11-БАП. ПЕДАГОГТІҢ КƏСІПТІК ҚЫЗМЕТІМЕН АЙНАЛЫСУҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗУДІ ШЕКТЕУ Педагогтің кəсіптік қызметіне: 1) соттың заңды күшіне енген үкіміне сəйкес педагогтің кəсіптік қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылған; 2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тəртіппен əрекетке қабілетсіз немесе əрекет қабілеті шектеулі деп танылған; 3) медициналық қарсы көрсетілімдері бар, психиатриялық жəне (немесе) наркологиялық есепте тұрған; 4) техникалық жəне кəсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы құжаттары жоқ адамдар; 5) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген өзге де шектеулер негізінде жіберілмейді.
12-БАП. ƏЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІКТЕР Педагогтерге: 1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес тұрғынжайға, оның ішінде қызметтік тұрғынжайға жəне (немесе) жатақханаға; 2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тəртіппен жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне кепілдік беріледі. Ауылдық елді мекендерде кəсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басымдық тəртіппен жүзеге асырылады; 3) ұзақтығы күнтізбелік 56 күн жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына; 4) өздеріне кезекті еңбек демалысы берілген кезде күнтізбелік жылда бір рет кемінде бір лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жəрдемақыға кепілдік беріледі.
Педагогтің жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимінің ерекшеліктері білім беру саласындағы уəкілетті орган тиісті саланың уəкілетті органдарымен келісу бойынша бекітетін қағидаларда айқындалады.
Педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан орындарды жергілікті атқарушы органдар бірінші кезектегі тəртіппен береді.
Педагог Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сəйкес денсаулық сақтау саласындағы құқықтарды қамтамасыз ететін əлеуметтік кепілдіктерді иеленеді.
Ауылдық елді мекенде кəсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогке: 1) жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қала жағдайында кəсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтердің ставкаларымен салыстырғанда айлықақылар мен тарифтік ставкалар кемінде жиырма бес пайызға арттырылып белгіленеді; 2) жергілікті өкілді органдар бекіткен тəртіппен жəне мөлшерде бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу жəне отын сатып алу бойынша əлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Ауылдық елді мекендерге кəсіптік қызметін жүзеге асыру жəне тұру үшін келген педагогке жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша көтерме жəрдемақы жəне тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін əлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Жергілікті атқарушы органдар педагогке тұрғынжайды жалдау (жалға алу) үшін жəне коммуналдық көрсетілетін қызметтерге өтемақы төлемдерін, санаторийлік-курорттық емделуге жəне демалуға жолдама сатып алу үшін толық немесе ішінара төлемдер, сондайақ педагогті əлеуметтік қолдауға бағытталған өзге де жеңілдіктер белгілеуге құқылы.