Республики казахстан



Pdf көрінісі
бет36/38
Дата06.03.2017
өлшемі3,87 Mb.
#7742
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38

 
 
ӘОЖ 94 (574) «18»:339 
 
Дюсенгалиева М.Г. – тарих ғылымдарының кандидаты,  
М. Өтемісов атындағы БҚМУ 
E-mail: Merzat-00@mail.ru 
 
БӨКЕЙ ОРДАСЫНДАҒЫ ЖӘРМЕҢКЕЛЕРДІҢ ӨТУ ЕРЕЖЕЛЕРІ 
 
Аннотация.  Мақалада  Бөкей  Ордасындағы  сауда-саттық  ісіне,    сауда 
барысына,  жәрмеңкелердің  сауда  ісінде  атқарған  рөліне,  жәрмеңкедегі  сауда 
айналымына, жәрмеңкелердің өту ережелеріне ғылыми талдау жасалған. 
Кілт сөздер:  сауда, жәрмеңке, жәрмеңке ережелері, сауда айналымы, айырбас 
сауда. 
 
Жәңгірдің  бастамасымен  1832  жылы  Хан  ставкасы  жанынан  жәрмеңке 
жұмысын  бастады.  Бұл  мақсатқа  империя  қазынасынан  56.161  сом  қаржы 
бағытталды. Сөйтіп, 316 сауда нүктелерінен тұратын 12 үлкен корпус бой көтерді [1, 
15  б.]  1836  жылы  хан  Жәңгір  жәрмеңкеде  кездесетін  түрлі  жағдайларды  тәртіптік 
жағынан  қадағалау  үшін  Ж.  Жаналиевке  әр  түрлі  бөлімдерден  тұратын  ережелерді 
бекіттіреді. 
Ережеде  көрсетілген  барлық  заңды  істердің  жүзеге  асуын  қадағалап  және 
жәрмеңкеде  болған  сауда-саттыққа  қатысты  оқиғаларды  тіркеп  отыру  үшін  арнайы 
хатшы тағайындалған. Ж. Жаналиев қандай да бір ұсақ істер бойынша шағым түскен 
жағдайда,  зардап  шеккен  жақтың  талабын  сол  күні-ақ  қанағаттандырып,  әділетті 
түрде  ауызша  шешім  шығарып  отырған.  Егер  шығарылған  шешімге  келіспеушілік 
туындаған  жағдайда,  Жәңір  ханның  атына    көпестер  мен  саудагерлер  өздерін 
растайтын құжаттарымен бірге өз атынан өтініш жазуға мүмкіндіктері  болған. Оны 
Жәңгір  хан  келген  губернияның  өкілі  арқылы  губернатордың  заң  бойынша  шара 
қолдануын қадағалаған. Ал қазақтар тарапынан тәртіп бұзылса, яғни саудагерлердің 
әділ  талабы  орындалмаса,    Жәңгір  хан  іске  өзі  араласып,  шағымданушының  
пайдасына екі есе айып өндіріп алып беріп отырған. Жәрмеңке кезінде кісі өлімі, ірі 
мөлшердегі  ұрлық,    тонау,  төбелес,  күш  көрсету,  зақым  келтіру,  ұрып-соғу  сияқты 
үлкен  оқиғалар  мен  қылмыстық  істер  орын  алса,  кінәлі  адамды  күзетке  алып, 
құжатымен  бірге  ставканың  жанындағы  кордон  бастығына  жеткізіп,  олар  болған 
оқиғаның  мән-жайын  Жәңгір  ханға  баяндап  отырған.  Егер  кінәлі  адам  шет  жердікі 
болған  жағдайда,  оның  тауарын,  ақшасын  және  тағы  басқа  да  мүліктерін  жазбаша 
түрде  тіркеп,  оны  жағдайға  қарай  тиісті  жерден  тергеуші  келіп  анықтағанша, 
күзеттен босатпаған. Егер ол тауарын сақтауға мүмкіндігі болмай, не басқа себеппен 
ешкімге  тапсырмаса,  әскери  қарауылдар  оның  өзінің  және  куәлардың  көзінше 
тауарды тіркеп, мөрлеп, иесінің есебінен үй жалдап, тергеушінің жарлығы шыққанша 
мүліктердің  жоғалып  кетпеуін  қамтамасыз  еткен.  Бірақ  бұл  шаралар  көпестер, 
мещандар  сияқты  тауар  иелеріне  қатысты  жайлар.  Ал  егер  оның  қарауындағы 
жұмысшы кінәлі болып, иесінің қатысы болмаса, ол адамды белгілі тәртіп бойынша 
күзетке алу арқылы әділ жазасын берген. Жәрмеңкеде істелген әрекеті үшін ешкімге 
ешқандай,  тіпті  қырғыздарға  да  тән  жазасын    қолдануға  рұқсат  бермеген,  яғни 
жазалар  тек  арнайы  заңдар  арқылы  жүзеге 
асып  отырған.  Мәселен,  кейбір  ұсақ 

 
 
 
 
 
 
 
              
БҚМУ 
 
Хабаршысы  №4-2015ж.  
 
 
287 
бұзақылықтары үшін (алдау, мас болу, тағы басқа ұсақ-түйек тәртіпсіздіктер) нақты 
дәлелдер  болғанда  ғана  кінәсінің  ауырлығына  қарай  белгілі  бір  уақытқа  дейін 
қамауда  ұстаған.  Бұл  жазаланған  адамның  аты-жөні,  қандай  кінәсі  үшін 
жазаланғандығы арнайы айып журналына тіркеліп, мұндай орда тұрғындары туралы 
мәлімет  үшін  Жәңгір  ханға  жәрмеңке  біткен  соң  тәртіпті  қадағалайтын  қарауылдар 
есеп беріп отырған [2, 11 б.]. 
Көрші  халықтардың  бірі  –  қарақалпақтарға  Астрахан  бас  басқармасы  Ішкі  
Қазақ  Ордасына  кіруге  мүлде  тыйым  салғандықтан,  түрлі  сылтауға  қарамастан, 
оларға жәрмеңкеде  сатуға  да,  сатып  алуға  да,  тіпті  жұмысшы,  не  тілмаш  болуға  да 
рұқсат  бермеген.  Ал  олар  әр  түрлі  жолдармен  кіріп  кетсе  де,  бәрібір  ұсталып, 
Ордадан аластатылған. 
Жәрмеңкеге  келетін  көпестердің,  сауда  адамдарының,  тіпті  жұмысшылардың 
құжаттары  мен  билеттері  де  ставкадағы  арнайы  кітапқа  жазылып  отырды.  Ерекше 
бақылауға  алынған  құжатта  әрқайсысының  нөмірі  көрсетілген.  Сатып  алынатын 
малға, теріге, басқа да Ордалық тауарларға ханның қолы көрсетілген заңды куәліктер 
кеңседен  беріліп  отырған.  Ал  саудагерлер  өз  қолдарымен  немесе  мөрімен  малдың 
немесе  ордалық  тауардың  саны  және  куәлікті  қажет  еткен  сатып  алушы  туралы 
жазбаша мәліметті уақытында жеткізген. Ханның қолы мен мөрі қойылған журналда 
сатылатын  немесе  айырбасталатын  аттардың  бағасы,  жасы,  түсі  және  ерекше 
белгілері, кімнің кімге сатқаны да туралы мәліметтерді кезестіруге болады. Сонымен 
бірге,  сатып  алушыға,  яғни  аттың  иесіне  сатушы  өзінің  қолымен  немесе  мөрімен 
және мал сатушы қол қойған ярлык береді және мұны тиісті кітапқа белгілеп жазады. 
Сатушының  қадағалауымен  жәрмеңкеде  осы  ярлыксыз  сатып  алынған  немесе 
айырбасталған  мал  барған  жерінде  ұрланған  деп  күдіктенбеуі  үшін  барлығына 
хабардар еткен. 
Екі  жақтан  да  бекітілген  заңдарға  лайықсыз  алдау  болмау  үшін  тәртіпті 
қадағалайтын қарауылдар саудагерлердегі, қазақтардағы таразылардың, безбендердің 
өлшеу дәлдігін қадағалап отырған. Егер саудагерден жасанды таразы немесе безбен 
табылса, куәлардың көзінше оның заңды таңбасын тексерген. Егер қолдан жасалған 
таразы не безбен анықталса, дереу жойылып, пайдалануға тыйым салынған. Ал егер 
тыйым орындалмаса, жасанды таразы иесін қай кезде қандай тауарды қанша саудаға 
алдау арқылы сатқанын айтқызып, одан кейін тауарын мөрмен мөрлеп, Жәңгір ханға 
ескертіп,  иесімен  бірге  кінәліні  сотқа  жеткізген.  Егер  саудагер  таразы  немесе 
өлшеммен  алдаса,  ол  алданған  адамның  пайдасына  сол  тауардың  құнын  үш  есе 
қайтартып,    ақшалай  айып  төлетіп,  кінәсінің  ауырлығына  қарай  жазалаған.  Егер 
саудагерлердің  бірі  сату  немесе  сатып  алу  кезінде  ескі  аршындарды  қолданса,  оны 
тартып алып, тыйым салынған зат ретінде сындырып, пайдаланған адамға қазынаның 
пайдасына екі күміс сомнан айып төлетіп, оған жаңа аршын сатып алғызған [2, 12 б.]. 
Жәрмеңкеде  өлшемелі  тауарлар:  нан,  май,  жүн  және  ешкі  түбітіне  салмақ 
көбейту  үшін  құм,  тағы  басқа  салмағы  ауыр  нәрселер  қосып  сатқан  жағдайлар 
кездескен,  оны  сатқан  қарапайым  қазақтарды  жазалап,  ал  ресейлік  саудагерлер 
осындай кінәмен ұсталса, алаяқтық жасаған адам ретінде оған ескерту жасау немесе 
сотқа беру үшін тәртіпті қадағалайтын қарауылдар Жәңгір ханға баяндап отырған. 
Ұрлық  пен  тәртіпсіздікті  болдырмау  үшін  көпестер  мен  саудагерлерді 
қорғауға,  жәрмеңке  өтетін  уақытта  оның  бүкіл  аумағын  бақылап  жүруге  екі  атты 
қарулы казакты күзетке қойып, оларға қызметі үлкен тағы бір казакты жетекші етіп 
қойған.  Олар  түн  уақытында  мас  болғандарды  немесе  шу  көтергендерді  қамауға 
құқылы  болған.  Жәрмеңке  кезіндегі  қарауыл  және  патруль  қызметін  орындау  үшін 
Ж.  Жаналиевке  Жәңгір  хан  өзінің  ставкасындағы  казак  кардонынан  он  бес  атты 
қарулы  казак  және  бір  урядник  береді.  Олар  Ж.  Жаналиевтың  жарлығын  және 
тапсырған жұмыстарын мүлтіксіз атқарып отырады [2, 13 б.]. 

 
 
 
 
 
 
 
              
БҚМУ 
 
Хабаршысы  №4-2015ж.  
 
 
288 
Жәрмеңке кезінде ставкада адамдар  әрдайым  көп болатыны белгілі. Олармен 
бірге сатуға шығарылған және мініске дайындалған жылқылар да болды, оның ішінде 
ордалықтардың  сатып  алған  аттары  сәл  қараусыз  қалып,  олардың  иесі  аттан  да, 
мүлкінен  де  айырылған  жағдайлар  да  кездескен.  Орда  аумағынан  оларды  тез  арада 
іздеп табу өте қиын болған, оның үстіне жан-жақтан жиналған халықтың ішінде неше 
түрлі  адамдардың  болатыны  да  белгілі.  Осындай  жағдайда  көпестер  мен  басқа  да 
келушілердің  өздерінің  сатып  алған  аттарын  жоғалтып  алудан  қорғау  үшін 
қарауылдар  әуелі  баста  жәрмеңкедегі  олардың  аттарының  құны мен  белгілерін  мөр 
қойылған кітапқа тіркеп, сенімді бір қазаққа бағуға тапсырған. Ол үшін жылқышыға 
жазда  аттың  құнының  әр  сомынан  бес  тиын,  ал  күзде  күн  салқын  әрі  түн  ұзақ 
болғандықтан   он  тиыннан  төлеген.  Аттарды  бағуға  келіскен  жылқышы  өз  руының 
сұлтаны  немесе  беделді  старшынының  қолы  мен  мөрі  қойылған  кітапқа  жазбаша 
кепілдік тапсырып отырған. Ешбір жылқышы кепілдіксіз мал бағуға жіберілмеген. 
Ордадағы  жәрмеңкелерге  орыс  және  мұсылман  көпестері  өздерінің  төмен 
сапалы  бұйымдарын  әкеліп,  Ордалықтарға  қымбат  бағаға  сатып  отыратындығын 
жоғарыда атап өттік. Олар осындай көпке шыдамайтын сапасыз заттарының орнына 
тірі  мал,  май,  тері,  жүн,  түбіт  және  қолма-қол  ақша  алып  отырған.  Ол  кездегі 
фабрикаларда  жақсы  заттармен  қатар  сапасы  нашар  заттар  да  шығарылып,  мұндай 
сапасыз  заттар  Ордада  миллиондаған  сомға  сатылды  немесе  айырбасталды. 
Негізінен,  бұдан  саудагерлер  мол  пайда  тауып  отырған,  ал  Ордалықтарға  бұл 
ешқандай  тиімсіз.  Саудагерлер  қырғыздар  қымбат  сапалы  бұйымдарды  емес,  арзан 
тауарды жақсы алатынын айтады. Бірақ, мәселен, фабрикада отыз тиын ғана тұратын 
шамалы  сиса  мен  нанкаға  қазақтар  алпыс  тиын  төлеген.  Ал  ол  тез  тозатындықтан, 
оны  үш  қайтара  сатып  алып  отырған.  Хан  Жәңгір  өзіне  қарасты  халықтың 
шаруашылығының  тиімді  болғанын  қалап,  барлық  жағдай  жасауға  тырысқан. 
Әсіресе,  жәрмеңке  кезінде  ешқандай  күштеу,  қорқытусыз,  бар  қауымды  жақсы 
сапалы бұйымдар сатып алуға үгіттеп отырған. Бағасы арзан, сапасыз тауардан гөрі 
қымбат  тауарды  сатып  алудың  пайдалы  екенін,  оның  үстіне  сапалы  киім  немесе 
затты пайдалану иесіне де тартымды, жағымды болатынын ережеде ескертіп өткен. 
Осы пікірді халыққа ұғындыру арқылы яғни бес рет арзан нашар зат алғаннан жақсы 
затты  бір  рет  алған  тиімді  болатынын  халыққа  әрдайым  айтып,  Ж.  Жаналиевке 
көпестер мен саудагерлердің Ордаға жоғары сапалы заттар әкелуін қадағалау туралы 
жарлық берген [2, 14 б.]. 
Бұдан көретініміз, Жәңгір хан халықтың жағдайын ойлай отырып, көпестердің 
де  беделін  көтеру  үшін  Ордаға  мол  пайда  табу  мақсатында  әкелінген  сапасыз 
тауарлар  ағынын  азайтуды,  кейін  оны  мүлде  тоқтатуға  күш  салған.  Ж.  Жаналиев 
жәрмеңке барысында және жәрмеңке аяқталғаннан соң көпестер мен саудагерлердің 
ауызша мәліметтері бойынша олардың аты-жөндерін, қайдан келгенін, неше киіз үй 
жалдағанын,  әрқайсысы  қанша  сомға  тауар  әкелгенін,  қаншасы  сатылғанын  және 
айырбастағанын,  түрлі  мал,  түйе,  жылқы,  қой-ешкінің  қаншасын  сатып  алғаны 
немесе  айырбастағаны  туралы  ведомость  толтырып  отырған.  Осы  ведомостіні 
жәрмеңке біткен соң хан Жәңгірдің өзіне арнайы тапсырған. Жәрмеңкедегі сауда ісі 
негізінен мал арқылы өрбитіндіктен, бұған ережеде ерекше көңіл бөлінген. 
Хан  Жәңгір  Ж.  Жаналиевке  және  оның  қарауындағы  қызметшілерге 
парақорлықпен  және  басқа  да  қысымшылықпен  шұғылданбауды  қатаң  тапсырған 
және  айтылған  бұл  жолдауларды  барлық  көпестер  мен  саудагерлер  шыққан 
уақытында оқып, танысып отырған. 
Жәңгір  хан  жәрмеңкенің  заңды  жүруіне  үлкен  назар  аударып,  сауда  саласын 
ережелер арқылы қатаң реттеп отырған. Жәрмеңкеде  көп ұлтты халықтардың сауда 
істеу  үшін  жиналатындығына  байланысты  және  ұрлық-қарлық  болмау  үшін 
қарауылға атты казактар бөлініп, жәрмеңкеге  арнайы базарбасы тағайындалды. 

 
 
 
 
 
 
 
              
БҚМУ 
 
Хабаршысы  №4-2015ж.  
 
 
289 
Сонымен  қатар,  жәрмеңкедегі  тауарлардың  сапалылығы,  таразылардың 
дұрыстығы  тексеріліп,  тауарлар  куәландырылып,  жәрмеңкеге  келген  көпестердің 
құжатсыз кіруіне тыйым салынды. 
Аталмыш құжатты саралай келе 1836 жылы Жәңгір хан өз ордасындағы сауда-
саттық  ісін  толыққанды  жолға  қойған  деп  тұжырым  жасауға  негіз  бар.  Бұлай 
деуімізге  себеп,  о  бастан-ақ  Жәңгір  тұрақты  сауда  орындарын  ашу  жөніндегі 
өтінішінде  сауда  ісін  бір жерге шоғырландыру, ел  ішінде көбейіп  кеткен алдау мен 
арбауға тосқауыл қоюды мақсат етеді. Сонымен бірге, саудагерлердің өзіне де, Орда 
қазақтарына  да  тиімді  жағдай  жасау  арқылы  тұрақты  табысты  қамтамасыз  ету, 
халықтың  кедей  топтарын  жұмыспен  қамтуға    секілді  дәлелді  дәйектемелер 
келтіргені  белгілі. Құжатта көрсетілгеніндей, Жәңгір  бұл мақсатына жетті де. Яғни, 
ашық бәсекелестікке жағдай жасалғандықтан тауарлар сапасының арта түсуі, тәртіп 
мәселесінің  бірінші  орынға  шығуы,  сауда  жүргізу  ісінің  бұрынғыдай  қарабайыр 
тәсілдері жойылып, қолайлы мүмкіндіктердің туғызылуын ерекше айта кеткен жөн. 
1836 жылы 15 қыркүйекте төлеңгіт руының старшыны Мекен  Балуанқұлов өз 
бақташыларының күшімен осы жәрмеңкеге келген көпестердің табындарын бағымға 
алу туралы жазбаша міндеттеме алады. Ол міндеттемеге  Жәңгірдің рұқсатымен қол 
қоя  отырып,  1836  жылдың  15  қыркүйегінде  көпестер  малын  бағымға  алуға  өз 
қалауын  білдірген.  Сол  уақыттағы  Хан  ставкасының  жанында  ашылып,  қазан 
айының  15-не  дейін  жұмыс  істейтін  жәрмеңке  уақыты  кезінде  старшын  Мекен 
Балуанқұлов  өзі  жалдаған  бақташы  қызметкерлердің  күшімен  келімді-кетімді 
көпестердің, саудагерлер мен өзге де жандардың табындарын қожайындардың өздері 
қажет деп тауып, келісім берген жағдайда тебіндетіп, бағып берген. 
Бұл  қызмет  түрі  төмендегідей  тәртіппен  жүргізілді:  мұнда  әкелінген  немесе 
мұнда  сатылып  алынған,  айырбасталған  әрбір  жылқы  малын,    оның  жүнін,  ерекше 
белгілерін,  бағасын  қожайынның  өзі  старшын  Мекен    Балуанқұловтың  көзінше 
жәрмеңке  бақылаушысының  ханнан  алған  тізім  кітабына  жазып  тіркейді. 
Қожайыннан әр жылқының қабылдап алынғандығы туралы қолхат алынып, қолхатқа 
мөр  басылады.  Бағым  үшін  жарияланып,  жазылған  жылқы  бағасынан  және  әр 
рубльдің  күміске  шаққандағы  бағамы  бойынша  старшынға  бес  тиыннан  төленеді. 
Мұның жартысы жылқыны бағымға беріп, тіркеу кезінде төленеді, ал келесі жартысы 
–  жылқыны  табыннан  қожайынға  қайтарар  кезде  тікелей  Мекен  Балуанқұловтың 
(қызметкерге емес) өзіне берілген. Бағым бағасын бағым уақытына тәуелді етпеген. 
Жылқы бір апта немесе бір ай бағылса да, баға өзгермеген [3, 11 б.]. 
Ал  қожайыны  жылқыны  қайтарып  аларда  Мекен  Балуанқұловқа  қолхатты 
қайтарып,  жылқыны  қайтадан  қайтарып  алғаны  туралы  тіркеу  кітабына  қолын 
қойған.  Бұл  ережелердің  барлығы  орындалмай  және  бағым  ақысының  қалған 
жартысы түгелдей төленбей, қожайынға жылқы берілмеді. Қазанның 15-нен кейін бір 
апта  уақыт  шамасында  Мекен  Балуанқұлов  табын  бағуды  тоқтатып,  жылқыларды 
иелеріне  жоғарыда  аталған  ережелер  бойынша  тапсырған.  Старшын  Мекен 
Балуанқұлов өзі әркез табындарды бақылауда ұстап, табындағы жылқы санының аз-
көптігіне  қарамастан  өзі  мен  ұлдарының  қарамағындағы  сенімді  де  қарулы 
атбегілерді  қарауына  алып,  өз  аттарымен  түнгі  қарауылды  күшейтіп,  табынға 
берілген жылқылардың бір де бірінің мініске немесе жұмысқа жегіліп, болдырмауын 
қамтамасыз  ете  отырып,  шығандап  қашатын  асау  жылқыларды  қуып  жетіп  ұстап, 
табынға қосып отырған немесе ондай жылқыны ерекше қадағалауға ала отырып, бар 
табынды жақсы тебіндік жайылымда ұстап, оларды суға жақын әрі жәрмеңкеден аса 
қашық  емес  жерлерде  (бұл  жерде  қожайындардың  өздері  қажет  қылған  жағдайда  
қадағалап отыра алады) баққан. 
Сонымен  қатар,  бақташы  кімде-кімнің  жылқысы  әлдебір  аурудан  мерт  болар 
болса  немесе  белгісіз  жағдайларда  жоғалса,  қожайын  келіп  қарағанға  дейін  өлген 
малдың  терісін  сыпырмай,  түк  қозғамай 
немесе 
ауырған 
малдың 
дерті 

 
 
 
 
 
 
 
              
БҚМУ 
 
Хабаршысы  №4-2015ж.  
 
 
290 
басталған  бойда  тез  арада  қожайынға  хабар  беріп  отырған.  Мұндай  жағдайлардың 
бәрінде жоғалған жылқы болса, табылғанға дейін бағым ақысының екінші жартысын 
талап  етілмеді,  себебі  бұл  жағдайдың  кездейсоқ  болуы  мүмкін  екенін  біле  отырып, 
бақташылардың  сақтық  шараларын  дұрыс  орындамағандығынан  болған  деп 
есептелді.  Егер  жылқы  қашып  кетсе  немесе  табыннан  ұрланып,  старшынның 
бұйрығымен үш күн ішінде табылмаса, оның қожайынына тіркеу кітабында жазылған 
бағамен бақташылар өз есептерінен төлеген. Осындай ұрлану мен қашудан болатын 
әрбір  шығынды  Мекен    Балуанқұлов  өз  қаржылай  есебінен  немесе  өз  жылқысынан 
кітапта  жазылған  баға  бойынша  өтеген.  Мұндай  жылқылар  кейінірек  табылып, 
ұрылар  ұсталған  жағдайда,  бар  мал  бақташының  иелігінде,  яғни  бақташы  төлеген 
қаржының  өтеуі  болып  қалып  отырған.  Егер  де  мал  иесі  өз  жылқысын  қайтарып 
алғысы келсе, жарты жылдан кейін бақташыға төлеген қаржыны толықтай қайтарып, 
өз малын ала алған [3, 12 б.]. 
Бақташының  міндеті  –  жылқы  қожайынын  ешқандай  тергеу  істері  мен 
шығындарға  ұшыратпау.  Ал  егерде  ұрланған,  жоғалған  немесе  мерт  болған 
жылқының  төлемақысын  өтеуге  бақташының  қаржысы  жетпесе,  онда  қол  қойған 
басқа тұлғалар әр өтемақыны бір аптадан асырмай төлеп шығуға міндетті болған. Бұл 
тұлғалармен  Мекен  Балуанқұлов  кейінірек  өз  мал-жаны  мен  балаларының  малынан 
өтеуге  келісім  берген.  Алайда  кітапта  малдың  иесі  бақташының  кепілдеріне 
қолхатын  қайтара  отырып,  ұрланған,  не жоғалып,  табылмаған  немесе  аурудан  мерт 
болған  жылқысының  құнын  алғандығы  жөнінде  мөрін  басып,  қолын  қойған.  Бұл 
міндеттемелерді  жоғары  мәртебелі  хан  бекітіп,  бұл  қызметті  пайдаланғысы  келген 
әрбір  адам  бұл  туралы  мәліметті  жақынырақ  білуі  үшін  осы  міндеттемелер 
жәрмеңкеде  алдын-ала  жарияланып,  содан  соң  жоғарыда  аталған  кітапта  жазылып, 
халыққа таныстырылып отырған [3, 13 б.]. 
Қолхатты қол қою арқылы Ішкі Қазақ Ордасының кепілдері болып табылатын 
тұлғалар  осы  Орданың  төлеңгіт  руының  старшыны  Мекен  Балуанқұловтың  жақсы 
мінез-құлығы,  сенім  туғызатын  жан  екендігін  куәландырған  және,  міндеттемеде 
көрсетілгендей,  оның  жәрмеңкеге  келушілердің  жылқыларын  өз  қызметкерлерімен 
бірлесіп 15 қазанға дейін бағып бере алатындығын сендірген. 
Сонымен қатар, осы жәрмеңке уақыты аралығында және ол біткеннен кейінгі 
бір  апта  өткен  соң  Мекен  Балуанқұлов  пен  қызметкелерінің  жауапсыздығынан 
табыннан  кімде-кімнің  жылқысы  жоғалса,  не  ұрланып,  ұрланған  күннен  үш  күнге 
дейін  табылмаса,  Мекен  Балуанқұлов  өз  қаржысынан,  иелігінен,  малынан  еш 
кедергісіз  жылқы  қожайынына  әр  жоғалған  жылқының  тіркеу  кітабында  жазылған 
бағасымен төлеген. Алайда, егер де оның, старшын Мекен Балуанқұловтың өзінің не 
оның ұлдарының өтемақыға өз қаржылары, малы, иелігі жетпей қалған жағдайда, қол 
қойғандар  осы  жәрмеңке  аяқталғаннан  соңғы  бір  апта  ішінде  мал  қожайындарына 
әрбір  жоғалған  немесе  ұрланған  жылқының  тіркеу  кітабында  жазылған  құнын  мал 
иелерін  шығынға  ұшыратпайтындай  етіп  төлеуге  міндет  алған.  Ал  олар  төлеген 
қаржының  өтемін  старшын  Мекен  мен  оның  ұлдарынан  өндіріп  алу  туралы 
Жәңгірден рұқсат алған [3, 14 б.]. 
XIX  ғасырдың  30  жылдары  Бөкей  Ордасындағы  Хан  ставкасы  жанынан 
жәрмеңкенің  ашылуына  және  ондағы  сауданың  дамуына  байланысты  саудагерлер 
төлейтін  салық  түрі  де  өсті.  Сөйтіп  хан  қазынасына  жәрмеңкеден  көп  пайда  түсті. 
1836 жылы жәрмеңкедегі лавкалар мен киіз үйлерден 2919 рубль ақша жиналса, ал 
1845 жылы 5500 рубль ақша жиналды. Сонымен қатар, хан жәрмеңкеде малын сатқан 
қазақтардан салық жинауды бұйрық етті [4, 85 б.]. 
Хан  ставкасындағы  көктемгі  жәрмеңкеге  күздегіге  қарағанда  халық  көп 
жиналатын  еді.  Оның  себебі  бұл  кездегі  тебіндеп  жайылуға  қажетті  қоректің 
көптігінде  және  жазғы  ыстыққа  дейін  құрғап  үлгермеген  шалшық  сулардың 
жәрмеңкеге 
мал 
айдап 
әкелуге 
қолайлылығында  еді.  Ал  күздегі 

 
 
 
 
 
 
 
              
БҚМУ 
 
Хабаршысы  №4-2015ж.  
 
 
291 
жәрмеңкеге  халықтың  аз  жиналатындығы  аталған  жағдайлардың  болмауынан  еді, 
оның  үстіне  қазанның  1-інен  бастап  Ордаға  іргелес  жатқан  Тертайыл  селосында 
Саратов уезінің үлкен жәрмеңкесі өзінің екі апталық жұмысын бастайтын. Сонымен 
қатар,  осы  уақытта  қыстық  астығын  қамдап,  жинап  алуға  ниеттенген  қазақтар 
Тертайыл  жәрмеңкесіне,  Астраханға  және  өзге  жерлерге  қарай  ағылып,  яғни  кімге 
қандай қала немесе село жақын, әрі ыңғайлы  – солай қарай жол тартатын. Қазақтар 
өз жылқысын Орда  ішіндегі жәрмеңкелерде емес, жыл бойына Еділ  бойын жағалай 
орналасқан  қалалар  мен  селолардағы,  Орал  мен  колонистер  селоларындағы,  Ырғыз 
бен  Үлкен  Өзен  жағалаулары  болыстықтарындағы  жәрмеңкелерде  көптеп  сататын 
болған. Себебі,  бұл жерлерде Ордалықтар өз малын айырбас саудаға емес, көбінесе 
қолма-қол ақшаға сататын еді. Алған ақшаларына өздеріне қажетті  астық пен басқа 
да  тауарлар  сатып  ала  алатын.  Сондықтан  да  олар  ақшалай  сауданы  айырбас 
саудадан  тиімдірек  көретін.  Астрахан  қаласында  қазақтардың  қой,  жылқы,  ірі  қара 
және өзге де жоғарыда аталған тауарлар саудасы қыс бойына үзілмейтін, себебі бұл 
мезгілде қазақтар Каспий теңізі жағалауын мекендей алатын және өзендердің қатып 
қалған бетімен әрлі-берлі жүруге мүмкіндігі бар еді. 
1835  жылы  Жәнгір  хан  Ордадағы  жәрмеңкенің  барысын  төмендегідей 
сипаттайды: 
«Жәрмеңкеге  Ресей  империясының  әр  түрлі  губерниясынан  көптеген 
тауарларымен  саудагерлер  келеді.  Мұнда  әкелінген  тауардың  жалпы  құны  200000 
рубльді құрайды. Жәрмеңкеге келуші саудагерлер бұл жерде киіз үйлерді жалдайды, 
әрбір  киіз  үйді  жалдау  30  рубльді  құрайды.  Жылдың  уақытына  қарай  бұл  киіз 
үйлердің саны 100-ден 200-ге дейін көбейеді. 
Жәрмеңке уақытында тәртіптің сақталуы үшін оған әркез сұлтандардың біреуі 
нұсқаумен  жіберіліп  отырды.  Оның  жанында  іс  жүргізуші  және  менің 
қарамағымдағы  казак  жасағының  уряднигі  мен  казактары  еріп  жүрді.  Тәжірибе 
көрсеткендей, сұлтандар, азиаттар ретінде, бұл міндетті толығымен атқара алмайды, 
толықтай  білмейді.  Оларды  ауыстырғанда  да  менің  алдымнан  дәл  осындай 
қиыншылықтар  шыға  береді.  Сондықтан,  бұл  лауазымға  әркез  өзгеріссіз  старшын, 
полк  есауылы  Қарауылқожа  Бабажанов  пен  Неплюев  әскери  училищесінде  оқып 
жүрген оның ұлы, Хорунжий Конбумынды тағайындауды дұрыс деп есептеймін. Бұл 
туралы  жоғары  басшылықтан  бекіту  сұрап,  оларға  қажетті  нұсқау  беруді  өтінемін. 
Бұл  шенеуніктер  менің  сеніміме  ие,  сондықтан  да  бұл  лауазым  үшін  үкіметтен 
ерекше  шенеунік  сұрап,  оның  жалақысы  үшін  шығынданудың  қажеті  жоқ  деп 
ойлаймын. Сонымен бірге, қазақтар Ордаға әр түрлі малын айдап әкеліп сатады. Бұл 
жерге  100000  дейін  қой,  6000  ірі  қара,  2000  жылқы  әкелінеді.  Мен  саудагерлердің 
және  қырғыздардың  пайдасына  бұл  жәрмеңкелерді  үлкейтіп,  дамытуға  өз  үлесімді 
қосамын», – деген болатын [5, с. 273]. 
Бұдан  1835  жылы  Ордадағы  жәрмеңкедегі  сауда  айналымының  жоғары 
болғандығын  көреміз.  Осы  жылы  Ресей  мемлекетінен  келген  саудагерлер  көп 
мөлшерде  тауар  әкелген.  Сонымен  қатар  қазақтар  да  сатуға  біренеше  мың  бас  мал 
әкелген.  Жәңгір  осы  жылы  жәрмеңкедегі  тәртіптің  сақталуын  қадағалау  үшін  бұл 
лауазымға  Қарауылқожа  Бабажанов  пен  оның  ұлын  тағайындаған.  Жәңгір 
саудагерлер  мен  бөкейлік  қазақтардың  пайдасына  жәрмеңкедегі  сауданы  дамытуға 
қолдау көрсетіп отырған. 
Хандықтағы  сауда  жәрмеңкелері  уақыт  өте  ауқымы  үлкейіп,  ондағы  әр  тілді 
халықтар  өкілдерінің  үлес  салмағы  да  сәйкесінше  өсті.  Мұнда  әр  түрлі  сауда 
байланыстары  орнатылды,  далалық  көшпелілер  мен  қала  халқы,  малшылар  мен 
егіншілер,  ауыл  ұсталары,  тәжірибелі  саудагерлер  мен  сауданы  түсіне  бермейтін 
бақташылар, өндіріс иелері, дала шонжарлары, татарлар, казак және орыс шаруалары 
бетпе-бет келісіп, сауда жасап отырды. 

 
 
 
 
 
 
 
              
БҚМУ 
 
Хабаршысы  №4-2015ж.  
 
 
292 
Жәрмеңкелердің  тек  қана  экономикалық  маңызы  жоғары  болып  қоймай, 
сонымен  қатар  олар  түрлі  аймақтардың,  әр  түрлі  ұлттардың  өкілдері  арасындағы 
таныстықтың,  тамырлықтың  және  олардың  өзара  түсінушілігінің  себепкері  болып 
отырды.  Бұл  жәрмеңкелер  туралы  хандықтан  тыс  алыс  елді  мекендерде  де  белгілі 
болатын.  Оған  1845  жылғы  көктемгі  жәрмеңкеге  Ресейдің  15  губерниясынан  1000 
адам, 1847 жылы – 1500 адам, 1851 жылы 2000-нан  астам адам келіп, сауда істегені 
дәлел бола алады [6, с. 156]. 
Адам  ең  көп  қатысқан  жәрмеңкенің  бірі  1846  жылғы  көктемгі  жәрмеңке 
болды. Оған 3883 адам келген. Олардың 2700-і жергілікті халық – қазақтар, ал 1183-і 
келімсектер  [7,  с.  182].  Олардың  ішінде  Астрахан  губерниясынан  –  II  гильдиялы 
көпес  –  1,  III  гильдиялы  көпес  –  1,  мещандар  –  6  армяндар  –  50  мемлекеттік  
шаруалар – 47,  қалмақтар – 65, татарлар – 30, хиуалықтар – 4, түркімендер - 19 адам, 
ал  Саратов  губерниясынан  келген  помещиктер  –  77,  мемлекеттік  шаруалар  –  267, 
мещандар  –  64,  татарлар  –  4,  III  гильдиялы  көпес  саны  –  42  адам,  Пенза 
губерниясынан – мещандар – 50, мемлекеттік шаруалар – 30, помещиктер – 2 адам, 
Тамбовск губерниясынан – II гильдиялы көпес – 2, III гильдиялы көпес – 4, мещандар 
–  19,  мемлекеттік  шаруалар  –  28,  помещиктер  –  7  адам,  Қазан  губерниясынан  –  III 
гильдиялы көпес  –  2, мещандар  – 24, мемлекеттік шаруалар  – 179, помещиктер  – 2 
адам,  Владимирск  губерниясынан  –  III  гильдия  –  4,  мещандар  –  5,  мемлекеттік 
шаруалар – 13, помещиктер – 11 адам, Нижегородскдан – мемлекеттік шаруалар – 7, 
помещиктер  –  23,  мещандар  –  1  адам,  Москвадан  –  III  гильдиялы  көпес  –  3, 
мемлекеттік шаруалар – 2, помещиктер – 3 адам келген [8, 4 б.]. 
Сонымен  қорыта  айтқанда  1832  жылы  Хан  ставкасы  жанынан  жәрмеңке 
ашылды.  Жәрмеңкенің  ашылуына  байланысты  тасымал  саудасына  тыйым  салынды. 
Бөкей  хандығының  экономикалық  өмірінде  жәрмеңкелердің  рөлі  ерекше  болды. 
Жәрмеңкеде  қазақтардың  малы  мен  мал  өнімдері  тауардың  негізгі  бөлігін  құрады. 
Тауар-ақша қатынасының дамуына жәрмеңкенің атқарған рөлі айрықша екенін айта 
кеткен  жөн.  Жәңгір  ханның  қолдауымен  құрылған  жәрмеңке  Қазақстандағы  алғаш 
ашылған жәрмеңкенің бірі еді. Сонымен бірге, Жәңгір арнайы жәрмеңке ережелерін 
бекітті. Осы ережелер жәрмеңкедегі сауданы реттеп отырды. 
Әдебиеттер: 
1.
 
РФ АОММ, 1-қор, 9-тізбе, 795-іс. 
2.
 
ҚРОММ, 78-қор, 1-тізбе,  37-іс. 
3.
 
ҚРОММ, 78-қор, 2-тізбе, 65-іс. 
4.
 
Аспандияров Б. Образование Букеевской Орды и ее ликвидация. – Алматы: 
Қазақ энциклопедиясы, 2007. – 290 с. 
5.
 
Казахско-русские  отношения  в  ХVІІІ-ХІХ  веках  (сборник  документов  и 
материалов). – М: Изд-во АНССР, 1961. – 790 с. 
6.
 
Алекторов  А.Е.  Из  письма  хана  Джангира  к  графу  Перовскому  //     
Астраханский листок. - 1892. – № 258. 
7.
 
Тройцкий  В.  Взгляд  на  Внутреннюю  киргизскую  Орду  //  Отечественные 
записки. - 1848 – Вып. ХVІІІ. 
8.
 
РФ ООММ, 6-қор, 10-тізбе,  5726-іс. 
*** 
Дюсенгалиева М.Г. 
Правила проведения ярмарок  в Букеевской Орде 
В  статье  изучены  вопросы  купли  продажи,  торгового  оборота,  правил 
проведения и роль ярмарки в Букеевской Орде. 
Ключевые  слова:  Торговля,  ярмарка,  правила  ярмарки,  торговый  оборот, 
меновая торговля. 

 
 
 
 
 
 
 
              
БҚМУ 
 
Хабаршысы  №4-2015ж.  
 
 
293 
*** 
Dyusengaliyeva M.G. 
The rules of conducting fair in Bukey horde 
The  article  investigates  questions  of  purchase  and  sale,  trade,  the  role  ande  the 
rules of conducting fair in Bukey horde. 
Keywords: Trade, fair, the rules of fair, trade turnover, barter trade. 
*** 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   30   31   32   33   34   35   36   37   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет