Байланысты: Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.
Майқы би Төбейұлы. Майқы би Төбейұлы 1105–1225 жылдар шамасында ғұмыр кешкен түркі халқының төбе биі болған.
Тарихи деректерге қарағанда, Майқы би бір ғана қазақ жұртының емес, бүкіл түркі тұқымдас халықтардың бас биі болғанға ұқсайды. Сондықтан да оны бүкіл түрік тұқымдас елдер, әсіресе татар, башқұрт, ұйғыр, қарақалпақ, өзбек тағы сондай халықтар өздерінің бас биі деп санаған.
Ежелгі тарихшы Рашид ад-Диннің “Джами-ат тауарих” деген еңбегінде екінші Майқы би Шыңғыс ханның оң қолы, ақылшысы, Шыңғыс хан өзі жорыққа шығарда оны өз орнына қалдырып кететін сенімді бас биі болғаны көрсетілген. Бұл жөнінде ұлы Абай былайша жазған: “…моңғолдан Шыңғыс хан шыққанда, қазақтар құтты болсынға барыпты. Бірақ қай жерге барғаны мағлұм емес. Сөйтсе де осы Шыңғыс тауында, әскері Қарауыл өзенінің бойында жатып, он екі рудан он екі кісі моңғолдың өз заңы бойынша “хан” деген үлкен биіктің басында ақ киізге Шыңғысты отырғызып, хан көтерген дейді. Тауының Шыңғыс аталып, биігі Хан аталмақ себебі де сол болса керек. Сол он екі кісінің бірі қазақтың Майқы би деген кісісі екен. “Түгел сөздің түбі бір – түп атасы Майқы би” деген мақал болған. Майқы би сол кісі екен…” дейді.
Майқы би қазақ халқының бірлігін сақтап, біртұтас ел болу жолында алғашқы ұлыс бірлігін құруда көп еңбек сіңірген қайраткер. Оның бұл қызметі жөнінде аңыз, әңгімелер аз емес.
Ел аңыздарының бірінде Ахметті Ұлытауда халық хан көтеріп, хан сайлағанда, (жауынгерлігімен Алаша хан атанады) әр жүздің жорықта атқаратын міндетін, жауынгерлік ұранын белгілеп берген де Майқы би. Ол Ахметке (Алаша ханға) ақыл-кеңес беріп отырған деседі.
Майқы би 120 жасқа жетіп дүниеден қайтқан. Майқы би елге еткен ақыл-парасатымен қатар қазақтың шешендік сөз өнерін де бастаған айтулы шешен, бас би болған. Майқының жылын атап өткен соң, сол өңірдің билері төбе би болуға таласады. Бір-бірінен сөз асырмақ болып бұрын Майқы айтқан билік, шешендік сөздерді өз аттарынан айтқансып сөз сайыстырады. Сонда Майқы бидің алдын көріп, сөзін тыңдаған бір көне көз қария:
– Сендер несіне таласасыңдар? Бұл кешегі Майқы би жарықтық айтып кеткен өсиет сөздер ғой. “Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би” – деп орнынан тұрып жүре беріпті.
Тоғыз ханды таққа отырғызған Майқы би өзінен бұрынғы түркілердің жазба және ауызша мәдениетінен мол хабардар болғанға ұқсайды. Оны жоғарыдағы қарияның сөзі де қуаттайды. Майқы би айтты дейтін мақал, нақылға айналып кеткен аталы сөздердің кейбіреулері төмендегідей:
“Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді”, “Ханның биі ақылды болса, қара жерден кеме жүргізеді”, “Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, ел болуды ойлаңдар”, “Би екеу болса, дау төртеу”, “Естіге айтқан тура сөз, шыңға тіккен тумен тең. Есерге айтқан тура сөз, құмға сіңген сумен тең”, “Уәзіріне сырын алдырған хан, қақпанға түскен аң”, “Таста тамыр жоқ, ханда бауыр жоқ”, “Аспан ашық болса, күн шуақты болады. Хан әділ болса, халық ынтымақты болады” т.б.