Ортаңғы мидың (mesencefalon) құрамына - ми аяқшалары мен ортаңғы мидың күмбезі
жатады. Ортаңғы мидың ішкі тар қуысы – ми өзегі деп аталады. Ол сопақша мидағы
төртінші ми қарыншасын ортаңғы мидың жоғары жағында орналасқан үшінші ми
қарыншасымен байланыстырып тұрады. Ортаңғы ми күмбезін - төрт төмпешік деп те
атайды. Олар көлденең сайша арқылы жоғарғы және төменгі жұп төмпешіктерге бөлінген.
Жоғарғы төмпешіктерде көруге байланысты бағдарлау рефлексінің орталығы, ал төменгі
төмпешіктерде естуге байланысты рефлекс орталығы орналасқан.
ІІ. Қыртыс асты бөлімге аралық ми мен алдыңғы ми сыңарларының базальды
ганглиялары жатады.
Аралық ми (dienceahalon) – жұп көру төмпешігінен (таламус), латеральды және
медиальды ядролы денеден, төмпешік үсті (эпиталамус) және төмпешік асты (гипоталамус)
бөлімдерінен тұрады.
Көру төмпешігі сұр заттан құралған. Ондағы ядролар (жүйке клеткаларының
шоғырлары) бес топқа (алдыңғы, ішкі, ортаңғы, латеральды, артқы) бөлінген.
Алдыңғы ми сыңарлары (telеncephalon) – қыртыс асты базальды ганглиялардан, ақ
заттан және әрбір ми сыңарының ішінде орналасқан ми қарыншаларынан тұрады. Ми
сыңарлары ұзына бойы сайша арқылы екі (оң және сол) бөлімге бөлінеді. Сол екі бөлімді
сүйелді дене деп аталатын жүйке талшықтарының шоғыры байланыстырып тұрады.
Алдыңғы мидың әрбір сыңарының өзі сайшалар арқылы төбе, маңдай, самай, шүйде және
аралды бөліктерге бөлінген.
ІІІ. Ми қыртысы – мидың дамуында кейіннен пайда болған бөлім. Ми қыртысы
тұтасымен сұр заттан тұрады. Ондағы жүйке клеткалары бірнеше қабат құрап жатады. Ми
қыртысының қалыңдығы 1,3-5 мм. Ондағы нейрондардың денесі негізінен 6 қабаттан
(сыртқы –молекулярлы, сыртқы дәнді, пирамидальды, ішкі дәнді, ішкі пирамидальды және
полиморфты) құралған.