23-параграф. Оқу-әдістемелік бірлестіктің әдіскері 328. Лауазымдық міндеттері: білім беру ұйымының оқу-әдістемелік бірлестігінің оқу-әдістемелік жұмысын жүзеге асырады және талдайды; техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мамандықтары бойынша Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарды, үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламаларын, оқу-әдістемелік кешендерді дайындау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады; техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін жетілдіру жөнінде конференциялар, семинарлар және басқа да іс-шаралар өткізеді; инновациялық педагогикалық тәжірибені анықтайды, зерделейді, жинақтайды, енгізеді және таратады, педагогикалық қызметкерлерге бағдарламаларды, оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеуге жәрдемдеседі; оқу-әдістемелік әдебиеттермен, оқу құралдарымен, оқу-зертханалық жабдықтармен қамтамасыз етілуін бағалау жағдайы туралы талдамалық материалдарды дайындауға қатысады; білім беретін оқу бағдарламаларының ақпараттық деректер банкін құруды, мамандарды даярлау сапасының мониторингін ұйымдастырады; шеберханаларда және өндірісте санитариялық-гигиеналық режим ережелерін сақтау, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша жұмыстарды ұйымдастырады; белгіленген есептік құжаттаманың уақытылы жасалуын қамтамасыз етеді. 329. Білуге тиіс: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Педагог мәртебесі туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңдары, білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламалары, білім алушыларды оқыту және тәрбиелеу мәселелері жөніндегі басқа да нормативтік құқықтық актілер; оқу пәнінің мазмұны, оқу-тәрбие процесі, оқыту және бағалау әдістемесі; педагогика және психология, әлеуметтану негіздері, қазіргі педагогикалық ғылым мен практиканың жетістіктері; басқарудың инновациялық әдістері, экономика негіздері; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өртке қарсы қорғау қағидалары. 330. Біліктілікке қойылатын талаптар: тиісті бейін бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білім немесе өзге де жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы жұмыс өтілі кемінде 1 жыл; және (немесе) біліктілігінің жоғары деңгейі болған кезде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының әдіскері лауазымындағы жұмыс өтілі: педагог-модератор үшін кемінде 2 жыл, педагог-сарапшы үшін кемінде 3 жыл, педагог-зерттеуші үшін кемінде 4 жы, педагог-шебер үшін – 5 жыл. 331. Кәсіби құзыреттілікті айқындай отырып, біліктілікке қойылатын талаптар: 1) "педагог": білім алушылардың психологиялық жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу-тәрбие процесін жоспарлай және ұйымдастыра алады; білім алушының жалпы мәдениетін қалыптастыруға және оны әлеуметтендіруге ықпал етеді; білім беру ұйымы деңгейіндегі іс-шараларға қатысады; білім алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, тәрбиелеу мен оқытуда жеке тәсілді жүзеге асырады; кәсіби-педагогикалық диалог дағдыларын меңгерген; сандық білім беру ресурстарын қолданады; 2) "педагог-модератор": "педагог" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: оқытудың инновациялық формаларын, әдістері мен құралдарын қолданады; білім беру ұйымы деңгейінде тәжірибені жинақтайды; білім беру ұйымы деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушылары бар; 3) "педагог-сарапшы": "педагог-модератор" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: ұйымдастырылған оқу қызметін талдау дағдыларын меңгерген; тәлімгерлікті жүзеге асырады және білім беру ұйымы деңгейінде өзінің және әріптестерінің кәсіби дамуының басымдықтарын сындарлы айқындайды; аудан/қала деңгейінде тәжірибені жинақтайды; аудан/қала деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушылары бар; 4) "педагог-зерттеуші": "педагог-сарапшы" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: сабақты зерттеу және бағалау құралдарын әзірлеу дағдыларын меңгерген; білім алушылардың зерттеушілік дағдыларын дамытуды қамтамасыз етеді; аудан, қала деңгейінде педагогикалық қоғамдастықта тәлімгерлікті жүзеге асырады және даму стратегиясын сындарлы айқындайды; облыс/республикалық маңызы бар қалалар және астана, республика деңгейінде тәжірибені жинақтайды (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін); облыс/республикалық маңызы бар қалалар және астана, республика деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушылары бар (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін); 5) "педагог-шебер": "педагог-зерттеуші" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңесте немесе техникалық және кәсіптік білім департаменті жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңесте мақұлданған авторлық бағдарламаның болуы, немесе оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдар тізбесіне енгізілген шығарылған оқулықтардың, оқу-әдістемелік құралдардың авторы (бірлескен авторы) болып табылады, білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен немесе техникалық және кәсіптік білім департаменті жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған немесе тест тапсырмаларын, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді сараптау жөніндегі әзірлеушілер мен сарапшылардың құрамына кіретін немесе Уорлд скилс (WorldSkills) республикалық және халықаралық чемпионаттарының сарапшысы (кәсіби шеберлік конкурсы) немесе педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша жаттықтырушы болып табылады; ғылыми жобалау дағдыларын дамытуды қамтамасыз етеді, тәлімгерлікті жүзеге асырады және облыс деңгейінде кәсіби қоғамдастық желісін дамытуды жоспарлайды; республикалық және халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың қатысушысы болып табылады немесе республикалық және халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың қатысушыларын даярлайды.