4-параграф. Әдістемелік (оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік) орталық (кабинет) секторының меңгерушісі 237. Лауазымдық міндеттері: әдістемелік (оқу-әдістемелік, ғылыми-әдістемелік) кабинет (орталық) секторының қызметін басқарады, қызмет бағыты бойынша ағымдағы және перспективалық жоспарлауды ұйымдастырады, жоспарлы тапсырмалардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етеді, әдіскерлердің жұмысын үйлестіреді; инновациялық әдістемелік материалдарды, технологияларды, әдістемелерді игеру мен әзірлеуде әдіскерлерге, педагогтерге көмек көрсетуді қамтамасыз етеді; білім беру процесін жетілдіру және әдістемелік жұмысты басқару бойынша ұсыныстар енгізеді; педагогтерді тағайындау (растау) рәсімін дайындауға және өткізуге қатысады; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өрттен қорғау қағидаларын сақтайды. 238. Білуге тиіс: Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Педагог мәртебесі туралы", "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы", "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Заңдары және білім беруді дамытудың бағыттары мен перспективаларын айқындайтын өзге де нормативтік құқықтық актілер; педагогика және психология негіздері; мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, педагогика, психология, педагогикалық ғылым мен практиканың жетістіктері; педагогикалық этиканың нормалары; Қаржы-шаруашылық қызметінің негіздері; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өртке қарсы қорғау қағидалары, санитариялық қағидалар мен нормалар. 239. Біліктілікке қойылатын талаптар: облыс, республикалық маңызы бар қалалар деңгейінде: жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білім немесе педагогикалық қайта даярлауды растайтын құжат, педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 жыл; "педагог-сарапшы", "педагог-зерттеуші", "педагог-шебер" біліктілік санаттарының болуы. аудандар/қалалар деңгейінде: жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білім немесе педагогикалық қайта даярлауды растайтын құжат, педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 3 жыл.