Алпамыс батыр



Pdf көрінісі
бет4/6
Дата12.03.2017
өлшемі328,93 Kb.
#8741
1   2   3   4   5   6

Сол уақытта Қаракөзайым: «Маған шынын айтатын шығар»,— деп, оңашаға 

шығарып алып, сұраған жері еді.

Қаракөзайым сөйледі:

«Молдалар сызған ала хат,

Біздерменен бас қосып,

Ойнап-күлмек салтанат.



Қолыңдағы сырнайды

Кім қылды екен, Кейқуат?!

Сұрағанда шын айтсаң,

Сені тәуір көрейін.

Шыныңды айтшы, Кейқуат,

Не тілесең, берейін.

Қайдан пері қылды екен,

Көзімменен көрейін.

Егер қылса адамзат,

Жолында соның өлейін».

Кейқуат сонда сөйледі:

«Базары пышақ балдақы,

Нәсілің сенің қалмақы.

Шыныңды айт деп қинадың

Көп ішінде, салдақы.

Бір адам қылды ордағы,

Ор ішінде бенде боп

Алпамыс берен қалған-ды...

Мұны Алпамыс қылған-ды!»

Қаракөзайым сөйледі,

Ақылменен тағы ойлады:

«Айналайын Кейқуат,

Сол Алпамыс қайда еді?»

Алпамысты есітіп,

Ғашық оты өртеді.

Кейқуатқа ілесіп,

Жүгіре басып кетеді.

Арқасы күнге күймеген,

Табаны жерге тимеген

Ханның қызы ерке-ді.

Бұрынғы өткен халықтан

Осылай екен ертегі.

Бір жерлерге барғанда

Тазша амал табады:

«Шаршадым» деп, жүрместен,

Сонда жата қалады.

Қаракөзайым қабынды,

Жүре көр деп жалынды.

Ғашық жарын есітіп,

Қыздың беті гүлденді:

«Берейін саған пұл,— деді.—

Шыныңменен шаршасаң,

Кел, мойныма мін»,— деді.

Кейқуат қылды кесірді,

Екі аяғын көсілді.

Желке шашын тізгін ғып,

Бар киімін шешінді.

Екі емшекке тепкілеп

Келе жатқан секілді.

Кейқуат сонда сөйледі:

«Қарақан тауда хан ием,

Жарылқаса еркі ием.



Алпамысқа жүр жылдам,

Шүу, жануар, ту бием!»

Келді ордың басына,

Алпамыс ордың ішінде,

Сөйлесті кіші бесінде.

Онда ордың басына келіп, Қаракөзайым: «Алпамыс, бармысың?»— деп 

айқайлайды. Алпамыс: «Бармын»,— деп жауап берді. Онда Қаракөз айтты: «Сенің 

жолыңда жүргеніме жеті жыл болды, сонан бері келгенімде көргенім осы, енді мен 

сені қандай ғып шығарып аламын?»— деді. Онда Алпамыс айтты: «Сен мені 

шығарып ала алмайсың, Шұбар атым қайда? Сол шығарады»,— деді. Қыз айтты: 

«Атың патшаның қолында, жеті қабат темір үйде. Сыртынан қанша адам бағады, 

мен оның маңайынан жүре алмаймын»,— деді. Онда Алпамыс айтты: «Мына бір 

қамзолыма неше жылдан бері терім исі сіңіп кетті, осыны ішіңнен ки, шашыңды 

түй, әкеңнің аула-жайын аралап, диуана болып жүр»,— деді. Онда қыз: «Құп 

болар»,— деп, қамзолды киіп алып, шашын шекесіне түйіп алып, кәлендерлік киім 

киіп, әкесінің ордасын аралап, айналып жүре берді. Жел жағынан ық жағына өтіп 

бара жатқанда, Шұбар ат темір үйді теуіп жіберіп, талқан қылып, мойнынан 

асырып жіберді, бағып тұрған қалмақтарды қашырып жіберді. Оқыранып шауып 

келіп, диуананың қойнына тұмсығын тығып, үш мәртебе айналып тұра берді. Онда 

патша келіп: «Жынды диуана, сен Алпамыстың өзімісің, болмаса, көзімісің?»— 

деді. Диуана айтты: «Е, патша, Алпамыс менен он есе үлкен емес пе?»— деді. 

Патша ойланып: «Алпамысты көргемін, ол сенен үлкентұғын»,— деді. Диуана 

айтты: «Мен ілгеріде Жиделі Байсын деген жерге, Қоңырат деген елге барған едім. 

Сонда бұл Байшұбар құнан еді, ит тиіп ауырған екен, мен түкіріп, емдеп жазған 

едім. «Диуана, сол күнде қандай едім, қазір қандай күйде тұрмын?» деп маған 

шағып жылап тұр»,— деді. Онда патша айтты: «Ей, диуана, осы Шұбар маған 

үйренбей жүр, үйретіп берші!»— деді. Диуана: «Құп болады, үйретіп берейін!»— 

деді. Онда патша: «Не берейін?»— деді. Диуана айтты: «Тақсыр, қырық арқан, 

қырық қойдың құйрығын, Алпамыстың қару-жарағын беріңіз»,— деді. Онда патша 

айтты: «Мен қанша күтем?»,— деді. Диуана айтты: «Жеті күн өтіп, сегізінші күні 

келіңіз»,— деді.— Үйретіп берейін, шарқ ұрып, көше-көшеде жүріңіз,— деді. Патша 

бәрін түгендеп берді. Алпамыстың қару-жарағын, киім-кешегін бірін мойнына, бірін 

беліне байлап, патшаны: «Үйіңізге бара беріңіз!»— деп алдап шығарып салып, 

диуана Шұбар атты жетектеп, орға қарап келе жатқан жері екен.

Қаракөзайым қуанып,

Қапалы көңлі жұбанып,

Темір үйдің ішінен

Шұбарды алды шығарып.

Сол уақытта Шұбар ат,

Үш мәртебе айналып,

Тұмсығын тықты қойнына.

Арқа басын сипалап,

Тұмарын тақты мойнына.

Жау-жарағын, киімін

Сыйғызды тұла бойына.

Мінетұғын болдым деп,

Патшаның кірді ойына.

«Екі жыл ұдай қатырып,

Шабамын,— деп жүр,— тойымда»

«Так, жануар, так, так»,— деп,

Шұбар атты жетектеп,

«Жоламаңдар қасына,



Өлтіреді тентек»,— деп,

Қалмақты кейін қашырды,

Қыз айласын асырды.

«Қай көшеден өтед,— деп,—

Басып-жаншып кетед»,— деп,

Шұқыр жер болса, тығылып,

Қалмақтар бойын жасырды.

Жаңа ұстаған құлындай,

Жылтылдаған жұлындай

Жетіп келді алысып,

Екі қолы қарысып,

Алпамыс жатқан орына-ай.

Зынданға арқан жіберді,

Бір ұшын байлап мойнына-ай.

Кетті арқан салбырап,

Шынжырлары салдырлап.

Қараса бала жоғары,

Келеді арқан жалбырап.

Қуанған менен қорыққан бір,

Түрегелді қалтырап.

Өтірік пе, шын ба деп,

Ұстады барып Аллалап.

Ғайып ерен қырық шілтен

Көтерді жерден қауғалап.

Бабай түкті Шашты Әзіз

Келе жатыр аймалап.

Қаракөзайым тартады

Жер түбінен саумалап.

Тартты Шұбар ышқынып,

Жерді тепсіп пысқырып.

Бір мезеттің ішінде

Келіп қалды шамалап.

Шықты Алпамыс қайқаңдап,

Ордың басын жағалап.

Ордан шығып алғасын,

Кеуілі мекем толғасын,

Құйрыққа әбден тойғасын,

Қуаттанып болғасын,

Жарағын киді сайланып,

Жалаң қылыш байланып,

Ызасы өткен қалмаққа

Шабайын деп ойланып.

Омырауын иіскелеп,

«Жылдам мін»,— деп тістелеп,

Тұрды Шұбар айналып.

Алмадай мойны ұзарып,

Екі көзі қызарып,

Құйрығын салып сыртына,

Жан-жаққа тұрды таңланып.

Кіндігін тартып бауырына,

Құйрығын салып сауырына,

Жерді теуіп ысқырып,



Жын ұрғандай сандалып,

Темір үйдің ішінде

Жеті жыл жатқан қамалып.

Қырық арқан бойы зынданнан

Егесін алды шығарып.

Үш секіріп, үш түсті,

Шабамын деп қуанып.

Сөйлесті біраз екі шер,

Біріне бірі білдіріп,

Қалжыңдасып, ырғасып,

Әзілменен күлдіріп,

Баланың көңлін шат қылды,

Бетіне бетін тидіріп.

Қапаларын шығарды,

Ақ тамағын сүйдіріп...

Көтерді қыз қолтықтап,

Баланы атқа міндіріп.

Ақсаңдай басып жөнеді,

Қалмаққа ерді жүрдіріп.

Сол уақытта Алпамыс

Алла деп атқа мінді енді.

Жәрдем тілеп пірлерден,

Қалмаққа қарай жүрді енді.

Шұбарды алдап алғанын

Ақылмен Тайшық білді енді.

Көзінің жасын ағызып,

Жағасын дал-дұл жұлды енді.

Өгіздей-ақ өкіріп,

Өзін тақтан ұрды енді.

Керней, сырнай тарттырып,

Қырық қақпалы қалаға

Тегіс хабар берді енді.

Әрқайсысы бір жақтан

Жүз мың әскер келді енді.

Майданға тақты құрғызып,

Қатар-қатар тұрғызып,

Тайшық хан таққа мінді енді.

Алды-артын бірдей ғып,

Сап тартып әскер тұрды енді.

«Мұның өзін қара,— деп, —

Қаңғырып жүрген бала»,— деп,

Мазақ қып әскер күлді енді.

Қалмақтың көріп күлгенін,

Алпамыс қыран түрленді.

Тайшық хан айтты:

«Балуандар,

Замана бізге болды тар.

Шошынбайын деймін-ау,

Түсімде көрген сырым бар.

Патшалыққа лайық

Бірер күн ермек қылайық,

Жекпе-жекке бірің бар.



Қайсың барсаң, оның бар,

Шұбарын тартып мініп ал.

Шырылдатып тауықтай,

Желке шашын жұлып ал.

Аямаңдар бала деп,

Ала алмай жүрген кегі бар».

Сол уақытта бір қалмақ —

Аты ердің Таймас ед,

Қолындағы күрзісі

Отыз батпан алмас ед,

Қаһарланып сілтесе,

Тау болса да қалмас ед,

Бірге жасын жасасқан

Тайшық ханмен жолдас ед,

Неше майдан соғыста

Аш қасқырдай тоймас ед,

Ерегіскен дұшпанын

Еңселетпей қоймас ед,

Таймас айтты: «Падишам,

Әуелі өзім барайын,

Айтқаныңды қылайын.

Ерлікке берсең Шұбарды,

Баланың басын қағайын.

Ырза болсын күшіме

Көріп тұрған ағайын».

Осыны айтып болды да,

Шыға берді құтырып,

Ителгідей жұтынып.

Басқа қалқан төңкеріп,

Күрзісін келді көтеріп.

Өзінен басқа жан жоқтай,

Жетіп келді ұмтылып.

Қарсы ұмтылды Алпамыс,

Ақ тұйғындай құнтиып.

Ауадан құйған тұйғындай

Бір ұрып кетті сыпырып.

Ұшып кетіп кәлласы,

Денесі қалды отырып.

Астына мінген керігі

Шыға келді ойнақтап,

Жап-жалаңаш сытылып.

Мұнан кейін бір қалмақ

Ашуланып, долданып,

Шыға келді жүгіріп,

Жапыратын немедей

Етегін белге түрініп,

Жауатұғын бұлттай

Келе жатыр құбылып,

Ұрсатұғын батырдай

Қылышын белден суырып,

Бара ғой деген ешкім жоқ,

Өзінен өзі жын ұрып.



Өлемін деген ойда жоқ,

Жігіттіктің буы ұрып.

Мұны көріп Алпамыс,

Тұра қалды кідіріп.

Басын қағып жіберді,

Жұдырықпен бір ұрып.

Ұшқан кәлла жөнелді

Қалың топты аралап.

Кеудесі жатыр орнында.

Қолымен санын сабалап.

Ұстайын деп қалмақтар,

Кәллаға қарай ұмтылды,

Ортаға алып қамалап.

Жаны жоқ кәлла не білсін,

Бес-алтауын өлтірді,

Он шақтысын жаралап.

Сол уақытта Таймастың

Жалғыз ұлы бар еді,

Жарап жүрген нар еді.

Қайсыбірін айтайын

Сайманы түгел сай еді.

Тайшық хан айтты келді де:

«Майданға, балам, бар!—деді.—

Әлгі ит өлді бекерге,

Әкеңнің кегін ал!»— деді.

Күшіне сенген ер еді,

Әкесімен тең де еді.

Шыға келді құтырып

Жарап жүрген нардай боп.

Сүйретіліп аяғы

Кішігірім таудай боп,

Қарсы ұмтылды Алпамыс

Қысыр емген тайдай боп.

Қарсыласты екі шер

Үркер менен айдай боп.

Жетіп келіп қасына,

Салып кетті басына,

Құлады қалмақ жардай боп.

Біле алмады өлгенін

Келісімен қандай боп.

Үшеуі жатты теңкейіп,

Байлаған орып баудай боп.

Сол уақытта бір палуан,—

Келе жатыр ұмтылып,

Аяғын жерге сүйретіп,

Олай-бұлай шапқылап,

Мінген керігін үйретіп,

Неше дәу, неше пілдерді

Өлтірген еді күйретіп,

Келе қалмақ сөйледі:

«Мұның қалай, жас бала,

Қайратқа сенген, мас бала?!



Сірә, бір кезек бермедің,

Ерлердің жолын білмедің,

Сенің мұның масқара!

Батыр болсаң, кезек бер,

Басыңа қалқан ұста да».

Сонда батыр сөйледі:

«Көзіме толды қанды жас,

Ешбіріңді көрмеймін.

Білгеніңді қыла бер,

Ажалсыз болсам, өлмеймін.

Әдісің көп халықсың,

Сендерге, сірә, сенбеймін.

Қырық арқан бойы зынданда

Жеті жыл жаттым мен деймін.

Жеті мың қалмақ өлтірмей,

Сірәда кезек бермеймін!»

Осыны айтып болды да,

Екі ер соғыс бастады.

Шегінісіп қошқардай

Бірінен бірі қашпады.

Тап бергенде, шап беріп,

Жағадан бала ұстады.

Бірін бірі сілкілеп,

Ат үстінде мұштады.

Қиқылдап қалмақ буынды,

Балаға күші аспады.

Мәлім болды халыққа

Баланың күші асқаны.

Ақ қанжарын суырып,

Заманасын қуырып,

Атыменен қалмақты

Екі бөліп тастады.

Мұны көріп Тайшық хан,

Екі көзін жастады.

Бала тұрды ақырып,

«Жылдам кел!»— деп шақырып.

Қалмақтар қадам баспады,

Тайшық хан енді жылады,

Қайғыменен көзін бұлады.

«Жүз мың әскер келсін!»— деп,

Жан-жаққа мойнын бұрады.

Енді қалмақ ат қойды,

Жүз мың әскер лап қойды.

Қарсы ұмтылды Алпамыс

Қамысқа түскен қудай боп.

Біреуді біреу білмеді,

Біреуді біреу көрмеді

Аспаннан түскен нұрдай боп.

Есепсіз қалмақ қырылды

Жабысқан будан удай боп,

Майданнан аққан қызыл қан

Сарқырап ақты судай боп.



Ол уақытта еш соғыс

Өткен емес мұндай боп.

Рүстем-Дастан бір майдан

Өткен екен сондай боп.

Өліктері төбе боп,

Төскейден атқан құрдай боп,

Есебі жоқ өліктің,

Домалап жатыр пырдай боп.

Неше ерлер айрылды

Әскерінен жұрдай боп.

Қалған қалмақ жабылды,

Әр жерден қақты дабылды.

Жердің жүзі көкпеңбек,

Күннің де көзі шағылды.

Құбыладан соққан дауылдай

Түрленіп бала қағынды.

Майданнан аққан қызыл қан

Өзенге сыймай ағылды.

Қылыш тисе — шақ етед,

Мылтық тисе — тақ етед,

Мысалы бала шойын-ды.

Күннен күнге өшігіп,

Көрсетті батыр ойынды.

Бес байталдың кесірі—

Қанша ердің басы жойылды.

Қалған қалмақ қайрылып,

Бірінен бірі айрылып,

Қалаға қашып барады.

Бекітіп алды қаланы,

Далаға тастап баланы.

Қалаға бала кіре алмай,

Не қыларын біле алмай,

Бұл шәһәрден айналып,

Түн ортасы өткенде,

Таң мезгілі жеткенде,

Бір тесікті табады.

Ар жақтан хабар алмаққа

Тесікке шауып барады.

Көрінбейді ешнәрсе,

Абайлап әбден қарады.

Астындағы Шұбар ат

Осқырып, үркіп, бармады.

«Не бар еді,— деп,— тесікте,

Кірмейсің,— деп,— есікке»,

Шұбарды бала сабады.

Ашуымен қамшының

Енді Шұбар ырғыды,

Оқжыландай сырғыды,

Арқан бойы жазылып,

Тесіктің асты қазылып,

Өтіп кетті лып етіп,

Жерге тимей аяғы,



Асыл біздей жылт етіп,

Ар жағында бір жерге

Түсті барып дік етіп.

Шынжыр арқан, темір тор

Түсіп қалды сылқ етіп.

Салмағына шыдамай,

Шұбар да қалды ыңқ етіп.

Тесіктің асты ор еді,

Ор жағалап отырған

Қалың әскер қол еді.

Кірмегені Шұбардың

Әсіресе сол еді.

Қазынаның хандағы

Есепсіз түрі мол еді.

Балаға тағы жабысты,

Ілескен жастан сор еді.

Атаңа нәлет қалмақтар,

Бір ақыл ойлап табады —

Жалғыз ауыз жол қылып

Бекіткен екен қаланы.

Темір шынжыр арқаны

Ұстап берді баланы.

Ауырлығы бір батпан

Бұршақтай шоқпар ұрады.

Дөңгелге қаққан қазықтай

Қасқайып бала тұрады.

Берен мылтық бытырлап,

Бұршақтай оғы жауады...

Алпамыс тағы зарлады,

Құдайға қылып наланы:

«Жад еттім әуел, жалғыз Хақ,

Өзің жалғыз, мен де тақ,

Тақ ерлерге өзің жақ.

Өзің жалғыз, мен жалғыз,

Беремін десең, кәне бақ?!

Аға-іні менде жоқ,

Өліп кетсем, артым шақ.

Қысылғанда қолдай көр,

Әкеме берген аруақ!

Түп қара ағашы қасында,

Ақ шеңгелдің басында

Жылы бұлақ, бір бұлақ,

Армандамын бара алмай,

Басыңа жағып жұп шырақ!

Қолдай көр бүгін балаңды,

Сіздер жарсыз, біздер дақ.

Айналайын Шұбар ат,

Бұл дүниеде бар ма екен

Мен секілді ақымақ?!

Ғайып ерен пірлерім,

Бұл бәледен өзің қақ!

Келіп түстім торына,



Кемпір салды орына.

Жеті жылды өткізіп,

Шығып едім зорыға.

Алмаймын деп тіліңді,

Тағы түстім торына.

Тепкеніңде кемпірді,

Өлтірмедің сорыма!..»

Осыны айтып өкірді,

Келгеніне өкінді.

Өкінгенін білді де,

Астында Шұбар секірді.

Жазым болып кетер деп,

Үстінде бала бекінді.

Шынжыр арқан, темір тор

Жүн-жүн болған секілді.

Тағы Шұбар бұлқынды,

Үстінде бала жұлқынды.

Қамалап тұрған қалмаққа

Жалғыз бала ұмтылды.

Енді қалмақ сасады,

Қақпаның аузын ашады,

Біріне-бірі қарамай,

Қақпаға құлып сала алмай,

Бет-бетімен қашады.

Алдыңғы жағын қалмақтың

Арт жағы келіп басады.

Көп мырзаны ат басты,

Өліктері қан тасты,

Көбісі таудан енді асты.

Көк орданың басында,

Көк өзеннің қасында

Тайшықтайын ханменен

Алпамыс берен айқасты.

Қарсыласып қалысты,

Тайынбай, найза салысты.

Біріне бірі ылағып,

Екі найза қағысты.

Осыменен екеуі

Біраз жерге барысты.

Найзаларын тастасып,

Қылышпенен салысты.

Ат үстінен жүгіртіп,

Бірін-бірі шабысты.

Осынау майдан ішінде

Түзетті бұлар ұрысты.

Ойын екен бұрынғы,

Ірілетті жұмысты.

Ордан бала шыққалы

Алған жоқ әлі тынысты.

Екеуі де болдырып,

Атының басын бұрысты...

Алпамыстың аруағы



Тайшықтың үстін басады.

Мұны біліп Тайшық хан,

Қалаға қарай қашады.

Қақпаның жетіп аузында

Тайшық ханды шаншады.

Састырды енді хандарын,

Шырқыратып жандарын,

Талауға салып жіберді

Қазынадағы малдарын.

Өлтірді дұшпан бектерін,

Найзамен шаншып бүйректен,

Алды әбден кектерін.

Біріне бірін қоспайды

Арт жағынан келгенін.

От қойып өртеп жіберді

Бір жерге жинап өлгенін.

Қаланың аузын қан қылды,

Қақпаның аузын шаң қылды,

Айдарлысын құл қылды,

Тұлымдысын тұл қылды,

Көрген түсін Тайшықтың

Өтірік емес, шын қылды.

Ашуы баланың тарамай,

Кез келгенін қырады.

Бір жерлерге келгенде,

Баяғы мыстан шешесі

Көлденең тартып тұрады.

Әуелгі дұшпан кемпір ед,

Заманын қандай қылады?

«Осыны қайтсем екен?» — деп,

Ар жаққа кеулін бұрады.

Жаны шығып шошайып,

Әр жерге кемпір бұғады,

«Аманбысың, шеше?» — деп,

Мазақтап бала сұрады.

«Жүрмін ғой,— деп,— шырағым»,

Қамығып кемпір жылады.

Жұдырығын түйіп ап,

Ауызға бала ұрады.

Екпініне шыдамай,

Шалқалап кемпір құлады.

«Осы аузың маған қылды!»— деп,

Езуін тіліп, жырады.

Талқан болып ауызы,

Азудың бәрі сынады.

Толғанынша іспелеп,

Аузына тасты тығады.

Жарылып кетіп жүрегі,

Осымен кемпір тынады.

Тірсегінен тіледі,

Бәйтерекке іледі.

Көрсетіп қойды халыққа



Үрген местей бұлтитып.

Бар киімін шешіп ап,

Бөксесін қойды тыртитып.

Дұшпанның бәрін өлтіріп,

Батырдың көңлі тынады.

Қалмақтың өлмей қалғанын...

Кейқуатқа көндіріп,

Бағындырып қояды.

Патша болды Кейқуат

Қалмақтың қалың еліне.

Әділдігін жүргізді,

Ешкімнің көнбей ебіне.

Бақ қонарда жігітке,

Азы не, сірә, көбі не?!

Керней-сырнай тарттырып,

Даңғыра дабыл қақтырып,

Барып түсті Алпамыс

Қаракөзайым үйіне.

Кер маралдай керіліп,

Басарына ерініп,

Ханның қызы Қаракөз

Түсті шалқып күйіне.

Қыздар жүр бетін шымшылап,

«Тиіп ек,— деп,— көңліне».

Енді қыздар ойнады,

Қой десе де қоймады.

Тізесіне асылды

Шөге жатқан нардай боп.

Мойынына асылды

Қысыр емген тайдай боп.

Түзетті қыздар қатарды

Құлаған жаңа жардай боп.

Ортада отыр Қаракөз

Он бесте туған айдай боп.

Қызыл күрең реңі

Құбылып отыр жындай боп.

Адамзаттың баласы

Туады екен мұндай боп:

Оқтаудай бойы бұралып,

Тартып қойған сымдай боп,

Сөйлеген сөзі — қырмызы

Қамырдан тартқан қылдай боп,

Сүйкеніп өтсе денесі,

Тиеді жұмсақ ұндай боп.

Арманы бар ма жігіттің,

Қосылса жары сондай боп?!

Жүрметүз деген бір қыз бар

Қыздардың жүрген ішінде.

Сүрме тартып көзіне,

Орнатқан гәуһар тісіне.

Алтын шашбау жарқылдап,

Байланған шаштың ұшына...



Құлпырады құбылып

Неше алуан түсі де.

Қараңғы үй жарық болады

Жатарында шешіне.

Ата-анасы болмаса,

Көрінбеген кісіге.

Жер астындағы гәуһардай,

Болады кімге несібе?!

Аламын деген дәулер көп

Сыртынан жүріп есіре.

Кейқуат келіп ойнаса,

Итереді өшіге:

«Өңім түгіл, Кейқуат,

Көрінбе,— дейді,— түсімде!»

Басы ойын, алысып,

Аяғы шындай ұрысып

Қалған екен екеуі

Сол күні күннің кешіне.

Кейқуат кетті ыза боп,

Шыдай алмай пешіне.

Жүрметүз келді құбылып

Алпамыстың қасына.

Мойынынан құшақтап,

Отыра кетті басыла.

Алпамыс айтты: «Жүрметүз,

Кесірің бар басыңда!

Достығың маған белгілі,

Әрмен жүр енді, асылма.

Атаңа нәлет ит қалмақ,

Бар қылғаның осы ма?»

Жүрметүз сонда сөйледі:

«Не десең де еркің бар,

Қақпаймын, жезде, қолыңнан!

Жаңа жеттік мұратқа,

Осы келген жолыңнан!

Аруағыңа ырзамын

Ажыратқан сорыңнан!

Патшалыққа, амал не,

Шықпай жүр ме ойыңнан?

Жердің зәрі қалмайды,

Қыздардың шықсаң қойнынан!

Жердің асты у болар,

Арылар сонда бойыңнан!»

Бұл сөзді естіп Алпамыс,

Қарғып тұрды орнынан.

Кейқуатқа некелеп,

Қосып берді қолынан.

Риза болды Жүрметүз,

Болғандай ғашық бұрыннан.

Танадай көзі жарқылдап,

Алтын кебіс сартылдап,

Ілесіп алып жөнелді



Кейқуаттың соңынан.

Келіп мініп тағына,

Ие болып бағына,

Арылды, жазған, сорынан.

Боларында кісіге

Келеді қайдан несібе.

Болмасына келгенде,

Жіберер ісін өшіре.

Кейқуат айтты: «Жүрметүз,

Қылғаның бар ма есіңде,

Өзіңе өзің берік бол,

Түсірейін есіңе!»

Жүрметүз айтты: «Падишам,

Жүр едім сізді пісіре,

Қалжың менен ойынды

Сақтапсыз сіз ішіңе».

Осыны айтып Жүрметүз,

Көрпеге кірді шешіне.

Ақылы бар, ми толық,

Тұрады сөзге түсіне.

Түсінбесең мейілің,

Ұзатам сөзді несіне.

Түсінген халық, риза бол

Кейқуат патша күшіне.

Керней, сырнай тарттырды,

Даңғыра, дабыл қақтырды,

Кішміш, мейіз жегізіп,

Шұбар атын бақтырды.

Неше дәулер, неше ерлер

Қызметіне тақ тұрды,

Күніге көкпар шаптырды.

Ханның қызы Қаракөз

Алпамыс берен батырға

Қосылмақты жақтырды.

Еңбектің көріп ретін,

Алпамыс қызды ап тұрды.

Осыменен арада

Отыз екі күн өтті,

Отыз үш болып түн жетті.

Қалмақтың қалың шәһәрін

Кейқуатқа билетті.

Сол күні жатып ұйқыда,

Алпамыс батыр түс көрді,



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет