8-параграф. Орта білім беру ұйымдарының бастапқы әскери және технологиялық даярлығының педагог-ұйымдастырушысы 68. Лауазымдық міндеттері: білім алушыларды әскери-патриоттық тәрбиелеу жөніндегі жұмысты ұйымдастырады; оқу бағдарламаларын, оқу-әдістемелік кешендерді әзірлейді; оқу кабинетін жабдықтауға және жабдықтауға қойылатын талаптарды сақтайды; басшының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарымен, сынып жетекшілерімен (топ жетекшілерімен) бірлесіп, оқу жылына арналған әскери-патриоттық жұмыс жоспарын әзірлейді, оның орындалуын қамтамасыз етеді және оқу полигонының жұмысын үйлестіреді; білім беру ұйымдарының бастапқы әскери даярлық кабинеттерінің және (немесе) полигондарының материалдық базасын дамыту және нығайту, жабдықтар мен құрал-саймандардың сақталуы, санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуы бойынша шаралар қабылдайды; әскери іс негіздерін зерделеу бойынша үйірмелерге, әскери іс негіздерін зерделеу бойынша әскери-патриоттық клубқа басшылық етеді, төтенше жағдайлардағы іс-қимылдар бойынша практикалық сабақтар мен жаттығулар өткізеді; әскерге шақыру жасына дейінгілерді әскери есепке қою жөніндегі алдын ала жұмысты ұйымдастырады; білім беру ұйымдарында азаматтық қорғаныс бойынша сабақтар өткізеді, қысылтаяң жағдайларда әрекет ету бойынша іс - шараларды пысықтайды, қорғаныс құрылыстарының, қысылтаяң жағдайларда азаматтық қорғаныс бойынша жеке қорғаныс құралдарының әзірлігін қамтамасыз етеді; оқу-тәрбие үдерісінде қауіпсіздік шараларын сақтайды; білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, Академиялық адалдық қағидаттарын бойына сіңіреді. 69. Білуге тиіс: Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының "Білім туралы", "Педагог мәртебесі туралы", "Қазақстан Республикасындағы Баланың құқықтары туралы", "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңдарын, Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери есепке алу мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді, "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы"; білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламалары, білім алушыларға білім беру мен тәрбиелеу, бастапқы әскери даярлық мәселелері жөніндегі өзге де нормативтік құқықтық актілер; мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, оқу пәнінің мазмұны, оқу-тәрбие процесі, оқыту және бағалау әдістемесі; педагогика және психология, әлеуметтану негіздері, қазіргі педагогикалық ғылым мен практиканың жетістіктері; басқарудың инновациялық әдістері; педагогикалық этиканың нормалары; экономика негіздері, еңбек заңнамасы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өртке қарсы қорғау қағидалары. 70. Біліктілікке қойылатын талаптар: "Бастапқы әскери оқыту және дене тәрбиесі оқытушысы" мамандығы бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім; "Запастағы офицер", офицерлік құрам лауазымдарында жоғары (орта) әскери немесе педагогикалық білімі немесе педагогикалық қайта даярлығын растайтын құжаты бар әскери қызметі болған жағдайда, жұмыс өтіліне талап қойылмайды; және (немесе) біліктілігінің жоғары деңгейі болған кезде мамандығы бойынша жұмыс өтілі: педагог-модератор үшін-кемінде 2 жыл, педагог – сарапшы үшін-кемінде 3 жыл, педагог-зерттеуші үшін – кемінде 4 жыл, педагог-шебер үшін-5 жыл. 71. Кәсіби құзыреттіліктерді айқындай отырып, біліктілікке қойылатын талаптар: 1) "педагог": білім алушылардың психологиялық-жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу-тәрбие процесін жоспарлауға және ұйымдастыруға тиіс; білім алушының жалпы мәдениетін қалыптастыруға және оны әлеуметтендіруге ықпал ету; білім беру ұйымы деңгейіндегі іс-шараларға қатысу; білім алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, тәрбиелеу мен оқытуда жеке тәсілді жүзеге асыру; кәсіби-педагогикалық диалог дағдыларын пайдалану; сандық білім беру ресурстарын қолдану; 2) "педагог-модератор": бұдан басқа, "педагог" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға сәйкес келуі тиіс: оқытудың инновациялық формаларын, әдістері мен құралдарын қолдану; білім беру ұйымы деңгейінде тәжірибені жинақтау; білім беру ұйымы деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушылардың болуы; 3) "педагог-сарапшы": "педагог-модератор" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: ұйымдастырылған оқу қызметін талдау дағдыларын пайдалану; тәлімгерлікті жүзеге асыру және білім беру ұйымы деңгейінде өзінің және әріптестерінің кәсіби даму басымдықтарын айқындау; аудан/қала деңгейінде тәжірибені жинақтау; аудан/қала деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушылардың болуы; 4) "педагог-зерттеуші": "педагог-сарапшы" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: сабақты зерттеу және бағалау құралдарын әзірлеу дағдыларын пайдалану; білім алушылардың зерттеу дағдыларын дамытуды қамтамасыз ету; аудан, қала деңгейінде педагогикалық қоғамдастықта тәлімгерлікті жүзеге асыру және даму стратегиясын айқындау; облыс/республикалық маңызы бар қалалар және астана, республика деңгейінде тәжірибені жинақтау (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін); облыс/республикалық маңызы бар қалалар және астана, республика деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушылардың болуы (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар үшін); 5) "педагог-шебер": "педагог-зерттеуші" біліктілігіне қойылатын жалпы талаптарға, сондай-ақ: облыстық оқу-әдістемелік кеңесте және РОӘК-де мақұлданған авторлық бағдарламасы болуы немесе басып шығарылған оқулықтардың, оқу-әдістемелік құралдардың авторы (тең авторы) болуы; ғылыми жобалау дағдыларын дамытуды қамтамасыз ету; тәлімгерлікті жүзеге асыру және облыс деңгейінде кәсіби қоғамдастық желісін дамытуды жоспарлау; республикалық және халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың қатысушысы болу немесе республикалық және халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың қатысушыларын дайындау.