Əдебиет танытқыш (1926) АҢдату



Pdf көрінісі
бет12/13
Дата06.03.2017
өлшемі0,85 Mb.
#8111
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

Толғау түрлері:
Ақынға  дүниенің  əдемілігі  көрік  пен  махаббат  екеуінде  ғана.  Өмірдің  көрік  пен
махаббатқа  дұрыс  келетін  істері  сүйіндіреді.  Теріс  келетін  істері  күйіндіреді.  Мұның

мағынасы  көңілді  сүйінішті,  күйінішті  күйге  түсіру  болады.  Күйініш  көңілге  наразылық
туғызады. Көңіл наразылығы мұң, ой туғызады. Осы айтылған мəністерге қарай күйлі толғау
бірнеше түрге бөлінеді.
1. Сап толғау
Қорыққанда  «Ойбай»,  қуанғанда  «Алақай»,  қиналғанда  «Уһ»,  таңданғанда  «О»,
өкінгенде  «Қап!»  деген  сияқты  пайым,  пікір,  ой  белгілі  кіріспеген  құстың  сайрауы  сияқты
көңілдің таза күйінен шығатын сөз сап толғау яки сайрау деп аталады.
2. Марқайыс толғауы
Көңіл  шын  ырза  болып,  марқайып  өскен  шақта  шығатын  сөз  марқайыс  толғау  болады.
Көңілдің шын өсіп  марқаюы қуанышты ұлы  уақиғаның үстінде  болады.  Ұлы  уақиғалар  ұлы
адамдардың яки бүтін елдің, халықтың, таптың өмірінде де сирек болатындықтан марқайыс
түрлі  тұлғаларда  əдебиет  жүзінде  ұшырайды.  Марқайыс  орнымен  айтылса  ұнамды  болады,
ұнамсыз айтылса ерсі көрініп, марқайыс əсері болмайды, масқаралық əсері болып шығады.
3. Налыс
Əркімнің  өмір  жүзінде  көздеген  мұраты  болады.  Яғни  сол  мұрат  көрген  нəрсесінің
жолында болады. Мұратына жетсе бақытты болады. Мұратына жетіп бақытты болған шақта,
бақыт ұзақ тұрмайды; өйткені бақыттың болуына, болмауына себепкер нəрселер көп. Қайғы-
қасіретсіз,  уайымсыз,  мұңсыз,  қатерсіз,  қауіпсіз,  шаттықпен  тыныш  өмір  сүретін  адамдар,
тіпті  болмайды.  Өмір  жолы  мұратқа  тура  жүргізбейді.  Тура  жүргізбесе  көңілге  реніш,  шер
пайда  болады.  Сондай  өмір  жүзіндегі  түрлі  опасыздық  ақынды  да  ренжітеді,  мұңайтады,
ықыласын  қайтарады.  Ренжу,  мұңаю,  ықылас  қайту  ақынды  көңілсіз  күйге  түсіреді,
шерлендіреді.  Шерлі  күйден  шыққан  сөз  мұңды  болып  шығады.  Сондай  мұңды,  шерлі
толғаулар налыс деп аталады.
4. Намыстаныс
Намыс толғау басында тайғақ кешу, тар жолда, қиыншылық шегіне жетіп тақалған шақта
шығатын  сөз.  Қиын  хал  нағыз  қиын  шегіне  жеткенде,  қиын  істі  істеуге  керек  қылады.  Сол
қиын істі істеуге көбінің батылы жетпей намысына тигізіп, қанын қыздырып сөйлеу қайрау
сөз  деп  аталған.  Сол  қайрау  сөздің  өлеңмен  айтылғанын  намыс  толғауы  дейміз.  Намыс
толғау  соғыс  кезінде  соғысқа  түсіру  үшін  яғни  не  өліп,  не  өлтіріп  шығатын  өлім  жолына
айдаған жерде айтылған.
Қазақ  патшаға  қарамай,  басы  бос  тұрған  кезінде,  түрлі  жұрттармен  соғысқан  шағы
болған.  Ол  кезде  қазақ  намыс  толғаулары  азаматтың  намысын  қоздырып,  қанын  қыздырып
соғысқа айдау үшін айтылған. Сондықтан намыс толғау түріндегі сөздер батырлар жырында
(ертегі жырларда) көп ұшырайды. Қазақ патшаға қарап басы байланған соң соғыс болмаған.
Соғыс болмаған соң соғыста айтылатын намыс толғаулары да жоғалған. Бірақ намыс толғау
айтылатын  соғыс  болмағанмен,  соғысқа  бара-бар  ер  басына  қиыншылық  түсетін  басқа
істерге  айтылатын  қайрау  сөздер  де  намыс  толғау  табына  кіреді.  Мəселен,  бағындырған

патшадан  басын  босатып  алу  —  жұртқа  соғыспен  бірдей  дəрежелі  қиын  іс.  Сондай  іске
қайрау мақсатпен айтылған өлең о да намыс толғауы болады. Сондықтан «Интернационал»
өлеңі  сияқты,  «Асау  тұлпар»  кітабындағы  «Жолдастар»  деген  өлең  сияқты.  «Масадағы»,
«Оян,  қазақ»  кітабындағы  кейбір  өлеңдер  сияқты  сөздер  —  намыс  толғау  болады.  Бірақ
намыс  толғаудың  асыл  түбі  өте  қиыншылық  орында  шыққан  сөз  болғандықтан,  шын
қиыншылық  орында  айтылса  ғана  шын  намыс  толғауы  болады.  Не  жайбарақат  орында
айтылған намыс толғаудың сөзі ұқсаса да өзі, болып шықпайды.
5. Сұқтаныс
Сұқтану деп бір нəрсеге артықша назар түсуін айтамыз. Адам сұқтанғанда жақсы нəрсеге
сұқтанады.  Жаман  нəрсе  қаншама  ұлы  болып,  адамның  назарын  түсіріп,  таңдандырғанмен
сұқтандырмайды. Ұлы болсын, ұсақ болсын біз жақсы нəрсеге сұқтанамыз. Ол жақсы нəрсе
табиғат ісінің жүзінде де, адам ісінің жүзінде де болады. Солай болған соң сұқтаныс толғау
да  көбінесе  ғаламның  ұлылығы,  табиғаттың  сыры,  шеберлігі,  сұлулығы,  адам  ісінің  де
сұқтанарлық  ұлылары,  жақсылары,  көркемдері  сөз  болады.  Өмір  мен  өлім,  жақсылық  пен
жамандық  сияқты  нəрселердің  мəн-мағынасы  турасындағы  толғаулардың  көбі  де  сұқтаныс
табына  кіреді.  Сұқтандыратын  нəрселердің  көбі-ақ  тек  сұқтандырып  қоймай,  адамды
ойландырады,  қиялдандырады.  Сондықтан  түбіріндегі  толғаулардың  көбі  таза  толғау
болмай,  байымдамалау,  ойламалдау  болып  келеді.  Жоғарыда  айтылған  нəрселер  турасында
байымдау — даналық (пəлсапалық) байымдауы болып шығады.
6. Ойламалдау
Көңіл  ырза  болмаудан  наразылық  туады.  Наразылық  мұңға  айналады.  Мұңнан  ой,  қиял
тербенеді.  Сөйтіп  көңіл  ырза  болмағандағы  шығатын  толғаулар  жалғыз  көңіл  күйінің  сөзі
болмай,  ой,  қиял  қатысып  шығады.  Сондықтан  мұңды  толғаулар  ойламалдау  деп  аталады.
Көңілдің  ырза  болмайтын  нəрселері  түрлі  жамандықтар,  кемшіліктер,  міндер.  Адам
қауымында жасалған адамшылық үлгі болады. Адамның ісі сол адамшылық үлгімен пішіліп,
тігілмесе, адам қауымына ерсі, жаман, мін болып көрінеді. Адамның көбі-ақ ол үлгіден алыс
болады.  Біреулер  үлгімен  істеу  қолынан  келмегендіктен  алыс  болады,  біреулер  тіпті
адамшылық үлгіні керек қылмағандықтан алыс болады. Қолынан келмегендіктен алыс болу
—  кемшілік  болады.  Керек  қылмай  адамшылық  үлгісін  аяғына  басу  —  жамандық,  айып
болады.  Еңбек,  шаруалық  тағысын  тағылардың  бəрінде  де  бар.  Оның  үстіне  əр  ақынның  өз
адамшылық үлгісі де болады.

Өз үлгісіне тура келмейтін істерді де ақын теріс көреді. Жамандыққа, кемшілікке, мінге
санайды.  Өз  үлгісі  болсын,  өзгенікі  болсын,  əйтеуір  адамшылық  үлгіге  теріс  келетін  істі
ақын  айтпақшы.  Айтқанда  жай  ақыл  түрінде  айтып  даттайды  да,  үгіттегенде  я  даттағанда
бүтін  елдің,  жұрттың  басындағы  мінін,  кемшілігін,  жамандығын  көрсетіп  те  айтады.  Бір
адамның басындағы мін, кемшілік жамандықтарын көрсетіп те айтады. Үгітті бүтін жұртқа
айтса да, бір адамға айтса да үгіт болады. Сөгіс бір адамға бастап айтылғанда — масқаралау
(əлемдеу) болады да, жұртқа қастап айтқанда — əшкерелеу (даттау) болады.
Əшкерелеу  де,  масқаралау  да  екі  түрлі  болады:  жай  сөгіс  əшкерелеу  бар,  күлкі  қылып
əшкерелеу  бар.  Масқаралау  да  сондай.  Жай  жамандап  масқаралау  бар  да,  күлкі  қылып
масқаралау  бар.  Жамандық  адамды  кейітеді,  қайғыртады,  мұңайтады,  ренжітеді,  кемшілік
пен  мін  адамның  күлкісін  келтіреді.  Осыған  қарай  толғаудың  ойламалдау  түрі  көбінесе  не
сөгіс толғауға, не күліс толғауға айналып кетеді.
1. Сөгіс толғау
Өмірдің  жамандық  жағына  ырза  болмай,  міндеп  шығарған  сөздердің  жалпы  аты  қазақ
тілінде  жоқ.  Сондықтан  толғаудың  бұл  түріне  сөгіс  толғау  деп  жаңадан  ат  қойылып  отыр.
Сөгіс  толғау  жамандықты  жариялап,  бетке  басу  ниетпен  шығарылады.  Үгіттеуден  ұрысу
күштірек. Жай айтудан ұялту күштірек. Сол мəніспен сөгіс түріндегі сөздер ел түзеу, құлық
тазарту  жағына  көбірек  əсер  етеді  деп  саналады.  Бұрынғы  үгіт  түріндегі  сөздердің  орнын
бірте-бірте  сөгіс  толғау  алып,  өте  үгіт  түріндегі  сөздер  жоғалмақшы.  Бірақ  əлі  де  сөгіс
толғауға  ақыл  айту,  жөн  көрсету  сияқты  сөздер  көбірек  қатысып,  сөгісінен  үгіті  басым
болып  кететіндері  көп.  Сөйтіп  толғау  болмай,  тек  ақыл  айту  болып  шығатындары  көп
болады. Асылында таза толғау болатын сөз аз болады. Көбінесе толғаудың əр түрі араласып
отырады.  Сондай-ақ  толғауға  толғау  емес  сөздер  де  дəйім  қатысып,  аралас  келіп  отырады.
Өйткені, ақыл, қиял, көңіл деп үшке бөлгенмен, олар бірінің ісіне бірі қатыспай тұрмайды.
Жамандық  екі  түрлі:  кешірімді  жамандық  бар,  кешірімсіз  жамандық  бар.  Кешірімді
жамандық тек кемшілік болады да, кешірімсіз жамандық айып болады. Кешірімді жамандық
тек  білмегендіктен  болатын  жамандық.  Кешірімсіз  жамандық  тек  біле  тұра  істелетін
жамандық.  Толғаушы  толғағанда  екеуін  екі  түрлі  толғайды.  Кешірімсіз  жамандықты
толғағанда бет-жүзіне қарамай айыбын айқын айтып, бетіне басып, сөгіп толғайды. Айыбын
бетіне  басып  көрсету  —  күйе  жағып  көрсетумен  бірдей  болғандықтан  даттау  деп  те
айтылады. Кешірімді жамандықты толғағанда жамандығын, кемшілігін айқын айтпай, күлкі
түрінде  көрсетіп  ұялту,  арланту  ниетпен  толғайды.  Сондықтан  күліс  толғау  күлкілеу,
келемеждеу  болып  шығады.  Күлкі  қылу  əлемдеп  көрсетумен  бірдей  нəрсе.  Бірақ  көпке
жаққан күйе яки таққан əлем көптің үстінде болған соң күшті əсер ете алмайды. Көп ішінде
бір  адамға  жаққан  күйе,  таққан  əлем  күштірек  əсер  етеді.  Сондықтан  көпті  қандай  даттап,
сөккенмен масқаралауға болмайды. Сөзбен жеке адамды ғана масқаралауға болады.
Ақын  залымдықты,  надандықты  көріп,  күйінгенде  қандай  күйге  түсіп  толғайтынын
Абайдың төмендегі сөзі көрсетеді:
Адамның кейбір кездері,

Көңілде алаң басылса,
Тəңірінің берген өнері
Көк бұлттан ашылса,
Сылдырап өңкей келісім
Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өзі үшін
Тұра алмас əсте жуынбай.
Тəңіріңнің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.
Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар.
Дүние кірін жуынып,
Көрініп ойға сөз салар.
Қыранша қарап қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан зұлымға
Шиыршық атып толғанар.
Əділет пенен ақылға
Сынатып көрген-білгенін,
Білдірер алыс-жақынға
Солардың сөйле дегенін.
Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсең де өзің біл.
2. Күліс
Екі  түрлі  күлкі  бар.  1.  Шын  күлкі.  2.  Сын  күлкі.  Шын  күлкі  шаттық  үстінде,  көңіл
қоштанғанда  келетін  күлкі.Сын  күлкі  нəрсе  көңілге  күдікті,  ерсі  көрінген  уақытта  келетін
күлкі.  Анау  —  көңілдің  күйінен  тура  шығатын  күлкі  де,  күлкілі  —  күйді  көңілге  сын
тудырғаннан кейін шығатын күлкі. Күлкілеу — толғауға қару болатын, соңғы түрдегі күлкі.
Адамның арына тию жағынан күлкі сөз бірнеше түрге бөлінеді...
Адам ауырлайтын да, ауырламайтын да күлкі бар. Ауыр күлкінің аты — мазақ, мысқыл
болады  да,  жеңіл  күлкінің  аты  —  сықақ,  қулық  болады.  Ең  жеңілі  ойын  сөз,  оны  əзіл  деп
айтамыз.
а) Мазақ қылу — біреудің кемшілігін, мінін айтып күлу болады. Əдебиет жүзінде мазақ
қылу  кемшілік  пен  мінді  əшкерелеп  жұртқа  жаю  болады.  Бұл  əлемдеп  жұрт  алдында
өткізумен бір есеп іс. Мазақ түрінде күлкінің ауыр болатын себебі осыдан.
б) Мысқылдау сөздің өңін теріс айналдырып айту. Олай айту кекесін болады. Кекесін сөз
зілді болады. Мысқыл сөздің ауыр тиетін себебі осы.
п)  Сықақ  пен  қулық  күлкі  сөздің  асылында  ауырламайтын  түрлері.  Бұлар  ауырлайтын
түрге  айналса,  онда  олар  сықақ  та,  қулық  та  болмай,  мазақ  пен  мысқылдың  бірінің  түріне
түсіп кетеді.
Əзіл  де  солай:  зілсіз  болса  əзіл  болады  да,  зілді  болса,  ажуа,  келемеж,  мазақ,  мысқыл
сияқты күлкі түріне айналып кетеді.
Біз  күлгенде  əуелі  тек  күлкі  келтіретін  нəрсеге  күлеміз.  Неден  күлкі  болып  тұрған
мəнісін тексереміз. Себебін тексеріп күлгенде, көңілімізді келтірген нəрсе болып шығуы да
ықтимал.  Олай-бұлай  қайта  қайғыға  қалдыратын,  ойға  батыратын  нəрсе  болып  шығуы  да
ықтимал.  Ақындардың  адам  мініне,  кемшілігіне  күліп  шығарған  сөздерін  тек  күлкі  үшін
шығарған сөз деп қарамасқа керек. Ондай сөздердің көбінің-ақ бергі жағы ғана күлкі болып,
арғы  жағы  адамды  мұңайтатын,  қайғыртатын  сөз  болуы  ықтимал.  (Толғау  нұсқаларын
нұсқалықтың 198, 275 нөмірлерінен қара).
3. АЙТЫС-ТАРТЫС
Айтыс-тартыс сындар əдебиеттің бір түрі екендігі жоғарыда айтылған еді. Айтыс-тартыс
қазақ ақындарының айтысқаны да емес, олардың айтыстырып шығаратын өлеңдері де емес.
Ол  айтысу  я  айтыстырумен  айтыс-тартыс  екеуінің  арасында  атынан  басқа  жанасатын  жері
шамалы:  екеуінің  айтыс  деген  атымен  айтса  сөйлесу  ғана  ұқсас.  Онан  басқа  бір-біріне

жанасатын жері жоқтығы төмендегі сөздерден мəлім болады.
Айтыс-тартыстың əуезе мен толғауға да ұқсастығы аз. Əуезе (əңгіме) де ақын өз жағынан
еш  нəрсе  қатыстырмай,  басқаның  басында  болған  уақиғаны  айтады  да  қояды.  Айтыс-
тартыста  ақын  өз  басындағы  емес,  басқаның  басындағы  уақиғаны  көрсетіп,  өз  басынан,
көңілінің  күйінен  еш  нəрсе  қатыстырмайды.  Бұ  жағынан  айтыс-тартыс  əуезеге  (əңгімеге)
жақын.
Əуезеде (əңгіме) бір болған уақиғаны, уақиғада болған адамдардың не істеген əңгімесін
естиміз:  бірақ  ол  адамдарды,  уақиғаларды  көрмейміз.  Айтыс-тартыста  ақынның  айтқан
əңгімесін естімейміз, уақиғаның өзін, уақиғада болған адамдардың өздерін көреміз. Уақиға
көз  алдымызда  болып,  адамдардың  тіршілік  жүзінде  айтысып-тартысып  өмір  шеккенін
көреміз.  Тіршілік  майданында  адамдардың  ақылы  жеткенінше  амалдап,  қайратына  қарай
қару  қылып,  алысқаны,  арбағаны,  қуанғаны,  жылағаны,  ойнағаны,  күлгені,  сүйінгені,
күйінгені,  жауласқаны,  дауласқаны,  бітіскені,  жарасқаны  өмір  жүзіндегідей  көрініп,  көз
алдыңнан өтеді.
Бұл  шын  өмірдің  өзі  емес,  нəрсенің  айнаға  түскен  сəулесі  сияқты,  өмірдің  алаңда
көрсетілетін  сəулесі  ғана.  Бірақ  нəрсенің  айнаға  түскен  сəулесі  қандай  айнымайды,  бұ  да
сондай  шын  өмірдің  өзінен  айнымайтын  сəулесі.  Айтыс-тартыстағы  уақиғалар,  адамдар
асылында болған заттар емес, ақын өзі жасаған, ақын қиялынан туған заттар.
Ақын адамдарын жасап, ауыздарына сөздерін салып, істейтін істерін дағдылап, ал істей
беріңдер  деп,  өзі  ғайып  болып  кеткен  сияқты.  Айтыс-тартыста  ақынның  өз  тарапынан  еш
нəрсе  сезілмейді.  Əуезеде  (əңгіме)  уақиғаны  сөйлеу  —  айтыс-тартыста  ақын  өзі  сөйлемей,
өзгелерді  сөйлетіп,  айтыстырып-тартыстырып  жіберіп,  өзі  бейтарап  болып,  тек  қызығына
қарап отырып қалған сияқты болады. Мұнда өткендік жоқ. Осы уақытпен көрсетіледі. Əуезе
(əңгіме)  ақын  айтқанынан  өткен  уақиғаның  əңгімесін  естиміз,  айтыс-тартыста  уақиғаны
біреудің  айтқанынан  есітіп  білеміз,  көзбен  көріп  те  білеміз.  Əуезе  мен  айтыс-тартыс
арасындағы зор айырыс осы.
Айтыс-тартыс  пен  толғау  арасында  да  айырыс  зор.  Айтыс-тартыста  ақын  өз  тарапынан
еш  нəрсе  сөйлемегендіктен,  өзі  сезілмей  тек  қиялынан  туған  адамдар  бəрін  істеген  сияқты
болып көрінеді дедік. Толғау ақынның ішкі ғаламының сөзі болғандықтан, мұнда да сөзі мен
өзі көрсетіп отырады: толғауда ақын қабағын қарс жауып, қайғырып тұрған күйінде де, беті
гүл-гүл  жайнап  қуанып  тұрған  күйінде  де,  сүйінген  күйінде  де,  күйінген  күйінде  де,
тарыққан,  зарыққан,  жабыққан  күйінде  де,  шаттанған,  марқайған,  масайраған  күйінде  де
көріп отырамыз. Айтыс-тартыста ол жоқ.
Сөйтіп  айтыс-тартыс  пен  əуезенің  (əңгіме)  арасындағы  да,  толғау  мен  айтыс-тартыс
арасындағы да айырыс зор. Бірақ айтыс-тартыс пен əуезе (əңгіме) екеуінің арасы толғау мен
айтыс-тартыс  екеуінің  арасынан  жақынырақ.  Өйткені,  бірі  уақиғаны  айтып  білдірсе,
екіншісі  уақиғаны  көзге  көрсетіп  таныстырады.  Екеуі  де  тысқы  ғаламның  хабары,  тысқы
ғаламның өзі. Бұлай дегеннен айтыс-тартыс тысқы ғаламның сөзі деп те түсіну керек емес.
Асылында айтыс-тартыс ішкі ғалам мен тысқы ғаламның түйіскенін көрсететін сөз түрі.

Адамның ішкі ғаламы мен тысқы ғаламы түйіседі деген сөзді түсінікті болу үшін азырақ
баяндап өтейік.
Адам бала күнінде тысқы ғаламдағы көзге көрініп, денеге сезіліп тұрған нəрселерді ғана
танумен  болады.  Есі  əбден  кіргенше  өзгеден  өзін  айырмайды.  Өзгенің  істегенін  істеп,
дегенімен  болады.  Есейген  сайын  өзінің  өзгеден  басқалығын  біліп,  өзіне  ұнағанын  істеп,
ұнамағанын  істемей,  қиықтық  шығара  бастайды.  Ер  жеткен  сайын  дүниенің  ісіне  өзінше
сүйініп,  өзінше  күйініп,  өзінше  жол  тұтып,  өзінше  өміріне  жол  белгілеп,  жақсылық,
жамандыққа өз көзімен қарап, өзінше сынап, өзінше бағалап, өзінше пікірлейтін болады. Өз
алдына  мұңы,  мұраты,  мақсаты,  мүддесі  болып,  сол  мұрат-мақсатына  жету  талабына
кіріскен жерде тысқы ғаламға тиісті жердің шегіне келіп, ішкі ғалам мен тысқы ғалам екеуі
кездеседі.  Сонда  ішкі  ғаламның  ниетіне  тысқы  ғаламның  шарттары  тура  келмей,  екеуі
ілінісіп ұстаса кетеді.
Задында,  тіпті  мүддесі  жоқ  адам  болмайды.  Адам  болған  соң  оның  көңілі  бір  нəрсені
тілемей  тұрмайды;  көңілі  тілеуіне  қарай  бір  нəрсе  істемей  тағы  да  тұрмайды.  Көңілінің
тілеуі  де,  ол  тілеуінің  жолындағы  ғамалы  да  адамына  қарай  түрлі  болады.  Неғұрлым
қайратты  болса,  соғұрлым  мақсаты  да  зор  болады.  Ұсақ  адамның  мақсаты  да  ұсақ  болады.
Біреу  жер  жүзін  өзіне  қарату,  бағындыру  талабында  болады,  біреу  дүниеге  атағын  жаю
талабында  болады,  біреу  дүниенің  сырын  танып,  адамның  көзін  ашып,  білімін  арттыру
талабында  болып,  сонымен  өмірін  өткізеді.  Біреу  адам  баласын  теңгеріп,  арасына  əділдік
орнатып,  дүниеден  жұмақ  жасау  талабында  болып,  өмірін  сонымен  өткізеді.  Біреулер  тек
дүние  жию,  бай  болу  мақсатымен  өмір  өткізеді,  əйтеуір  тілеусіз,  мақсатсыз  адам  жоқ.  Аз
болсын,  көп  болсын  əркімнің  мүддесі  бар;  ұлы  болсын,  ұсақ  болсын  əркімнің  мұраты  бар.
Тілеусіз, мақсатсыз адам болмаған соң талассыз, тартыссыз да адам жоқ. Əркім əліне қарай
таласады, тартысады. Талас-тартыс табиғаттың негізгі заңының бірі.
Табиғат тас жүрек, қанша өтініп жалынсаң да, жағынсаң да өзінің заңынан бұрылмайды.
Табиғаттың  заңы  қатты,  үкімі  рақымсыз,  жолы  толып  жатқан  кер  мен  кедергі,  ісі  шынжыр
қатар тіркескен себеп пен салдар болып, алды-артыңды ораған шырмау. Өз еркім өзімде, өз
ісіме өзім қожа, өзім себеппін деп жүрген адам тұрмыс ісінің орауынан, шырмауынан əрі аса
алмайды.  Табиғат  заңы  —  мейірімсіз,  мерзімсіз  бір  тағдыр.  Дауылды  тоқтатуға,  жазды
ұзартуға,  қысты  қысқартуға,  суды  жоғары  ағызуға  еш  адамның  қолынан  келмейді.  Сол
сияқты  табиғат  заңы  адам  да,  адам  əлеуметінде  де  бар.  Адам  қанша  дана,  білімді  болса  да,
қанша  қаһарман  қайратты  болса  да,  əлеумет  оның  мақсатын  ұқпайтын  болса,  қайраткер
қамалға жалғыз шапқан батырдай əлек болмақ.
Ұстасу əркімнің əліне қарай түрлі болады. Біреу ұстасу жолында əлек болады, біреу азап
шегеді.  Біреу  құр  əуре  болады.  Кейбіреулердің  айтқаны  келіп,  сөзі  дұрыстыққа  шығады.
Осыны  көрсететін  əдебиет  түріне  тек  айтыс  дегеннен  айтыс-тартыс  деген  ат  сəйкесірек
болады  деуіміздің  мəнісі  осы.  Мұнан  былай  қарай  я  айтыс-тартыс,  я  ұстасу  деген  атын
қолданамыз.
Жоғарыда айтылған сөздерден көрініп тұр:
1.  Ұстасу  —  жалғыз  тысқы  ғаламды  сөйлейтін  əуезе  де  емес  екендігі,  жалғыз  ішкі

ғаламнан  хабар  беретін  толғау  да  емес  екендігі,  бұл  ішкі  ғалам  мен  тысқы  ғаламның
ұстасуынан шыққан əуезе мен толғау екеуі де бар дүбəра сөз болатындығы.
2.  Шығарма  ұстасу  болу  үшін  мазмұны  адамның  дүрілдеген,  дуылдаған,  бұрқырақты,
дауылды ісі болу тиістігі.
3.  Ұстасушының  жəне  басқа  ұстасу  бұрқағының  ішінде  жүрген  адамның  мінезі,  құлқы,
мұңы, мүддесі, ниеті, мұраты барша сыр-сипатын баяндайтын болған соң сөйлеген сөзінен,
істеген ісінен, ұсқынынан, əлпетінен, əдетінен көрінерге тиістігі.
4.  Ұстасудың  мақсаты  тысқы  ғаламға  қарсы  жұмсаған  ішкі  қайрат  болған  себепті,  ол
қайратты  жұмсатып  отырған  белгілі  бір  мақсат  болған  соң,  ұстасуда  көрсететін  ғамалдар
ойламаған жерден шыққан уақиға сияқты болмай, мақсатты қайраттан туған ғамалдар болып
көрінуге тиістігі.
Ескерту: Мақсатты қайраттан туған ғамал дегеннің мəнісі мынау болады:
Əуелі  мақсатты  қайраттан  туған  ғамал  болу  үшін  ол  ғамал  мұрат  жолына  жұмсалған
ғамал болуы керек. Олай болмаса, ғамал ойламаған жерден шыққан тек уақиға ғана болады.
Мəселен екі адам сөзден ілінісіп, төбелесіп, біреуі өліп қалды. Бұл қайғылы уақиға болады.
Бірақ ұстастыру шамасына сүрлеу бола алмайды.
Егерде  жылқыға  тиген  ұрыны  өлтірсе,  ол  ойламаған  уақиға  болмайды,  өйткені  ұрының
мұраты  ұрлықпен  күн  көру,  ұрлықпен  мал  жию  еді.  Оның  жылқыға  тиюі  мұратының
жолында істеген мақсат ғамалы болады да, өлуі мұратына қарай алған сыбағасы болады.
Екінші мақсатты қайраттан туған ғамал болу үшін кезіне келген шабыттың ғана ғамалы
болмай,  құмарлық,  əуестік  сияқты  мінез  я  қулық  табиғатында  бар  негізді  ынтасындағы
мақсаттан туған ғамал болуы керек. Қайраткер жаны сол ынтасында болады.
Үшінші.  Ынта  тек  ынта  күйінде  яғни  құмарлық,  əуестік  күйінде  қалмай,  іске  айналса
ғана  мақсатты  қайраттан  туған  ғамал  болады.  Ынтасына  лайық  мұраты  болса,  мұратына
жетуге  істеген  жеделді  ғамалы  болса,  сол  ғамал  мақсатты  қайраттан  туған  ғамал  болады.
Ынта  ғамалға  айналмаса  ішкі  ынта  болады  да  қояды.  Ісі  жоқ  құр  ынта  кəдеге  аспайтын
бұйым  сияқты,  нөл  сияқты  мəні  де,  мағынасы  да  жоқ  нəрсе.  Оған  мəн  мен  мағына  бел
байлап  кірісіп,  белсеніп  істі  істей  бастағаннан  былай  қарай  пайда  болады.  Ұстасу  осы  бел
байлағаннан басталады. Бел байламай, белсенбей тұрғанда, ынта көңілдің күйі ғана, ойлану,
толғану ғана болып отырады. Бел байлап, іске кіріскен соң толғау қалады, ұстасу басталады.
Бір  жағында  ғамалға  шапқан  батыр  сияқты  қайраткер,  бір  жағында  оның  қайратына  қарсы
керме тартып, кедергі қойып, жолын бөгеген табиғат заңы, табиғат тағдыры, əлеумет əдеті,
əлеумет бөгеті.
Ұстасудың үш дəуірі болады:
1. Байланыс. 2. Шиеленіс. 3. Шешіліс. Ұстасудың бұл үш дəуірі күресу дəуірлері сияқты.
Байланыс  —  балуандардың  белдерін  буынып,  білектерін  сыбанып,  балтырларын  түрініп,

күреске шығып ұстасқаны есебіндегі дəуірі. Шиеленіс — балуандардың əдіс-амал, күш, өнер
бəрін  жұмсап,  қайрат  қылып  күресті  қыздырған  шағы  сияқты  дəуір.  Шешіліс  —
балуандардың бірін-бірі жыққан мезгілі сияқты дəуір.
Ұстастыру шығармалары қайраткердің түріне қарай үшке бөлінеді:
1. Əлектеніс. 2. Азаптаныс. 3. Əуреленіс.
1. Əлектеніс
Ұстасушы  адам  қас  қайраткер  болса,  яғни  оқталғаннан  қайтпайтын,  ұмтылғаннан
тайынбайтын,  көздегенінен  күдер  үзбейтін,  азға  айналмайтын,  зордан-зорға,  артықтан-
артыққа  ұмтылатын,  жамандыққа  жасымайтын,  мұқтаждыққа  мұқалмайтын  я  қайнаған
қайраттың  адамы  болса,  ұстастыру  əлектеніс  болып  шығады.  Бұл  сипатты  адамдар
тыныштықпен  өмір  сүре  алмайды.  Өйткені  көздеген  мақсатының,  ойлаған  мұратының
жолында  неден  де  болса  қайту  жоқ,  оның  мақсат-мұратына  өзгелердікі  тұс  келмейді.  Тұс
келмеген  соң,  оның  бəрі  де  мұның  жолына  керме,  кедергі  болып,  қалаған  жөнімен
жүргізбейді. Қас қайраткер қайсарлығымен ол бөгетке тоқтамай, бұзып өтемін дейді. Онысы
өзгелердің жеріне түсу, жау іздеу болып көрінеді. Топпен  күресуге  күші  жетпей,  ақырында
əлек  болады.  Асылында  əлек  болуына  қайраткердің  өзі  жазалы:  жазығы  —  бойға  біткен
қайраты,  жігері,  жетесі,  ынтасы.  Қайраткер  басын  бəйгеге  тігіп  іс  қылуын  айып  көрмейді,
адамдық деп біледі. Басын қорғап, мақсатын іздемей қалу оған өлім. Екі өлімнің қадірлісін
таңдап  алмау  масқаралық  деп  біледі.  Қалай  да  əлектеніс  қайраткері  қатардан  қара  көрінім
ілгері,  артық  адам  болады.  Қысқасынан  айтқанда,  əлектеніс  қайраткері  жанынан  арын,
намысын  артық  көріп,  намыс  үшін  өлетін  кез  келген  жерде  жанын  арына  садаға  қылатын
адам болады. Енді ондай адамның ар мен намысына тиетін дүниеде іс көп, сондықтан ондай
адам  ақырында  əлек  болмай  қалмайды.  Құмарпаз  адамдар  құмарлығының  құлы  болып,
соның дегенімен болып, соның айдауында жүріп, құмарлық құрбаны есебінде əлек болады.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет