Жетекші ұғымдар мен тірек сөздер: реалии, ұлттық-мәдени және тарихи
колорит, локализмдер, этнографизмдер, варваризмдер, ксенизмдер, фондық
ақпарат, фондық ая, фондық білім, баламасы жоқ лексикалық бірліктер,
транслитерациялау, жартылай транслитерациялау, калькалау, сипаттау,
түсіндіру арқылы аудару, мағынасы жақын сөздермен аудару, этнографиялық
реалиилер, географиялық реалиилер, саяси-қоғамдық реалиилер және т.б.
Қазіргі заманғы аударма теориясында түпнұсқаның ұлттық және тарихи
ерекшелігін сақтау қажеттігіне аса назар аударылады. Осы ретте көркем
аударма аударманың басқа түрлеріндей ақпаратты жеткізуді басты меже санап
қоймай, өзге мәдениет өкілі болып табылатын, түпнұсқа мәдениетімен жете
таныс емес аударма оқырманы түпнұсқа шығарманың бүкіл көркемдік-
эстетикалық маңызын, оның образдарының көркемдігі мен ондағы көңіл-күйдің
тереңдігін толықтай қабылдауы үшін түпнұсқаның образдылығын, оның
бояуын қайта жаңғыртуды көздейді.
Сондықтан да ақпараттық мәтіндердің аудармашысына қарағанда, көркем
мәтін аудармашысының міндеті едәуір күрделі десе болады. Ол мәтіннің
мазмұнын жеткізіп қана қоймай, өзге мәдениет шеңберінде және өзге тілде
түпнұсқаның рухын барынша дәл қайта жаңғыртуы тиіс.
Қазіргі таңда оқырман қауым аударылған шығарманың мазмұнындағы
жалпыадамзаттық идеяны ғана емес, сонымен бірге ұлттық ерекшелікті де
қабылдауға дайын болғандықтан, көркем аударманың танымдық маңызы да
арта түседі. Осыған байланысты аудармада жалпыадамзаттық идея мен ұлттық
ерекшеліктің арақатынасы мәселесі, сондай-ақ аударманың сәйкестігін бағалау
критерийі қатар тұрады. Ұлттық ерекшелік – көркем құралдар ретінде
түсіндірілетін көркем шығарманың басты сипаты болғанымен, көбінше ұлттық-
мәдени, тарихи колоритті көрсету ұлттық бояуға ие реалиилердің еншісіне
тиесілі.
Ұлттық-мәдени және тарихи колоритті аудару мәселесінің бір қыры –
шығарманың қандай да бір элементтерінің мағынасын сақтау ғана емес, сондай-
ақ олардың ұлттық колоритін сақтау. «Колорит» ұғымы (лат. color – түс)
әдебиеттануға өнертанудан алынып, «түстер үйлесімінің жалпы сипаты»
мағынасымен қатар, «қандай да бір нәрсенің өзіндік ерекшелігі, кезеңдік,
26
жергілікті ерекшеліктер» деген мағынаға ие. Нейтралды, «бояусыз» лексикалық
бірлікке колорит ұлттық бояу, реңк беріп, реалииге айналдырады.
Реалии сөздер ұлттық ерекшелікке ие және ең жиі кездесетін лексикалық
бірліктерді құрайды. Бұл терминді ХХ ғасырдың 40-жылдары ұлттық
ерекшелікке ие заттың немесе құбылыстың атауы ретінде аударма теориясы
мен тәжірибесіне А.В. Федоров енгізді. ХХ ғ. екінші жартысында осы
реалиилерді білдіретін лексикалық бірліктерді атау үшін ең нақты терминді
іріктеуге талпыныс жасалды («экзотизмдер» немесе «экзотикалық лексика»,
«локализмдер», «этнографизмдер», «варваризмдер», «тұрмыстық сөздер»,
«ксенизмдер»). Алайда, осы терминдердің ешқайсысы да «реалии» ұғымының
мазмұнын толықтай ашпайды.
Кейінірек осындай ұлттық ерекшелікке ие лексикалық бірліктер бірқатар
аралас ғылымдардың зерттеу нысанына айналды. Олар реалии сөздер ретінде
лингвоелтануда (Верещагин, Костомаров, 1980 ж.; Стернин, 1984 ж.; Томахин,
1988 және т.б.), мәдени сөздер ретінде (культурема) лингвомәдениеттануда
(Воробьев, ), лакуналар ретінде этнолингвистикада (Попова, Стернин, 2003)
қарастырылды. Сонымен қатар, аударма теориясы мен тәжірибесінде
қабылданған «реалии» ұғымының мазмұны да қарастырылды. Жалпы, реалии
сөздер мәтінде екі түрлі ұғым ретінде қолданылды:
1) қандай да бір елдің тарихына, мәдениетіне, тұрмысына, әдет-ғұрпына
тән және өзге халықтардың тілінде кездеспейтін зат, ұғым, құбылыс;
2) қандай да бір затты, ұғымды, құбылысты білдіретін сөздер, сондай-ақ
сөз тіркестері (фразеологизмдер, мақал-мәтелдер).
Осы
термин
аясына
мақал-мәтелдер,
ономастикалық
лексика,
фразеологизмдер де жатқызылды. Нәтижесінде аталмыш топ лексикасы
әркелкілікке ұшырап, оны осы сипатта бөліп қарастыру күмән тудыруы сөзсіз.
Сондықтан «реалии» ұғымы ауқымын нақтылау осы сөздердің аудару
тәсілдерін де біріздендіруге жол ашады.
Аударма үдерісінде түпнұсқа мәтінді өзге мәдени және тілдік ортада
алмастыратын екінші мәтін жасалады. Әрбір тіл халықтың ұлттық мәдениет
ерекшеліктерін, тарихын, менталитетін, тұрмысын көрсетеді. Мұндай
ерекшеліктер тілдің барлық деңгейлерінде, соның ішінде лексикалық деңгейде
көрініс тапқан.
Көркем мәтіннің ұлттық-мәдени ерекшелігін көрсетуде реалиилердің
маңызы айрықша. Көркем мәтіннің ұлттық-мәдени элементі ретінде көркем
мәтінде кездесетін реалиилер бірқатар лингвистикалық және жеке
аудармашылық зерттеулерге арқау болды. Реалиилер – басқа тілдерде сәйкес
бірлігі жоқ, сол тілдің тұрмысында ғана кездесетін және сол тілге ғана тән
ерекше сөздер мен тіркестердің жиынтығы. «Реалия» сөзі латын тілінен (realis, -
e) енген, оның сөзбе-сөз аудармасы «заттық» дегенді білдіреді екен.
Көркем мәтіндегі реалиилер мен олардың аударылу мәселесі туралы
В.С. Виноградов, С. Влахов, С. Флорин, Е.В. Бреусов, Н.И. Паморзская,
Ю.А. Сорокин, Г.Д. Томахин және т.б. өз зерттеулерінде жазған. Осыған дейін
50-60 жж. баламасыз лексиканы өзге тілде жеткізу тәсілдері, ал реалиилер
27
солардың қатарында қарастырылды (Рецкер, 1950; Балль, 1952; Шатков, 1952;
Чернов, 1958; Комиссаров, Тарахов, 1960, Гак, 1962).
Болгар зерттеушілері С. Влахов пен С. Флорин тарихи реалиилер туралы
оларды лексиканың өзіндік ерекшелігі бар топтары туралы ретінде емес,
реалиилердің тарихи қандай да бір кезеңге жатқызылғандығын ескере отырып,
оларды пәндік жіктеудің сәйкес айдарларымен байланыстыратын пәндік
мазмұнын назардан тыс қалдырмай, былай дейді: «... тарихи реалиилерді аудару
дегеніміз – бұл осы сөздердің материалдық мазмұны мен коннотацияның басқа
түрлеріне қосымша тарихи реңк беру деген сөз» (20, 132).
Аудармашы тарихи реалиилерді 1) ескі авторлардың көне шығармаларынан
және 2) ежелгі немесе жуырдағы өткенді – көнерген құбылыстарды суреттейтін
қазіргі заманғы жазушылардың шығармаларынан кездестіре алады. Олардың
арасындағы айырмашылықтар олардағы реалиилерді аударуда түрлі тәсілді
талап етеді.
Л.С. Бархударов «Өзге тілде сөйлейтін адамдардың практикалық
тәжіриебесінде жоқ заттарды, ұғымдар мен жағдаяттарды білдіретін» (21, 95)
сөздерді реалиилер деп атайды. Ол бұған тек осы халыққа тән материалдық
және рухани мәдениеттің түрлі заттарын білдіретін заттарды жатқызады.
Е.В. Бреусов осы сөздерге қатысты мынадай анықтама берген: «Реалиилер
белгілі бір ұлттың рухани және материалды мәдениетіне, тарихына, дәстүріне,
өміріне қатысты ұғымдар» (22, 107).
А.Д. Швейцер өзінің «Аударма теориясы» атты жұмысында реалиилердің
анықтамасын былайша түсіндіреді: «Реалиилер – тарихпен, мәдениетпен,
экономикамен және тұрмыспен байланысты заттар немесе құбылыстар» (23,
250).
Сондай-ақ Т.А. Казакованың реалиилерге берген анықтамасын назарға алу
қажет: «Реалиилер – төл мәдениетке тән және аударма мәдениетінде
салыстырмалы түрде аз немесе мүлдем белгісіз ұлттық-мәдени нысандардың
атаулары» (24, 72).
Реалиилер жеке қарастырылатын бір халыққа, тілдік топқа, этникалық
қауымға тән арнайы ұғымдар мен анықтамаларды құрайды. Әдетте бір
халықтың реалии сөздері екінші халықта кездеспейді және өзге тілдік қалыпта
қайталанбайды. Реалиилерге өзге этникалық топтарда кездеспейтін жеке
ұлттық белгілерді, құбылыстарды, заттарды білдіретін мақалдар мен мәтелдер,
фразеологизмдер, идиома сөздер, сөздер мен сөз тіркестері жатады. Реалиилер
этникалық, тұрмыстық, мәдени, тарихи болуы мүмкін, оларды аударма тілінде
қайта жаңғырту едәуір қиындықтар тудырады. Бұл жерде аудармашының тілдік
білімі мен қатар, фондық білімінің болуы маңызды.
Түпнұсқадағы мәтін жөнінде ақпараттық негіздің мол болуы аудармашыға
қойылатын басты талаптардың бірі болып табылады. Аударма жасау үшін
аудармашының энциклопедиялық білімі болуы мен қатар, фондық ақпараттың
болуы да маңызды. Аудармадағы «фондық ақпарат», «фондық ая», «фондық
білім» ұғымдары жөнінде соңғы кездері аудармашылар мен аударматанушылар
тарапынан жиі айтылып, талданып та жүр.
28
Мәселен, В.С. Виноградовтың «Көркем прозаның лексикалық мәселелері»
атты кітабында: «Фондық ақпараттың мазмұны ең алдымен ұлттық
ортақтықтың тарихы мен мемлекеттік құрылымының өзіне тән ерекше
фактілерін, оның географиялық ортасының ерекшеліктерін, бұрынғы және
қазіргі материалдық мәдениеттің өзіне тән заттарын, этнографиялық және
фольклорлық ұғымдарын және т.б., яғни аударма теориясында әдетте реалии
деп аталатындардың барлығын қамтиды» (13, 87), – деп «фондық ақпарат»
ұғымына анықтама берілген. Бұдан байқайтынымыз ақпараттық фон белгілі бір
ұлтқа ғана тән ерекшеліктерді қамтиды. Аудармашы аударатын тілінің ұлттық
дәстүрін, мәдениетін, тұрмыс-салтын, рухани құндылықтарынан жан-жақты
мәлімет ала отырып, сол ұлт жөнінде мол ақпарат жинаса, аударатын мәтінді
терең түсініп, сапалы аударма жасай алады.
Сонымен қатар, С. Влахов: «Бір халықтың мәдени, әлеуметтік-тарихи
дамуының, салт-дәстүрінің ерекшелігін көрсететін сөздер мен сөз тіркестері бір
тілдегі ұлттық, тарихи колоритті көрсететін мұндай сөздер екінші бір тілде дәл
баламасын таппай, аударуға келмейді. Сондықтан оларды жеке қарастыру
керек» (20, 55), – деген тұжырымды алға тартады. Осылайша аударма
теориясында реалиилер аударылмайтын сөздер ретінде қарастырылған. Алайда,
соңғы жылдары аударма теориясы мен тәжірибесінің қарқынды дамуына
байланысты аударылмайтын сөздер жоққа айналып барады деуге болады.
Реалиилерге арналған зерттеулерді талдау нәтижесі көрсеткендей, реалии
терминін кеңінен түсіндіру («реалиилер» деп ономастикалық лексиканы,
мақалдар мен мәтелдерді, фразеологизмдерді атайды) мен қатар, реалии
сөздерді соларға ұқсас басқа құбылыстардан аражігін ажырататын оның шағын
түсінігі бар. Аударматануда реалии сөздер баламасы жоқ лексиканың жеке бір
тобы ретінде қарастырылады. Оларды аудармада жеткізудің өзіне тән белгісі
мен тәсілдері бар. Біз реалиилерді бір елде бар және өзге елде жоқ, бірегей
заттар мен құбылыстарды атайтын лексика түрі ретінде қарастырамыз. Олай
болса, аралас филологиялық ғылымдарға қарағанда, аударматануда «реалии»
ұғымының ауқымы тар.
Түпнұсқа тілінде әдеттегі жай сөзді білдіретін ұғым аударма тілінде реалии
түрінде жеткізілуі реалиилердің ерекшелігі болып табылады. Аударма
үдерісінде реалии сөздерді аудару едәуір қиынға соғады және оларды дұрыс
жеткізудің маңызы зор.
Реалиилер көркем мәтінде ұлттық, жергілікті және тарихи колоритті
көрсету үшін қолданылады. Қандай да бір құбылыстарды реалиилерге
жатқызуда олардың ұлттық бояуға ие болуы шешуші фактор болып табылады.
Бір тілден екінші бір тілге аударуда осы ұлттық колоритті жеткізу аудармашыға
қиын міндет жүктейді.
Реалиилерді аударудың ең оңтайлы тәсілін таңдау үшін оның түпнұсқадағы
мәнмәтіндік (контекстік) мағынасын түсіну қажет. Мәтіндегі реалии сөздерді
реалии емес сөздерден ажырата білудің өзі аудармашы үшін дағды мен
біліктілікті талап етеді.
Аудармашы шет тіліндегі реалииге жататын сөздерді ажырату мен қатар
оның сол тілдегі мағынасын да тани білуі тиіс. Осы сөздерді сәтті аудару үшін
29
мағынасы бойынша болмаса да, көлемі бойынша лингвистикалық білімнен
маңыздырақ экстралингвистикалық білім қажет (20).
Баламасы жоқ болғандықтан, көркем мәтіндегі реалии сөздер мүлдем
аударуға келмейді деуге болмайды. Шет тіліндегі осы лексиканы аударуда
оның ұлттық колоритін сақтауға аса мән беру қажет. Осы сөздермен жұмыс
істеуде аудармашының алдында мынадай міндеттер тұрады: тілдік бірліктің
мағынасына нұқсан келтіре отырып, колоритін сақтау немесе реалии сөздің
колоритін сақтамай, мағынасын жеткізу. Осы жайт аудармашының реалии
сөздерді аударуда қандай да бір тәсілді қолдануына себеп болады.
Қандай да бір тәсілді қолдану төмендегідей:
– мәтіннің сипаты;
– реалии сөздердің сипаты, олардың түпнұсқа мен аударма тілдерінің
лексикалық жүйелеріндегі орны;
– реалии сөздердің контекстегі маңызы;
– тілдің сөзжасамдық жүйесі, әдеби және тілдік дәстүрі
сияқты факторларға тәуелді (20).
Кейбір ғалымдар реалиилерді аударылмайтын сөздер (сөздік тәртібінде)
қатарына жатқызып, контексте ғана жеткізілетіндіктен, оларға қатысты
«аудару» деген сөзді қолдану шартты деп санайды. Қазіргі кезеңде
аударматануда «реалиилерді аудару», сонымен бірге «реалиилерді жеткізу» деп
те айтылып жүр. Алайда осы сөздерді аудару аударма тілінде тура баламаларды
іздестіруді ғана білдіріп қоймайды. Бұл дегеніміз – мәдени сәйкестікті,
концептіні зерделеу, түпнұсқадағы ұлттық және тарихи колоритті аударма
тіліндегі құралдар арқылы пішінін, мазмұнын жеткізуден тұратын күрделі
ойлау үдерісі.
Сондықтан да реалиилерді өзге тілге аудару осы лексикалық бірліктердің
ұғымдық мазмұнын жеткізу мен олардың функционалдық-стильдік сипаттарын
теңестіруді қамтитын едәуір күрделі міндетке айналады.
Түпнұсқа мәтінге сәйкес мәтін тудыруда түпнұсқа мен аударманың арасын
алшақтатын кеңістік пен уақыт қашықтығын назарға алған жөн. Басқа кеңезде
жазылған шығарманы аударудың басты мақсаты қазіргі заманғы оқырманды
жазылған кезеңінде өз заманына сай болған әдеби ескерткішпен таныстыру
болып табылады. Қазіргі заманғы тілде қолданылмайтын реалиилер тарихи
реалиилерге жатады. Тарихи реалиилер сөздіктерде көбінше көрсетіле
бермейді. Сондықтан да аудармашы түрлі тәсілдердің көмегіне жүгіну арқылы
мәселенің шешімін табуға тырысады.
ХХ ғасырдың 50-жылдарынан бастап реалиилерді шет тілде жеткізу
тәсілдерін зерттеуде белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді. Әрқайсысы мүлдем
жаңа көзқарас әкелген бірнеше кезеңді аңғаруға болады.
Бірінші кезең – ХХ ғасырдың 50 - 60 жылдары. Осы кезеңде отандық және
шетелдік лингвистер баламасы жоқ лексиканы жеткізудің ең танымал деген
тәсілдерін қарастырды.
Екінші кезең – ХХ ғасырдың 70 – 80 жылдары. Ғалымдар реалиилердің
ерекшеліктеріне аса назар аударады. Реалиилердің аударылатындығын атап
көрсетеді. Оларды жеткізудің жекелеген тәсілдері ұынылады. «Реалии»
30
ұғымына берілген әр түрлі анықтамаларға байланысты, осы сөздерді аударудың
тәсілдері де бір-бірінен айрықшаланады.
Үшінші кезең – 90-жылдардан бастап осы күнге дейінгі кезең. Көркем
шығармадағы ұлттық ерекшелікті жеткізу мәселесі өзекті бола отырып, аударма
теориясы мен тәжірибесі бойынша теориялық еңбектер мен оқу құралдарында,
көптеген мақалаларда көрініс табады. Осы кезеңдегі еңбектер осы лексика
түрін зерттеуді жаңа, одан да кең тұрғыда зерттеуге талпыныс жасауымен
сипатталады.
Жоғарыда аталғандай, реалиилерді аударудың түрлі тәсілдерін негізгі 4
топқа жатқызуға болады:
І – механикалық жеткізу тәсілі;
ІІ – жаңа сөз жасау тәсілі;
ІІІ – түсіндіру тәсілі;
ІV – ұқсату тәсілі.
Реалиилерді механикалық жеткізу тәсілінде түпнұсқа тіліндегі реалиидің
дыбыстық және жазылу бейнесін аударма тілінде еш өзгеріссіз немесе осы
тілдер үшін көшіруді білдіреді.
Реалиилерді зерттеумен айналысқан бірқатар аударматанушылар осы
лексикалық бірліктерді аудару барысында прагматикалық факторларды ескеру
қажеттігін атап өтеді. Осы ретте прагматикалық факторларға мыналарды
жатқызады:
– аударманы қабылдаушылардың ұлттық ерекшеліктері мен фондық білімі;
– реалиилердің қандай да бір хабарламадағы функционалды рөлі;
– материалдың жанрлық-стильдік ерекшеліктері.
Аударма кезінде прагматикалық факторларды жан-жақты ескеру
аударманың қандай да бір тәсілін таңдауды білдіретін белгілі бір
заңдылықтарды анықтап қана қоймай, сонымен қатар аудармашылық
тәсілдердің шеңберін, баламасы жоқ лексикалық бірліктердің мағынасын
жеткізу үшін қолданылатын прагматикалық бейімдеу тәсілдерін едәуір
тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.
Тілдік таңбаларды қолданудағы барлық шарттарды зерттеу прагматиканың
еншісінде. Аударма теориясында түпнұсқа мен аударма оқырмандарының
ұлттық-мәдени ерекшеліктері, олардың фондық білімі аударма үдерісіне ықпал
ететін маңызды прагматикалық факторлар ретінде қарастырылады. Ұлттық-
тарихи колоритті жеткізуші болып табылатын арнайы лексикалық бірліктері
ретіндегі реалиилерді аударуда осы прагматикалық факторлардың ықпалы
едәуір зор.
Сонымен, реалиилерді бір халықтың тұрмысына, мәдениетіне, мемлекеттік
құрылымына тән және өзге халықтарда кездеспейтін заттар мен құбылыстарды
атайтын лексикалық бірліктер ретінде қарастырамыз. Осындай ұлттық-тарихи
колориттің тасымалдаушысы бола отырып, реалиилердің өзге тілдерде дәлме-
дәл сәйкестіктері болмайды. Аудармада реалиилерді дұрыс жеткізу үшін
аудармашы түпнұсқа тіліндегі реалиилерді білуі, олар туралы дұрыс түсінікке
ие болуы шарт. Осы тәрізді экстралингвистикалық ақпарат фондық білімнің
негізін қалайды. Аудармашының фондық білімі, оның мәтінде суреттелген
31
шынайы жағдайға жете қанық болуы аудармашылық құзыреттіліктің маңызды
элементтері болып табылады.
Қазақ аударматануында реалиилерді аудару мәселесіне қатысты маңызды
пікірлер бар. Аударма саласында еңбек еткен ғалымдар аударма теориясы мен
тәжірибесіне қатысты зерттеулер жүргізіп, көркем аударманың көкейтесті
міндеттері қатарында реалии сөздердің аударылу мәселелерін де назардан тыс
қалдырған жоқ. Көбінше зерттеулер орыс және қазақ тілдерінен аударма
жасауға негізделді. Мәселен, Ә. Сатыбалдиев зерттеуінде реалии сөздерді
ұлттық және дәуір ерекшеліктеріне және қоғамдық-әлеуметтік ортаға
байланысты атаулар деп атап көрсеткен. Ол осы сөздердің орыс тілінен қазақ
тіліне аударылу мәселесінің толыққанды шешімін таппай келе жатқандығына,
сол кездердегі бірқатар реалии сөздердің аударылу үлгілерін көрсету арқылы
оларды аударуда бірізділіктің жоқтығына назар аудартқан: «Көркем аудармада
әлі дұрыс шешімін таппай, тілді шұбарлауға өте себепші болып жүрген
нәрселердің бірі – түпнұсқадағы ұлттық және дәуір ерекшеліктеріне, қоғамдық-
әлеуметтік ортаға байланысты атауларды аудару. Мәселен, ескі дворяндар мен
ақсүйектер ортасының әдет-ғұрпы мен салт-санасына байланысты көп сөздер әр
жерде әр түрлі болып аударылып жүр. «Барин» деген бір сөздің «барин»,
«қожайын», «төре», «бекзат», «бай-батша», «байеке», «бәйбіше» («барыня»
болса) деп аударылып жүргенін білеміз. «Ваше превосходительство» дегеннің
«тақсыр», «мәртебелі тақсыр», «аса жоғары мәртебелі тақсыр», «ұлы мәртебелі
тақсыр», «алдияр тақсыр», «бекзат тақсыр», «асыл мәртебелі тақсыр» деп
алынып жүрген кездері бар. «Ваше сиятельство» дегеннің «нұр жүздім», «нұр
сәулелі мырзам», «жарқын мәртебелі мырза», «дегдар тақсыр», «жарқын жүзді
тақсыр» деген аудармаларын кездестіруге болады. «Государь» деген сөз
«государь», «патша ағзам», «алдияр», «алдияр ағзам», «тақсыр ағзам» болып
кездеседі. «Светское общество» деген сөз «свет қоғамы», «светтік қоғам»,
«жоғары қауым», «сыпайы қауым», «сыпайыгер қауым», «зиялылар қоғамы»,
«зиялылар қауымы» деп алынып жүр (25, 169-170). Ғалым зерттеуінде осы
атаулардың аудармасына айрықша көңіл бөліп, оларды аударудағы етек алған
шұбарлықтың алдын алу туралы сөз қозғайды. Шындығында да, көркем
аударма үдерісінде шет тіліндегі реалии сөздердің аудармасын біріздендіріп,
қалыптастыру мәселесін ескерген жөн деп санаймыз.
Реалиилерді аудару үшін шығармада бейнеленуші шынайы болмысты, яғни
сол тілдегі салт-дәстүрді жақсы білу шарт. Қазіргі таңда реалиилерді аударуда
бірнеше тәсіл қолданылып жүр. Олар: толықтай транслитерациялау, жартылай
транслитерациялау, мағынасы жақын сөздермен ауыстыру, калькалау, сипаттау,
түсіндіру арқылы аудару. Атап айтсақ:
– толықтай транслитерациялауда шет тілдегі сөздің дыбысталуы аудармада
сол қалпында беріледі;
– жартылай транслитерациялауда шет тілдегі сөздің түбірі сақталып,
аударылатын тілге тән жұрнақ немесе жалғаулықтардың жалғануы арқылы
беріледі;
– мағынасы жақын сөздермен ауыстыруда шет тілдегі сөз аударылатын
тілдегі реалии сөзді қолдану арқылы іске асады;
32
– калькалауда сәйкес бірліктері жоқ шет тілінің сөзі аударылатын тілдегі
тура лексикалық сәйкестіктермен аударылады;
– реалиилерді сипаттау, түсіндіру арқылы аудару.
Реалиилерді жеткізуде транслитерациялау тәсілі сирек қолданылады.
Аудармашы көбінесе қоғамдық-саяси өмір мен жалқы есімдерді аударуда осы
тәсілге жүгінеді.
Калькалау – сөзбе-сөз аудару арқылы жүзеге асады. Осы тәсілде реалии
сөздің мағынасын барынша толық сақтап жеткізуге болады. Алайда мағынасын
сақтау оның колоритін сақтауды білдірмейді, өйткені ол аударма тілдің
құралдары арқылы беріледі.
Мағынасы жақын сөздермен ауыстыру тәсілі жиі қолданылады. Осы
тәсілде реалиидің функционалды эквивалентін табу көзделеді.
Транслитерациялау арқылы жеткізу мүмкін емес реалиилер сипаттау,
түсіндіру арқылы аударылады.
Ф.М. Достоевскийдің «Нақұрыс», «Қылмыс пен жаза», «Ағайынды
Карамазовтар» романындағы орыс реалиилерін үш тақырыптық топқа бөлуге
болады. Олар:
1) географиялық (өлшем мен ақша бірліктерін атайтын реалиилер);
2) этнографиялық (заттар мен киім-кешектерді атайтын реалиилер, діни
реңкке ие реалиилер);
3) және саяси-қоғамдық (әскери, әкімшілік-аумақтық реалиилер).
Соның ішінде жиі кездесетін түрлері – этнографиялық реалиилер.
«Ағайынды Карамазовтар» романындағы кейіпкерлердің монологтары мен
диалогтарында жиі кездесетін ұлттық реалиилердің аударылуына тоқталар
болсақ, түпнұсқадағы реалии сөздер аударма мәтінде:
–
толықтай
транслитерациялау
(«присяжный»
–
«присяжный»,
«священник» – «священник», «заседатель» – «заседатель», «тройка» –
«тройка», «трактир» – «трактир», «клиент» – «клиент», «губернатор» –
«губернатор», «сарафан» – «сарафан», «десятина» – «десятина»);
– жартылай транслитерациялау («мужик» – «мұжық», «аршын» – «аршын»,
«Петербург» – «Петербор», «хозяин» – «қожайын», «рюмка» – «рөмке»,
«минута» – «минөт»);
– мағыналық жағынан жақын сөздермен ауыстыру («господа» –
«мырзалар», «госпожа» – «ханым», «праведник» – «тақуа», «старец» –
«пірәдар», «юродивый» – «диуана», «высокопреподобие» – «мәртебелі»,
«шпага» – «сап») тәсілдері арқылы көрініс тапқан.
Соңғысында түпнұсқадағы реалии сөзді («шпага» – «сап») аударма мәтінде
қазақ тіліндегі мағынасы жақын сөзбен ауыстыруда түпнұсқадағы дворяндық
рәсімнің көрінісі өзгерген. «А коль осудите – сам сломаю над головой моей
шпагу, а сломав, поцелую обломки!» деген сөйлемде «сам сломаю над головой
моей шпагу» деген кейіпкердің сөзінде автордың бейнелеп отырған кезеңіндегі
дворяндар арасында кездесетін рәсім көрініс тапқан. Яғни, шпага
дворяндардың ең айрықша белгісі болып табылған. Дворяндық лауазымнан
(титул) айыру куәгерлердің көз алдында шпаганы сындыру рәсімі арқылы
өткен. Осы жерде Митя өзінің жүрекжарды сөзінде сотталатын болса, өзі-ақ
33
дворяндық лауазымынан бас тартатынын жасырмайды. Осы сөйлемді
аудармашы «Ал соттасаңыздар – сапымды төбеме қойып бырт еткіземін де, екі
бөлек сынығын сүйемін!» деп аударған. Аудармашы «шпага» деген реалииді
«сап» деп қазақ тіліне бейімдеп, қазақ тіліндегі мағынасы жақын тілдік
бірлікпен берген, ал «сломаю» деген сөзді «сындырамын» деудің орнына
«бырт еткіземін» деп аударған. Осы тұста аудармашы «шпага» сөзін
транслитерациялау әдісін қолданғаны дұрыс деп санаймыз, өйткені осылай
бейімдеп аударуда түпнұсқаның стильдік және семантикалық мағынасы
сақталмаған. Егер осыны ескеретін болсақ, осы сөйлемнің аударма былай
болып шығар еді: «Ал соттасаңыздар – шпагамды төбеме қойып сындырамын
да, екі бөлек сынығын сүйемін!»
Сондықтан да ХІХ ғасырдағы классикалық әдебиетке тән реалии сөздердің
қазақ оқырманына көбінше таныс сипатын ескере келе және олардың аударма
мәтіндегі аудармаларына назар аудара отырып, түпнұсқадағы реалиилерді қазақ
тіліне аударуда көбінше транслитерациялау әдісіне жүгінген дұрыс деп
санаймыз.
Жоғарыда аталған тәсілдердің өз артықшылықтары мен кемшілік тұстары
бар. Мәселен, транслитерациялау тәсілін қолдануда шет тіліндегі сөздің
колориті сақталады, бірақ кей кездері оқырманға жақсы таныс болмаған
жағдайда, түсініктеме беру қажеттігі туындайды. Мағынасы жақын сөздермен
аударуда
оқырманға
түсіндіріп
жатудың
керегі
жоқ,
бірақ
та
транслитерациялауда, калькалауда шет тілін білмейтін оқырманға аударылатын
сөздің немесе сөз тіркесінің мағынасын дұрыс аша бермейтін жайттар
кездеседі. Осы жағдайда сипаттау немесе түсіндіру арқылы аудару тәсілін
қолданған жөн. Жалпы алғанда, профессор Ә. Тарақтың пайымдауынша,
«Түпнұсқаның реалииі мен аударма тілінің реалииін салыстыру барысында
оның семантикалық жақындығын айқындау маңызды. Аударылатын тіл мен
аударма тіліндегі реалиидің стилистикалық экспрессиядағы ұқсастығы
аударманың дұрыс жасалғанын көрсетеді» (17, 90).
Көркем аудармада реалиилерді аудару аудармашыдан шығармашылық пен
терең экстралингвистикалық білімді талап етеді. Аударма үдерісінде өзге тілде
мағынасы мен мазмұнын жеткізу қиын лексикалық бірліктерді зерттеп-зерделеу
аудармада сол елдің тілі, мәдениеті, тарихы мен күнделікті тұрмыс-тіршілігін
шынайы түрде жеткізуге жол ашады.
Достарыңызбен бөлісу: |