25. Жиырма Бесінші Сөз
Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ
құлшылық қыларлық қана, түркі
танырлық қана таза оқытса болады. Аның үшін бұл жер Дар əл-Харб
19
, мұнда
əуел мал табу керек, онан соң ғараб, парсы керек. Қарны аш
кісінің көңіліне
ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап-ішуге малдың
тапшылығы да, ағайынның араздығына уа əр түрлі бəлеге, ұрлық, зорлық,
қулық, сұмдық секілді нəрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нəрсе. Мал
тапса, қарын тояды. Онан соң білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін, не
балама үйретейін деп ойына жақсы түседі.
Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да — бəрі орыста тұр.
Зарарынан
қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын
білмек керек. Аның үшін олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның
тілін білсең, көкірек-көзің ашылады. Əрбіреудің
тілін өнерін білген кісі
соныменен бірдейлік дағуасына
20
кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де
жақсы — білгендік.
Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан əке-шешесін, ағайын-
жұртын, дінін адамшылығын жаурыннан бір қаққанға сатады. Тек майырдың
күлгені керек деп, к... ашылса да қам жемейді. Орыстың ғылыми, өнері —
дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Лəкин осы күнде орыс
ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен
тағы қазақты аңдысам
екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда
табады екен, соны үйретейін, мені көріп жəне үйренушілер кебейсе,
ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына
көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп,
жұрт қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек. Қазірде
орыстан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр. Себебі:
ата-анасы, ағайын-туғаны бір жағынан бұзып жатыр. Сөйтсе де
осы оқыған
балалар — ана оқымаған қазақ балаларынан үздік, озық. Не қылса да сөзді
ұқтырса болады оларға. Жақсы атаның балалары да көп оқыған жоқ, қайта
кедейдің баласын орысқа қорлап берді. Олар осыдан артық қайда барсын?
Жəне де кейбір қазақтар ағайынымен араздасканда: "Сенің осы зорлығыңа
көнгенше, баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем
бе!" деуші еді. Осындай
жаман сөзді, Құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай
айтқан қазақтардың баласы оқығанменен не бола қойсын? Сонда да өзге қазақ
балаларынан артық үйренгені немене, қай кеп үйреніпті? Кірді, шықты, ілді,
қайтты, түбегейлеп қуған бала да жоқ. Əкесі ел ақшасыменен оқығанға əрең
оқытады, өз малын не қылып шығарсын?
Турасын ойлағанда, балаңа қатын əперме, енші берме, барыңды салсаң да,
орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол — мал аяр жол емес.
19
Қауіпті, бүлінген, Ислам діні қонбаған жер
20
(ар.
ةﻮﻋد
) – үндеу, шақыру, насихат