Байланысты: Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.
С.Т.Шацкий (1878-1934) - еркін тәрбие беру тұжырымдамасының негізін қалаушылардың бірі. С.Т.Шацкий өз еңбектерінде адам өміріндегі балалық шақтың маңызын, оның ерекшеліктерін, заңдылықтарын, әр жас кезеңінің оқу-тәрбиедегі мәнін - балалық шақтың құнды ұстанымдарынанықтауға арнады. Бұл принцип бойынша оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда баланың дүниені сезінуін, оның ішкі жан дүниесін ескеру керектігі баса айтылды.
Оқу-тәрбие жұмысы баланың даму заңдылықтарына сәйкес, айналадағы ортамен байланысты ұйымдастырылуы тиіс. Бұл баланың табиғи дамуын ескеру принципіне және оның ішкі сезімінің дүниесіне сәйкес келеді.
Ол баланы- оның табиғи дамуына лайықты шығармашылық қызметке: танымдық, көркем-шығармашылық, ойын, еңбек, қарым-қатынас құруға өз еркімен араластыру қажет деп есептеді.
Еркін тәрбие беру тұжырымдамасын ұстанған педагог, баланы биологиялық және әлеуметтік тіршілік иесі санағандықтан білім және тәрбие беру үдерістерінде оның биологиялық жағын ескеру, баланың тиімді дамуын қамтамасыз ететініне назар аударды:
- ортаның қоятын талабы заңды, сондықтан оқу-тәрбие үдерісінде ортаның ықпалын ескеру шарт;
- оқу-тәрбие үдерісі тұлғаны жан-жақты дамытуға бағыт беріп, оларды әлеуметтік өмірдің тар аясына салмауы тиіс.
С.Т.Шацкий мектеп ортаны өзгертуге қатысуы қажет деп санайды. Тұлғаның шығармашылық дамуына ортаның теріс ықпалы байқалатын болса, онда оқу-тәрбие үдерісін арнайы ұйымдастырылған ортада жүргізу қажеттігін ұсынды.
Еркіндік ұстанымына құрылған оқу-тәрбие үдерісі мемлекеттік мектептерден өзгеше болуы тиіс, мектепішілік жұмыста білімді бағалаудан, емтиханнан бас тарту, қайырымдылыққа негізделген орта құру, баланың күш-қуаты мен мүмкіндігіне сенім арту, оқыту талаптарының табиғи болуы, балаларға ешқандай тәндік жаза мен моральдық қысым көрсетілмеуі, оқушылардың оқу әдістері мен мұғалімдерді таңдауына ерік берілуі керек деп есептеді.
Оқуды еркіндік ұстанымына негіздеуді ұстанған педагог мектепті үкімет бақылауынан босату керек деді.
Еркін тәрбие тұжырымдамасы бала тәрбиесіндегі әлеуметтік ортаның ықпалы күшті деп ескертеді. Баланың ерік сапасын қалыптасыруда ақыл-ой, адамгершілік, дене дамуын қамтамасыз ететін өнімді еңбектің маңызын ерекше атап көрсетеді.
С.Т.Шацкийдің педагогикалық еңбектерінде баланы еңбекке тәрбиелеудің теориялық және тәжірибелік қыры жан-жақты ашылып көрсетіледі. Ол баланың жас кезіндегі еңбегін өнермен және ойынмен тығыз байланысты дамыту қажеттігі туралы құнды пікірлер ұсынады.