3-параграф. Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымының музыкалық жетекшісі 14. Лауазымдық міндеттері: мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес балалардың музыкалық тәрбиесі мен эстетикалық дамуын жүзеге асырады; музыкалық сабақтарды, балалар мерекелерін және өзге де мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді, музыкалық дарынды балаларды анықтайды, балалармен жеке жұмыс жүргізеді; балалардың ойын әрекетін ұйымдастыруға қатысады, түрлі музыкалық-дидактикалық ойындар өткізеді; педагогикалық кеңестерді дайындауға, әдістемелік бірлестіктердің жұмысына қатысады; балалармен жұмыс тәжірибесіне инновациялық педагогикалық тәжірибені енгізеді; ата-аналар мен тәрбиешілерге балалардың музыкалық тәрбиесі мәселелері бойынша кеңес береді. 15. Білуге тиіс: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Педагог мәртебесі туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңдары және білім беруді дамытудың бағыттары мен перспективаларын айқындайтын өзге де нормативтік құқықтық актілер; мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты; педагогикалық этиканың нормалары; балалар репертуарындағы музыкалық шығармалар, музыкалық тәрбие әдістемесі; еңбек заңнамасының негіздері, ішкі еңбек тәртібінің, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өртке қарсы қорғау қағидалары, санитариялық қағидалар мен нормалар. 16. Біліктілікке қойылатын талаптар: жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі немесе техникалық және кәсіптік педагогикалық немесе музыкалық білімі немесе педагогикалық қайта даярлығын растайтын құжат, жұмыс стажына талап қойылмайды; және (немесе) біліктілігі жоғары немесе орта деңгейдегі жұмыс өтілі педагог-модератор үшін кемінде 3 жыл, педагог-сарапшы үшін - 4 жыл, педагог-зерттеуші үшін – 5 жыл және (немесе) біліктілігі жоғары деңгейдегі жұмыс өтілі педагог-шебер үшін – 5 жыл. 17. Кәсіби құзыреттілікті айқындай отырып, біліктілікке қойылатын талаптар: 1) "педагог": біліктілігі жоғары деңгейдегі педагогке қойылатын жалпы талаптарға жауап беруі тиіс: оқу бағдарламасының мазмұны мен оқыту әдістемесін білуі, жұмыс жоспарын құруы, білім беру ұйымы деңгейінде іс-шараларды жоспарлауы және ұйымдастыруы тиіс; 2) "педагог-модератор": "педагог" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: тұрақты оң нәтижелерді қамтамасыз ету; музыкалық сабақтардың әртүрлі түрлерін кеңінен қолдану; МДҰ-ның әдістемелік жұмысына қатысу; педагогикалық кеңестерде сөз сөйлеу; ашық сабақтар өткізу, білім беру ұйымдарының ішіндегі іс-шараларға қатысу; 3) "педагог-сарапшы": "педагог-модератор" біліктілігіне қойылатын талаптарға, сондай-ақ: мектеп жасына дейінгі балаларды музыкалық тәрбиелеу мен оқытудың әртүрлі заманауи әдістерін, мектеп жасына дейінгі балалардың музыкалық қабілеттерін дамыту диагностикасының элементтерін білу; баланың даму ортасын өзгертуге белсенді қатысу; 4) "педагог-зерттеуші": "педагог-сарапшы" біліктілігіне қойылатын талаптарға, сондай-ақ: мектеп жасына дейінгі балаларды музыкалық тәрбиелеу мен оқытудың заманауи әдістерін қолданудың өзіндік шығармашылық ізденісін жүзеге асыру, оларға балаларды музыкалық дамытудың өзіндік әдістерін үйрету; кәсіби конкурстардың қатысушысы болу; 5) "педагог-шебер": "педагог-зерттеуші" біліктілігіне қойылатын талаптарға, сондай-ақ: балалардың музыкалық дамуының өзіндік әдістері бар; республикалық және халықаралық кәсіби конкурстардың қатысушысы болу; облыстық оқу-әдістемелік кеңесте және РОӘК-те мақұлданған әдістемелік материалдардың болуы.