Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
172
әміршіге бағынғаннан гөрі, әр уәлиетті бөліп билеу тиімді көрінген. Жауың өзі
осындай халде тұрғанда, неге оның осал жерін пайдаланбасқа? Жәнібек өз ойын
іске асыруға осы кездің дәл екенін еске алып, қыз беріп, қыз алысайық деп
Жұнысқа кісі салды.
Жаңа іргесін қалап келе жатқан қазақ хандығының Түркістан өлкесін қайтып
алудан да бөтен толып жатқан істері бар. Әскер құру, хан тәртібін орнату,
мемлекет заңын — жаңа «хан жарғысын» шығару, отырықшы аймақтар мен
көшпелі тайпалардан хан қорына, әскер ұстауға, мешітке, мемлекет ісін жүргізетін
адамдарға арналған салық, ғараж, ұшыр, зекет жинау. Сығанақ пен Созақты
алғаннан бері Қыпшақ даласы мен Моғолстан, Алтын хан, Қара теңіз жағасындағы
қалалармен сауда-саттық жұмысын күшейту — хан әсіресе көңіл бөлетін
мәселелер еді. Бұрынды-соңды Дәшті Қыпшақта қалыпқа түспеген осындай тың
істермен шұғылданып жүргенінде, Жәнібек қыс өтіп жаз шыққанын білмей қалды.
Жаз шыға Жәнібек өзінің көшпелі ел ұлы екенін есіне ұстап, қазақ елінің
дәстүрі бойынша, хан Ордасын Сығанақтан Сырдарияның сағасына көшірді.
Бұл ара шым үйлі, күндіз-түні шулаған базарлы, көшесіне адамы сыймай
жатқан қаладай емес, көк шалғын, ауасы да жеңіл, өрісі де кең, қамысты алқап.
Сырдария жағасына келіп қонғалы. Жәнібектің шаруасы бұрынғысынан да
көбейіп кетті. Сайрам хакімі Қатта бектен, Моғолстан ханы Жұныстан хабар
келген. Бұл екеуі де Жәнібектің ұсынысына бірден құлап түспегенмен де, тақа
«кет әрі» еместігін білдірген. Сондай-ақ Сауран хакімі Құлмұхамед те кісі
жіберген. Хан ұсынысына ол терісқақпай жауап берген.
Жәнібек осы мәселелерді Хан Кеңесіне салмақ болды. О кезде күрделі істің
бәрін Хан Кеңесі шешеді. Хан ұсынысын егер Хан Кеңесі қабылдаса ғана іске
асады. Абылай ханға дейін бүкіл қазақ тарихында осылай болып келген. Ал
Жәнібек тұсында Хан Кеңесі екі түрге бөлінетін. Бірін «Тағанақ кеңесі» деп
атайтын, екіншісін «Тұрымтай кеңесі» дейтін. Біріншісі үлкен Хан Кеңесі деген
мағынада, екіншісі кіші Хан Кеңесі деген түсінікте. Біріншісіне елеулі рудың
басты адамдары тегіс жиналады. Онда хан сайлау, соғыс ашу тәрізді күрделі істер
ғана қаралуға тиісті. Сондықтан бұл кеңесті кейде үш жүзге бөлінерде бас қосқан
жерінің атымен «Қаратұз кеңесі» деп те атаған. Ал Тұрымтай кеңесінде басқа
жұртқа елші жіберу, қонысқа жер бөлу тәрізді жеңілдеу мәселелер шешілген. Бұл
кеңеске Маймене мен Майсарыдан бөтен, Орда маңындағы әскери қолбасшылар,
хан балалары қатынаса алады. Бірінші Кеңес жылына бір мәртебе, екінші Кеңес
апта сайын бас қосқан.
Жәнібек өзінің дүдәмалданған ісін, Хан Кеңесіне қоймай тұрып, көбіне Қасым
сұлтанмен ақылдасатын. Бұ жолы да осы әдетіне сап баласын, өзі отырған Жаған
бәйбішесінің ордасына шақырттырды.
Күн жаңа батып, төменгі ауылдың малы келіп азан-қазан болып жатқанда,
кешке таманғы аласапыран әлеті еді. Күндіз ыстық боп, күн бата ғана самал жел
тұрған. Орда іші салқындай түссін деп хан есікті әдейі ашып қойған. Баласымен
сөйлесер сөзін жат құлақ естімеске күзет жігіттерін де «әрірек барып күзетіңдер»
деп, Орда маңынан алыстау жерге қуып жіберген.
— Ымырт үйіріле Қасым да келді. Әкесі оның сәлемін алып оң жағына
отырғызды да:
Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
173
— Пешпентіңді шешіп таста, денеңді жел аймаласын, — деді, сөйтті де қымыз
құйып отырған бәйбішесіне, — шам жағасың ба, қайтесің, — деп көз қиығын
аударды.
Сонау Жанбике оқиғасынан кейін үш жыл өтсе де, Жаған бәлендей өзгере
қоймаған-ды. Сәл толығайын деген тәрізді, әйтпесе сол баяғы көл жағасына
шығып таранған аққу-қаздай сәнді қалпы. Жасы қырықтан асып кеткенін есіне
тұтып, баласының көзінше орнынан ілтипатпен тұрып, жайшылықтағы еріне деген
қылтың-сылтың мінез көрсетпей, әдеппен сәндене майыса, керегеге ілулі қытай
шамын жағуға кірісті.
Жәнібек аспай-саспай, алдындағы алтын кеседен уыз қымызды бір ұрттап
қойып әңгімесін бастады:
— Бүгін Алмалықтан Жұныс ханнан кісі келді, — деді ол. — Кеше Сауран
хакімі Құлмұхамед-тархан мен Сайрам хакімі Қатта бектен жеткен хабарды
естіген шығарсың?...
— Еміс-еміс қана...
— Құлмұхамед-тархан әлі өр көкіректігіне салып, — деп келе жатты да, кенет
тоқтай қалды. Дәл осы сәтте есік жанындағы қоржыннан шақпақ тас алуға бара
жатқан Жаған Қасымды әлденеден қорғай «алла» деп дауыстап жіберді де, жерге
шалқалай келіп гүрс құлады. Жәнібектің көргені ашық есік алдында қараң етіп
пайда болған қара далбағайлы жат кісінің кенет найзағайдай жарқ еткізіп
лақтырған болат қанжары болды.
Жәнібек атып тұрып есік алдына барғанша, қоюланып келе жатқан түн
қараңғысынан аруақтай пайда болған түсі суық адам, сып етіп үйді айнала беріп,
сиқыршы жандай жоғалып кетті.
Жәнібек тек:
— Ұстаңдар! — деуге ғана шамасы келді.
Сірә есік алдында кенет елең еткен жат бейнені күзетшілердің де көзі шалып
қалған тәрізді, енді олардың су жағасындағы қамысқа қарай жүгіріп бара жатқан
дүбірлері естілді. Әлден уақытта: «Қап, әттеген-ай, ұстатпай кетті-ау!» деген
әлдекімнің өкінішті даусы шықты.
әкесінің сөзін тыңдап бетіне қарап отырған Қасым, шешесінің даусы шыққан
шақта ештеңе түсінбей қалды, тек Жаған шалқалай түсіп құлағанда бір-ақ ырғып
қасына барды. Қара көлеңкеленіп кеткен бейуақта үн-түнсіз жатқан анасының дәл
көкірегіне қадалған қанжардың сабын көрді. Жанталасып мүйіз сапты қанжарды
кеудесінен жұлып алды. Атылған ыстық қан бетіне шапшып жуып кетті. Анасы
«құлыным» деп ышқына бір бұлқынды да тына қалды. Осы кезде үйге басқа
адамдар да келіп, шам жағылды. Енді жұрт қызыл қанға батып өліп жатқан
ханымды көрді.
Бүкіл хан аулы түнімен Жағанды өлтірген адамды іздеді. Таба алмады. Тек таң
ата ғана оның Сейхун дарияның жағасында жатқан қара жүн далбағайы мен жеңіл
пұшпақ ішігін, түйе терісінен илеген көн етігін тауып әкелді. Шамасы арғы бетке
жүзіп өтіп кеткен тәрізді. Ағысы қатты, кімді болса да оп-оңай алып кететін бұл
кездегі Сейхун дариядан әлгі адамның қалай жүзіп өткеніне жұрт жағасын ұстап
таң қалды. «Адам емес, хан Ордасына арнап келген бұл бір албасты болар» деді
ішінен ғаламатқа сенгіш кейбір кемпірлер. Ал тастап кеткен киімдерінен бұл
келген жын да, албасты да емес, нағыз адам, адам болғанда Дәшті Қыпшақтың
|