40
қисыны бар, өйткені айтыс – екі адамның шығармашылығы. Осы тұрғыдан
алғанда, айтысты үлкен екі түрге бөлуге болады: фольклорлық, яғни
анонимдік айтыс және ақындар айтысы. Біріншісі фольклорға жататын
себебі – тек авторы жоқтығынан емес, сондай-ақ ол айтыс текстерінің
фольклор поэтикасынан шықпайтындығы. Ал, екіншісі – авторы белгілі,
өзіндік "мені", стилі бар, ал тексі біршама тұрақты, әрі варианты аз болады.
Демек, ақындар айтысы – авторлық, ауыз әдебиеті, яғни ақындар мен
жыраулар поэзиясы қатарында қарастырылуы керек. Олай болса,
фольклор құрамына тек анонимдік айтыстарды енгізу қажет те, ақындар
айтысын бұл саладан шығару шарт.
Фольклорлық айтыс өте ерте заманда пайда болған. Оның шығу тегі
рулық қауыммен тікелей байланысты. Ежелгі рулық қоғамда эндогамиялық
неке салты болған. Сол бойынша екі ру адамдары тек өзара, бір-бірімен ғана
некелесетін болған. Жігіт жағы басқа рудан қыз алуға, ал қыз жағы бөтен ру
адамына шығуға хақысы болмаған. Соның өзінде де екі рудың арасында
тайталас, күш сынасу міндетті болған. Жігіттің руы қыздың руынан білек
күші болсын, әдет-ғұрыпты білу жөнінен болсын, сөз өнерінен болсын басым
екендігін дәлелдеуге тиіс болған. Екі рудың құдалық салты бойынша екі
ақыны, екі шешені өнер мен ой сайысына түсіп, жігіт жағы асып түсуге
міндетті болған, ал, егер жеңіліп қалса, айып төлеген, немесе басқа
шартты орындаған. Кейін, қоғамдық өмір дамып, эндогамия салты
экзогамиялық некеге, яғни өз руынан қыз алмау дәстүріне айналған. Бұл
кезде де құда болатын екі рудың сынасуы, сайысуы қалмаған, бірақ олардың
түрі, сипаты өзгерген. Сөйтіп, сөзбен сынасу – алғашқы ғұрыптық маңызын
өзгертіп, өнер деңгейіне жеткен... Бірақ ежелгі ритуалды айтыстың өзгерген
түрлері ұлттық фольклорымыздың құрамында сақталып, бізге жеткен. Олар –
үйлену салтына қатысты "жар-жар" мен ескі нанымға негізделген "бәдік"
жанрлары. Бұларды ғалымдарымыз "әдет-салт айтыстары" деп атайды
(М.Әуезов).
Достарыңызбен бөлісу: