Қазақ философиясы тарихы (ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
Бұл мәселелерді көтеру себебіміз – Асан Қайғының және басқа
жыраулардың Әлемге деген қатынасы тұтастығымен ерекшеленеді.
Сондықтан зерттеу объектісіне айналған жыраулар – нағыз дала
философтары.
Асан Қайғы жырларында дүниеде, өмiрде кез келген кездейсоқ
жағдайдың болу мүмкiндiгi жоққа шығарылмайды, сонымен қатар
түрлi құбылыстар, бәрiбiр, түбiнде дәстүрлi заңдылықтарға ұмтыла-
тындығына меңзейдi. Мәселен, түнде ұшқан қаздар мен тырналардың
мәжбүрліктен қонатын кезi болады. Сонда олар өздерiне жат, бөтен
жерлерге қонуы мүмкiн. Бiрақ, құстар бiр түнеп алған соң, таң ата
мiндеттi түрде ұшып кететiнiн, ол жердi жерсiнбейтiнiн, мәңгiлiкке
қалып қоймайтындығына назар аударады. Осыдан адам да өзi өмiр
сүретiн жерiн терең жүрек сезiмiмен таңдау керек екендiгi жайлы
ой-пікір туындайды. Қазақтың көшпендiлi дәстүрі өте күрделi, бiрақ
оның практикалық жүйесі мен логикалық қисыны нақты сипатқа ие
болған, жалпы заңдылыққа бағындырылған.
Әр нәрсенiң өз Уақыты, өз Кезеңi бар екенiн, қанша айтқанмен
«күн шықсын» деп, өз Уақыты келмесе күн шықпайтынын, шындыққа
айналатын сәт келмесе мүмкiндiк жүзеге аспайтынын жырау өз
тұрғысынан баяндайды. Адам, Дала, Ғалам Асан Қайғы үшiн –
бiртұтас дүние [9, 33 б.]. Бақыт пен махаббатты сезінген адам ғана
керемет күшке бейімделеді.
Асан Қайғымен қоса сол заманның Шығыстық ғұламаларына тән
ортақ идеялардың сабақтастығын сараптай отырып мынандай толғам-
түйіндер жасауға болады: а) Табиғат пен әлеуметтiк қатынастарға
сай келетін көркемдiк образдар ойдағы байланыстарды, жалпы
өзгерiстер мен қайшылықтар әлемiн, олардың себеп-салдарларын
құрайды; б) Түсініктегі көп салалық, көп бағдарлылық – әлемнiң
тұтастығына, бiрлiгiне iргетас боларлық тұрғы; в) Әлем ешқашанда
бiр ғана бағыт, бiр ғана тәсiлмен шектелмейдi, ол өзiнiң дамуында сан
түрлi әрекет, қимыл, талпыныстарды мойындайды және сол арқылы
Ғалам Мәнi байи түседi.
Өмiрдiң сан қырлы сырын түсiнуде, тiршiлiктегi жақсы мен
жаманның айырмасын бiлуде ойшылдың этикалық ойлары өте
маңызды. Олар адамзат үшiн жол көрсеткiші белгiсiндей. Осыдан
этикалық түсінік пен мінез-құлықты жетілдіру – қазақ халқы үшiн
нағыз бiрiктiрушi феномен, дамытушы рухани күш. Адамның
кез-келген iс-әрекетi тек қана әдiлдiк идеясына бағынуға тиiс. Бұл
тұжырым – басты талап. Әдiлеттiлiк принципi негiзгi бағдар болған
қоғам ғана адамның бақытты болуына iргетас қалайды. Қандай қоғам
адамға қолайлы, қандай әлеуметтiк ортада ол – Тұлға деңгейiне