26. Жиырма Алтыншы Сөз
Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, күреске түсірген балуаны жықса,
салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады.
Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Əй, жоқ та шыгар!
Осы қуаныш бəрі де қазақ қарындастың ортасында, бір хайуанның өнерінің
артылғанына, я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол
озған, алған, жыққан өзі емес, яки баласы емес. Мұның бəрі — қазақтың
қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нəрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған
болып, ана өзгелерді ызыландырсам екен демек.
Біреуді ызаландырмақ — шариғатта харам, шаруаға залал, ақылга теріс.
Əншейін біреуді ыза қылмақтың несін дəулет біліп, қуанады екен? Жə, болмаса,
ана ыза болушы соншалық неге жер болып қалады екен?
Жүйрік ат — кейде ол елде, кейде бұл елде болатұғын нəрсе, қыран құс та,
жүйрік ит те — кейде оның қолына, кейде мұның қолына түсетұғын нəрсе.
Күшті жігіт те үнемі бір елден шыға ма. Кейде ана елден, кейде мына елден
шығады. Мұның бəрін адам өз өнерімен жасаған жоқ. Бір озған, бір жыққан
үнемі озып, үнемі жығып жүрмейді. Соның бəрін біле тұрып, жерге кіргендей я
бір арамдығы шыққандай, жамандығы білінгендей болып несіне ұялып,
қорланады екен?
Енді осылардан ойлап білсеңіз болады: надан ел қуанбас нəрсеге қуанады.
һəм қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмейді, есі шығып, бір
түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һəм ұялғандары ұялмас нəрседен ұялады,
ұяларлық нəрседен ұялмайды.
Мұның бəрі — надандық, ақымақтықтың əсері. Бұларын айтсаң кейбіреуі
"рас, рас" деп ұйыған болады. Оған нанба, ертең ол да əлгілердің бірі болып
кетеді. Көңілі, көзі жетіп тұрса да, хайуан секілді əуелгі əдетінен бойын тоқтата
алмайды, бір тиянақсыздыққа түсіп кетеді, ешкім тоқтатып, ұқтырып болмайды.
Не жаманшылық болса да бір əдет етсе, қазақ ол əдетінен еріксіз қорыққанда я
өлгенде тоқтайды, болмаса ақылына жеңгізіп мұным теріс екен деп өздігінен
тоқтаған адамды көрмессің.
|