Байланысты: Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.
Жүсіпбек Аймауытовтың педагогикалық көзқарастары. (1889-1931). Ұзақ жылдар бойы “ұлтшылдық” әдебиеттің өкілі деген айып тағылып, жазықсыз жапа шеккен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті қайраткерлерінің бірі Ж.Аймауытов жазушылығымен қоса қазақ топырағында тұңғыш педагогика, психология, көркемөнер ғылымдары саласында қалам тартып, құнды-құнды ғылыми-зерттеу еңбектерін жазуымен, бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы болуымен дараланған ірі тұлға.
Ж.Аймауытов бұрынғы Семей губерниясының, Кереку (қазіргі Павлодар) уезінің Қызылтау болысында, кедей шаруасының отбасында дүниеге келген. Ол Павлодардағы орыс-қазақ мектебін, одан соң Семейдегі мұғалімдер семинариясын (1918) бітірген. 1917-19 жылдары алашорда ұйымына кіреді. 1911-14 жылдар арасында Баянауылда бала оқытады, кейінгі жылдары әртүрлі қызмет атқарады. 1920 жылы РК (б) П қатарына кіреді. Қазақстан Советтерінің съезінде делегат болып сайланады. КАССР халық ағарту комиссариатының коллегия мүшесі, “Қазақ тілі”, “Ақ жол” газеттерінің қызметкері, мектеп мұғалімі, 1926-29 жылдары Шымкенттегі педтехникумның директоры болып қызмет істейді. 1929 жылы тұтқынға алынып, 1931 жылы өлім жазасына кесіледі.
Ж.Аймауытов өзінің тәлім-тәрбие саласындағы бағыт-бағдарын 1918 жылы ақпан айында Семей қаласында шыққан әдеби және ғылыми-қоғамдық “Абай” атты журналдың бас мақаласынан аңғартады. Онда Аймауытов: “…қазақ сахарасында мыңмен жалғыз алысып, жапа шеккен ұлы ағартушы Абайдың көздеген мақсаты халқын өнер-білімге, оқуға, отырықшылыққа, мәдениетті ел дәрежесіне жеткізу еді” – деп жазады. Ол Абай ұстанған ағартушылық жолды тыныс-тіршілігінің негізгі арқауы етіп алды.
Абай журналының 1918 жылғы 1,2 сандарында Аймауытовтың “Тәрбие” атты көлемді мақаласында тәлім-тәрбиелік ой-пікірлер ғылыми тұрғыдан терең баяндалған.
Ж.Аймауытов “адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан… Адам баласының ұрлық істеуі, өтірік айтуы, кісі тонауы, өлтіруі сықылды бұзақылықтарды жасауы, тәрбиенің жетіспегендігінен” дейді. Ол тәрбиенің екі түрлі болатынын: дене тәрбиесі және жан (рух) тәрбиесі болып бөлінетіндігін атап көрсетеді.
Аймауытов балаға әсер ететін нәрсе медресе (мектеп) және тәрбиеші (мұғалім) деп санайды.
Автор ең алдымен бала тәрбиесіндегі отбасының рөліне ерекше тоқталады. “Баланы бұзуға, яки түзеуге себеп болатын бір шарт жас күнде көрген өнеге. Ол өнеге әке-шешенің тәрбиесі арқылы қалыптасады. Ата-ананың берген тәрбиесі баланың мінезіне салған ізге байланысты. “Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі” деп атамыз қазақ тауып айтқан. Балаға қайырымдылықты, қаталдықты, кішіпейілділікті, күйгелектікті, шыншылдықты, өтірікшілікті беретін кім? Ол, әрине, ата-ананың тәрбиесі. Баланың бойына басынан сіңірген мінезді қайта түзету қиындық келтіреді. “Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді” деген сөз ата-ана тәрбиесінің күштілігін көрсетеді…” – деп автор бала мінезін қалыптастырудағы жанұя мүшелерінің, әсіресе әке-шешенің ықпалын айқын ашып берді. Ол отбасында теріс тәрбиеленген баланы қайта тәрбиелеудің үлкен қиындық келтіретінін айтады.
Ж.Аймауытов өнегелі үйелменнен бұзық мінезді баланың шығуы немесе тәрбиесі нашар отбасынан да тәрбиелі, өнегелі баланың өсуі мүмкін дей келеді де, бұл айтылғандар өскен ортаның, замандас, жолдас-жора, құрбы-құрдастың ықпалынан, соларға еліктеуден болатынын дәлелдейді.
Тәлімгер-ғалым бала тәрбиесіне туған елдің әдет-ғұрпы мен салт-санасының да белгілі мөлшерде әсер ететінін ғылыми тұрғыдан дәлелдей түскен. Ойын-сауық, өлең-жырды естіп өскен елдің баласы өнерге бейім болады, діндар елдің баласы діншіл келеді. Жастайынан кемдік, жоқшылық, қағажу көріп өскен ауылдың баласы жасқаншақ, бұйығы болады деп қоғамдық салт-сана, әдет-ғұрыптың тәрбиеге тигізетін ықпалына тоқталады.
Ж.Аймауытов “Тәрбиенің негізгі мақсаты – мінезді түзеу, адамшылыққа қызмет ету, адал еңбек ете білуге тәрбиелеу” деген қағиданы қуаттай келіп, “Баланы тәрбиелеу үшін әрбір тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Себебі, айтып ұқтырғаннан гөрі, бала көргеніне көп еліктегіш болып келеді. Солай болған соң балаға не жақсы мінез болсын, іспен көрсету керек” – дейді.
Ж.Аймауытовтың педагогика ғылымы саласындағы жүйелі ой-пікірлері оның 1924 жылы Орынборда басылған “Тәрбиеші жетекші” атты еңбегінен жақсы байқалады. Бұл еңбекте Аймауытов “Баланы оқытудың белгілі ереже заңдарын баяндайтын, оқытудың дұрыс жүйесін тауып, білімге тез жету шарттарын көрсететін педагогиканың негізгі бөлімі – дидактикаға ғылыми анықтама берген. Оның пікірінше, мұғалімнің айналысатыны – үнемі қозғалып, өзгеріп, өсетін, өркендейтін тірі адам болғандықтан, біркелкі әдістен табан аумай шектеліп қалуға болмайды… Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жаңаны табатын өнер… Дидактика мұғалімге жалпы жол-жоба көрсетіп, жетекшілік етеді… сыннан өткен тиімді деген жолдарды ғана нұсқайды” – деп оқыту, білім беру әдісінің қатып-семіп қалған догма емес, үнемі ізденуден туатын іс-әрекет екенін дұрыс атап өтеді.
Автор білім алуды күнделікті өмір тәжірибесімен ұштастыра білудің қажеттігін, мектепте алған білімнің келешек өмірдегі мамандыққа қазық болатынын жақсы айтқан.
Ж.Аймауытов білім негіздерінің ана тілі арқылы меңгерілетінін айта келе: “Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып өзге пәндерге түсіну мүмкін емес. Ана тілі халық болып жасағаннан бергі жан дүниесінің айнасы болып, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерек. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы мол халықтың тілі” – деп оның қоғамдық рөлін, адамзат баласы жасаған бар рухани-мәдени байлықты меңгерудің басты құралы екендігін, оны жан-жақты және терең меңгерудің қажеттігін баса көрсетеді.
Автор адамның жан қуаттарының өсіп-жетілуінде тарих пәнінің алатын орнын былайша сипаттайды: “Осы заманғы ғылымның көбі тарихпен тікелей байланыста жатыр. Тұрмыс жүйесі, әлеумет заңы, заң, пәлсапа, әдебиет, мәдениет, өнер – бәрі тарихтан қозғайды. Әр ғылымның тарихы бар. Осы тарихтың бәрі – жалпы азамат тарихымен байланысты”. “Тарихты оқып білу арқылы шәкірттерге қазіргі өмір мен өткен заманның байланыс заңдылықтарын ажырата білерлік сана туғызамыз”, – дейді.
Ж.Аймауытов “тарихты оқытуды қай кластардан бастау керек?” деген мәселеге талдау жасап, тарихи мағлұматтар балалар әр тарауда білім алып, әзірленгеннен кейін, жазуға, оқуға әбден төселген соң, тарихи жеңіл әңгімелерді ұғынып айтып берерлік дәрежеге жеткен кезде, төңіректегі тұрмыс пен табиғаттан, жағрафиядан едәуір білім алғаннан кейін үйретілетін болсын дейді. Осы пәнді тарихи әңгімелер есебінде 4-кластан бастап оқыту дұрыс деген тұжырымды қуаттайды.
Автор мектепте “Бірден жалпы тарихты немесе КСРО тарихын оқытудан гөрі алдымен балалардың өздеріне күнделікті өмірден жақсы таныс өз жұртының тұрмыс-салты, тыныс-тіршілігімен байланысты тарихын оқудан бастаған жөн” – деп тұжырымдайды. Ж.Аймауытов осы еңбегінде туған өлкенің жағрафиясын оның тарихынан бөлек қарауға болмайтынын айта келіп, оны қазақ халқының ертедегі тарихымен байланыстыра жүргізуді меңзейді.
Көшпелі жұрттың өткендегі салт-сана, әдет-ғұрпы, шаруашылық кәсібі және мәдени өмірінен хабардар болу үшін 4-класта әдебиетті, тарихты және жағрафияны біріктіріп, яғни интеграциялап “Біздің Отан” деген атпен оқыту қажет деген пікір ұсынады.
Ж.Аймауытов адам баласының мәдениет тарихынан өнердің көрнекті орын алып келгенін, өрнексіз қоғамның дамуы, рухани байлықтың молаюы мүмкін емес екендігіне тоқталып, ұлт мектептерінде әуелі кескін өнері мен әуез өнерін, яғни сурет салу, ән-күй өнерін үйретуге негіз салу керектігін, әрбір баланың өнерге деген ынтасын қозғап, өнерпаздық қабілетін тәрбиелеудің қажеттігін баса айтады.
Әрбір мұғалім, сабақ беру процесінде қызықты мағлұматтармен балаларды шабыттандырып, олардың ынта-ықыласын, зейін-зердесін білімді меңгеруге бағыштау керек дей келіп, жекелеме оқу әдістерінің тиімділігін нақтылы мысалдар келтіре отырып сөз етеді.