ЛӘйлі-мәЖНҮН (Басы өткен санда)



Pdf көрінісі
бет13/19
Дата12.03.2017
өлшемі1,64 Mb.
#8803
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19
 
Мұхтар 
ЛӘЙЛІ-МӘЖНҮН 
(Басы өткен сандарда) 
Ләйлі де өлер болды, зарлай-зарлай, 
Шыдасын о да қайтіп күйіп-жанбай. 
Қасына бір қыз ертіп тысқа шықты, 
Жатуға күні бойы шыдай алмай. 
Жоқтайды Ләйлі жылап ашық жарын, 
Қараңыз терең оймен қылғандарын. 
Бұлтқа аспандағы мұңын айтып, 
Болады шығармақшы іштен зарын: 
«Қайғырдың, қара бұлт, мұнша неге, 
Келдің бе разы болмай дүниеге. 
Мәжнүнді көре алмаған мен сықылды, 
Жүрмісің, ғашық болып бірдемеге. 
Қарайып, қамығасың тым құрыстап, 
Күркіреп уілдейсің дертің ұстап. 
Көңілің — от, көзіңнен жас жаудырасың 
Сағынған ашық жарын маған ұқсап. 
Кей-кейде, шатырлайсың қаһарланып, 
Көрсетіп қайратыңды тым мақтанып.  
Аузыңнан отты жасыл, оқ шығады, 
Қайтесің, біз жазасыз кетсек жанып. 
Fаріпке жараса ма осындай жол, 
Ешкімге, ашық болсаң, залалсыз бол. 
Қыласың бірде ашу, бірде рахым, 
Төменсің сен де менен, айтқаным сол. 
Сен неге, күннің көзін жасырасың, 
Қайғысын қайғылының асырасың. 
Нұрымен ашығының тұрса жайнап, 

119 
 
Сұрланып, жердің өңін қашырасың. 
Рахымсыз неткен жаман сенің ниетің, 
Көрмесе, жер мұңаяр күннің бетін. 
Күн жерге, жердегі шөп күнге ғашық, 
Дерті зор, улы жүрек болар шетін. 
Қызыл гүл бұзылмай ма күн көрмесе? 
Жарынан жарқыраған нұр көрмесе? 
Рахым ет, көз жасыңнан су беріп кет, 
Қайғыдан қурап өлер дем көрмесе. 
Көкорай көлеңкеңнен күңгірт тартты, 
Көрдің бе, жер жабырқап қайғысы артты. 
Есірке көз жасыңды сорғалатып, 
Бұршақпен шөп қиратып жаума қатты. 
Айырмай, ашылып кет жер мен күнді, 
Мұңайтпа күнді бермей, о да мұңды. 
Қызыл гүл — мен сықылды ол да зарлы, 
Көре алмай, күйіп жүрген Мәжнүнді». 
Түр еді көкке қарап Ләйлі зарлап, 
Жақындап екі жаяу келді барлап. 
Бұл келген бағанағы Зәйіт екен, 
Мәжнүнді соқыр қылып жүрген алдап. 
«Ағам, — деп, — көзі шыққан» айта салып, 
Жетелеп бір соқырды қасына алып. 
Әркімнен көшедегі қайыр сұрап, 
Ләйлінің маңайына тұрды барып. 
Соқырға қайыр берді жиылған көп, 
Айламен Зәйіт тапты осындай еп. 
Ләйліге жақын келді әлгі соқыр, 
«Қарағым, мархабатың болмай ма?» — деп 
Екенін мұның Мәжнүн Ләйлі білді, 
Көзі шын шықты ма деп қайғы қылды. 
Қалтадан пешаттаған бір хат алып, 
Соқырға садақа деп соны ұсынды. 
«Санап ал, ашып көріп адам жоқта, 
Ішінде ақшасы бар, аз ба, көп пе. 
Қайырды көрінеу берген мақтан болар, 
Пайғамбар жасырын бер деген жоқ па?» 
Берген соң, сол қағазды алды соқыр, 
Ашпай-ақ, қалтасына салды соқыр. 
Алса да, садақасын кетіп қалмай, 
Сол жерде, табан аумай қалды соқыр. 
Ғашығын көре тұра, кетсін қайтіп, 
Зәйіт тұр, алдандырып сөзді ұзатып. 
Өзгелер кет десе де, тіл алмайды, 
Ләйліге кетемін деп, мұңымды айтып: 
«Жоқтаймын бүл көз емес, шын көзімді, 
Кім ұғып, кім ұқпайды бүл сөзімді. 
Бақытым жоқ, дертім қатты бір сорлымын, 
Саламын жанған отқа күнде өзімді. 
Бұл көзім жоқ болса да бардай көзім, 
Жоғалған шыны ғашық жардай көзім. 
Қайғыдан, босанарлық уақытым жоқ, 

120 
 
Көміліп топыраққа қалды көзім. 
Көрсем де, дүниені көргенім жоқ, 
Көңілімді өзге жанға бергенім жоқ. 
Жалғанның рахатынан мүлде бездім, 
Шықпай түр құры жаным, өлгенім жоқ. 
Көзім тұр, дуа қылсаң, көрейін деп, 
Көңілім тұр, күйе бермей өлейін деп. 
Қайғыдан қашып өлген ерлігімдей, 
Бейнетке жүрегім тур көнейін деп. 
Қалқам-ау! Өлейін бе, өлмеймін бе? 
Ем сұрай, мұнан кейін келейін бе? 
Көзімнің дауасының ақысы үшін, 
Жанымды осы арада берейін бе? 
Ғаріппін, жылап тұрған өзімді көр, 
Шатасқан диуана боп сөзімді көр. 
Дертіме бұл жалғанда дауа бар ма? 
Соқыр деп жиренбесең, көзімді көр». 
Көтерді көлеңкелеп орамалды, 
Ішінен сезді Ләйлі сол амалды. 
Көзіне Қудай үшін қарайын деп, 
Білген соң жақын барды ол амалды. 
Деді де, көрсетеді міне көзім, 
Қараңыз айла қылып айтқан сөзін: 
«Соқырмын, түзу тұрмай жығыламын, 
Беліңнен ұстат, - дейді, - мықтап өзің». 
Амалмен аш белінен алды оралып, 
Жығылды, шыдай алмай Ләйлі талып. 
Іштегі ашықтықтың қызуы өтіп, 
Ләйлінің бара жатыр үсті жанып. 
Жүгірді, көрген жандар тұра сала, 
Соқырды Зәйіт кетті сүйреп ала. 
Ләйліні өз үйіне алып барды, 
Әр жері көйлегінің күйген шала. 
Ақылын жиып алды, біраз тұрып, 
Бұған да айла тапты, ойлап жүріп: 
«Салулы қалтамдағы сіріңкені, 
Жандырды-ау әлгі соқыр қақтырынып... 
Әр жерін денесінің жалын шарпып, 
Күн сайын іштегі дерт барады артып. 
Жүре алмай бұрынғыдай түрегеліп, 
Біржола жатып алды төсек тартып. 
Мәжнүнді оңашаға алып кетті, 
Ләйліден айрылдым деп, налып кетті. 
Жарының садақа деп берген хатын, 
Аулақта қалтасынан алып көрді. 
Бір жүзік, екі бөлек салған хаты, 
Біреуі Ибнсалам аманаты, 
Біреуін өз қолымен Ләйлі жазған, 
Қоштасып ғашығына айтқан дәті. 
Бүл өлең қызық емес көрер көзге, 
Сырты мұз, іші жалын, мағынасы өзге. 
Жамағат құлақ салмай, ойыңды сал, 

121 
 
Ләйлінің хатындағы мынау сөзге: 
«Қарағым! Екі хаттың бірі аманат, 
Өзіңе сәлем айтты неше қабат. 
Іші дерт, уағдасы берік, бір сорлы еді, 
Байғұстың қатесін кеш, қыл мархабат. 
Өзімнің екінші хат — жазған хатым, 
Қоштасқан біржолата мінажатым. 
Көзіңнен айналайын, жылай көрме, 
Мен кетсем, қалды өзіңде махаббатым. 
Қарағым, жерім қиын, келе алмайсың, 
Бір келіп тілегімді бере алмайсың. 
Бұрынғы көп сөзінің бірі деме, 
Мұнан соң дүниеде көре алмайсың. 
Демеуші ем, қалқам, сені күйгізейін, 
Деуші едім, күнде саған сүйгізейін. 
Денеңе денем тисе, жана бердім, 
Өлген соң, құшақтасып тигізейін. 
Fашыққа сендей шыдап жүре алмадым, 
Қойныңа, арманым сол, кіре алмадым. 
Қайтейін атым әйел, денем нәзік, 
Еркектей қайрат қылып, тұра алмадым. 
Сен жеңдің, мен жеңілдім, бұрын өттім, 
Жолыңа шыбын жанды құрбан еттім. 
Қолына сағынғанда қарасын деп, 
Белгіге жүзігімді беріп кеттім. 
Артыңнан түнеугіде біреу кетті, 
Шаһардан шыға бере саған жетті. 
Сол барған, енді ойласам, Зәйіт екен, 
Шошыма мен Зәйітпін десе кетті. 
Сол жерде-ақ, аманатын бермес пе едім, 
Құшақтап жатып сені өлмес пе едім. 
Не өліп, не қосылып сол арада 
Тағдырда не жазылса, көрмес пе едім?! 
Өкініп, өткен іске болмас пайда 
Зәйіттей іздесең де, жолдас қайда? 
Жүзімді тірі күнде бір көріп қал, 
Бір айла табар Зәйіт осындайда. 
Баптанар жай ойланып, заман емес, 
Кешіксең, мен боламын аман емес. 
Зәйіттің сенен гөрі есі дұрыс, 
Зейнепке қосылам деп, алаң емес. 
Зәйітке сәлемімді айт, айла тапсын, 
Бір амал, жолығуға қылып бақсын. 
Шошимын, жүрегімнің соғысынан, 
Көре алмай, аялдасаң, қалар-ақсың. 
Аман бол, жолықпасаң, мұнан былай, 
Пейіште көрсетуге жазсын Құдай! 
Ішімді, іштен туа елжіретіп, 
Еріткен сүйегімді, ғашығым-ай! 
Мен үшін, Мәжнүн болды-ау Қайыс атың, 
Өзгеден бөлек еді махаббатың. 
Көзі — нұр, көңілі майда, қарашығым! 

122 
 
Ішіңді күйдірмесін жазған хатым. 
Мен үші, кезіп кеттің айдалаға, 
Білмедім кеткеніңді қай далаға. 
Қарағым, ақыретте табысайық, 
Бұл өмір енді қайтып айнала ма? 
Қарағым, аманатың кетті менде, 
Сақтап кел, қарызымды бұзбай сен де. 
Иншалла, кейінгіге жыр болармыз, 
Есіркер, дұға қылар туған пенде. 
Қарағым, басқа жарға көзің салма, 
Жалғанда опа бар деп, қапы қалма. 
Біреуге аманатым беріп кетіп, 
Бейісте қосыла алмай, сонда ұялма. 
Жалғанда білгеннен соң, тұрмасымды 
Жолыңа қылдым құрбан бір басымды. 
Әншейін үлгі болсын деп айтамын, 
Білемін жанға мойын бұрмасыңды. 
Мен үшін тентіредің, Мекке бардың, 
Құдайдан ауру, науқас сұрап алдың. 
Әншейін шала ғашық, жаманша өлмей, 
Белгі боп кейінгіге мирас қалдың. 
Кім қылар, біздің қылған ісімізді, 
Жаратқан өзгеден жат ішімізді. 
Fашықтың әулиесі деп-ақ айтар, 
Артқылар көрмесе де түсімізді. 
Келіп жүр өлсем-дағы күмбезіме, 
Көрінермін кеткен соң кім көзіңе? 
Өлген жоқ, мен өлсем де, махаббатым, 
Кетіп тұр, амандасып күнде өзіме. 
Кеш, қалқам! Әйел едім, нашар едім, Мауқыңды, тірі болсам, 
басар едім. 
Зарланып қабіріме, келіп тұрсаң, 
Қойнымды әлім келсе ашар едім. 
Құдая, қосыла алмай бұл жалғанда, 
Болады мен сықылды кім арманда. 
Қақ жарып, қабірімді жібергейсің 
Басыма, келіп Мәжнүн зарлағанда. 
Қарағым! Мен өлді деп қайғы жеме, 
Білесің жан өлмейді, өлер дене. 
Келгенде амандаса бейітіме, 
Сөзіңді айт тірідегі, өлді деме. 
Құр денем білмесе де, жаным білсін, 
Жанына өлгендердің мәлім қылсын. 
Сен де өліп, жаным жанға қосылғанша, 
Сағынбай дауысыңқы сезіп жүрсін. 
Қарағым, жаза берсем, жандырармын, 
Дертіңді ауырлатып қалдырармын. 
Жылама, Құдай қосса, қияметте, 
Құшақтап құмарыңды қандырармын». 
Мәжнүнге қиын тиді, хатты оқыған, 
Отырды, шыға жаздап құр шыбын жан. 
Көзінен жас орнына, қан сорғалап, 

123 
 
Қағаздың беті болды, қып-қызыл қан. 
Қараңыз, ғашығына ауған ниеті, 
Махаббат билеген жан қандай шетін. 
Егіліп етпетінен жата қалды, 
Бетіне басып алып хаттың бетін. 
Кеттің деп неге тастап мені қиып, 
Алады анда-санда хаттан сүйіп. 
Мәжнүнді Зәйіт келіп құшақтайды, 
Көзінің о да, ала алмай жасын тыйып. 
Ол-дағы ақылынан кетті адасып, 
Жүрегін ескі дерті қайта басып. 
Болса да жаны темір шыдата ма, 
Қоштасып жазылған хат амандасып. 
Көтерді есін жиып, Зәйіт басын, 
Жек көрді хат сөзінің мағынасын. 
Мәжнүнді жуатуға сөз айтады: 
«Ғашығың тірі, неге зарланасың? 
Хатында бір жолық деп айтқан жоқ па, 
Бастама жаман ырым, әзір тоқта 
Онан да жолығуға қам қылайық, 
Ұмтылма құры бұрын құрулы оққа. 
Бос оймен не қылғаның босқа еңіреп, 
Кеттің деп неге тастап зарладың кеп. 
Өлмеген оны өлді деп өзің өлсең, 
О да айтса, не дер едің тастадың деп. 
Хатынан тірі екені байқалады, 
Оның да көңілі өзіңдей шайқалады. 
Сендерде ғашық оты азғана ма, 
Қалайша, өлмеймін деп айта алады? 
Нана тур, Қудай үшін бұл сөзіме, 
Белгілі менің жайым болды өзіңе. 
Кеудемде жаным болса, бір қосайын, 
Жарыңды көрсетемін бір көзіңе. 
Әуелі мен келейін, онда барып, 
Онан соң барамыз ғой, қайта салып. 
Жолықпақ уағдамен жер дайындап, 
Құмарды бір басалық оңаша алып». 
Соны айтып, Зәйіт кетті шаһар жаққа, 
Ләйліге тірі болса, жолықпаққа. 
Үміттің қауіпіменен арасында, 
Теңселіп Мәжнүн отыр сандалақта: 
«Тірі ме, өлі ме екен, көремін бе, 
Жолығып аманатын беремін бе? 
 Келгенше қайта хабар шыдай алмай, 
Ләйліні бір көре алмай, өлемін бе?» 
Ойлаңыз осы кезде Мәжнүн қандай? 
Жанып тұр тұла бойын, өрт алғандай. 
Қолымен басын сүйеп, сұп-сұр болып, 
Өзінің барлығын да байқай алмай. 
Жоғалар дем алысы мүлде сарқып, 
Маңайын «уһ» дегенде жалын шарпып. 
Өзегі үзілгенше өксігенде, 

124 
 
Лебізін ала алмайды қайта тартып. 
Мөлдіреп, екі көзі көкке қарап, 
Білмеймін, қай тілекті қылды талап. 
«Ләйлі» деп әлі келсе бір айтады, 
Бетінде қанды жасы түр сорғалап. 
Кей-кейде тірілгендей, өліп кетіп, 
Көтерер қайта басын қалт-құлт етіп. 
Суретін келістіріп тарта алмадым, 
Қолымды жылы жүрек дірілдетіп. 
Көңіліңе түсірдім бе шын келбетін, 
Мұндайды, келістірмек тіпті қиын. 
Оқыса, бір художник бұл сөзімді, 
Бұлжытпай, салар еді дәл суретін. 
Жігіттер, кімді аяйсың мұны аямай, 
Шыдайды ол ғаріпті кім аямай? 
Жүрегім, махаббатым тоқтатпайды, 
Жазайын десем-дағы тым аямай. 
Біржол өлсе, әйтеуір, жұмыс бітті, 
Бұл Мәжнүн екі өлімнің бірін күтті. 
Зәйіт келіп, бір хабарын бергенінше, 
Болар ма мұнан қиын уақыт тіпті? 
Болсаң да шыдар ма едің қандай батыр, 
Осындай күйде болды Мәжнүн пақыр. 
Өлі емес, тірі емес боп отырғанда 
Бір адам шаһар жақтан келе жатыр. 
Бір турды, бір отырды келгенінше, 
Хабарын неде болса бергенінше. 
Қайғыдан өмірінде бір босамай, 
Қайран жас, қаңғып өтті-ау өлгенінше! 
Зәйіт те жай басады, ентелемей, 
Не тірі, не болмаса өлді демей. 
Мәжнүнге түсі суық көрінеді, 
Намазын алып келген періштедей. 
«Ей, Зәйіт, қандай хабар алып келдің, 
Сұрланып, қаның қашып налып келдің. 
Шынын айт, азар болса өлген шығар, 
Тірі деп болмай, іздеп барып келдің. 
Жолдасым, көргеніңді бұзып айтпа, 
Мені аяп, ет  жүрегің жылып айтпа. 
Жүзінде ғашығымның өлімі тұр, 
Құрбымсың, маған айла қылып айтпа!» 
«Ғашығың, — дейді, — аман, маған нансаң, 
Жалған деп амалым не нанбай қалсаң? 
Күні ертең жолығуға сөз байладым, 
Бақшада жолығасың, кешке барсаң. 
Біз барып, отырмақпыз зияратта, 
Бақша бар, оған жақын шаһар жақта. 
Ымыртта Ләйлі келмек бақшасына, 
Сол жерде уағда қылды жолықпаққа». 
Нандырды не қылса да жылы сөзбен, 
Fашығы тірілгендей күдер үзген. 
Отырды таң атқанша азар шыдап, 

125 
 
Қан ағып, жас орнына екі көзден. 
Бейнетті рахатқа асып ашық жанға, 
Тегінде, шыны да сол байқағанға. 
Зейнеппен жүргендегі жайын айтып, 
Ермек қып Зәйіт отыр ұзақ таңға. 
Бүл Мәжнүн, тұра тұрсын таңды күтіп, 
Кетпелік Ләйліні де тіпті ұмытып. 
Бағана, төсек тартып жатты деп ек, 
Салмақты болып дерті қайғы жұтып. 
Ол Ләйлі күннен күнге нашарланды, 
Ұйқы жоқ, тыныштық жоқ, астан қалды. 
Бір сұмдық денесінен сезді-дағы, 
Шақырып ата-анасын қасына алды: 
«Ата-анам, бір сөзім бар сіздерге айтар, 
Өмірін ажалдының кім ұзатар? 
Кетейін амандасып, сырымды ашып, 
Жалғаннан уақыт жетті енді қайтар. 
Жыбырлап, сорлы жүрек қайта соқты, 
Болмаңыз іздеп әуре кеткен жоқты. 
Мәжнүнге туа сала ғашық едім, 
Мінекей, болдым соған айтқан тоқты. 
Жасымда-ақ шыдамаппын соны көрмей, 
Қойдыңдар көре тұра мені бермей. 
Бұл сізді табалаған сөзім емес, 
Тағдыр сол, қалған шығар жөні келмей. 
Енді мен сыр айтуға ұялмаймын, 
Айтпауға жүрегімді тыя алмаймын. 
Тіріден өлі кісі ұяла ма? 
Әйтеуір дүниеде тура алмаймын. 
Жастықпен болғаным жоқ жүре ғашық, 
Кетпедім тым болмаса, мауқым басып. 
Шыдамай бір құшақтап, сүйемін деп, 
Өртенді, өне бойым дертім тасып. 
Күйеуге бермей және қоймадыңдар, 
Той қылып, жұртты жиып ойнадыңдар. 
Сен бердің, Тәңірім бермей сақтап қалды, 
Алды деп Ибнислам ойладыңдар. 
Хаты бар, малын сізге берген қаттап, 
Сырының сонда жазған бәрін даттап. 
Өзімді жүзім түгіл, бір көре алмай, 
Сонан да қалып еді, Құдай сақтап. 
Мәжнүннің жанында бар жазған хаты, 
Шықты құр алды деген жаман аты. 
Сарғайып, құсаменен өліп кетті, 
Оның да менде болып махаббаты. 
Мәжнүнге жас күнімнен бас ұрушы ем, 
Ұйқымды бір сол үшін қашырушы ем. 
Өлгенін Ибнислам сылтау еттім, 
Дертімді онан бұрын жасырушы ем. 
Ата-анам, мен өлемін, сен қаласың, 
Айрылып жалғыз қыздан, сандаласың. 
Өлімге таянғанда талып кетсем, 

126 
 
Бетімнен сүйемін деп, қамданасың. 
Бетімнен, етімнен де сүймеңіздер, 
Біреудің ғашығына тимеңіздер. 
Денемнің өлсем-дағы оты сөнбес, 
Жалынды сүйемін деп күймеңіздер. 
Десеңіз жанға өлшеген жалғыз балам, 
Кешіңдер қарызыңды, ата-анам! 
Тілегім, өлерімде сүйме мені, 
Мәжнүннен басқа жанға тәнім арам. 
Қиянат қылмаңыздар, Мәжнүн жасқа, 
Мен үшін қаңғырды ғой тау мен тасқа. 
Баршасын дүниенің қылды талақ, 
Жалғанның несін алды, менен басқа! 
Өлген соң, қабіріме Мәжнүн келер, 
Маңымнан аулақ кетсін онда өзгелер. 
Жетпей ме, тірілікте бермегенің, 
Денемді тым болмаса оңаша бер. 
Басымда зарланғанда Мәжнүн келіп, 
Шыға түр, қабірімді оған беріп. 
Күйеуің қызыңменен қосылғанда, 
Тұрғаның ұят болар, көзің көріп. 
Ол кірер қабірімді ашып қойыныма, 
Айқасып салар қолын мойыныма. 
Болса да ол киімді, мен жалаңаш, 
Ұнай ма, қарағаның ойыныма. 
Лақатты кеңдеу қазғыз, сол сыярлық, 
Қылмасын екеуімізге қабір тарлық. 
Мәжнүнмен бір бейітте қосылуға, 
Құдайдан, иншалла, болар жарлық. 
Бұлжымай, осы сөзім келер анық, 
Болса да сізге күмән, маған қанық. 
Қабірге кіріп өлсе, қозғамаңыз, 
Сыртынан жаназа оқып қайтсын халық. 
Мәжнүнге хат жазғамын мұнан бұрын, 
Қоштасқан сол хатта бар барша сырым. 
Көрсеңіз, үш қайтара сәлемімді айт, 
Аласарт жастығымды енді ақырын». 
Әкесі уағда берді: «Ұнадым, — деп, 
Қарағым, айтқаныңды қыламын» деп. 
«Қош, - деді, иман айтып көзін жұмды, —  
Сөйлеуге бағанадан шыдадым», - деп. 
Болғанын бір сұмдықтың көзі көрді, 
Ойбайлап, ата-анасы жылай берді. 
«Мәжнүн!» деп, жан шығарда үш айтты да, 
Жалғаннан Ләйлі сүйтіп жөнелді енді. 
Немене айтып-айтпай, дүние шолақ, 
Адамның осы жүрген бәрі қонақ. 
Еріткен тас жүректі, қайран Ләйлі, 
Алды-арты өмірінің болды сол-ақ 
Есіркеп, елі-жұрты көп жылады, 
Ләйлі үшін қатты уайым жеп жылады. 
Мәжнүнге сұрағанда бермеді ғой, 

127 
 
Обалы әкесіне деп жылады. 
Арулап ертең түсте жаназалап, 
Қабірге алып жүрді солай қарап. 
Ішіне бір күмбездің қойды-дағы, 
Сандықтап, мәрмәр таспен қойды қалап. 
Сіздерден білген сөзді аянбалық, 
Бұл бітті де, Мәжнүн жаққа аяңдалық. 
Бақшада жолығам деп күтіп еді, 
Біз енді соның жайын баяндалық. 
Отырды, таңды күтіп талай заман, 
Күн шығып, жақындады түске таман. 
Айналып әңгімеге отырғанда, 
Бұзылды Мәжнүн өңі тіпті жаман. 
Қадалды сұп-сұр болып көкке қарап, 
Зәйіт жүр не болды деп жанасалап. 
«Ләйлінің жаны келіп шақырып тұр, 
Қасында бірталай жан жүр анталап. 
Зәйіт-ау, Ләйлі саған кез келді ме, 
Шынымен мені тастап жөнелді ме? 
Ләйлінің өткеніне көзім жетті, 
Дұрыс айт, кеше өлді ме, жаңа өлді ме?» 
«Қарағым, — деді Зәйіт, — кеше кеткен, 
Кезімде өткен екен, жаңа жеткен. 
Болған соң, әбден қойып айтайын деп, 
Мен сізден жасырып ем сол себептен. 
Кеше айтсам кідірмейсің, тез барасың, 
Ләйліні өліп жатқан бас саласың. 
Құшақтап, өліп кетер деп ойладым, 
Өлімге онсыз-дағы қасқарасың». 
«Зәйіт-ау! Енді отырмыз, кімге айналып, 
Мен тірі жүре алам ба, онан қалып? 
Жүр-жүрлеп жаны келіп шақырып тұр, 
Қабірін тура көрсет, тез апарып». 
Тоқтамай соны айтты да кетіп қалды, 
Ләйлінің бейітіне жетіп барды. 
Түлкі алған қыран бүркіт сықылданып, 
Құшақтап қу моланы жатып алды: 
«Қарағым! Неге кеттің ала кетпей, 
Қор болып, мұратыма қалдым жетпей. 
Сен үшін тыным алмай үш жыл жандым, 
Артыңа тастап кеттің рахым етпей! 
Қарағым! Мен өлген соң, неге өлмедің, 
Білесің, бір сенің үшін не көрмедім. 
Жаныңнан жанымды артық көргенім жоқ, 
Тартайын бейнетіңді деп өлмедім. 
Сөзіңе не десең де көнбес пе едім, 
Жанымды сұрасаң да бермес пе едім? 
Көзімше ең болмаса өлсең етті, 
Құшақтап жатып сені өлмес пе едім! 
Fашығым, неге кеттің мені тастап, 
Шақырып алып келді жаның бастап. 
Қабірдің астында сен, үстінде мен, 

128 
 
Қосылмай өлейін бе мола жастап! 
Қалқам-ай! Қайта тұрып, жүремісің, 
Қабіріңе мені де ала кіремісің? 
«Өлген соң тигізейін денемді», — деп, 
Хатыңда жазғаныңды білемісің? 
Өлсең де, келгенім жоқ қашамын деп, 
Мауқымды, келіп тұрмын басайын деп. 
Хатыңда алдамасаң, тағы айтқансың, 
Сен келсең, қойынымды ашайын, — деп. 
Айырылып сорлы болдым, ғашық жардан. 
Айтқаның қате болып көріп пе еді, 
Өлгенсін, бола ма енді сөзің жалған. 
Тіліңнен сорғыз дедің, бермедім бе, 
Жеріңе уағдаласқан келмедім бе. 
Қарызым, мойыныңда кеткен жоқ па, 
Жүзіңді шыныменен көрмедім бе? 
Деймісің «өліп қалдым, сен менен қаш», 
Айтқаның рас болса, қабіріңді аш! 
Жаталық бір орында құшақтасып, 
Болсақ та мен киімшең, сен жалаңаш». 
Жіберді сол қабірді Тәңірім жарып, 
Ләйліні құшақтады Мәжнүн барып. 
Қайтадан қалыбына түсті сандық, 
Қосылды осылайша екі ғаріп. 
Қабірдің Зәйіт-тағы басында еді, 
Кете алмай жолдасының қасында еді. 
Жалғаннан сөйтіп өтті Ләйлі, Мәжнүн, 
Сол жылы дәл он алты жасында еді.  
Сыртынан жаназа оқып халқы кетті, 
Бұл өлім талай жанды еңіретті. 
Аямай ажал шіркін, кімді алмайды, 
Ол түтіл, пайғамбарға қаза жетті. 
Зәйіт пен Ләйлі, Мәжнүн ата-анасы 
Зарлаумен сонда тұрып өтті жасы. 
Мәжнүнді асыраған сорлы кемпір, 
Оның да сол арада бітті жасы. 
Шәкәрім 
ШОЛПАННЫҢ КҮНӘСІ 
Әңгіме 
(Басы өткен санда) 
Май  айы.  Ауыл  қыстаудың  жанына  жылжып  қана  қонған.  Шаршы  түс  мезгілі.  Кішкене 
жел бар. Маса жоқ есебінде. Көкте көкала торғын бұлттар маужырап қалғып, ерініп қана 
әлдеқайда  жылжып  бара  жатыр.  Ауада  торғын  оралып  жүрген  сықылды...  Желіде 
еркелікпен  тартылып,  мойнының  ауырғанына  қарамай  қиястанып  асау  құлындар  тұр. 
Олардың жанында құйрығы мен арқасын анда-санда салмақпен сипап тұрған сақа биелер. 
«Құлыным  -  ау,  құр  мойның  ауырады,  қиястықтан  пайда  жоқ»  деп  ақыл  үйреткен 
сықылды.  Құлынның  алды-артына  түсіп:  «Бұл  не  болды  саған?  Не  болды  саған, 
құлыным?»,  -  деп  абыржып  қулықтар  жүр.  Қулықтардың  бүл  мінезін  ұнатпай,  «ой, 

129 
 
елпеңдеген сорлы, сабыр қылсайшы, ешбір бәле жоқ!» дегендей кәрі айғыр құлағын әлсін-
әлсін  жымитып  қояды.  Қой  әлі  өрістен  келген  жоқ.  Үйшіктегі  қарны  ашқан  қошақайлар 
«мә-мә» деп зарлап тұр... 
Сол уақытта ақ отауының алдында күнге жылынған мысықтай керіліп Шолпан отыр еді. 
Ол бір нәрсе тігіп отырған сықылды. Бірақ, шынында ол тігіп отырған жоқ. Үш айдан бері 
аруақ  
артынан  қалмай  жүрген  күнәлі  ойларын  ойлап  отыр  еді.  Бір  ай  болады,  Шолпан  күнәға 
белін берік байлаған. Ізгі тілек үшін ізгі күнә істеуге, бір бала үшін жан жары Сәрсенбайға 
қиянат  қылуға  ол  ойын  бекіткен.  Сәрсенбай  бүгін  қонаққа  қалаға  шығады.  Әйтеуір 
істейтін болған соң, ұзаққа созып умен құр улана беруде не қасиет? Жарайды, соза беруде 
қасиет жоқ, бірақ лайық кім бар? 
Болашақ  балаға  ата  болуға  лайық  кім  бар?  Жылқышы  Адамқұл...  Дұрыс,  құлмен  жүрсе, 
сыр шетке паш болмас еді, жабулы қазан жабулы күйінше қалар еді. Бірақ... Адамқұлдан 
қандай бала тумақ? Күңнен күң, құлдан құл тумақ емес пе? Болса, бала құл болмасын, ұл 
болсын.  Бала  болса,  мұт  болсын,  мұт  болмаса  жоқ  болсын.  Ынжық,  жасық  құл  баланың 
болғанынан болмағаны игі... Жоқ, жоқ, Адамқұлы адыра қалсын! Жә, енді кім бар? Ешкім 
жоқ.  Махаббаттың  ақ  қанатын  кірлетуге  тұратын,  әсіресе,  болашақ  балаға  ата  болуға 
лайық ешкім жоқ. Шынымен ешкім жоқ па? Шойбай... жоқ... Жұмағали... жоқ... 
Әзімбай...  Әзімбай...  Әзімбай  қалай  болар?  Текті  атаның  баласы,  өзі  жас,  дені  сау, 
сымбатты жігіт. Жасы 18-19-дан артық жоқ шығар. Ұзын бойлы. Екі жауырынына екі кісі 
мінгендей. Ылғи күліп қана тұратын қой көзді. Жаңа шығып келе жатқан қара мұрты қара 
жібек  сықылды.  Ойбай-ау,  сол  Әзімбайдың  өзі  үш  жылдан  бері  Шолпанға  «жеңге»  деп 
күңкілдеп  жүрген  жоқ  па  еді?  Әлі  ысылмаған  жас  қой:  Шолпанға  сөз  айтқанда  сақа 
бозбалалардан  естіген  сөзді  жаттап  келіп  қана  айтушы  еді.  «Жас  жастың  тілегі  бір, 
жібектің түйіні бір...» 
Ұршыққа  оралған  жіптей  бас-аяғы  жоқ  ойлардың  дәл  осы  жеріне  келгенде  Шолпанның 
ерні күлгендей болды... 
Дәл сол мезгілде үй артынан Әзімбай шығып: «Жеңге, іске сәт!» деп Шолпанның жанына 
жантая  кетті.  Ақын  айтқандай,  «бетке  шықпай  қала  ма  жүрек  ізі»,  Әзімбайды  көргенде, 
Шолпан  жүрегі  аузына  тығылып,  бір  қурап,  бір  қызарып  кетті.  Шолпанға  күнә  қылып 
жатқанда,  біреу  үстінен  шығып  қалғандай,  күнәлі  ойларын  Әзімбай  біліп  қойғандай 
көрінді. 
-  Ерте-кеш  қолыңнан  бір  іс  түспейді-ау,  жеңге.  Тігіп  отырғаның  не?  -  деп  Әзімбай 
Шолпанның  тізесінің  үстіндегі  көйлекті  ұстаған  болып,  Шолпанның  санын 
шымшыңқырап алды. 
-  Қойшы,  сал  жігіт!  Бір  түрлісің-ау!..  Жақсы  ағаң  бүгін  қонаға  қалаға  шықпақшы  еді. 
Соның бір көйлегінің жеңін ұштап отырмын. Сені де қалаға жүреді деп еді ғой. 
- Жақсы ағам бүгін қалаға жүре ме?.. Жә, жеңге үш жылдан бері айтып жүрген сөзім өмір 
бойы аяқсыз қала ма? Жүрегің бір елжіреуді, аяуды білмейтін тас екен!.. 
- Тағы бастадың ба? Сал жігіт, мені әуре қылып не қыласың? Анау пісіп тұрған қыздарға 
сөз айтсайшы. 
- Мен сенен қыз сұрадым ба? Саны көп, сапасы жоқ қыздары құрысын. «Орамал тастайды 
ғой теңдесіне» дегенді білмейсің бе? 

130 
 
- Жиырмаға жетпей алжысайшы. Сегіз жыл біреуге қатын болған сенің теңің мен бе? 
Осы  сөзді  айтып  күліңкіреп,  көзін  ерке  мысықтай  сығырайтыңқырап  сынап  Шолпан 
Әзімбайға  қарады.  Шолпанның  мынау  сөзінен,  мынау  көзқарасынан  сасыңқырап, 
тығылыңқырап қалған Әзімбай: 
-  Жоқ.  Жақсы  көрген  дегенім  ғой.  Тәңірі,  неше  жыл  қатын  болса  да,  бала  таба  алмаған 
әйел  кәрі  бола  ма?  Өзінің  мынау  сөзінен  Әзімбай  тіпті  тығылып  қалды.  «Бала»  деген 
сөзбен  Шолпанның  жүрек  жарасына  тиіп,  оны  өзінен  алыстатып  алғанын  сезіп,  Әзімбай 
үзілген сөзді енді жалғап алып кетуге шамасы келмей, соз орнына қолымен Шолпанның 
сол жақ санын қысып - қысып қойды. 
Шолпан санынан Әзімбайдың қолын алды да, көйлекке қарап біраз ойланып отырып: 
-  Жақсы  көргенің  рас  шығар  ғой,  бірақ  жақсы  ағаңның  көзіне  қалай  шоп  сал  дейсің? 
Балалардың:  «Ұрлық  қылайық,  қылсақ  қылайық,  Құдайды  қайтеміз?»  дегеніндей, 
Құдайды қайтеміз?.. Және сен жассың. Аузыңа да не бола алмайсың ғой... 
Мынау сөздерді айтқанда Шолпанның қара көздері тұңғиық түпсіз теңізге айнала бастады. 
Әзімбайдың көздерінде есалаң  от ойнай бастады... Әзімбай күнә, Құдай деген жаққа аяқ 
баспай, бар түйін соның сөзінде тұрғандай-ақ, асығып сасып сөзін бекітуге кірісті. 
- Сыр шашып мен бала ма? Жоқ, саған қаспын ба? Әй, жеңге - ай, менің жақсы көргенімді 
білмейсің ғой... Жә, үш жыл бойы сүйрегенің де жетер. Бүгін түнде келейін бе?.. Келем... 
Әзімбайдың  қолы  жеңі  ұшталып  жатқан  Сәрсенбайдың  көйлегінің  ғана  үстіне  емес, 
Шолпанның өз көйлегінің үстіне барып қалып еді. 
- Жарайды... бірақ... жарайды... 
- Бір сүйгізші!.. 
- Сабыр қылсайшы. Әне, біреу келеді... 
- Сал жігіт, үйге кіріп ас ауыз ти... 
Жібек  майдың  сұлу  түні.  Көкте  бір  бұлт  жоқ.  Қара  көк  барқыт  кең  көкте  ойменен, 
мұңменен, салмақпен ақ алтын ай жүзіп барады. Не іздейді екен ол? Жарынан айырылған 
әйел ме екен? Баласынан айырылған ана ме екен?.. Қыстаудың сыртындағы сулы шіліктегі 
көлбақалар  шулап  жатыр.  Бақ-бақ-бақ.  Не  дейді  екен  олар?  Жан  керек,  жар  керек,  бала 
керек дей ме екен? Қол бойынан да мілсіз: «құдірет-ау, құдірет-ау» деген дауыс естіледі. 
Өмір бойы құдіретті аузынан тастамайтын қандай ауыр күнә істеді екен ол құс?.. 
Төсек  ағаш  үстінде  Шолпан  жатыр.  Жатар  алдында  иісті  сабынмен  жуынған,  сандықтан 
жаңа көйлек алып киген. Ол кім үшін жуынған? Кім, үшін киінген? 
Кімді  күтеді  ол? Әзімбайды күтеді.  Сегіз жыл бал алысып тұрған, еш шай деспеген жан 
жары  Сәрсенбайдың  көзіне  шоп  салу  үшін  Әзімбайды  күтеді.  Не  үшін?  Бала  үшін! 
Жасаған-ау, өзің кеше гөр, кеше гөр... Аяқ даусы... Есікті ашып үйге кірді... Әзімбай тура 
төсек ағашқа келе жатыр... Шолпанда үн жоқ. Мойнына құрық түскен құландай денесі дір-
дір етеді. Жүрегі дәл аузында тур. Бір үн шығарса - ақ жүрегі аузынан атып шығатындай. 
Денесінің  бір  жері  мұз.  Түлкі  алған  жас  тазыдай  екі  иығынан  демін  алып,  жалма-жан 
шешініп, Әзімбай көрпеге кіріп келе жатыр. 
Тап сол минутте тазының көздеріндей Әзімбайдың көздері де қып-қызыл шығар. Шолпан 
«ой, кет!» деп айқай салып жіберуге ойлады. Жоқ, үні шықпайды. Әзімбай  көрпеге кірді 
де, «жеңге» деп жұлмалай бастады. Шолпан соққы жеген адамдай сыбырлап: «Сал жігіт, 

131 
 
кішкене  жай  жата  тұрсайшы...»  деді.  Ол  күнә  есігінен  кірер  алдында  жүрек  жарасын 
Әзімбайға  ашпақшы  еді.  Жанын  жеген  жегіні  суырып  алып,  Әзімбайға  көрсетпекші  еді. 
Туғаннан бері қиянат жолына баспай, тас болып келген жүректің не үшін бүгін жібігенін 
айтпақшы  еді.  Оның  іздегені  отты,  жынды  құшақ  емес,  бала  екенін  білдірмекші  еді. 
Әзімбайды  өз  қасіретіне  ортақ  қылмақшы  еді...  Бірақ,  Әзімбай  оны  тыңдаған  жоқ.  Қоян 
қуған  төбеттей  көрпеге  кіргеннен-ақ  аласұра  бастады.  Бір  ауыз  сөзге  келместен 
Шолпанның  денесін  умалай  бастады.  Ойын  бітті...  Шолпан  сулап  жатқан  өлік  сықылды 
жатыр  еді.  Есалаң,  мас  Әзімбай  мас  ойынмен  әуре  болып  жатқанда,  Шолпанның  бота 
көздерінен  мамық  жастыққа  ыстық  мөлдір  жас  сорғалап  жатыр  еді.  Әзімбайдың 
Шолпанның  жанымен,  көзінен  аққан  жасымен  ісі  болған  жоқ.  Өзімен-өзі  әуре, 
Шолпанның денесімен әуре... Шолпанның басы, астындағы мамық жастық шылқылдаған 
су  болды.  Түн  ортасынан  ауған  кезде  су  жастыққа  беті  тиіп,  Әзімбай:  «Өй,  сен  неге 
жылайсың? Бірадар десе, бірадарсың-ау», — деді. Есалаң Әзімбайдың Шолпанды ұққаны 
осы болды... 
Таң  ағарып  келеді...  Шолпанның  бетінен  бір  сүйді  де:  «Енді  мен  қайтам,  ертең  ертерек 
келем»,  —  деді  Әзімбай.  Жылап  -  жылап,  шаршап  талып  жатқан  жас  баладай  сулық 
жатқан Шолпан: «Жоқ, енді тіпті келме!» деп айтуға оңтайланып еді, бірақ оның іздегені 
не  еді?  Бала.  Осы  бір  түннен  бала  болса  жақсы,  болмаса...  мынау  түн  өмір  бойы 
Шолпанның  мойнында  лағынет  қамыты  болмай  ма?  Мынау  күнә  өмір  бойы  күнә  болып 
қалмай ма?.. Бота көзінен мөлдір жасын жеңіменен сүртіп, Шолпан күбірлеп қана:  «Кел, 
сал жігіт... кел... кел...» деді. 
IV 
Шолпан  екі  қабат.  Бес  жыл  бойы  санадан  сарғайып  күткен  тілегі  болды.  Уланған  өмір 
гүлденді. Күнә, күнә болып қалған жоқ, күнә сауапқа айналды. Бала біткенін білген кезде 
қандай  қуанып  жүрді  Шолпан,  бір  минут  қабағы  жабылды  ма?  Күн  -  түн  күлкіден  аузы 
тыйылды  ма?  Кішкене  ғана  аулақ  қалса,  алақанымен  қарнын  сипап-сипап,  сол  алақанын 
сүюші еді, ессіз Шолпан ішіндегі жаны жоқ бір кесек етті ерні күбір-күбір етіп, айналып-
толғанушы еді. Емсіз Шолпан! Жә, іздеген жоғы табылды. Басты байлап, естен айрылып, 
күнәға  айдаған  кесел  жойылды.  Енді  Шолпанның  Әзімбаймен  арасын  үзбеуі  қалай? 
Шынымен-ақ,  оның  суық  жолға  түсіп  кеткені  ме?  Шолпанға  да  ойнастың  әдетке 
айналғаны ма? Жоқ. Ойнасты өнеге көретін, суық жолды әдет қылатын әйел Шолпанба - 
ай? Ендеше! Бұл ендешеге жауап жоқ. Теңіз терең емес, әйелдің жаны терең. Жеті қабат 
жер  астындағы  нәрсені  білуге  мүмкін,  бірақ,  әйел  жанының  мінезін  білуге  мүмкін  емес. 
Бір қарасаң, әйел — бала, күйерін білмей отпен ойнайды. Әйел — ердің тәңірісі, жарата да 
алады,  жоқ  қыла  да  алады,  сүйдіре  де  алады,  күйдіре  де  алады.  Әйел  —  ердің  қулы, 
табанының  астында  топырақ  болады,  ердің  көлеңкесіне  айналады,  өзі  жоқ  болады. 
Әйелдің  аруағы  басса,  ер  күйеді,  жанады.  Бірақ,  өзінің  жеке  бір  адам  екендігін 
ұмытпайды,  жоймайды.  Ердің  аруағы  басса,  әйел  адамдықтан  шығып,  жоққа  айналады. 
Есінен  айрылады.  Тілі  байланады.  Әсіресе,  әйел  бұзық  жанды  болмаса.  Ол  уақытта 
мұндай әйелдің ердің көнгіш күңі болуында еш дау жоқ. 
Шолпан осындай әйелдің бірі еді. Жанынан денесі, денесінен жаны айырылмайтын. Кімге 
берілсе де, жан денесімен түгел берілетін әйел еді. Әзімбайға денесін уақытша ғана беріп, 
жанын  аман  алып  қаламын  деп  ойлады  Шолпан.  Бірақ  ой  мен  ісі  біріне  бірі  қабыспады. 
Үш-төрт айдың ішінде Шолпанның жаны да Әзімбайға құл болып, берік байланып қалып 
еді.  Дұрыс,  Шолпанның  жаны  Әзімбайдан  айырыла  алмағанға,  бала  іздегеннен  аз  азап 
шеккен  жоқ.  Ежелден  көз  жасына  сараңдық  қылып  үйренбеген  Шолпан  бүл  туралы  да 
талай түндерде жылады. Бірақ, көз жасымен жанды түзетіп бола ма? Шолпан да болдыра 
алмайды.  Әзімбайды  көргенде  басы  айналғандай  болып,  денесі  дірілдеп,  тілі  күрмелуші 
еді. Денесінде ыстық қан ойнаған мас Әзімбайдың жансыз нәрседей жұлмалап, умалауына 

132 
 
қалай  көнетінін  Шолпан  өзі  де  білмеуші  еді.  Шынын  айтқанда,  есалаң  Әзімбай  тілге 
келуге,  ойлауға  мұрша  да  бермеуші  еді-ау.  Жарайды,  не  болса  да  жасағанның  жазуы 
шығар. Іштегі баланың атасы болғандықтан Әзімбаймен араны үзуге тиіс емес те шығар. 
Күнә да емес шығар. Сәрсенбай некелі ері болса, Әзімбай  — баласының атасы: Жасаған 
өзі кешірер. Бірақ, мынау жегідей жайылып бара жатқан өсекпен қалай күреседі Шолпан? 
Жас  Әзімбай.  Mac  Әзімбай.  Есалаң  Әзімбай!  Мынау  сырды  тырнақтай  жасыруды 
білмейді. Кісі бар-ау деп, айылын жиюды білмейді. 
Көрінген  жерде  күшіктей  арсалаңдап  жатқаны.  Жолыққан  жерде  жұлмалап  жатқаны... 
Өсегі  құрғыр,  жайылғаннан  жайы¬лып  барады.  Пірәдар  келін  қар  келін  деп  аталса, 
Шолпан  жұртқа  не  бетімен  қарар?  Анау  күні  енесі:  «Осы,  келін,  Әзімбай  сенің  отауыңа 
неге  қалжыңдап  келе  береді?»  —  дегенде,  Шолпан  жерге  кіріп  кете  жаздады-ау!  Жұрты 
құрысын.  Енесі  құрысын.  Өмірі  құрысын.  Сәрсенбай...  жанынан  жақсы  көрген 
Сәрсенбай...  Сол  Сәрсенбай  Шолпанға  баяғыдай  ма?  Неге  ол  бұрынғыдай  жадырап 
жүрмейді? Неге ол ылғи ойлы? Екі жанды байлаған жібектей нәзік махаббат жібі үзілген 
сықылды  емес  пе?  Баласы  құрысын!  Сүттен  ақ  махаббатты,  балдан  тәтті  өмірді  улаған 
баласы құрысын! Сегіз жыл бойы «сен» демеген Сәрсенбай бір жылы сөз айтудан қалды. 
Қит етсе, сынықтан сылтау тауып, балағаттап тастайтын болды. Балағаттың аяғы тепкіге, 
қамшыға  айналып  бара  жатқан  жоқ  па?  Күні  кеше  Сәрсенбай  Шолпанды  неге  ұрды? 
Бұрын  барлық  дүниесі  суға  ағып  бара  жатса,  ләм  демейтін  Сәрсенбай  Шолпанды  неге 
сілейтіп салды? Не үшін? 
Бір  шыны  аяқ  шоғыры  қолдан  түсіп  кетіп  сынған  үшін,  сол  үшін  бе?  Жоқ.  Әзімбаймен 
ойнас қылғаны үшін! Ұрам деп айтып ұрмайды. Неге ол аузына тас салғандай үндемейді? 
Ол  бірдеңе  десе,  Шолпан  да  айтар  еді.  Өзінің  не  үшін  күнә  қылғанын,  бала  үшін  ойнас 
қылғанын айтар еді. Жоқ, үн жоқ, балағаттау бар, тепкілеу бар. Махаббат жібі үзілді. Өмір 
бұзылды. Бәріне лағынет жаусын! Өмірді улаған сол іштегі балаға лағынет жаусын!.. 
Талай түндерде мынау түйінді шешу үшін қасіретпен сарғайған Шолпан талай ой теңізіне 
кірсе  де,  ой  түбіне  жете  алмады.  Мынау  жанды  жеген  жұмбаққа  «ортасында  екі  оттың 
мені  Тәңірім  қор  еттің»  деп  зарлаудан  басқа  жауап  таба  алмады.  Сәрсенбаймен  екі  ара 
шиеленіскеннен  шиеленісе  берді.  Екі  жанның  арасы  алыстағаннан  алыстай  берді.  Бірақ, 
дүниеде  адам  таппаған  жұмбақты  заман  таппақ.  Адам  құрығынан  құтылғанмен,  заман 
құрығынан  құтылып  кететін  еш  нәрсе  жоқ.  Сәрсенбай  мен  Шолпан  арасындағы  мынау 
түйінді де ұзатпай заман өзі шешіп берді. 
Сентябрь жұлдызының соңғы күндері. Ауыл қыстаудың ғана алдында отыр. Салқын түн. 
Түсі  суық  сүр  бұлттар  аспанда  бір  -  бірімен  жарысып  бара  жатыр.  Жердің  бетін  аппақ 
кебіндей болып боз қырау жапқан. Арба астында байлаулы жатқан бұзаулар тоңып, анда-
санда  «мө-мө»  дейді. Олардың жандарында  қарны кебежедей болып жатқан сиырлар еш 
нәрсені  елең  қылмай  «пыс-пыс»  етеді.  Сәрсенбай  бүгін  таңертең  ғана  қалаға  мал  айдап 
кеткен. Отауда, төсек ағаш үстінде шыт көрпеге оранып Шолпан жатыр. Оның қойнында 
ерке  баладай  көлденеңдеп  жатқан  Әзімбай  қор-қор  етеді.  Шолпан  да  ұйқыда...  Арбаның 
тысырлағанындай  бір  дауыс.  Шолпан  селк  етіп  оянып  кетті.  Сүйкеніп  жатқан  сиыр  ма 
екен!..  Жоқ.  Арба.  Арбалы.  Әзімбай!..  Ім-м-м-м-е-е  -  деді  Әзімбай.  Шолпан  тағы: 
«Әзімбай!  Әзімбай!»  -  деп  бір  рет  айтты  да,  сөздің  пайдасыз  екенін  біліп,  Әзімбайдың 
санын шымшып келіп алды. 
- Ой, сені жын соғып кетті ме? 
-  Ойбай,  масқара  болдық,  бір  арба  келе  жатыр,  тұршы.  Кетші.  Жақсы  ағаң  болмаса  игі 
еді... 
- Мынау есінен адасқан шығар! Ол ұшып келе ме? 

133 
 
- Ойбай, тұр деймін тұр. Әне, келіп қалды!.. Әзімбай жылжып шығып, үйдің артына қарай 
жүре бергенде, есік артында Сәрсенбай арбадан түсіп жатыр еді. 
- Бұл кім-әй? - деді Сәрсенбай. 
«Мен»  деген  жауап  орнына  қыстау  желкесіндегі  шілікке  қарай  жүгіріп  бара  жатқан 
Әзімбайды көрді. Сәрсенбай атты доғармастан үйге кіріп, үстіндегі қаптал күпіні жұлып 
тастай  беріп,  қолындағы  құнтпен  төсек  ағаш  үстінде  жатқан  Шолпанды  шықпырта 
бастады. Көзін қан жауып кетті. Еш нәрсені көрмеді, еш нәрсені ойлай алмады. Ақылын 
ашу  биледі,  қолын  құнт  биледі.  Шып-шып-шып...  шып.  Көрпенің  астында  жатқан 
Шолпанда  тірлік  белгісі  жоқ.  Өлген  адамдай  сұлық  жатыр.  Шолпанның  бұлай  жатуы 
Сәрсенбайдың зығырданын тіпті қайнатты. 
-  Ах-е-е,  иттің  баласы!  -  деп,  Сәрсенбай  қолындағы  құнтты  лақтырып  жіберіп,  шыт 
көрпені жұлып тастап, көзінен жасы бұршақтап жатқан Шолпанды қолынан сүйреп, төсек 
ағаштан  жерге  түсірді  де,  тепкілей  бастады.  Шолпанда  ләм-мим  деген  бір  сөз  жоқ. 
Жеңіменен көзін сүрте береді. Басы тепкіленді, арқасы тепкіленді. Үн жоқ. Етіктің өкшесі 
өкпеге  тиген  кезде  «Ах-ах!»  дейді  Шолпан.  Тағы  үн  жоқ.  Өкше  ішке  тиді.  Шолпан 
алақанымен  ішін  басып:  «Бала!..»  -  деді.  Мынау  сөз  Сәрсенбайды  құтырған  қасқырдан 
бетер құтыртты. 
- Иттің ғана баласы, мен сенен бала сұрадым ба?.. Мен саған ойнас жасап, бала тауып бер 
дедім  бе?  Сен  иттің  адал  ісімді  арамдап  жүргеніңе  жарты  жыл  болды  той!..  Шығарма 
дыбысыңды!..  Өлтірем,  мен  сен  итті!  Өлтірем!  Күнде  күйгенше,  бірақ  күйейін!..  Өл  ит, 
ол!.. Сәрсенбай мынау сөздерді айқайлап айтқандықтан ауылдың бәрі-ақ оянып қалып еді. 
Алдымен  үлкен  үйден  жаман  күпісін  жамылып  сүйретіліп  Сәрсенбайдың  кәрі  шешесі 
келді. Оның артынан іле-шала  жалаңаш  етіне байының ескі  жеңсізін киген жыртық  ішкі 
киімінен  тізесі  жылтырап  көрші  бадырақтың  қатыны  келді.  Екеуі  де  есіктен  ойбай  сала 
кірді. 
- Ойбай-ау, кісі өлтіресің бе, ойбай?... Балам-ау, ақылмен іс қылсайшы... 
- Ақылдарың өзіңе, жұмыстарың болмасын. Өлтірем бұл итті, өлтірем!... 
Кемпір  мен  қатын  арашаламақшы  болды.  Ойбайласты,  елбелеңдесті,  біреуі  қолмен 
қағылып кетті, біреуі аяқпен соғылып кетті. Болмады. Беті құп-қу, көзі қып-қызыл болған 
Сәрсенбай  тепкілеуден  тоқтаған  жоқ.  Шолпанда  тірлік  белгісі  жоқ.  Бір  кәлима  сөз  жоқ, 
дем  де  алмайтын  сықылды.  Әлде  талып  жатыр,  әлде  біржола  өліп  қалды?  Екі  қатын 
өздерінен  еш  қайрат  болмайтынына  көздері  жеткен  соң,  ауылды  жимақшы  болды. 
Бадырақтың қатыны есік алдына шығып: 
- Ойбай-ау, ойбай! Өліп қалдыңдар ма? Келсеңдерші! Мұнда кісі өліп жатыр! - деп ойбай 
салды. 
Өздері  үрпиісіп  отырған  ауыл  мынау  ойбайды  естіген  соң,  үйлерінен  жүгіре  шықты. 
Кимешегін қисық киіп, аяғына кебіс іле салып шыққан қатын қақырынып-түкірініп, елді 
басына  көтерген  отағасылар,  мәсісін  коңылтаяқ  киген,  өзінен-өзі  ұялатын  келіншектер. 
Кең  қоныш  етік,  кең  қолтық  қаптал  киіп,  дамбалының  ауы  салақтап,  семіз  болмаса  да 
семіз адамдай талтаң-талтаң басатын, жаңа атқа мініп келе жатқан кісімшіктер... Сырыған 
ақ  сұр  бешпетін  киіп,  қолына  асасын  алып,  зекет  жиып  жүріп  бір  үйде  қонып  жатқан 
Темір  қожа  да  келіп  қалды.  Ауылдың  жиылуын  күтпей-ақ,  Бадырақтың  қатынының 
ойбайы  шыққан  соң,  Сәрсенбай  ұрудан  өзі-ақ  тоқтап  еді.  Шолпанда  тірлік  әсері  жоқ, 
сулық  жатыр.  Үстіндегі  көйлек  пара-пара.  Денесі,  беті,  басы  бәрі  қан.  Аузынан  да, 
мұрнынан да қан кетіп жатыр. Сәрсенбай төсек ағаштың үстіне шығып отырды... Ой жоқ, 

134 
 
ес  жоқ,  сөз  жоқ,  тіл  жоқ.  Оның  өзі  де  талықсыған  сықылды  еді.  Есіктен  халық  ағылып 
кіріп жатыр. 
- Мына шіркін, есінен адасқан шығар, - деді біреуі. 
-  Ойбай,  бетім-ау,  өліп  қалған  жоқ  па?  -  деді  екіншісі.  -  Өлсе,  өлсін,  қар  неме!  -  деді 
үшіншісі. 
Азан-қазан,  абыр-сабыр.  Темір  қожа  Шолпанның  білегін  ұстады  да:  «Су  бүркіңдер!»  - 
деді.  Біреуі  алып  келіп  су  бүрікті.  Әлдене  уақытта  Шолпан  дем  алып,  болар  болмас: 
«Алла...» деді. 
- Алладан садаға кет, иттің баласы! - деді Сәрсенбай. 
- Сәрсенжан, шырағым, сабыр қыл. Әйел ұрмайтын ер болмайды, бірақ... 
- Тақсыр, сіз бұл араға кірмеңіз. Өлсін ол ит, өлсін!.. 
- Сәрсенжан, ақылыңа қайт, кісі өлтіру... 
- Әйтеуір, ол маған қатын болмайды. Талақ болсын, Талақ! Талақ! 
-  Сәрсен,  ашу  дұшпан,  ақыл  дос,  сабыр  қыл.  Пәлен  жыл  еш  шай  деспеген  қосақтан 
айырылу  оңай  емес.  Заты  адал  ас  арамға  айналса,  қайтадан  адалдап  алу  шариғатта  да, 
табиғатта  да  бар  нәрсе...  Мысалы,  әйелдің  олай-бұлай  оғаш  мінезі  білінсе,  оны 
шешіндіріп, төбесінен қырық шелек суық су құю керек дейді шариғат... 
Қожаның аузынан мынау  сөз шығар шықпаста-ақ, бес-алты қатын жаңа есін  жинап келе 
жатқан Шолпанды сүйрелеп ала да жөнелді... 
Сентябрьдің  салқын  түнінде  қараңғы  шорам  үйде  бес-алты  қатын  тырдай  жалаңаш 
шешіндіріп,  сүйемелеп  ұстап  тұрғанда  Шолпанның  шала-шарпы  есі  бар  еді.  Бір  қатын 
тістеніп келіп, үлкен темір шелекпен мұздай суық суды Шолпанның басына құя салды. Үн 
шығармады,  бірақ  селк  ете  түсті  Шолпан.  Тап  сол  секундта  Шолпанның  миында  өткен 
өмірі нажағайдың отындай жарқ етіп өтті... 
...Жаңа шолпы тағып, сол шолпыны әдейі сылдырату үшін жүкті әдейі қайта-қайта бұзып 
жиғаны...  Апасынан  жалынып  сұрап,  қыз  ойнаққа  барулары...  Сәрсенбайдың  босаға 
аттағалы келгені... Бірінші түн... Үшкірген қожаның бұқа күзі... Әзімбайдың қара мұрты... 
Тістенген  қатын  күбірлей-күбірлей,  екінші  шелек  суды  құйып  жіберді.  Шолпан  болар-
болмас: «Алла...» деді... 
- Қар бетпақ, саған Алла не керек?! - деді бір қатын. 
- Ештеңе етпес, қарағым, жастық та... Қудай таупық берсін, — деді екінші біреуі. 
Шолпанда басқа сөз болған жоқ, ой да жоқ еді. Денедегі қанның мұзға айналуымен ой да 
күңгірт  тартты,  сөнді.  Шолпан  көзін  жума  берді.  Үшінші,  төртінші,  бесінші...  шелек. 
Біразға  дейін  суық  суды  құйып  жібергенде  дене  селк  етіп  кеткендей  болып  турды. 
Біраздан соң, ол да бітті... 
Ертеңіне түс кезінде Шолпан күшпенен көзін ашып, сыбырлап: 
-  Балам  қайда?  Әлгі,  неге  келіп  бір  көріп  шықпайды?  -  деді  де,  көрпенің  бұрышын 
құшақтағандай болып, ерні беу-беу дегендей қимылдап, сулық болып тағы талып кетті... 
Күнмен таласа Шолпан да өмірімен қоштасты. 

135 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет