СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ
Бір ай болды. Дұшпанмен бір-бірімізді әрі-бері итермелеп орнымыздан қозғалмай
жағаласып, арпалысып жатырмыз. Уақыт өтіп барады, біз орнымыздан қозғалар емеспіз.
Волоколамск қаласын аларын аласада—алға басарға дәрмені таусылып, қарқыны
басылған жау да лажсыздан тойтарыла тоқтаған. Орнынан бір қадам ілгері баса алмай
жатыр. «Үйдегі ойды базардағы нарық бұзады» дегендейін, қаланы дұшпан көп шығынға
63
ұшыратып алды. Күші азайып, аяғына тұсау салынды. Мұндай тоқтап кідіруге мұқтаж
болып күш ауыстырып, басқа жақтан жаңа күш келіп қосылуын күтуді әскери тілінде
«вынужденная оперативная пауза» деп атайды.
Арада бір ай өтті.
* * *
Күздің сылбыр жаңбыры. Мезгіл өз міндетін қыс иығына аударған кез. Солтүстіктен
соққан суық қара жел бет қаратар емес. Ызғары өңмеңнен өтеді. Ерегісе қасқайып қарсы
тұра қалсақ, аяз инесін тырнақ астына бойлата сұғады. Тыз етіп ашыған дене, шым еткен
жерін үйкелетеді. Тастай қатқан жер бетін қалың тоң басқан. Мөлдіреп аққан су жалтыр
көк мұзға айналды. Жер беті шашаға жетпес жеңіл үлпек қармен бүркелді. Зілдей қыс
салмағы табиғатты қуыра бастап, ешкімді тырп еткізер емес. Көбіміз тоқтышақтың
терісіне сыйына бөленген мезгіл.
Құмарта темекі тартқандай барлық жануарлардың танауынан бу бұрқырайды. Қимылдап
қызыл, бусанған денені суық тез-ақ шырмап алатын «қыс келдінің» кезі.
Желден ықтағандай үйдің, окоптың панасына тығыламыз. Әйткенмен, өне бойы ысып
тұра алмаймыз. Майданның да өзінше тірлік шаруа қызметтері бар. Оларды «айдай сал»
мен «көре салға» сілтеуге болмайды. Әр уақыт басы-қасында болып, өз қолыңмен, өзің
істеп, өзің орындауың керек, бұл майданның заңы.
... Қол тиіп, мойын бұрып, тыныс алар кез бола қойса, ой шіркін, көңіл алып қаша,
жиһанды кезеді.
Аспанды қаптаған атанның шудасындай қою қара бұлт, жер жүзін өркештене будақ-будақ
жайлаған сарғылт қалың тұман, көңіл көшін аударыстырып, кедергі бола алмайды. Құрыш
тасты қорғасындай балқытып үн еркесі бұлбұл құстай сайрайды. Күн еркесі түрлі-түсті
жүйрік сәуле боп, барам десе, ол қайда бармайды — ой жетпейтін жер болмайды...
Жазғытұрым жадыраған күн солғын ойды гүлдендірмек түгіл, жіпсітуге де дәрменсіз...
«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау танымас тірі жанды,
Үсті-басы үскірік аяз бен қар
Басқан ізі сықырлап келіп қалды», —
деуші ме еді Абай, деп өзімнен сұрап, терең ойдан ояна келсем, астымдағы жирен қасқа
жануар тағалы тұяғын сартылдата, көсіле желіп келеді екен.
Мені шақырып: «Тоқта!» деген таныс дауысқа тізгінімді ірке қалып, жалт қарадым.
Тоңды жолдың одыр - бұдыр қатпарына сүріне, қалбалақтап, мықынындағы алты атарын
оң қолымен қапсыра ұстап, Мұхаметқұл жүгіріп келеді екен. Мұхаметқұл Исламқұлов
орта бойлы, дембелше, маңдайы кере қарыс, дөңгелек тұнық көзді, қошқар мұрынды
сымбатты жігіт еді. Баяғыда мен Шымкент қаласында орта мектепті бітіргелі жүргенімде,
ол жоғары мағлұматты қызмет істеп жүргендердің біреуі болатын. Соғыс алдында
«Социалистік Қазақстан» газетінде істеген.. Сабырлы, ауыр мінезді адам. Әрі десе төрт-
бес жас үлкен болғандықтан, көбіміз оны аға тұтып қадірлейтінбіз.
64
Ұзын құлақтан амандығын ғана естігеніміз болмаса, соғысқа келгеннен бері Мұқаңмен
көріскен емес едік. Сағынып-ақ қалған екенбіз, ол жақындай бергенде тізгінімді
Николайға сілтей тастап, аттан түсіп, мен де қарсы жүгірдім.
Ол:
—
Кішіпейілдігіңнен айналайын, бауырым, кішіпейілдігіңнен айналайын, —деп
арсалаңдап келіп, кұшақ жая амандасты. Ентігіп демін алмай сөйледі: — атаңа рахмет,
ерім, естіп төбеміз көкке жетіп жатыр... Қайда асығып барасың... Бізге неге соқпадың?
Тіріге сәлем, өліге бата деген бар емес пе... Айтпақшы, Жалмұхаммед, Хабиболла, Семен
Краевтар аман ба?.. Ұстараның жүзіндей қылт еткен қыл көпірдің күні ғой, қалай, кімдер
аман, кімдер шәйіт... — деп сұрақ үстіне сұрақ қойып, сөз берер емес...
—
Мұқа, айыпқа бұйырмағын, жарты сағаттан кейін генералда болуым керек, тез
жетсін деген екен.
—
Олай болса кешікпегін, мін тез атыңа, — деп мені жалма - жан аттандырды.
—
Мен бір жарым сағаттан кейін қайтармын, қолың тисе штабыма барып, жігіттермен
әңгімелесіп, күте тұрғын.
—
Жарайды, жарайды, зулат тездеп, кешігіп, қартты ренжітіп жүрме...
Өкше темірді бауырына батыра тақымдағанда, жирен қасқа ауыздығымен арпалыса
ыршып жөнелді.
Орманды аралап, желе жортып келеміз. Аспанға өрши тіке өскен қарағайдың қаз
таңдайлы бүршікті бұталары ақ сәукеле киген келіншектей үлпек қардың салмағымен
иіліп тұр. Барлық орман, өсімдіктер ақ түбітке оранып тұрғандай - ақ. Аспаннан ұшып
келіп, оң жақтан шамамен 150 метрдей жерге мина түсіп, тарс жарылып, тып-тыныш
мелшиген мылқау орманды жаңғырықтырып жіберді. Ауа толқыны ағаштарды сілкіндіріп,
үстімізге қырау жаудырды. Минаның қаңғыған жаңқасы ызыңдап өткені болмаса
ешқандай залал еткен жоқ. Бір-екеуі зуылдап өте шыққанда, сескену әркімде де болады
ғой, біз де сескендік...
—
Әрбір 15-20 минуттан кейін, осы жол бойына біртіндеп мина тастап тұру екі күннен
бері неміске әдет болды, — деді атқосшы.
—
Жолды атқыламағанда, жай тоғайды атқылап, оны жын ұрып па! Жолаушыны
үрейлендіре мазалап, берекесін шығарып, жол қатынасын ылғи біз үшін қауіпті етемін
деген ниет қой оныкі,—
деп түсіндірді адъютант.
—
Дұрыс айтасың, жігітім, — дегеннен басқа тіл қатқан жоқпын.
Жортып келеміз. Бұдан бұрын біздің алдымызға жолдың қақ ортасына түскен зор
минаның үңірейген қап-қара орны бөгет болды. Бытырай ызыңдап ұшқан шойын
жаңқалары жол бойындағы зәулім қарағайдың қалың қабығын ырсита аршып, сойғылап
кетіпті. Осы ағаштарға көз салып:
—
Түскен жайдың орны мұндай сұрқия - сойқан болмас, -— деді Николай қазақша.
Ішімнен «орыс бал асы қазақ тілін білсе осындай-ақ білсін»— деп ойладым. Алдымыздан
жол бөгеп көлденең сұлап жатқан ағаштан ырғып өткенімізде:
—
Мама ағашты тамырын қопара сұлатыпты ғой, шіркін,
65
—
деді ол тағы да қазақшалап менімен қатарласа беріп. Мен тіс жармаған соң о да
үндемей, менің атымды шаужайлап келе жатқан қаракерін сәл тежеп, адъютантпен қатар
өз орнында желе-жорта келеді.
Бара жатқан қыстағымыз Шишкино, орманнан шыға бергенде - ақ алдымыздағы алаңнан
көрінді. Алысқа ататын зеңбіректің құлашы жететін шеңбердің көлеміндегі барлық
қыстақтарға біртіндеп оқ тастап, мазалайтын соғыс салты болғандықтан, бұл қыстақ та
артиллерияның атысына ұшыраған екен. Россияның қыстақтары ағаш үйлі болады. Біздің
алдымызда қыстақ шетіндегі екі үйге зеңбірек оғы дәл түскен білем, өрттің оты бықсып,
қоңырси түтінденіп жатыр екен. Біртіндеп үйді паналай жүгіріп жүрген солдаттардың
біреуі бізге қолын сілтеп ишарат берді.
—
Көкте самолет көрінбейді ғой, анау не деп қолын бұлғап тұр? — деді тыныш
жүрмейтін Синченко.
Өрмектің жібіндей жарысқан телефон сымдары тоғысқан үйдің алдына келіп аттан түстік.
Іргеде тұрған күзетшіден:
—
Генерал осында ма? — деп сұрағанымда ішкі үйден:
—
Момышұлы неге кешікті екен? — деген генералдың қарлыққан таныс даусын
естідім.
—
Мен мұндамын, жолдас генерал, — деп жауап қатқанымда, есіктен ақ шалған
басын шығара қарады.
— Сізді кешігеді деген кімнің ойында бар, -— деп сынағандай қарады да,— оқасы жоқ,
оқасы жоқ, дәл келдіңіз, мұнда еніңіз,— деп шақырды.
Терезенің алдындағы үлкен столдың үстінде соғыс жағдайын кестелей сызған карта
жайылып жатыр екен. Қол алыса амандасып болған соң, столға жақындап барып, иығын
қомдай, екі қолының саусақтарына барлық дене салмағын сала сүйеніп, қабағын шыта
біраз үн-түн жоқ үңіле қарап тұрды да, қара қаламмен бір-екі жерге батыра - батыра белгі
соқты.
—
Тамағыңыз тоқ па? — деді маған қарап.
—
Тамағым тоқ. Үйден тамақтанып шықтым, жолдас генерал.
—
Әйтсе де, күн өте салқын ғой, отырып бір кесе ыстық шай ішіңіз, — деді маған
бұрылмастан: — Ана бұрыштағы орында барлығы да даяр болу керек. Бір рюмка арақ
жұтсаңыз, оның да залалы болмас... менің жұмысым әлі бітпепті... Сабыр ете тұрыңыз. —
Генерал картаға үңілген бойымен өзімен өзі сөйлескендей: «Ие, былай - былай... былай
еткен дұрыс болар, иә, иә, бұл жақтан соға қоймас... жоқ соғар ма екен... Мына жолды
бөгеу керек... табандыға жер жағдайы медет те, көмек те болар...» деп анда-санда әр жерге
қаламмен белгі соғып тұр. Мен мүйістегі кішкене орындықта тым-тырыс шай ұрттап
отырмын.
—
Шай ішіп болдыңыз ба, жолдас Момышұлы? Мұнда, бері келіңіз, біраз
ақылдасалық.
Орнымнан тұрып картаға жақындадым.
—
Мен сізге дұрыс ақылгөй бола алар ма екенмін, жолдас генерал? — дегенімде
еңсесін көтере бұрылып қарап, жылы дауыспен:
66
—
Істеу қолыңыздан келгенде, ақыл айту келмей ме, орындаудан бұрын, алдымен
әңгімені аспай-саспай отырып, пісіріп алудан еш уақытта да бой тартпаңыз. «Былай ет,
бұйрығымның тоқетері осы» деген құрғақ жарлықты шалағайлар ғана береді, — деді.
Онан соң тағы да картаға үңіле қарап, күтпеген жерден: — Сіздің болжауыңызша,
немістер қашан шабуыл жасауы мүмкін?
—
деп сұрақ қойды.
—
Кейінгі жағдаймен онша таныс емеспін, жолдас генерал, ойланып болжап
айтпасам... —Айтылған сөз ауыздан бір шыққан соң кейін қайтар ма,— қызарып, бетім
шымырлағанын бір-ақ сездім.
Генерал ешнәрсе естімегендей:
—Ойлап, болжап дегеніңіз өте дұрыс, командирді шаршататын ойлау мен болжау, соғыста
қай жау сырын ақтара қойсын, — деді.
Менің бетімнен отым шығып, қызарғанымды сезе қойыпты.
—
Ал, әйтпесе мына картаның кестесіне қарап жағдаймен танысыңыз, ойлап,
болжаңыз, — деп сұқ қолын сілтей беріп, маған жымия қарады. — Енді шай ішу менің
кезегім, — дей беріп орындыққа жайласа отырып, қасықпен қантты сырт сындырып, шай
ұрттауға кірісті.
Картаға оңнан солға қарай салынған әртүрлі нақышқа қарасам: Строково, Ченцы,
Мыкапиио, Ядрово, Дубосеково тағы бірнеше қыстақтардың батыс жағынан орманды
тірей қызыл қаламмен сызылған біздің бекініс жөні басқұрдай тоқылып көрсетілген екен.
Карта бойынша он шақты шақырымнан кейін өзіміздің полктардың тұрған жерін көріп,
барлығының артында Горюны, Матренино қыстақтары мен 151,0 нысаналы төбені басып
әкететін жол айқастарын қоршап сызған генералдың қаламының ізіне көзім түсіп, ентелеп
үңіле бастадым: «Момышұлының батальоны» деп жазыпты. «Е, мені осында жұмсағалы
шақырған екен ғой» деп ішім сезе қалды. Алдан артқа шығара қойғысы келгені біраз
қытығыма тигендей болды.
Қызыл сызықтың алдында жасыл қаламмен жиектеле сызылып дұшпан қолдарының
тұрағы көрсетілген екен, сандарының белгісі есімде жоқ. Бірақ та бізге қарағанда үш-төрт
есе мол көрінді. «Бір айдан бері немістің тырс етпей жатқан, күш жинап жатыр екен ғой»
деген қорытынды ойыма түскендей болды. Онымды сезіп қойғандай генерал:
—Дұшпанның күштерімен толық танысыңыз. Кіммен кездесу керек екенін білу қажет, —
деп қасыма келіп, қырын қарап, картаны тағы бір шолып өтті. — Ал сіз қалай ойлайсыз?
—
Кестеңізді шолып өткендей болдым. Толық танысып, түсіндім деп айта алмаймын.
Сіздің картаңыздағы жағдайдың көлемі менің дәрежемнен зорлау көрінеді, түсіндіріп,
көмектесуіңізді сұраймын, жолдас генерал, — деп оншама үлгере aлмағандығымды
мойныма ала жауап қаттым. — Менің жалғыз ұсынысым — мені қайда жұмсағалы
тұрғаныңыз ғана.
Соңғы сөзіме генерал қарқ-қарқ күлді.
Менің де көздегенім сол еді, сізді түсінсін деп едім, дұрыс, жақсы айттыңыз, адал
айттыңыз, — деп бастады қарт. — Біздің қолымыздағы ақпарларға қарағанда, дұшпан
күшін жинап, барлық даярлық қызметін бітірген болу керек. Жақында шабуыл жасауы
күмәнсіз. Бұл айқын мәселе, меніңше, салмағын Волоколамск даңғыл жол бойына салып,
бір жұлқынғанда Истра қаласына шығу, жалпы беталысы Москваның батыс қабырғасы
67
болуы керек. Жаратып жинаған күштеріне қарағанда оның ойы екпінді қарқынын
Москваға жетіп, бір-ақ баспақ - ау деймін. Көріп тұрсыз, егерде біздің алған
мәліметтеріміз дұрыс болса, біздің дивизияға кемінде, дұшпанның үш-төрт дивизиясы
шабуыл жасайды. Бұл бағытта біздің еншімізге одан кем тие қоймас деймін. Әрине, оның
қолында да біз туралы мәліметтер жоқ емес. Күшіне сеніп құлашын алысқа сілтеуі де
ғажап емес. «Алды-артыңа қарамай даңғыл жолмен Москваға тарт!»—деген жоғарыдан
жарлығы бар мірінеді. Рас болса бұл мәліметті біз пайдалануымыз керек. Жол бойындағы
жер жағдайын пайдаланып, аз күшпен алдына бөгет болып, тіресе соғысып уақыт ұтып,
жолды қолдан шығармай біраз әурелеп, бекініс жасап соғыссақ, табандылық болса, оның
мол күшін шығынға ұшыратып, әжептәуір кедергі бола аламыз. Бірақ та ол үшін әдіс,
айла, ептілік керек...
Тағы сол сияқты жағдаймен толық таныстырып, кеңес пікірлер айтты.
— Күтпеген жерден жағдай өзгере қалса, оған қарсы жұмсайтын менің күшім жоқ.
Алдыңғыларды дұшпан қайтсе де басым күшімен шегіндіреді. Орнынан бір қозғалып,
үрке, бытырап шегінген жауынгерлердің басын қосып, ұйымдастырып, қалпына келтіру
оңай емес. Дұшпан өкшеңді баса қуса, басын қоса алмайсың да. Орманда жалғыз-жарым
қаңғырып жүрген топтар көрсеткен қарсылық, баса-көктеп келе жатқан лек-лек колға маса
шаққандай да әсер ете алмайды. Сондықтан сізге манадан бері айтайын дегенім —
жолдың айқасқан түйінін, соқпақтарды мықтап ұстап, оңай бермеу керек. Орман, шалшық
төтемен танк машиналары ұзақ дамып, алға баса қоймас. Қысқасы сіздің батальон мына
үш қысылтаяң жерді осы айдың 20-на дейін қолдан шығармай мықтап ұстап отыруы
керек, — деп манағы картадағы белгі соққан жерлерін көрсетті.
—
Жолдас генерал, рұқсат етіңіз, 5-6 километр жерді бір батальонмен қалай
ұстатпақсыз?!
—
Құла даланы қорғағын деп отырған мен жоқ. Мына төбеге бір рота, мына станцияға
бір рота, мына қыстақтарға бір рота, — деп қаламмен түрте - түрте көрсетіп, генерал
маған қарады.
—
Қайдан 5-6 километр?
—
Сіз көрсеткен жерлердің арасында мына 3-4 километр жерде, төрт солдаттан
болайын деп тұр ғой, оны қалай қорға дейсіз? Ол былай тұрсын, айналдырған үш ротаны
сіз көрсеткен шоқыға қойып, олардың ұрыс қимылын мен қалай басқарып үлгермекпін,
жолдас генерал?
Біраз сабырмен ойлап тұрып:
—
Әр жауынгер, әр командир алдына қойған міндетін орындай білсе, оны сіз оларға
түсіндіре білсеңіз, басқару деген сол болады. Командир әр солдаттың қанжығасына
байлана алмайды. Біздің өз басымыздағы тәжірибелерімізге қараңыз: Бұдан бұрын төрт
қоршауды бұзып шыққанда мен қасыңызда емес едім ғой. Мен басқарып па едім? Тек
алдында екеуміз қандай жағдайда, қалай ету мәселелерін толығынан келісіп алмап па едік.
Бұдан былай да қасыңызда бола алмаймын. Әдейі сөздің иін қандырып алғалы шақырып
алып отырмын. Ойыңыздағы күдік нәрсені именбей ашық айтыңыз, жолдас Момышұлы,
бір-бірімізге сеніп айрылайық.
—
Ашық айтатын не қалды дейсіз, жолдас генерал. Сіздің пікіріңіз маған түсінікті, —
деп біраз ойланып қалдым. — Неміс 17-сі күні шабуыл бастаса, алдағылар 17-не дейін
төтеп берсе, маған кезек 18-де келеді... 19-20-сы күні қоршау болып... немісті мына
жолдармен емін-еркін жүргізбей кедергі болып... шегінген полктар есін жинап, бастары
68
қосылып, тағы бір жерде алдына қарсы тұруына себеп болса, жақсы болар еді.
Жарлығыңызды орындау жағын ойлаудан артық айтарым жоқ, жолдас генерал.
—
Бәрекелді, тап ойымның үстінен шықтыңыз. Әңгіменің барлық желісі солай,
шабуыл 16-17-нен кешікпей-ақ басталар деп болжаймын...
Рұқсат етіңіз, мен жүрейін, жолдас генерал. Қарт мені есікке дейін шығарып салып,
жанаса келіп, қолын иығыма қойып , біраз қиналғандай:
Жолыңыз болсын, жағдай ауыр, сіздің батальонды құрбандық атап отырмын,— деп көзіме
тесіле қарады.
Түсінем, жолдас генерал, сенгеніңізге сансыз рахмет.
Достарыңызбен бөлісу: |