Байланысты: Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.
Нәзипа Құлжанованың педагогикалық көзқарастары (1887-1934). Қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданында көшпелі қазақ отбасында дүниеге келген.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында өзінің тәлім-тәрбиелік ойларымен қазақ әйелдерінің арасынан әлеумет өмірінде алғаш көзге көрінген кісінің бірі – Нәзипа Құлжанова болды. Ол журналист-публицист, педагог-тәлімгер, екі тілде бірдей жазатын аудармашы. Шығыс еңбекші әйелдерінің І съезін ұйымдастырушылардың бірі, орыс жағрафия қоғамының Семей бөлімшесінің мүшесі еді.
Ол 1902 жылы Қостанайдағы қыздар гимназиясын бітірген соң Торғайдағы қыз балалар училищесіне мұғалімдікке тағайындалады. М.Құлжанова 1904 жылдары Семей мұғалімдер семинариясына орналасып, сонда 1919 жылдарға дейін оқытушы болып істейді, 1920-22 жылдары Ақмолада әуелі мұғалім, кейіннен уездік комитетте жауапты қызмет атқарады, одан соң Орынборға шақырылып, 1923-25 жылдары “Қызыл Қазақстан” журналының хатшысы, ал 1925-29 жылдары республикалық “Еңбекші қазақ” газетінде редколлегия мүшелерінің бірі, “Әйел теңдігі” журналының бөлім меңгерушісі, кейіннен жауапты хатшысы қызметтерін атқарады.
Н.Құлжанованың белсене араласуымен 1924 жылы Орынборда “Мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу” атты педагогикалық жинақ, нұсқау кітабы жарық көрді. Кейіннен “Әйел теңдігі” журналында осы ізгілікті іс әрмен қарай жалғастырылды. Журнал беттерінде қазақ бала бақшаларының озат тәжірибелері, онда жүргізіліп жатқан түрлі тәрбие жұмыстарының жай-жапсары, мақсат-міндеттері жайлы көптеген мақалалар жарияланды. Осы журналдың мектепке дейінгі тәрбие бөлімін басқарған Н.Құлжанова осынау көшпелі қазақ елінде бұрын-соңды болып көрмеген бала тәрбиесінің жаңа түрін аяғынан тәй тұрғызуға себепші болды. (Қазақ Совет энциклопедиясы”, 7-том. Алматы, 1975, 586-бет). Нәзипаның тәлім-тәрбиелік пікірлері медицина ғылымымен сабақтасып жатады. Автордың “Бала күтімі”, “Баланың өміріне күннің сәулесі, таза ауа аса қажет”, “Баланың аурулары” т.б. мақалаларында тәрбиені бала жөргегінен бастауды ұсына келіп, өзі түйіндеген тұжырымның түп негізі етіп: “Тәні саудың – жаны сау” дейтін халық даналығын алады.
Н.Құлжанованың ұстаздық тәлімгерлік тұлғасын таныта түсетін екі еңбегі бар. Оның алғашқысы 1923 жылы Орынборда шыққан “Мектептен бұрынғы тәрбие” атты еңбегі еді, оның алғы сөзін халқымыздың көрнекті лингвист-ғалымы, түрколог, ақын, публицист, ірі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов жазған болатын. Аталмыш еңбектерінде автор мектепке дейінгі балалар мекемелерінің тарихын, олардың отандық және шетелдік үлгілерін сөз ете келіп, қоғамдық ортадан тәрбие алатын жас жеткіншектердің ерекшелігіне орай, қоршаған ортасының ықпал-әсерінен туындайтын психологиялық өзгерістерді де кеңінен баяндайды. Мәселен, бұл жөнінде автор былай дейді: “Ойын – оның шын тіршілігі… Төңіректегі нәрседен өзіне қызықтысы ғана көзіне түсіп, ықылас тартады. Және бір мінезі – сөйлеуге жалықпайды. Тынымсыз қимылының бәрі сөзімен жалғасып жүреді. Көрген нәрсесіне ықыласы жеңіл, тұрақсыз… Көрген нәрсесін айтқанда ұмытқан жерлерін ойдан толықтырады”… дей келіп үш пен жеті жастың арасындағы балдырғандар бойында кездесетін физиологиялық және психологиялық ерекшеліктерді сөз етеді.
Ол ересектер мен сәби, бөбектер арасындағы қарым-қатынас мәселесіне де ерекше көңіл бөледі: “Балаға сусындай керегінің бірі – сөйлеу. Түрлі білімнің түбірі, негізі – баланың сөйлеуі, білуге құмарлығы. Сұрағына жауап бермей “мазамды алма” деп, үнемі баланың бетін қайтару арқылы білуге құмарлығының негізін жоғалтып жіберуге болады”, – дей келе, автор бала ойынының айналаны тани-білу құмарлығымен ұштасып жататындығын ескертеді. Н.Құлжанова баланы жас кезінде көбінде табиғат аясында бағып-қағудың тиімділігін айтады. Ол осы пікірін әрмен қарай жалғастыра келіп: “Әрбір құлықты, жақсы адам мінезінің түпкі негізінде болатын еңбек ету, көңіл және дене тазалығының машықтары бала әдетіне төңіректегінің бәріне еліктегіш, талшыбықтай икемді, нәзік, жас кезінде кіріп, сіңіп қалады”, – деп автор ойын баласының мектеп жасына дейінгі бүкіл тыныс-тіршілігі оның мектепте алар тәлімінің әзірлік сатысы болып табылатындықтан осы кезеңдегі тәлім-тірбиеге ерекше мұқият қараудың маңыздылығына тоқталады.
Н.Құлжанова мектепке дейінгі тәрбиенің басты бағыттарын “Тән саулығы”, “Баланың сырт сезімдерінің дамуы”, “Нәрсенің түр-түсін тану”, “Дененің қимылын түзету”, “Шеберлігін көтеру”, “Баланың білімін арттыру”, “Бала тілінің шеберленуі”, “Еңбекке машықтандыру”, “Көпшілдік және еңбек”, – деп бұлардың әрқайсысына жеке-жеке сипаттама берді.
Н.Құлжанованың еңбектерінде Қазан төңкерісінің қарсаңындағы көшпелі қазақ елінің тұрмысы, сол уақыттағы ауыл мен қала өмірінің шындығынан алынған нақты көріністер айқын байқалады.