Токсикоинфекцияның келесі бір кең тараған қоздырғышы –
Proteus туысына жататын
бактериялар. Бұл топтың негізгі өкілі
Proteus vulgaris 1885 жылы шіріп жатқан еттен
бөлініп алынған-ды. Протей жараларда, қабынған ұлпаларда кездеседі. Ол протеолиттік
қасиеттерді иеленген. Ет өнімдеріне, әсіресе тартылған етке түскен кезде протей ұлпаларды
ыдыратып, шіріктік иістің пайда болуына әкеледі. Токсикоинфекцияның инкубациялық
кезеңі 4-20 сағат аралығында болады. Ауру симптомдары токсикоинфекцияларға ортақ
болып келеді. Протейдің тіршілік әрекеттерінен болған токсикоинфекциялар адамның
өліміне де әкелуі мүмкін. Дегенмен, бактериялармен ластанған, бірақ ұзақ пісірілген ет
адамға залалын тигізбейді.
Ботулизм –
Cl.botulinum және оның токсині бар өнімдерді тұтынғаннан соң
туындайтын қауіпті токсикоинфекция. Зертханалық жағдайда организмге енгізілген
клостридия споралары оның вегетативті түріне айналып, токсинді бөле отыра жануарды
өлімге ұшыратады. Ауру қоздырғышын өлексенің барлық ағзалары мен ұлпаларынан бөліп
алуға болады. Міне сондықтан да ботулизммен ауырған малдың етін тағам ретінде
қолдануға болмайды.
Ботулизм қоздырғышы шұжықтарда, консервілерде қақталған балықта және басқа
тағам өнімдерінде кездесуі мүмкін. Ол табиғатта (топырақ, қи, су және т.б.) өте кең
тарағандықтан, ет өнімдеріне қоршаған ортадан түседі. Аурудың инкубациялық кезеңі
организмге енген клостридиялардың санына байланысты болып келеді. Ботулизмге
шалдыққан адамның ауыз қуысы мен жұтқыншағы кебеді, тілі салданып, тыныс алуы
қиындай түседі. 70-80% жағдайда улану өліммен аяқталады. Қоздырғыш және оның токсині
тағам өнімдері мен мал азықтарында біркелкі таралмайды. Аурудың алдын алу мақсатында
тағам өнеркәсібінде санитарлық гигиеналық ережелерді қатаң сақтау керек. Ботулизмге
күдік туған кезде өнімдерді жарамсыз деп танып, жояды немесе ыстық температураның
көмегімен өңдеуден өткізеді.
Стафилоккалар мен стрептококкалар тудыратын токсикоздар. Алтын түстес және
ақ стафилококкалардың кейбір штаммдары ет және басқа тағам өнімдеріне қоныстанған
жағдайда энтеротоксин бөліп шығарады. Стафилококкалар үшін оңтайлы өсу
температурасы 30-37°С болғанымен, энтеротоксиннің түзілуі 15-22°С температура
аралығында байқалады. Токсин түзуші штамдар эритроциттерді гемолизге ұшыратады,
желатинді сұйытады, лактоза мен мальтозаны қышқыл түзе ашытады. Стафилококкалар
ыстыққа біршама төзімді келеді. 70°С тепмературада олар 30 минут бойы тіршілігін
сақтайды. Айта кететін жағдай – улануды тудыратын стафилококкалар емес, олардың
тіршілік өнімі – энтеротоксиндер болып табылады. Соңғылар қайнау температурасына 30
минутқа дейін төпеп береді. Бу стерилизаторында (112°С) 10-20 аралығында ішінара
залалсыздандырылады. Энтеротоксині бар өнімдердің сыртқы түрі өзгеріске ұшырамайды.
Оларды тұтынған жағдайда уланудың алғашқы белгілері (бас айналу, әлсіздік, лоқсу) 2-5
сағаттан соң біліне бастайды. Әдетте бұл аурудан адам өлімі байқалмаса да, оның
симптомдары 3 күнге дейін сақталады.
Токсикоздарды стрептококкалардың жекеленген штамдары да қоздырады.
Стафилококкалар сияқты стептококкалар да 100°С температураға дейін белсенділігін
жоймайтын энтеротоксиндерді өндіреді. Ауру кезінде токсикоздарға тән клиника
байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: