Озық педагогикалық тәжірибе — педагогтың шеберлігінің жоғары деңгейі, тұрақты педагогикалық нәтиже беретін оқыту және тәрбие тәжірибесі. Тәжірибесінде жаңалық болмауы мүмкін, бірақ ол ғылымда белгілі бір принциптерді, әдістерді табысты түрде қолданып, басқа педагогтарға үлгі болып, озат тәжірибесі басқа балабақшаларға таратылады. Педагогикалық озат тәжірбиенің мағынасы: шығармашылық ізденіс, жаңалығы бар тәжірибе, жаңашылдардың тәжірибесі. Мұндай педагогикалық тәжірибе өте құнды. Сондықтан, бірінші кезекте осы тәжірибені талдап, баға беріп, тарату керек. Жай шеберлік пен жаңашылдық арасындағы айырмашылықты көру қиын, себебі педагог ғылымда белгілі принциптер мен әдістерді қолданып, қол жеткен жетістіктермен шектелмейді, жаңа әдістерді қолданып, немесе ескі әдіс–тәсілдерді тиімді етіп ұштастырып, бірте-бірте жаңашыл болады, олай болса кез келген жақсы тәжірибені балабақшаның тәжірибесіне енгізуге болады, бірақ жаңашыл педагогтардың іс-тәжірибесін жан-жақты талдап, қорытындылап тарату керек.
Педагогикалық озат тәжірибе оқу-тәрбие жұмысын үнемі дамытып және жетілдіріп отырады. Сондықтан, әрбір педагог еліміздегі жаңашыл ұстаздардың бай тәжірибесін, белгілі педагогтар мен психологтардың ғылыми еңбектерін терең зерттеп, олардың ұсынбаларын өз ісінде шеберлікпен пайдаланғаны жөн. Педагогикалық тәжірибені зерттеудің жолдары: педагогтың өз тәжірибесін өзі зерттеп жинақтауы, педагогикалық еңбек шеберлерінің жұмыс жүйесін зерттеу және жинақтау; жаңашыл педагогтардың озат тәжірибесін тарату және оны оқу – тәрбие процесіне енгізу, оқу және тәрбие салаларында орын алып отырған мәселелерді тауып, оны шешуге ат салысу.
Оқыту мен тәрбиенің тиімді тәсілдері мен әдістерін табуда педагогтың өз тәжірибесін өзі зерттеп, жинақтау ісі-әрі қиын, әрі күрделі мәселелердің бірі. Педагог оқыту мен тәрбие саласындағы орын алып отырған бір мәселені шешу үшін әдіс – тәсілдерді таңдап алып, олардың балаларға ықпалын ұйымдастырылған оқу қызметі және тәрбиелік іс – шаралар арқылы байқайды. Мұғалім өзінің немесе көршілес балабақшадағы тәжірибелі педагогтардың тәрбие жұмыстарымен танысып, оқу қызметтеріне қатысып, олардың оқыту мен тәрбие әдістерін өзінің әдістерімен салыстырып, тиісті қорытындылар жасап, зерттеу жұмысының құжаттарын, атап айтсақ, технологиялық карта, күнтізбелік-тақырыптық жоспар жинақтайды.
Педагогикалық тәжірибені зерттеу, жинақтау ісі күрделі және шығармашылық мәселелердің бірі болып табылады. Педагогикалық тәжірибе – оқыту, білім беру және тәрбие тәжірибесі, дәлірек айтсақ нәтижесі белгілі бір мақсатпен ұйымдастырылатын педагогикалық процесс.
Озық тәжірибені зерделеу және қорыту педагогика ғылымын дамытудың негізгі қайнар көздерінің бірі болып табылады, өйткені, бұл әдіс өзекті ғылыми мәселелерді табуға мүмкіндік береді, педагогикалық үдерістің заңдылықтарын оқып үйренуге негіз жасайды.
Озық педагогикалық тәжірбиенің екі түрі бар:
а) педагогтың ғылыми ұстанымдары біліктілікпен, ұтымды кешенді пайдалануы болып табылатын педагогикалық шеберлігі;
ә) педагогикалық жаңашылдық, яғни жаңа білім беру қызметін көрсетулері, оқытудың жаңа мазмұны, нысандары мен әдістері, тәсілдері мен құралдары, т.с.с өзінің шығармашылық табыстарымен байытылған тәжірибе.
Педагогикалық жұмыста зор табыстарға жетіп, өзін-өзі іс жүзінде көрсете білген шебер педагогтардың жұмыс жүйесін зерттеп, жинақтау – озат тәжірбиені кеңінен таратудың басты формасына жатады. Жоспар бойынша зерттеу жұмысы ең алдымен танысу және бақылау критерийлерінен өтеді.
Озық тәжірибенің критерийлері:
1. Жаңашылдық – белгілі бір қалыптасқан әдістемені жоққа шығару емес, оны жетілдіру, толықтыру;
2. Жоғары нәтижелілік;
3. Тәжірибені басқа да педагогтар мен оқу орындарының пайдалану мүмкіндігі;
4. Тәжірибенің оңтайлылығы; көкейтестілігі, оның ғылым үшін және педагогикалық тәжірибе үшін құндылығы;
5. Бұқаралық тәжірибеде шығармашылықты қолдану мүмкіндігі.
Педагог озық педагогикалық идеяларды және жаңашыл педагогтардың тәжірбиесін игеру үшін оларды өзінің педагогикалық жүйесінің құрамдас бөлігі етеді, жетілдіріп дамытады. Оларға өзінің шығармашылық ойының элементін енгізеді. Озық идеяларды және педагогикалық тәжірбиені енгізу мен таратудың түсінікті формалары – ауызша және баспасөз арқылы насихатталады.