Алпамыс батыр



Pdf көрінісі
бет3/6
Дата12.03.2017
өлшемі328,93 Kb.
#8741
1   2   3   4   5   6

Астындағы тұлпардың

Ойынды еті бұлтылдап,

Құйындай шаңы бұрқылдап,

Құлақ салсаң, дыбысы

Тау суындай сыңқылдап,

Қолтығынан аққан тер

Тебінгіде сылпылдап,

Маядай мойнын созады.

Шүу дегенде, жануар

Ұшқан құстан озады.

Тарта-тарта баланың

Алақаны тозады.

Құланнан атты қодықты,

Көлден тартты борықты,

Арада неше қоныпты,

Жетемін деп зорықты,

Жете алмай бала торықты.

Талма түстің шағында,

Айдын көлдің бойында

Тосып тұрған көлденең

Мыстанға келіп жолықты.

Тілеуің құрғыр қу мыстан

Сонда тұрып жылайды,

Көзінің жасын бұлайды,

Бір топ біткен шеңгелді

Құшақтап тұрып құлайды.



Мұны көріп Алпамыс,

Кемпірден келіп сұрайды:

«Далада тұрған жан шеше,

Мұнша неге жылайсың?

Айтпаймысың сырыңды,

Шығарайын мініңді,

Басын кесіп, дұшпаннан

Әперейін кегіңді,

Аман жүрсем, табайын

Кеуілдегі кіріңді?!

Жылай бермей, шыныңды айт,

Өлтіріп мен берейін

Дұшпандық қылған еріңді!»

Сонда кемпір сөйледі:

«Күткенім, шырақ, сен едің,

Қамқорың сенің мен едім.

Жиделі Байсын жерінен,

Қоңырат деген елінен

Байбөрі деген бар еді,

Байбөрінің жылқысын

Тайшық хан алып жөнеді.

Қырық балам бар еді,

Қырқы да бірдей нар еді,

Алдынан шықты жылқының,

Таласқан соң малына,

Бәрін де Тайшық өлтірді.

Сол баланың шешесі —

Мені мыстан дер еді.

Ашылған баудай гүл едім,

Сайраған қызыл тіл едім.

Кеше күндіз Құдайдан,

Алпамыс, сені тіледім.

Келеді деп есітіп,

Жолыңды тосып тұр едім.

Айналайын қарағым,

Құтты болсын талабың!

Жалғыз ием жар болып,

Оңынан тұрғай самалың.

Жеңгелерің қасында

Жатпаймысың, қарағым?

Осы сөзбен қу кемпір

Алдап ұрды ақылын.

Сөзбенен бойын балқытты

Алпамыстай батырдың.—

«Міне сусын, ішсең,— деп,

Алдап берді арағын.—

Мейіріңді қандыр, қарағым,

Бәрі менің қолымда.

Нұрдың қызы секілді

Қырық келінім жанымда.

Атың болса, шалдырып,

Ұйқыңды әбден қандырып,



Жүресің ертең, шырағым.

Қаза намаз қаза-ды,

Тарттырар Құдай жазаны.

«Елім менің қайда?— деп,—

Ерімді менің сайла!»— деп,

Қырық келінім шуылдап,

Алады күнде мазаны».

Бұл сөзіне кемпірдің

Енді бала сенеді.

Көз жасына жылаған

Рақымы келеді.

Жылқысының келгенін

Ақылмен ойлап біледі.

«Кел, шеше, атқа мінгес»,— деп,

Үзеңгісін береді.

Байшұбарға мінбекке

Дұшпан, зәлім, қу мыстан

Оңтайланып келеді.

Адамнан есті жануар

Қос аяқтап тебеді.

Сонда кемпір құлады,

Ұзынынан сұлады,

Жатып есі танады.

Бір мезгілдер болғанда

Көтеріп басын алады.

Байшұбарды жамандап,

Алпамысқа қарады:

«Тауға біткен андызым,

Суға біткен жалбызым,

Жабыны жауға мінгендей

Нешеу едің, жалғызым?

Бәлені жабы бастайды,

Жігіттің жолын ашпайды.

Ара күндік жол жүрмей,

Аяғынан ақсайды.

Әжетіңе жарамас,

Жау жеріне тастайды.

Жабыны мінсең, оңдай ма,

Айналайын қарағым,

Қазанат мінсең, болмай ма?!

Қарағым, сенің жолыңда

Құрбандық болып өлейін!

Еркелігің қалмапты,

Алпамыс, саған не дейін.

Астыңдағы Шұбардың

Басын кесіп тастай көр,

Қазанат тауып берейін.

Мұсылманға бас бала,

Қалмақтарға қас бала,

Сен — бір байдың жалғызы,

Жаңа өспірім жас бала!

Сырты түлкі қу жабы



Қылады-ау бір күн масқара!»

Долдыққа сыймай Алпамыс,

Денесін ашу қамады.

Ақ қанжарын суырып,

Заманасын қуырып,

Шұбарды басқа шабады.

Ғайып-ерен қырық шілтен

Қылышты қолдан қағады.

Тайып кетіп қылышы,

Қара жерді қабады.

Ат үстінен шіреніп,

Бір Алладан тіленіп,

Қылышын зорға алады.

Атаңа нәлет ит мыстан

Бұған да амал табады.

Алдына түсіп бүкеңдеп

Енді кемпір жүгірді,

Омыртқасы бүгілді,

Келе жатып сөйледі,

Сөйлегенде бүй деді:

«Жау қайырып тұрақтар,

Астында Шұбар ойнақтар.

Бүкең-бүкең желеді,

Жау мұқатып береді.

Алпамыс балам келеді,

Шықпаймысың далаға,

Шуылдаған шұнақ қар!»

Ерлер мінер алаға,

Көңлім толды санаға.

Жаман, жақсы болса да,

Жазудан адам қала ма?!

Өңкей сұлу шуылдап,

Жүгіре шықты дуылдап.

Шылауынан ұстады,

Жан-жағынан қамалап:

«Аттан түс»,— деп қыстады.

Көтеріп аттан алады,

Ақ кілемге салады.

Перизаттай қырық зайып

Көтеріп алып барады.

Көтеріп үйге кіргізді

Алпамыстай төрені.

Кезекпенен арағын

«Алдиярлап» береді.

Біреуі беріп кеткесін,

Кезегі нәубет жеткесін,

Біреуі және келеді.

Қасын қағып, ыржиып,

Езуін тартып күледі.

Жаңа өспірім жас бала

Күлгенін қызық көреді.

Біреуі асқан бірінен



Мін табылмас түрінен,

Қыздар да қызыл гүл еді.

Қырық қақпалы қаладан,

Қала менен даладан,

Әр жерден сұлу кеп еді.

Ұзын да емес, қысқа емес,

Бойы да бірдей тең еді.

Жаңа шыққан он бірге,

Бір жылда шыққан төл еді.

Ханның қызы Қаракөз

Ішінде жүрген сері еді.

Заты адам десе де,

Көргендер пері дер еді.

Ақылменен аңғарып,

Ер екенін біледі.

Кемпірден көңіл суытып,

Ата-анасын ұмытып,

Балаға көңіл бөледі...

Зайылдық кетіп көңілден,

Жад қылып іштей Алланы,

Аман қыл деп баланы,

Шынымен ақтап тіледі.

Айтайын деп «ішпе» деп,

Үш мәртебе келеді.

Айта алмады сонда да,

Аңдыған қыздар көп еді.

Сол уақыттар болғанда,

Алдияры толғанда,

Кіші бесін болғанда,

Арақты ішіп болады.

Қырық қыздан ішіп қырық шиша,

Бала әбден тояды.

Сонда мыстан келеді,

Езуін тартып күледі.

«Іш, шырағым, іш, іш»,— деп,

Өзі де құйып береді.

Қамалайды шырақ деп,

Отауды келіп түреді,

Отауды келіп түргенде,

Көк даңғыл келіп ұрады.

Бетіне самал тигесін,

Алпамыс бала құлады.

Бурадайын сақылдап

Күліседі көп шайтан,

Қылған ісін мақұлдап.

«Есіл бала, кеттің,— деп,—

Түбіңе өзің жеттің»,— деп,

Ханның қызы Қаракөз

Бір шымшып кетті жақындап.

«Жолама бұған, шайтан,— деп,—

Патшаға, бүйтсең, айтам»,— деп,

Қыздарды қуып қасынан,



Алпамыстың басынан

Қу мыстан тұрды тақылдап.

Тігілген қатар әр үйдің

Бірінен бірі кемі жоқ,

Мінейтұғын міні жоқ,

Бәрі де бірдей болмаған,

Асыл бұйым орнаған,

Кіргендер қайтып шыға алмас,

Қызғалдақтай жайнаған.

Әрқайсысынан бір ұстап,

Көргеннің көзі тоймаған.

Жан-жағына алақтап,

Жынды адамдай бойлаған.

«Алпамыс берен келер,— деп,—

Келсе, үйге кірер»,— деп,

Басында кемпір ойлаған.

Бірі — қызыл, бірі — көк,

Жаңа піскен шиедей,

Көргеннің іші күйеді.

Отаудың бәрін жықтырып,

Алпамыстың үстіне

Қабаттап әкеп үйеді.

Бұрынғыдан келе жатқан

Осылай еді ертегі,—

Отаудың бәрін өртеді.

Бүлінсе, патша бүлінді,

Кемпірдің несі кетеді.

Бетке жалын тиер деп,

Қыздар да қашып кетеді.

Патшаға да барам деп,

Келінімді алам деп,

Сертіне кемпір жетеді.

Түтіні шықты аспанға,

Қарауылшы біледі.

Тасты деген қаладан

Әскер жетіп келеді.

Алпамыстың үстінен

Отын ашып көреді.

Күрекпенен шоқ салса,

Жалындамай, сөнеді,

Барлығы мұны көреді.

От ішінде байлап ап,

Тайшық ханның алдына

Бенде ғып әкеп береді.

Кемпір әкеп бергесін,

Баланың түрін көргесін,

Тайшық хан кірді күшіне.

Ырза болды кемпірдің

Тындырып келген ісіне.

Қараса, бала дәл өзі

Көрген шошып түсінде.

Кемпірге төрден жол берді,



Өлтірмегін оң көрді,

Аясын қалмақ несіне?!

Кемпірді жаман есіртті

Бес күнгі келген несібе.

«Қандай күшім, патша?»— деп,

Тұрды кемпір есіре.

Сол уақытта падиша,

Қалмақтан шыққан ер еді,

Елде болса екі ер —

Екеуінің бірі еді,

Керней, сырнай тарттырып,

Доп зеңбірек аттырып,

Қырық қақпалы қалаға

Тегіс хабар береді.

Бәрі де бұрын есітіп,

Әр жерден адам кеп еді.

Әрқайсысы бір мыңдық

Ішінде дәулер көп еді.

Ақыл салса бәріне,

Өлтіреміз дер еді.

«Олай болса, өлтір,— деп,—

Сабасына келтір»,— деп,

Ортасына береді.

Сол уақытта батырға

Атса — мылтық өтпеді,

Шапса — қылыш кеспеді.

Ғайып-ерен қырық шілтен

Қолтықтан сүйеп, демеді.

Суға салса — батпады,

Ұйқыдан бала қайтпады.

Неше дәулер, неше ерлер

Не қыларын білмеді.

Тайшық айтты халқына:

«Қайтсек бала өледі?

Тұра келсе орнынан,

Жазамызды береді.

Баяғы көрген қу түсім

Айнымайды, келеді».

Ханның қызы Қаракөз:

«Өлтірем, әке, мен,— деді,—

Жеті күн мен жеті түн

Қолыма менің бер,— деді.—

Мыстан кемпір, шешежан,

Өзің де маған ер,— деді.—

Көрсетейін уақиға,

Көзіңменен көр»,— деді.

Тілеуің құрғыр қу мыстан

Қыз сөзіне сенбеді.

Патшаға айтып айнытып,

Қыз қолына бермеді.

Сол уақытта Тайшық хан,

Қанша айтқанмен хан-дағы,



Өзіндігі бар-дағы,

Бір ақыл ойлай бастады.

Неше қиын жерлерде

Жоқ еді мұның сасқаны.

Бұған ақыл таппаса,

Абыройын жаппаса,

Біледі енді басқаны.

Қимылдаса бұл бала,

Қалмақ түр бәрі қашқалы.

Тұра келсе орнынан,

Болатын әркім бас қамы.

Падышаның сол күнде

Қазулы оры бар еді,

Сырнайдай аузы тар еді.

Қақпағы бар ед ашпалы,

Ханы айтты халқына

«Апарып соған тастаны».

Қуанып халқы жүгірді

Зынданның аузын ашқалы.

Балалардың добындай,

Зеңбіректің оғындай

Домалатып баланы,

Зынданға әкеп тастады.

Жер түбіне жөнелді

Торғайдай болып мысалы.

Өлімге қиды нәлеттер,

Болғасын ақыр дұшпаны.

Сол уақыттар болғанда,

Ғайып-ерен қырық шілтен

Баланы жолда ұстады.

Құдыққа салған қауғадай,

Ешбір жері ауырмай,

Зынданның келді түбіне.

Әлі жатыр ұйқыда,

Ешнәрсе жоқ көңлінде.

Жалғыздықтың саудасы

Түсті ерге бір күнде.

Далаға шықсаң, жолдас ал,

Жалғыз қиын, тегінде.

Келе түсті зынданға,

Ала алмай бала кегін де.

«Алпамыс орда қалды» деп,

Кім барар дейсің еліне?

Еңбек қылсаң реті бар,

Салса біткен егін де.

Пұлдың азы бір тиын,

Кім береді тегінге?

Әрекет қылмай дүниеде

Жеткендер бар ма кемелге?

Әзір бала байланды,

Жастай соры қайнады,

Жеткенше қашан дегенге.



Ұйқысы қанды жатқасын,

Арақтың зәрі қайтқасын,

Қарғып тұрды орнынан.

Қараса, жатыр зынданда,

Арылмай бала сорынан.

Шұбар ат жоқ астында,

Кетіпті жарақ қолынан.

Енді бала жылады,

Келді деп заман қырынан:

«Жад еттім әуел, бір Құдай,

Құдіретіңе көңлім сай,

Дәргейіне жылаймын,

Біздерге қиын, сізге оңай.

Жатырмын жалғыз зынданда,

Ойласам: «Болды бұл қалай?»—

Атаңа нәлет қу мыстан

Кетіпті жерге тығып-ай!

Тағы да адам болам ба,

Жер бетіне шығып-ай?!..

Айналайын жан ата,

Өлгенде көрдің бір бота.

Кетерімде бермедің

Ықыласыңмен ақ бата.

Дуа айтпадың кез болып,

Жатырмын азап мен тарта.

Өлшеулі күнім бар шығар,

Қалыппын өлмей мен қайта.

Қарындасым, қарағым,

Көзімнен ақты бұлағым,

Ертеңді-кеш зарласам,

Есітер ме екен құлағың?

Ерлігімнен не көрдім,

Қара жер болды тұрағым!

Шығуым қиын, ойласам,

Жетпейді қолым бойласам,

Енді қандай қыламын?

Бір емшектен еміскен,

Тай-құлындай тебіскен,

Қарындасым Қарлығаш,

Ақырын ақтан сұрағын!

Су сұрасам, бал берген,

Жая десем, жал берген,

Кәріп анам, қайтейін,

Орда жатыр зарланып

Өлгенде көрген шырағың.

Айналайын жан ана,

Өлгенде көрдің бір бала.

Бір ағаштың басында

Көгертпедің екі алма.

Бір Құдайдың ісі күшті,

Басқа салды мүшкіл істі.

Ырза бол, ана, сүтіңе,



Тірідей балаң көрге түсті».

Осыны айтып болғанда —

Жылап, шаршап-талғанда,

Кеттім бе деп арманда,

Орда жалғыз қалғанға

Шығатұғын күн қайда

Мынау бес күн жалғанға?!

Отырды бала зарланып,

«Кім бар, кім жоқ,— деп жылайд,—

Келгенше заман айналып?»

Өлі де емес, тірі емес,

Әр қиялды ойланып,

Сол уақыттар болғанда

Зынданға кірді бір жарық,

Раушан болып күндіздей,

Атқандай болды таң жарып.

Мысалы гауһар шамшырақ,

Қарады бала аңғарып,

«Тілекті Алла берді,— деп,—

Бабаларым келді»— деп,

Тәу етті барып айналып.

Сол уақытта бір мысық

Келді жетіп жүгіріп

Бір таба піскен нанды алып,

Балаға нанды бермекке

Ым қылады оңланып.

Неше күн жатқан аш бала

Мысықтан жеді нанды алып.

Өлмесе де, өлімше

Болған екен сандалып.

Мысықты жұмсап отырған

Ғайып ерен қырық шілтен

Баланы сүйеп қолға алып,

Кетпесін деп бала өліп,

Аруақтар тұрды қозғалып.

Жатқаны жалғыз болмаса,

Шамасы, қалды оңалып.

Хан ойнаған баладай

Ойнады мысық бұралып.

Баланың мейірін қандырды,

Әртүрлі ойын шығарып,

Ермектесіп отырды,

Екі жақтан құралып,

(Не десе, кеуілі тынадыр)

Келеді мысық күнде алып.

Сол уақытта Шұбар ат

Алдына келсе — тістеді,

Әртүрлі жұмыс істеді,

Артына келсе — тебеді.

Бетіне түгіл, Шұбардың,

Сыртына адам келмеді.

Жем қояды шөбімен,



Ешбірін Шұбар жемеді...

Қаншама көп болса да,

Шұбарға әлі келмеді.

Неше дәулер жабылды,

Бәрін де Шұбар сүйреді.

Біріне бірі соқтығып,

Қабырғасы күйреді.

Ұшып кетіп кәлласы,

Көбейді қалмақ өлгені.

Ордада тұрды ойнақтап,

Шұбарға ешкім мінбеді.

Жанның бәрін сарсаң ғып,

Бір Шұбар ат қалдырды.

Ашуланып падиша,

Әр жерден ұста алдырды.

Енділігі жеті кез

Темір үйді салдырды.

Темір үйге тастады

Шұбар атты кіргізіп.

Аптада берді бір бау шөп,

Ашықтырып жегізіп.

Он күнде суды бір беріп,

Шөлге де қойды көнгізіп.

Шынжырлап мойнын ноқталап,

Жетектейді жүргізіп.

Шығармайды далаға.

Дарбазасын ілгізіп.

Арықтатып Шұбарды,

Бассақ дейді құмарды,

Патшаға да мінгізіп.

Баланы тастап зынданға,

Шұбарды салып әлекке,

Атаңа нәлет қу мыстан,

Еңбекті кетті күйгізіп,

Шұбар атты тындырып,

Баланың белін сындырып.

Мыстан патшаны көреді,

Келе сөйлей береді:

«Құлағың сал, патшамыз,

Келінімді бер»,— деді,—

Балаңа қызым берем деп

Серт қылғансың сен,— деді.—

Айнысаң, патша, оныңды айт,

Есебін табам мен,— деді.—

Балаңнан балам кем емес,

Ұзатқаның жөн емес.

Айыбы таз демесең,

Балаңа балам тең!»— деді.

Кемпірдің айтқан бұл сөзін

Халықтың бәрі жөн деді.

Сонда патша сөйледі:

«Тыңда сөзді, анамыз!



Он бірде биыл баламыз,

Жиырмаға келген соң,

Той-томалақ қыламыз.

Тоғыз жыл мәулет беріңіз,

Оған дейін шыдаңыз.

Балаға бала үйренсін,

Сізбенен біз құдамыз.

Ана, сенің ісіңе

Тілектес болып тұрамыз.

Жақсылыққа — жақсылық,

Біз неге мойын бұрамыз.

Бәрі сіздік болды ғой

Жиған-терген малымыз,

Қазынадағы барымыз.

Жиырма жылға келген соң,

Келініңді алыңыз.

Көпті көрген көне едің,

Бұл сөзіме наныңыз.

Қарар тапса көңілің,

Үйіңе енді барыңыз!»

Бұл сөзді айтып ырза ғып,

Шығарып салды ханымыз.

Ендігі сөздің қысқасы,

Бұрынғылардыңнұсқасы,

Ханның қызы Қаракөз,—

Мұнан да хабар алыңыз:

Қаракөзім бір күні

Келді жетіп ханына,

Айтайын деп бір сөзді

Әкесінің алдына.

«Әке, маған отау бер,

Тігейін барып саяға.

Жүз серке бер ойнатып,

Сап қояйын қораға.

Бетіменен жайылсын,

Қамамайық қораға.

Қырық қыз нөкер қосып бер,

Сүрейін дәурен далада.

Тоғыз жылың біткен соң,

Келейін көшіп қалаға.

Армансыз болып кетейін,

Беретін болсаң балаға.

Шөбіме түссе, қайтейін,

«Таз» дегенмен, бола ма?!

Сен берсең, ата, мен көндім...»

Ырза болды Тайшық хан,

Қызының айтқан сөзіне.

Қуанып қалды көңілі

Қапа боп жүрген кезінде.

Бәсірең деп жүз серке

Бөліп берді өзіне.

Бір үйді тікті жайнатып,



Ішіне бұлбұл сайратып,

Тас бұлақтың көзіне.

Жар шақыртып қалаға,

Мәлім қылды далаға.

Жігіт түгіл, қыздар да

Баспайтын болды ізін де.

Еріккен қыздар түседі

Бұлақтың күнде көзіне.

Ханның қызы Қаракөз

Ашық еді көргеннен

Алпамыс ердің жүзіне.

Оңаша жайда жолығып,

Сөйлессем дейді өзіне.

Сонда да кезі келмеді

Іздеген бейбақ кезіне.

Қыздарға мұны айтпайды,

Айтайын десе, батпайды.

Күн шығу мен күн бату

Арасында жатпайды.

Ойына алса бір жерді,

Бір бармай оған қайтпайды.

Құнан қойдай бой тастап,

Бәйге атындай ойқастап,

Мойнына алқа жай тастап,

Шығады қыздар қыр жаққа.

Бір күні кетеді о жаққа,

Бір күні кетсе тау жаққа,

Бір күні кетеді ой жаққа.

Ұсталуы рас баланың,

Тастағанын білмейді

Алып барып қай жаққа.

Самаурынды қайнатып,

Дастарханды жайнатып,

Қыздарды түнде ойнатып,

Бұлбұлды күнде сайратып,

Қылады қыздар тамаша,

Жан бармайды оңаша.

Бір күні суға бармаққа,

Шомылып қыздар алмаққа,

Құндыздай шұбап қырық қыз

Бұлақтың келді басына.

Жалаңаяқ аяғы,

Қолында талдан таяғы,

Ыштанын түріп тізеге,

Кемпірдің ұлы баяғы

Жетіп келді жүгіріп

Қыздардың енді қасына.

Қыздарды көріп қылмыңдайт,

Болғандай бұрын ашына.

Қаракөзайым қарайды,

«Қандай есер неме?»— деп,

Әкесі берген досына.



Ойынға тоймас кезі екен,

Он беске келген жасы да.

Ұмтылады қыздарға,

Кепешін басып басына.

Орамал тартып шекеге,

Самайын жүр жасыра.

Сүйкенеді қыздарға

Қотыр нардай қышына.

Түйе қылып қырық қыз

Алып ұрды жездесін,

Тастақтың барып тасына.

Ұшып кетіп кепеші,

Жарылды тасқа басы да.

Қаны менен іріңге

Былғанды қыздар шашы да.

Тұра қашты сытылып,

Шыдай алмай астында.

Жабылып қыздар қуды енді

Тасбұлақтан асыра...

Осыменен жеті жыл

Өткізді қыздар далада.

Сыңсыма Баян секілді

Дәурен сүрді арада.

Жеті жылдың ішінде

Көрінбеді кісіге,

Бір бармады қалаға,

Ата менен анаға.

Адамзаттың баласы

Мұнша ашық бола ма?!

Ханның қызы Қаракөз

Қарайып алды қанына.

Екі көзі далада —

Бір көрмекке ынтық боп

Алпамыс берен балаға.

Жүз серкесі патшаның

Қыздардың жүрді жолында.

Әрқайсысында бір қоңырау

Тағулы жүр мойнында.

Тұла бойын үкілеп,

Әсемдеп қойған бойын да.

Падышаның ақылы —

Соямын деп жүр тойында.

Екі жылда той қылмақ

Патшаның бар ойында.

Жалғыз қызы Қаракөз

Көңілі Хақтың жолында.

Кейқуат дейтін пәтшағар

Бағатын еді оны да.

Жеті жыл ұдай серкенің

Жүретін еді соңында.

Ерте кетіп, кеш келіп,

Жаятын еді Қырымға.



Серкелері семіріп,

Келмейді мойнын бұруға.

Әрқайсысы жылқыдай,

Бармайды қолы ұруға.

Бір күні серке ойнады,

Асыр салып секіріп

Алпамыс жатқан орына.

Енді серке ойнады,

Ойынға бәрі тоймады.

Айқайлады Кейқуат,

Айқайға серке болмады.

Зынданның аузын талқандап,

Бұзылмасқа қоймады...

Енді серке секіріп,

Біріне бірі асылып,

Екеу-екеу сүзісті,

Бірін бірі қашырып.

Тұяғымен серкенің

Қақпағы кетті ашылып.

Тайып кетіп тиегі,

Ойнақтаған серкенің

Түсіп кетті біреуі.

Қуаныш кіріп көңліне,

Жарылып кете жаздады

Алпамыстың жүрегі.

Қашанға дейін жыласын,

Қабыл болды тілегі.

Әлқисса, Кейқуат ордың басына, Алпамыстың қасына келіп, айқай салды: «Ей, 

Алпамыс, қайдасың, серкем түсіп кетті, шығарып бер, Қаракөзім маған ұрсар»,— 

деді. Онда Алпамыс: «Сен маған серкеңнің күніге біреуін беріп, мені бағып-қақ, 

егер де ордан аман шықсам, өзімнен бұрын сені мұратқа жеткіземін»,— деді. Онда 

Кейқуат ашуланып: «Жеті қабат жердің астында жатып, мақсатқа жеткіземін 

дейсің, сенің бұл күніңді өзіңе көп қылайын»,— деп, бір диірмен тасты дөңгелетіп 

әкеліп, үстіне тастап жіберді. Алпамыс тасты қағып алып, салмақтап тұрып қайтып 

лақтырып жіберді. Тас басынан асып кетті. Кейқуаттың зәресі ұшып кетті. Кейқуат 

жаман сасып қалды, тас келіп бір етегін басып қалды. Онда Кейқуат ойланды: 

«Осының айтқанын қылайын, өлсем — өлейін, өлмесем — жақсылығын көрейін»,

— деп. Серкенің күніге біреуін беріп тұрды. Сөйтіп жүріп серкенің бәрін тауысты. 

Бір күні Алпамысқа келіп: «Ей, Алпамыс, серке таусылды, не қыламын?»— деді. 

Онда Алпамыс айтты: «Мынау серкелердің мүйізі, қабырға сүйегінен сырнай істеп 

қойдым, соны қыздардың жолына барып тарт, сені ұстап алып, кім қылды деп 

сұрар, айтып қойма. Бірақ ханның қызы Қаракөзайымға сездір»,— деді. Кейқуат 

сырнайды алып, қыздардың жүретін жалғыз аяқ жолы бар еді, соған келіп, 

жабындының астында жатып, сырнайды аңқылдатып тартты. Қыздар естіп, қарап 

жүріп тауып алды. «Ей, Кейқуат, мұны кім жасады, қайдан алдың?»— деп қыздар 

сұрады. Кейқуат айтпады. Қыздар оны аяқтарымен таптады, сонда да айтпады. 



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет