сөз
Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз
шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей іздегенмен табылмас.
Әуелі - білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты
нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек. Оның үшін білім-ғылымның өзіне ғана
құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең және әр білмегеніңді білген
уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил болады. Сол рахат білгеніңді берік ұстап,
білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады.
Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке
жайғастырып алады.
Егер дін көңілің өзге нәрседе болса, білім-ғылымды бір-ақ соған себеп қана қылмақ үшін
үйренсең, ондай білімге көңіліңнің мейірімі асырап алған шешеңнің мейірімі секілді
болады. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп,
тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды.
Екінші - ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бахасқа
бола үйренбе, азырақ бахас көңіліңді пысықтандырмақ үшін залал да емес, көбірек бахас
адамды түземек түгіл, бұзады. Оның себебі әрбір бахасшыл адам хақты шығармақ үшін
ғана бахас қылмайды, жеңбек үшін бахас қылады. Ондай бахас хусідшілікті зорайтады,
адамшылықты зорайтпайды, бәлкім, азайтады. Және мақсаты ғылымдағы мақсат
болмайды, адам баласын шатастырып, жалған сөзге жеңдірмекші болады. Мұндай қиял өзі
де бұзықтарда болады. Жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі бір қисық жолдағы
кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін! Бахас - өзі де ғылымның бір жолы, бірақ оған
хирслану жарамайды. Егер хирсланса, өз сөзімшіл ғурурлық, мақтаншақтық, хусідшілік
бойын жеңсе, ондай адам бойына қорлық келтіретұғын өтіріктен де, өсектен де, ұрсып-
төбелесуден де қашық болмайды.
Үшінші - әрбір хақиқатқа тырысып ижтиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма!
Егерде ондай білгендігің өзіңді жеңе алмаса, кімге пұл болады? Өзің құрметтемеген
нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?
Төртінші - білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі - мұлахаза қылу,
екіншісі - берік мұхафаза қылу. Бұл екі қуатты зорайту жаһатінде болу керек. Бұлар
зораймай, ғылым зораймайды.
Бесінші - осы сөздің он тоғызыншы бабында жазылған ақыл кеселі деген төрт нәрсе бар.
Содан қашық болу керек. Соның ішінде уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар, зинһар,
жаным, соған бек сақ бол, әсіресе, әуелі - құданың, екінші - халықтың, үшінші - дәулеттің,
төртінші - ғибраттың, бесінші - ақылдың, ардың -бәрінің дұшпаны. Ол бар жерде бұлар
болмайды.
Алтыншы - ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады. Сол мінез
бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген
қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Онан соң оқып үйреніп те
пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін
қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық
беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын!
сөз
Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау
қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі - қазақтың әулиесі сол. Бірақ құдай тағала қолына
аз-маз өнер берген қазақтардың кеселдері болады.
Әуелі - бұл ісімді ол ісімнен асырайын деп, артық ісмерлер іздеп жүріп, көріп, біраз істес
болып, өнер арттырайын деп, түзден өнер іздемейді. Осы қолындағы аз-мұзына мақтанып,
осы да болады деп, баяғы қазақтың талапсыздығына тартып, жатып алады.
Екінші - ерінбей істей беру керек қой. Бір-екі қара тапса, малға бөге қалған кісімсіп,
«маған мал жоқ па?» дегендей қылып, еріншектік, салдау-салғырттыққа, кербездікке
салынады.
Үшінші - «дарқансың ғой, өнерлісің ғой, шырағым», немесе «ағеке, нең кетеді, осы
ғанамды істеп бер!» дегенде «маған да біреу жалынарлыққа жеткен екенмін» деп
мақтанып кетіп, пайдасыз алдауға, қу тілге алданып, өзінің уақытын өткізеді. Және анаған
дүниенің қызығы алдауды білген дегізіп, көңілін де мақтандырып кетеді.
Төртінші - тамыршылдау келеді. Бағанағы алдамшы шайтан тамыр болалық деп, бір
болымсыз нәрсені берген болып, артынан үйтемін-бүйтемін, қарық қыламын дегенге мәз
болып, тамырым, досым десе, мен де керектінің бірі болып қалыппын ғой деп, және
жасынан іс істеп, үйден шықпағандық қылып, жоқ-барға тырысып, алдағанды білмей,
дереу оның жетпегенін жеткіземін деп, тіпті жетпесе өзінен қосып, қылып бер дегенінің
бәрін қылып беріп, күні өтіп, еңбек қылар уақытынан айрылып, «жоғары шыққа» қарық
болып, тамақ, киім, борыш есінен шығып кетіп, енді олар қысқан күні біреудің малын
бұлдап қарызға алады. Оны қылып берейін, мұны қылып берейін деп, соныменен табыс
құралмай, борышы асып, дауға айналып, адамшылықтан айрылып, қор болып кетеді. Осы
несі екен. Қазақтың баласының өзі алдағыш бола тұрып және өзі біреуге алдатқыш
болатұғыны қалай?
сөз
Жұрттың бәрі біледі өлетұғынын және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынын, бір алғанды
қата жібермейтұғынын. Қазақ осыған да, амал жоқ, нанады, анық өз ойына, ақылына
тексертіп нанбайды. Және һәмманы жаратқан құдай бар, ахиретте сұрау алады,
жамандыққа жазғырады, жақсылыққа жарылғайды, жазғыруы да, жарылғауы да пенде
ісіне ұқсамайды, бегірек есепсіз қинауы да бар, бегірек есепсіз жетістіруі де бар деп -
бәріне сендік дейді. Жоқ, онысына мен сенбеймін? Олар сендім десе де, анық сенген кісіге
уайым ойлап не керек? Осы екеуіне лайықты жақсылықты өздері де іздеп таба береді.
Егерде осы екеуіне бұлдыр сеніп отырса, енді неге сендіре аламыз? Оны қайтіп түзете
аламыз? Оларды мұсылман деп, қалайша иманы бар ғой дейміз?
Кімде-кім ахиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның
көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі
қорқыныш, екі қайғы - олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп
айтуға мүмкін емес. Олай болғанда, қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние
қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса - мұсылман емес. Енді
ойлап қарай бер, біздің қазақ та мұсылман екен! Егерде екі нәрсе кез болса, бірі ахиретке
керекті, бірі осы дүниеде керекті, бірін алса, бірі тимейтұғын болса, сонда біреу ахиретке
керектіні алмай, екінші бір кез келгенде алармын деп, жоқ, егер кез болмайтұғын болса,
кең құдай өзі кеңшілікпенен кешіреді дағы, мына кезі келіп тұрғанда мұны жіберіп болмас
деп, дүниеге керектіні алса, енді ол кісі жанын берсе ахиретті дүниеге сатқаным жоқ деп,
нануға бола ма?
Адам баласына адам баласының бәрі - дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың,
өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің - бәрі
бірдей, ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, көрден махшарда сұралуың - бәрі
бірдей, екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың -
бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па?.. Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің
дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына,
малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па? Тілеуді
құдайдан тілемей, пендеден тілеп, өз бетімен еңбегімді жандыр демей, пәленшенікін әпер
демек - ол құдайға айтарлық сөз бе? Құдай біреу үшін біреуге жәбір қылуына не лайығы
бар? Екі ауыз сөздің басын қосарлық не ақылы жоқ, не ғылымы жоқ бола тұра, өзімдікін
жөн қыламын деп, құр «ой, тәңір-ай!» деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам?
сөз
Махшарға барғанда құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт - соларды қатар
қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда
болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді.
Ахиретке бола, бір ғана құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек
қояр дейді.
Дүние үшін болғандарға айтар дейді: «Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке,
батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты
дүниең харап болған, сонымен қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл,
сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім, не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетіңе
ахиретті ұстап, дін ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарып қылдыңдар?» деп.
Ана шын ниетіменен орнын тауып, бір құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға айтар
дейді: «Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып
едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын, кіріңдер! Һәм ол
разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші
еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат қылыңдар!» - деп айтар дейді.
сөз
Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: «мән лә
хаяһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген.
Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл
сөзден білінді: ұят өзі иманның бір мүшесі екен. Олай болғанда білмек керек, ұят өзі
қандай нәрсе? Бір ұят бар - надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы
адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді. Не шариғатқа
теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын керістендіріп,
шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған мұндай ұят шын ұялу емес - ақымақтық,
жамандық.
Шын ұят сондай нәрсе, шариғатқа теріс, я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс
себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі - ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ,
бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі сол ұят істі
қылған адамды есіркегендіктен болады. «Япырым-ай, мына байғұсқа не болады, енді
мұның өзі не болады» дегендей, бір нәрсе іштен рахым секілді болып келіп, өзіңді қысып,
қызартып кетеді. Біреуі сондай ұят, шариғатқа теріс, я ақылға, я абиұрлы бойға теріс, я
адамшылыққа кесел қылық, қатеден яки нәпсіге еріп ғапылдықтан өз бойыңнан
шыққандығынан болады. Мұндай ұят қылық қылғандығыңды бөтен кісі білмесе де, өз
ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза тарттырады. Кірерге
жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, бір түрлі қысымға түсесің. Мұндай ұяты күшті
адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін-өзі өлтіретұғын кісілер де
болады. Ұят деген - адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа
салып, сөгіс қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да
түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит
боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған
адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің
өзінің де адамшылығы жоқ десе болар.
Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен мен ұятты
болдым дедім ғой, енді нең бар?» дейді. Я болмаса «Жә, жә, оған мен-ақ ұятты болайын,
сен өзің де сүйтіп пе едің?» дейді. Немесе «пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен
қылған, түген қылған, менікі оның қасында несі сөз, пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе
еді?» деп, ұялтамын десең, жап-жай отырып дауын сабап отырады. Осыны ұялған кісі
дейміз бе, ұялмаған кісі дейміз бе? Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау.
Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе?!
сөз
1. Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес.
2. Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады.
3. Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады.
4. Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады.
5. Әкесінің баласы - адамның дұшпаны. Адамның баласы -бауырың.
6. Ер артық сұраса да азға разы болады.
Ез аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас.
7. Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы
үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың.
8. Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан,
пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол - көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін
тап та, жөнге сал.
9. Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват.
10. Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген
кісінің тілін кесер едім.
11. Дүниеде жалғыз қалған адам - адамның өлгені. Қапашылықтың бәрі соның басында.
Дүниеде бар жаман да көпте, бірақ қызық та, ермек те көпте. Бастапқыға кім шыдайды?
Соңғыға кім азбайды?
12. Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек - қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян
жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың, қатты қыстың
артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?
13. Ашулы адамның сөзі аз болса, ыза, қуаты артында болғаны.
14. Қуанбақтық пен бақ - мастықтың үлкені, мыңнан бір кісі-ақ к...н ашпайтұғын ақылы
бойында қалады.
15. Егер ісім өнсін десең, ретін тап
16. Биік мансап - биік жартас Ерінбей еңбектеп жылан да шығады,
Екпіндеп ұшып қыран да шығады;
ЖІКШІЛ ел жетпей мақтайды,
Желөкпелер шын деп ойлайды.
17. Дүние - үлкен көл,
Заман - соққан жел,
Алдыңғы толқын - ағалар,
Артқы толқын - інілер,
Кезекпенен өлінер,
Баяғыдай көрінер.
18. Бақпен асқан патшадан
Мимен асқан қара артық;
Сақалын сатқан кәріден
Еңбегін сатқан бала артық.
19. Тоқ тіленші - адам сайтаны,
Харекетсіз - сопы монтаны.
20. Жаман дос - көлеңке:
Басыңды күн шалса,
Қашып құтыла алмайсың;
Басыңды бұлт алса,
Іздеп таба алмайсың.
21. Досы жоқпен сырлас,
Досы көппен сыйлас;
Қайғысыздан сақ бол,
Қайғылыға жақ бол.
22. Қайратсыз ашу - тұл,
Тұрлаусыз ғашық - тұл,
Шәкіртсіз ғалым - тұл.
23. Бағың өскенше тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің, бағың өскен соң - өзің ғана
тілейсің.
Достарыңызбен бөлісу: |