119. Ата-ананың балаға ұрсуы диқанның
егістікке төккен тыңайтқышымен бірдей.
120. Сөйлер болсаң, қысқасын айт. Бірдеңеге
мұқтаж болсаң, турасын айт.
121. Егер күшің тасып, біреуге зорлық жа-
сауға итермелесе, онда Алланың саған көрсетер
күшін есіңе ал.
122. Алланың алдында жазалы болудан сақ-
тан. Зұлымдық жасағандар ерте ме, кеш пе,
Алладан жазасын тартпай қалмайды. Алланың
жазасы тоқтаусыз, ақырсыз.
123. Алланың атын аузына алмайтындардың
бас қосқан жеріне барма: ғалым болсаң, білімің
қашады; надан болсаң, надандығың артады.
124. Үндемегенім үшін өкінген жерім болған
жоқ, айтқан сөздерім үшін сан рет сан ұрып
қалдым.
125. Көп сөз көмір, аз сөз алтын болса, үн-
демеу алтыннан да ардақты.
126. Алла деген адамдардың бас қосқан
жерін көрсең, олармен бірге бол: ғалым болсаң,
біліміңнің пайдасын көресің, ғалым болмасаң,
білім табасың.
127. Адамның қанын судай шашқан адамды
батыр деме, ол үшін жеке жендет бар.
128. Ақылды адамдардан ақыл ал. Ақылдас-
қанның алды ашық болады.
129. О, ұлым! Жарысқа түссең, тəрбие алу
жолында жарыс. Өйткені алған тəрбиең тек
саған ғана тиесілі. Сені жауға алдырмайтын дос
та сол. Жолаушы біткеннің бəрі бірдей тілейтін
жолы болу деген де осы.
130. О, ұлым! Жамандықтың көзін жаман-
дықпен құртады деп айтқан адам өтірік айтады.
Егер ол шындықты айтқанына сенімді болса, екі
жерден екі от жақсын да, қарасын: бір от екінші
отты өшіре ме, өршіте ме? Отты сумен өшіретін
сияқты, жамандықты жақсылықпен өшіреді.
131. Намаз уақыты келгенде, намаз оқуды
кейінге қалдырушы болма. Намазыңды оқы, со-
нан соң демал. Қауым ішінде найзаның ұшында
отырғандай болсаң да намазыңды қаза қылма.
132. Ниеті жаман адамдардан қорғауды Ал-
ладан сұра. Кісінің ізгісі бол, сақтан.
133. Бұ дүниеге бойыңды алдырма. Өйткені
сен ол үшін жаратылған жоқсың. Құдіреті күшті
Алла бұ дүниені өз жаратқандарының ішіндегі
ең құнсызы еткен.
134. Бұ дүниенің молшылығы да, жоқшы-
лығы да Алладан. Молшылығын иман келтірген-
дердің азығы үшін жаратқан жоқ. Жоқшылығын
қарсы шыққандардың жазығы үшін жаратқан
жоқ.
135. Мұқтаж болып, əкімнен бірдеңе сұрар
болсаң, оның көңіл күйі көтеріңкі, жайдары
кезінде сұра. Бірақ тақымдап, тықақтама.
136. Алдампаз адамнан көмек сұрама.
137. Арсыз адамнан адамшылық күтпе.
138. Қатты адамға ісің түспесін.
139. Алланың рақымынан алыстататын еш-
теңе де істемегейсің.
140. Алланың қаһарынан алыстататын іс
қылуға асық.
141. Аллаға құлшылық қыл.
142. Алланың рақымынан үмітіңді үзбе.
143. Аллаға серік қоспа.
144. Алланың жазғанына қарсы болма.
145. Алладан қорық.
146. Бұзақылық жасаудан сақтан.
147. Өзіңді-өзің қор қылудан сақтан.
148. Егер куə болуыңды сұраса, куəлік бер.
149. Егер көмек беруіңді сұраса, көмектес.
150. Егер кеңес беруіңді сұраса, асықпа, істің
мəнін анықта.
151. Жұрт көркем сөзімен мақтанып жатса,
сен өзіңнің көрнекі үнсіздігіңмен мақтан.
152. Орынсыз күлме, мақсатсыз жүрме.
153. Өзіңе қатысы жоқ нəрсе жайлы сұрама.
154. Алтын отта сыналады, адам қиыншы-
лықта сыналады.
155. Алла қиыншылығын сүйген құлына
жібереді.
156. Алланың түсірген қиыншылығын көтер-
ген адамды Алланың өзі жарылқайды.
157. Алланың түсірген қиыншылығын көтере
алмаған адамды Алла да көтермейді.
158. Өзі мейірімді адамға басқалар да мейі-
рімді болады.
159. Үндемеген үйдей бəледен құтылады.
160. Жақсылық жасаған олжалы болады.
161. Жамандақ жасаған жазалы болады.
162. Тілін бос қойған тісін жоғалтады.
163. Жақыныңа, жатқа қарапайым қара.
164. Тектілерге, тексіздерге сыпайы қара.
165. Бауырларыңа қамқор бол, туыстық қа-
рым-қатынасыңды үзбе.
166. Туысқандарыңды өтірікшінің, өсекшінің
сөзіне еруден сақтандыр.
167. Туысқандарың айып санайтындай істі
сен істеме, сен айып санайтындай істі туысқан-
дарың да істемесін.
168. Сұрамсақ болып, бетіңнің арын төкпе.
169. Ашуыңды ағат қылықпен емес, ақылмен
бас. Қадіріңді түсірме.
170. Өлімнен күдіктенсең, ұйықтама. Ұйық-
тағаның – өлгенің. Тірілуден күдігің болса,
оянба. Оянғаның – тірілгенің.
171. Қарызданудан сақтан. Қарыз деген күн-
діз – дүлей, түнде – үрей.
172. Бекерге қамығып, уайым жеме. Жүре-
гіңе қайғы түсірме.
173. Бұ дүниенің əлдебір қызығына қатты
құштар болудан сақтан.
66 Абай институтының хабаршысы. № 4 (10). 2011
174. Алланың бергеніне қанағат етсең, өмір
жолың түзік жəне жарық болады, жаның жады-
рап, рақат көресің.
175. Бұ дүниенің бар байлығын бір өзің ал-
ғың келсе, басқаның қолынан көргеніңе қызығу-
шы болма.
176. Кісі өз дегендеріне өзгенің қолынан
көргендеріне қызықпау арқылы жетеді.
177. Саған көмектесетін кедейлік емес, адал
еңбек.
178. Кедейленген адамда үш түрлі өзгеріс
болады: дінге салғырт тартады; ақылы азаяды;
парасаттан айырылады.
179. Адал болса, аз істің өзін көптей көр.
Өйткені ондай істің өзі аз көрінгенмен, нəтижесі
көп болады.
180. Өтіріктен сақтан, дінді бұзатын – сол.
181. Өтірік ар-ұяттан кетіреді, абыройыңды
төгеді, ақылыңды алады.
182. Өтірікші тұрған жерге адам жоламайды.
183. Өтірікшінің сөзін ешкім тыңдамайды.
184. Өтірікшінің айтқанына ешкім сенбейді.
185. Жолға шықсаң, астыңдағы атыңа абай
бол. Абайламасаң, жаяу қалдырады. Мұндай
күй ақылды адамға лайықты емес.
АБАЙ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖАҢА КІТАПТАРЫ
Қ. Əбдікова
Ж.Аймауытов туындыларындағы тұлға: оқу құралы.
- Алматы: Қазақ университеті, 2011. – 90 б.
ISВN 978-601-247-308-7
Ұсынылып отырған оқу құралында
Ж. Аймауытовтың «Қартқожа» жəне
«Ақбілек» романдарындағы тұлға мəселесі
қарастырылған. Жазушының дүниетаным-
дық жəне көркемдік бейнелеуінің қайнар
көздері анықталып, образдар жүйесі, олар-
дың жасалу ерекшеліктері мен негізгі ұста-
нымдары, сонымен қатар кейіпкердің ішкі
əлемін суреттеу амалдары талданады.
Оқу құралы филология факультетінің
студенттері мен магистранттарына ар-
налған.
Абай институтының хабаршысы. № 4 (10). 2011 67
ТІЛ БІЛІМІ
Г. Смағұлова
СӨЙЛЕУ МƏДЕНИЕТІНІҢ ЛИНГВОЭКОЛОГИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ
Аннотация. Мақалада қарастырылған мəселелер. «Экология» ұғымы жəне лингвоэкологиялық проблема.
Лингвоэкология жəне тілдік орта. Тілдік тұлға мəселесі. Сөйлеу мəдениеті.
Қазіргі жастар тіліндегі фразеологизмдердің қолданыс ерекшеліктері.
Тірек сөздер: экология, лингвоэкология, тілдік орта, фразеологизмдер.
Г. Смагулова
ЛИНГВОЭКОЛОГИЧЕСКИЕ АСПЕКТЫ КУЛЬТУРЫ РЕЧИ
Аннотация. Вопросы, рассматриваемые в статье. Понятие «экологии» и лингвоэкологическая проблема.
Лингвоэкология и языковая среда. Проблема языковой личности.
Культура речи. Особенности употребления фразеологизмов современной молодежью.
Ключевые слова: экология, лингвоэкология, языковая среда, фразеологизмы.
G. Smagulova
THE LINGUISTIC ECOLOGICAL ASPECTS OF THE STANDARD OF SPEECH
Abstract. The issues dealt in this article. Concept of "ecology" and the linguistic ecological problem.
Linguistic ecology and the language environment. A problem of the language person.
The standard of speech. Features of phraseology use by modern youth.
Keywords: ecology, linguistic ecology, the language environment, phraseology.
«Экология» терминін 1866 жылы табиғат
зерттеушісі неміс Эрнест Геккель ұсынған. Ол
кең мағынада бұл сөзге органикалық жəне
бейорганикалық организмнің қоршаған ортамен
барлық байланысын зерттейтін ғылым ретінде
анықтама берген. Сонымен, экология адамдар
тіршілігін айналасымен, ортасымен өзара
қарым-қатынасын зерттейтін ғылыми бағытқа
айналды. Қазіргі кезде мəдениет экологиясы,
рухани экология деген ұғымдар күн тəртібінен
мықтап орын алды. Ғалымдар мəдени ортаны
сақтауды қоршаған ортаны сақтау маңыздылы-
ғымен қатар қояды. Солардың бірі – линг-
вистикалық экология деп аталады [1].
Қазақ тіл білімінің ғылыми парадигмалары
ХХI ғасырда көптеген проблемаларды алға шы-
ғарды. Соның бірі – лингвоэкологиялық проб-
лема. Бұл сөз мəдениеті саласындағы зерттеу-
лердің бағыты ретінде қалыптасып келе жатқан
ерекше сала.
Тіл – əрі биологиялық, əрі əлеуметтік маңыз-
ды фактор. Тіршілік етуге, дамуға, қалыптасуға
бейім түрлі организмнің өзін қоршаған ортамен
сан салалы байланысы мен қарым-қатынасы
бар. Бұл ретте мұндай байланыс пен қарым-қа-
тынас негізінде пайда болған əртүрлі іс-əрекет-
тердің өзара бір-біріне жағымды, қолайлы немесе
жағымсыз, зиянды əсер етіп отыруы заңдылық.
Экологиялық факторлардың бірі – антропоген-
дік фактор болып саналады. Өйткені адамдар
қарым-қатынасының маңызды жағы – тіл арқы-
лы көрініс табатын əлеуметтік қатынас.
Лингвоэкология – тілдік жағдаят мəселесін
қарастырады. Тіл жанды организм ретінде өз-
гереді, дамиды, қолданыс аясы үнемі динамика-
лық сипатта болатындықтан, коммуникативтік
деңгейі де əрдайым өзгеріске ұшырып отырады.
Ал мұндай жағдаяттардың себептерін лингво-
экология зерттейді. Сондай-ақ лингвоэкология
лексикалық қабаттардың толығуын, түрлі əлеу-
68 Абай институтының хабаршысы. № 4 (10). 2011
меттік ортаның сөйлеу ерекшеліктерін, жетіс-
тіктері мен кемшіліктерін де назардан тыс
қалдырмайды.
Лингвоэкологиялық зерттеудің басты ныса-
ны тілдік орта болып саналады. Тілдік орта
дегеніміз – сол тілде сөйлейтін қоғам мүшелері-
нің тілдік санасының көрінісі, қолданыстағы
тілдің жай-күйі, тілдің қоғамдағы орны мен да-
муы. Тілдік ортадан қоғамның əлеуметтік-пси-
хологиялық, идеологиялық, мəдени, этнопсихо-
логиялық болмысы айқындалады.
Адамдардың тіршілік ортасының ерекше-
ліктері оның қолданыстағы тілінен байқалады.
Мұндай ортада ұлттық ұжымның рухани тірші-
лігі қалыптасады. Тілдік ортасыз адамдар жеке-
дара өмір сүрмейді. Қолданыстағы тілді жетіл-
діру, байыту, тіпті тіл қауіпсіздігін қамтамасыз
ету сол тілді тұтынатын əр адамның міндеті
болмақ. Сондықтан лингвоэкология рухани мə-
дениеттің ұлттық көрсеткіші ұлт тіліне ерекше
мəртебемен қарауды негізге алады.
Тілдің иесі адам болғандықтан, антропоген-
дік факторларды экологиялық тұрғыдан қарас-
тырудың маңызы айрықша. Тілді тұтынушы-
ның, яғни тілдік тұлғаның, тіл иесінің ана тіліне
деген құрметін, тілдің кешегі жағдайы мен қа-
зіргі күйіне жəне келешектегі тағдырына деген
міндетті жауапкершілікті талап ету де осы лингво-
экологияның құзырына тиесілі.
Лингвоэкология тілдік жағдаят мəселесін
қарастырады дедік. Бұл ретте билингвизм мен
қазіргі «үш тұғырлы тіл» мəселелері деген са-
уалдар да лингвоэкология қарастыратын маңыз-
ды нысандар болмақ. Мəселен, тілдік ортада
басымдыққа ие болып кететін тілдік жағдаяттар
баршылық. Тек «қостілділік» деген фактордың
өзі қазақ қоғамында қаншама қайшылықтарды
алып келгені белгілі.
Лингвоэкология лингвомəдени проблема-
лармен тығыз байланысты. Ғалымдар тілімізде
жат сөздердің жағаласып жүруін, жастар тілінің
жаргон сөздерге жақындығын жəне ғылым мен
техниканың дамуына қарай, тілдегі «техниза-
ция», сондай-ақ филологиялық, қоғамдық білім-
ді технократтық биіктіктен сыртқа тебу сияқты
лингвистикалық
нигилизмді
лингвомəдени
проблемалар қатарына жатқызады.
Тіл басқыншылығы деген ұғым лингвоэко-
логияның аясында түсіндіріледі. Мəселен, орыс
тілінің экспансиясы қазақ тілінің жағдайына
кері əсер етті. Дегенмен де басқа тілдің басқын-
шылығынан дендеп кеткен тілдік жағдаят,
əсіресе сөйлеу мəдениетіне нұқсан келтіреді.
Бұл қазақ тіліне да қатысты жайт екені белгілі.
Мəселен, өткен ХХ ғасырдың соңғы он жыл-
дығында бұрынғы КСРО территориясынан бөліп
шыққан егемен мемлекеттердің əлеуметтік жəне
мəдени өмірінде айтарлықтай жемісті өзгерістер
болғаны мəлім. Бұл əсіресе олардың тілінде,
сөйлеу мəдениетінде бұқаралық ақпарат құрал-
дарынан бастап барлық саларында көрініс тап-
ты. Қазақстан да мұндай өзгерістерден шет
қалған жоқ. Ұлт тілі мемлекеттік мəртебе алған
соң, орыс тілі ресми тіл ретінде ұлтаралық
қатынас тілінің рөліне ие болды. «Қазіргі Қа-
зақстанда тілдік жағдаят – қоғамдағы саяси,
этнодемографиялық, əлеуметтік жəне экономи-
калық өзгерістердің тікелей көрсеткіші» [2,
274].
Славян тілділермен қатар, өзбек, ұйғыр, та-
тар, т.б. түркітілдес халықтар арасына орыс тілі
ұлтаралық жəне мəдениаралық қатынасты терең-
дету қызметіне ие болғандығы белгілі. Ұлттық
сананың тереңдеуі мен ұлт мəдениетінің ерек-
шеленуі ХХI ғасырдың соңғы он жылдығында
жаһандану кезеңіне де тұспа-тұс келді. Қазақ-
стан жағдайындағы көп ұлттық (130-ға жуық
мекен ететін) мəселесіне бұл жағдайдың ерекше
əсері болды. Өйткені егемендік алған 90-жыл-
дардың статистикасы бойынша жергілікті ұлт
өкілдері сол кезде өз ана тілін 50%-ға жетер-жет-
песі ғана меңгерген. Ал ұлттар тілі мен олардың
мəдени өмір сүру ерекшеліктері жаһандану үр-
дісінде біркелкі деңгеймен көрінбейтіні – ақиқат
шындық. Бұл арада орыс тілінің функционал-
дық қызмет шеңбері, əсіресе терминологиялық
салалары қазақ тіліне қарағанда жаһандануға
қарсы тұрарлық қабілеті бар. Сондай-ақ бұрынғы
кеңестік дəуірде де, қазіргі жағдайда да орыс
тілінің Ресейден басқа ТМД мемлекеттерінде де
дамуы, толығуы – жүріп жатқан, жүре беретін
процесс.
Ал басқа ұлт тілдері туралы əңгіме басқа.
Мəселен, біртұтас кеңестік кезде жергілікті ұлт
өкілдерінің азшылығы əрі кеңестік саясаттың
ықпалымен білім беру мекемелерінің орыс
тілінде басым болуы, ұлт тілінің ана тілі ретінде
толық меңгерілмеуі, қолданыс аясының шектеу-
лігі, кірме сөздер мен калькалардың көптігі,
терминдердің аудармасыз енуі, т.б. толып жат-
қан экстралингвистикалық фактілер қазақ мəде-
ниетіне басқалай реңк əкелді. Ана тілінде емес,
орыс тілінде білім алған жергілікті ұлт өкілдері-
нің басқа тілде сөйлеуімен қатар, бүкіл та-
ным-болмысын, тəрбиесін, қазақи менталдығы
мен ұлтқа тəн мəдениетін бүтіндей өзгертті. Бұл
қазақ əдеби тілінің кемелденуіне өзіндік кері
əсері болғаны жасырын емес. Қазақ тілінде
көркем əдебиет оқымайтын, өз ана тілінің сөз
асылдарын танымайтын, білмейтін бірнеше ұр-
пақ қалыптасып үлгерді.
Тілдік тұлға мəселесі – лингвоэкологиялық ба-
ғыттағы іргелі ұғымдардың бірі. Сөз саптауы
айналасына үлгі болатын, сөз мəдениетін жоғары
Абай институтының хабаршысы. № 4 (10). 2011 69
қоятын тілдік тұлға қазіргі қазақ қоғамында жазу-
шылар мен өнер қайраткерлері, ғалымдар, журна-
листер, оқытушылардың ғана үлесіне тиіп отыр.
Тіл – ұлттың жаны. Бұл аксиомаға айналған
қағида. Өз ана тілінің мəнерлі де бейнелі сөз-
дерінен хабарсыз, мақрұм болып өскен ұрпақтар
тілі қазақ сөйлеу мəдениетінің ежелден келе
жатқан би-шешендер дəстүрін қорғауға, жетіл-
діруге, насихаттауға, бір сөзбен айтқанда, ұлты-
ның образды сөйлеу ерекшелігін сақтауға тиіс
еді. Алайда дəл бүгінгі қазақ жастарының сөй-
леу мəдениеті мүлдем бөлек арнаға түсті, мұның
барлығы билингвизмнің əсері деуге болады.
Əр ұлттың өзіндік ұлттық танымын таныта-
тын стереотиптері оның ғасырлар бойы қалып-
тасқан мақал-мəтелдері мен фразеологизм-
дерінде жатыр. Сондай-ақ тілдегі көркем де
бейнелі сөз орамдары – фразеологизмдер əдеби
тілдің байлығы жəне тіл мен сөйлеу мəдение-
тінің көрсеткіші. Бұл ретте В.В. Виноградов
«Əдеби тіл – қоғамдық өмірдің дамуы, халық-
тың материалдық жəне рухани ілгерілеуі,
əлеуметтік күрес қаруы, сондай-ақ халықты
тəрбиелеу мен ғылым мен техниканың, ұлттық
мəдениеттің жетістіктерін бағалаудың құралы.
Əдеби тіл – ұжымдық шығармашылық əрекеті-
нің нəтижесі» деп атап жазады [3, 288].
Қазақ тіліндегі паремиологиялық, фразеоло-
гиялық қордан ұлт өмірінің менталдық таным
ерекшелігі жəне тұрмыс-тіршілігінің мəдениеті
байқалады. Əсіресе фразеологизмдердің ойды
бейнелі, суретті етіп жеткізудегі орасан тілдік
қуатын пайдалану, жетілдіре түсу қазіргі жастар
тілінде орын алмаған.
Жылдар бойы қалыптасып, ғасырлар бойы
қолданыстан түспейтін тұрақты тіркестер қа-
зіргі жазба əдебиетте жəне қалың көпшіліктің
сөйлеу мəдениетінде қандай ерекшеліктермен
көрінеді деген сұрақ қашан да өзекті болмақ.
Əсіресе сөйлеу мəнері көмескі тартып бара
жатқан жастар тілінің қазіргі хал-ахуалы туралы
мəселе, тіпті ана тілінде сөйлейтіндердің тіл
байлығы мен тіл тазалығы қазіргі қазақ ұлты-
ның соқталы проблемаларына айналды. Бұл ХХ
ғасырда дендеген ауру, ХХI ғасырда тамыр
жайып кетті.
Социумның сөйлеу практикасында болып
жатқан өзгерістер тілші ғалымдарды еріксіз
қадағалауға мəжбүрлейді. Кітап оқуды мүлде
қойған қазіргі жастар тілінің жұтаңдығы, қысқа
қайырыммен сөйлеуі, ойларын жеткізудегі мə-
нерлілігінің жоқтығы күн санап, уақыт озған
сайын тереңдеп барады. Кезінде ата-анасының
əке-шешесі, оның ата-бабасы, оның арғы баба-
лары сөйлеген ұлттың нəрлі тілі бүгінгі күнде
қан сөлінен айырылып, бейнелілігі азайып кетті.
Лингвоэкологиялық мониторинг көпшіліктің
сөйлеу мəнеріндегі лексикон мен фразеология-
лық қордың тым жұтаңдығын айғақтайды. Бұл
ересектерге де, жастарға да тəн көрініс болғаны
ақиқат. Тіпті алдымыздағы студент шəкірт,
мəселен, мына фразеологиялық тіркестерді:
Түйе үстінен ит қапты (сипақ үйтті) –
икемсіз, бос, болбыр кісі туралы;
Көзіне көк шыбын үймелету – басыну,
жазалау, қорлау;
Түтіні бір жерде шығу – тату болу;
Қамшысын алып беруге жарамау – қолынан
ешнəрсе келмейтін, бос, болбыр адам;
Мұрнына су жетпеу – қолы тимеу;
Бір тарының қауызына сыйғызу – əбден
қинау, қиындық көрсету [4], т.б сияқты қолда-
ныста жиі ұшырасатын тұрақты тіркестердің
мағынасын бірен-сараны ғана тұспалдаса, көбі
білмейді. Мұндай бейнелі тіркестер отбасынан
жұқпай, мектеп қабырғасынан естілмей, кітапта-
ғысы оқылмай, əйтеуір тілдің ұшына ілінбей
қағыс қала береді.
Бүгінгі оқыған қазақтың рухани мəдениеті
терең, жоғары. Алайда біздің сөйлеу мəдениеті-
мізде бабалар тілінен қалған асыл сөз маржан-
дары, образды тіркестер уақыт өткен сайын күн-
нен-күнге азайып, сөйлейтін сөзіміз ойлы болса да
жеткізу өресінде сөзіміз нəрсіз, қысқа қайыры-
латын, үнемделген үнсіздікке ойысып барады.
Бейнелі сөйлеуді тек үлкен ақсақал, қарт
адамдардың еншісіне қалдырған, қазақ тілін
біле тұра тілге жанашырлығы жоқ басқа жастар
мəдени аренаға шықты. Студенттердің жазба
жұмыстарында қисыны жоқ сөйлемдер кезде-
седі: «Тай шаптырым жерден бір күшік шыға
келді». Өзі тай шаптырым жердей қашық болса,
сол жерден күшік шыға келсе бұл қалай бол-
ғаны? Адамның көзі жетпейтін қашықтық емес
пе? Немесе «Құрбым екеуміздің дəм-тұзымыз
жарасып, басқаларға үлгі бола білдік». Əдетте
қазақ ұғымында «дəм-тұзымыз жарасу» ер-
лі-зайыптыларға қатысты қолданылатын тіркес.
Қазақ жастарының тілі əдеби кітап оқымаудың
салдарынан тоқырауға ұшырады.
Ал студент жастар тілінің сөйлеу мəнері күн
өткен сайын шұбарланып, түсініксіз сөйлемдер
нормаға айналып барады. Бұл сөйлемдер ішінде
бейнелілігі ешбір ақылға сыймайтын «фразеоло-
гизмдер» жетерлік. Мысалы, жастар тілінің шұ-
барланғанын тек орыс тіліндегі сөздерді қосып,
жаргондармен сөйлеуі ғана емес, қазақтың сөй-
леуіне тəн тұрақты тіркестер де сөйлеу тілінде
əбден бұзылды.
Кейбір тұрақты тіркестер, мəселен, поста-
вить на место – орнына қою; Бұл тіркес таза
калька болса, ал пожирать глазами – көзімен
адам жеу бұл да калька, бірақ бейнелілік жақсы
сақталған. Осылардың қатарына лақтырып кету,
70 Абай институтының хабаршысы. № 4 (10). 2011
лапша ілу, құлақтан тебу – алдап кету , сынды-
рып кету, бөшке домалату – жала жабу, фарын
сындыру – дать в глаз т.б. жатқызуға болады.
Бұл орыс тілінің əсерінен сөйлеу тіліне əбден
дендеп кеткен. Жастардың сөйлеу мəдениетінде
екінің бірінде осы тіркестер кездеседі.
Кейбір тіркестердің пайда болу, жасалу
мотивациясы бірден түсінікті. Жастар тілінде
«алдап кету» мағынасындағы жиі қолданылатын
Қоянның суретін салып кету – бүгінгі ұрпақтың
бала кезінде көріп өскен «Қап, бəлем, қоян!»
мултьфильміндегі қоянның қасқырды үнемі
алдап кетуі, күліп тұруы осы фразеологизмдер-
дің жасалуына, қалыптасуына уəж болған деуге
болады. Ал енді бір тіркестердегі образдылықты
мүлде қабылдай алмайсыз. Əдемі киім киген
адам туралы «жынды болып киініп алу», əдемі
қызбен немесе жігітпен танысу – «жынды
қызбен танысу» [5, 122-123].
Бұл мəліметтер қазақ тілінің келешекте мə-
нерлілігінің азаятындығын көрсетеді. Тұтынуда
болмаған асыл сөздер тот басқан сайын қажетсіз
бола беретіні түсінікті.
Ана тілін жақсы білетін бар қазақтың мін-
деті – жаһандану заманында қазақ болып қалу
үшін ата-бабамыз қалдырған ұлт тіліндегі сөз
жауһарларын ұмытпау, жастардың тіліне дары-
ту, олардың сүреңсіз сөз қолданыстарына бақы-
лау жасау, кейінгі ұрпаққа бұзбай табыстау.
Қазақ тілі қазақ ұлтының мəдени мұрасын,
бастан кешкен тарихын ұмыттырмай еске ала-
ды, ұрпақтан-ұрпаққа табыстайды, сондай-ақ
дəстүр сабақтастығын жалғастырады, санада
қайта жаңғыртады, қазақтардың рухани эколо-
гиялық ортасын сақтайды.
Лингвоэкология тұрғысынан қарағанда тілді
тұтынушы адам – тілдік тұлға ретінде ұлттық
əдеби тілде сөйлеуге міндетті. Алайда тілдік
тұлғалардың əдеби тілді əр түрлі деңгейде мең-
геруіне қарай, тілдік-мəдени сипаты əр түрлі.
Гуманитарлық білімді бағаламау, технократтар-
дың гуманитарлық білімді жоққа шығарушылық
көзқарасымен күресу, қазіргі қоғамның барша
салаларын гуманизациялауға негіз болатын,
ағарту істеріне ұйытқы болатын филологиялық
білім беру аса қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |