыка жайлы
күрделі зерттеулер жүргізді. Фарабидің метафизика, тіл ғылымы, логика, психология,
география, этика, т.б. ғылымдар жайлы жазған еңбектерінің мәні ерекше зор.
Дүние жүзі мәдениетінің дамуында із қалдырған қайраткерлер осы заманға дейін
адамзат мәдениетінің бірлігін паш етіп келеді. Әл-Фараби осындай дүниежүзілік
125
тарихи тұлғалардың санатына қосылады. Ол туған елінің мәдени байлығын, Иранның,
Үндістаннің ежелгі дүние мәдениеттерінің жемістерін бойына дарытты. Дәл сондықтан
да ол таяз ұғымдар мен соқыр сенімдерден жоғары көтеріле білді. Өзінің ойлау жүйесін
сындарлы да икемді ете білді. Әл-Фараби заманындағы өнер-білімнің ең асылын таңдап
ала білді. Өз дәуірінің шынайы энциклопедиясын жасап берді. Оның терең мағыналы
пікір айтпаған, жете зер салмаған, данышпандық болжам жасамаған бірден-бір саласы
жоқ деуге болады.
Кеңес үкіметі кезінде әл-Фарабиді көптеген адамдар зерттеді. Кемшілігі — оны
Ислам өркениетінен алшақтатып көрсетті. Фараби туралы ақиқатты айтқан жоқ.
Тәуелсіз Қазақстанда Ұлы бабамызды алдағы уақытта ешқандай шектеусіз зерттеуге
толық мүмкіндік бар деп ойлаймыз.
ӘДЕБИЕТТЕР
1. Шолақова Р. Әл-Фараби — Шығыстың ғұлама ғалымы // Қазақ тарихы. —
2012. — № 5 (116). — 32, 33 б.
2. Қойлыш Ж. Бала Мұхаммедтен ғұлама ғалым, «Екінші ұстаз», Әбу Насыр әл-
Фарабиге дейін (870–950) // Аңыз адам: Жұлдыздар отбасы. — 2011. — № 17 (29). — 5–
9-б.
3. Келімбетов Н. Түркі халықтарының ежелгі әдеби жәдігерліктері. — Алматы:
Раритет, 2011. — 432 б.
4. Қасымжанов А., Әлінов А. Әл-Фараби // Қазақ: Оқу құралы. — Алматы:
Білім, 1994. — 176 б.
5. Бейсенбай Б. Әбу Насыр әл-Фараби өмірбаянына жаңа қисын // Ана тілі. — —
№ 25 (1073). — 23–29 маус.— 6, 7-б.
6. Сүлейменов П. Әл-Фарабидің қоғамдық философиялық және педагогикалық
ғылыми көзқарасы // Ақиқат. — 12. — 67–70-б.
7. Исахметұлы Ж., Даутбаев М. Фараби трактаттарындағы білім, тәрбие
мәселелері // Ақиқат. — — № 6. — 105, 106-б.
8. Орынбеков М., Алтаев Ж. Әл-Фараби философиясы // Қазақ даласының
ойшылдары (ІХ–ХІІ ғғ.). — Алматы: Ғылым, 1995. — 160 б.
126
Достарыңызбен бөлісу: |