Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
152
кейін, Қасым ханның баласы Хақназар ханның кезінде ғана бүкіл қазақ рулары
ақырғы бітімге келді. Үш жүз боп үш орда тікті. Ал, ол жолы күрделі басқа бір
мәселе шешілді. Халық ақсақалы Асан Қайғы әр рудың белгісі етіп таңба
үлестірді.
— Үйсіннен шыққан бабамыз Майқы би Шыңғысханның кезінде-ақ — деді
саудыраған жағын жібек орамалмен таңып алған қарт жырау. — Қазақ деген атты
ту етіп көтерген екен, Үйсін руының таңбасы жалау болсын.
Отырғандар бір ауыздан дұрыс деп мақұлдасты. Хан төлеңгітінің бір зергер
жігіті қолына балға мен тескіш алып Қаратұздың күңгірт нұрасына жалау белгісін
түсірді.
— Жер аймағының айналасы алты айлық, — деді Асан Қайғы сәл жұмылып
кеткен көзін ашып. — От ортасында қалың Арғын елі... Арғынатаның белгісі
көздесем көңілім көншігер.
Отырғандар бір дауыстан тағы да дұрыс деді. Шебер тағы да қолына бал-
ғасы мен тескішін алды.
Халқымызға жау тисе ең алдыменен атқа қонған жау жүрек Қыпшаққа
айбалтаны таңба етелік — деді қарт жырау.
Осылай дәлелдермен Асан Қайғы қазақтың сол кездегі басты қырық руына
таңба үлестірді. Бұл қырық таңба сол күні Нұраның Қаратұзының жарына
түсірілді. Халық бұл жерді сол күннен бастап Нұраның таңбалығы деп атады.
Асан Қайғы батасын беріп, ертеңіне Жәнібекті боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ
кигізге көтеріп, қайтадан бар қазаққа хан сайлады. Содан кейін барып келесі жаз
шыға, қалың қол жинап Орысханның кезінде Ақ Орданың астанасы болған
Сығанақтан бастап бүкіл Түркістан жерін жаулап алмақ болып, уәделесіп, ру
бастықтары тарасты. «Басымыз бірігіп ел болдық, хан көтердік» деген ру
біткеннің игі жақсылары, қараша адамдары мәз-мейрам еді. Тек Алшын
адамдарын басқарып келген Темір би ғана қабағын ашпады. Оның қабағы өле-
өлгенше ашылмай кетті. Ол соңынан Жәнібектің үшінші баласы Қасым хан бүкіл
Дәшті Қыпшақ жерін алып, Еділ, Жайық бойындағы Кіші жүздің бар руларын
өзіне ақылмен бағындырғанын көзімен көре алмады. Бұл кезде Темір би дүние
салған. Бірақ тірісінде де қарсы күресуге дәрмені жетпеді, өйткені бар қазақ ел
болып бас қосуды тілеген.
Үш күннен кейін Хан Ордасы Шу, Сарысу бойындағы қыстауына қарай көшті.
Бұрындық сұлтан Талас етегіндегі қыстауына келіп қонған күні, Тоқтар-Бегімді
алып Қарашың батырдың аға-інілері келді.
Қарындасын баласы мен ерінен айырып Бұрындыққа тоқалдыққа беріп, өз
басына еркіндік алып, Қарашың батыр еліне қайтты. Бірақ Бұрындыққа деген өле-
өлгенше өшпейтін кегін жүрегінде ала кетті.
Сол күні кешке Бұрындық жас тоқалы Тоқтар-Бегімге арнап тігілген ақ отауға
келді. Үй ішіне шұлғауының шуаш иісін мүңкіте, жуан қоныш саптама етігін
шешіп жатып, түрулі шымылдықтың ішінде, ақ мамық құс төсектің үстінде
отырған, сазды жердің сары ағашындай, нәзік денелі жас тоқалына көз қиығын
аударды.
Оның сұп-сұр болып қатуланып кеткен жүзінен, өзін жек көретінін жасырмай
жалын атқан ашулы көз қарасынан, сүйіп қосылған байы мен бауыр етінен де тәтті
екі жасар баласынан айырған Бұрындықтың күнәсін еш уақытта кешірмейтінін
білді. Сұлтан ләм-мим демей, қолын созып, күміс бақан жанында отырған үкідей
Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
153
тарғыл мысықты ұстай алды. Кенет мысықтың «шар» еткізіп мойнын бұрап үзіп
жіберді де, заматта қолын қол, бұтын бұт етіп, жұлып-жұлып быт-шытын
шығарып,
түндіктен
сыртқа
лақтырып
жіберді.
«Егер
айт-
қаныма көнбесең, сені де өстем!» дегендей ол Тоқтар-Бегімге қайта қарады. Жаңа
ғана шатынап отырған тоқалы «түсіндім» дегендей, Бұрындықтың бетіне көзін
тоқтата алмай, төмен түсірді. Сұлтан езу тартып сәл күлімсіреді.
Сырт киімін шешіп тастап, бір төбе тастай боп ақ мамықтың үстіне барып
отырды. Талдырмаш денесінің бір жерін ауыртып алармын деп қорықпай,
добалдай қолдарымен жас тоқалының үзіліп кетуге таяу тұрған аш белінен ай-қара
құшақтап, бауырына алып қысып, сәл уақыт үнсіз тына қалды.
— Егер жақсы қатын бола алсаң, өткен күнәңнің бәрін де кешірем, — деді ол,
сөйтті де жас тоқалын құшақтаған қалпында ақ мамықтың үстіне жантая берді.
Бір жыл өткен соң осы тоқалынан, кейін Қасым ханнан қашып барғанында
пана берген, Самарқант ханы Мұхамед-Шайбанидың кіші інісі Мұхамед-
Темірханның әйелі болған Жауһар-Бике деген қыз туды.
ІІІ
Келесі жазда Жәнібек уәделескен әскерлердің келуін күтіп Арқаға көшпей
қалды. Бірақ күткен әскері келмеді. Жайық, Еділ, Жем бойын жайлаған Кіші
жүздің ойы жаңа құрылған қазақ хандығына өз үлесін қосу болса да, оның осы
жазда ар жағындағы Ноғай Ордасы мен Қазан хандығының дүрбелеңі көбейіп
кетіп, өз жер-суын қорғаудан қолы босамай, небары бес жүз жігіт жіберген. Бірақ
бұл келгендер садақ таңбалы Адайдың батыр жігіттері еді. Торғай, Ор өзендерін
жайлаған Қыпшақтар да жарытып жасақ жібере алмады. Қобыланды батыр қыс
бойы төсек тартып науқастанып, қарамағындағы елді басқара алмады. Соның
салдарынан жұрт өзі қызығын көрмеген хандықтың болашағына жөнді мән
бермеді. Расында сонау дүниенің бір шетіндегі Еділ, Жайық, Торғай бойында
жатқан қазақ руларын Шу мен Сарысуға келіп, Түркістанды жаулауға шық деу
үстірт қараған адамға қиын тілек еді. Алайда таяу тұрған Қазан, Ноғай, Қырым
хандарына бағынудан гөрі, Еділ, Жайық бойын жайлаған рулар, алыс болса да,
ғасырлар бойы жауларына бірге аттанған, тілі, тағдыры, шаруашылығы бір қазақ
хандығына қосылуды таңдаған.
Жалғыз алыстағы Кіші жүзден ғана емес, өзіне тән Арғын, Найман да бұл
жолы мол әскер шығарған жоқ. Мұндай жағдай Арғын, Найман билерінің өзара
ала ауыздығынан туған-ды. Сол жылы көктемде тоқсанға келіп отырған Арғын би
дүние салған. Арғынның ардақты көсемін қоюға бұл рудың игі жақсылары
жиналған. Қаралы қазаға көңіл айтуға, сонау Қорасаннан бірнеше күн жол шегіп,
Хорезм уәлиетінің әмірі Сұлтан Хусаин мырза келген. Сұлтан Хусаин әмір ол
күндегі Арғын руынан шыққан атақты адамның бірі болатын. Аталары Иранның
шахы Құлағудың бас басқақтары болып бүкіл Шығысқа аты шықса, өзі
Қаракөлдің әмірі тағына отырып, Хорезм уәлиетін басқарды. Сұлтан Хусаин әмір
Арғын би еліне тарту-таралғысымен бірге, ел бірлігін бұзар арам ойын да ала
келді. «Жәнібек хан үшін Арғын руының Түркістанды аламын деп қырылуының
қажеті жоқ. Егер қысы-жазы малдарыңа жайылым болатын жер іздесеңдер,
Қорасанға көшіңдер, кең өріс, мол қоныс берем. Сауда-саттығыңа да қолайлы. Ар
жағында Ирак, Иран, Ауғанстан да алыс емес» деді ол қырқын беруге жиналған
|