Педагогика тарихы


XIX және XX ғасырдың басындағы Ресей мектептері, білім жүйесі және педагогика ғылымы



бет37/113
Дата06.01.2023
өлшемі1,86 Mb.
#60524
түріОқулық
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет.

12 . XIX және XX ғасырдың басындағы Ресей мектептері, білім жүйесі және педагогика ғылымы

XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Ресейдегі мектеп пен білімінің мемлекеттік жүйесі. XIX ғасырдың бірінші жартысында Ресейдің ішкі өмірінде капитализмнің дамуына байланысты крепостнойлық құрылыстың ыдырауы күшейе түсті. Осы кезеңде таққа отырған Александр I мемлекетті билеудің ескірген жүйесін өзгертті. Оның мектепті өзгерту саясаты екі кезеңнен тұрды.


Ол 1815 жылға дейінгі мектеп ісін ұйымдастыруда ағартушылық бағытты ұстанды. 1816 жылдан бастап білім беру саясатында реакцияшыл бағыт күш алды.
1802-1804 жылдары халыққа білім беруді қайта құрудың бірінші кезеңі басталды. Бұрынғы коллегиялардың орнына бір орталыққа бағынған министрліктер құрылды. Соның бірі 1802 жылы құрылған Халық ағарту министрлігі болды. Бұл министрлік ғылым, әдебиет, баспасөз, ағарту және тәрбие ісін басқарды.
1803 жылы Халық ағарту министрлігі “Халық ағарту ісінің бастапқы ережелерін” жариялады. Бұл “Ережелер” бойынша бүкіл Ресей 6 оқу округтарына бөлінді, әр оқу округын мемлекет шенеунігі – оқу округының попечителі басқарды. Осылай халық ағарту ісін басқарудың қатаң бюрократтық жүйесі құрылды.
Ресейдегі оқу орындарының типі. 1804 жылы “Оқу құралдарының жарғысы қабылданды”. Бұл “Жарғы” бойынша Ресейде жаңа оқу жүйесі 4 сатыдан тұратын болды:
- университеттер (жоғары саты);

  • гимназия (орта саты);

  • уездік училищелер (аралық саты);

  • приходтық мектептер (төменгі саты).

Приходтық мектептер әр қала мен селолық жерлерде ұйымдастырылды. Бұлар оқу мерзімі бір жылдық мектептер еді. Бұл мектепке уездік училищелерге оқушылар әзірлеу, дін тәрбиесі мен элементарлық сауат ашу міндеттері жүктелді. Мектептің оқу жоспарында "Құдай заңы" мен ережелері, оқу, жазу, арифметиканың бастапқы төрт амалы, үй тұрмысы мен денсаулыққа байланысты оқыту пәндері қаралды. Приходтық мектептер мемлекет қарамағына алынбады, оларды ұйымдастыру жергілікті басқару органдарына жүктелді. Шаруалардың балалары бұл мектепте оқи алмады.
Уездік училищелер – губерниялық және уездік қалаларда ашылды. Бұлар оқу мерзімі екі жылдық оқу орындары болды. Училищелердің оқу жоспарына 15 оқу пәні: “Құдай заңы”, орыс тілі грамматикасы, жағрафия, тарих, арифметика, геометрия, физика, жаратылыстану, бастапқы технология, т.б. пәндер қамтылды.
Гимназиялық білім беру 4 жылға созылды, оқу жоспарына латын және қолданыстағы шет тілдері, тарих, статистика, поэзия, әдебиет, математика, жаратылыс тарихы (минералогия, ботаника, зоология, коммерция, технология, сурет) енгізілді. Дін сабағы қамтылғанымен, орыс тілі оқу жоспарына енгізілген жоқ.
Білімді қайта құрудағы басты нысана университеттік жоғары білім беру болды. Мәскеу, Вильно, Дерптегі университеттер қатарына Харьков, Қазан, Санкт-Петербург университеттері қосылды.
Университеттер мемлекеттік жұмысқа шенеуніктер мен оқытушылар даярлады. Оқу орындары жарғысын даярлаған ғалымдардың талаптарына сәйкес және үкіметтің либералшыл саясатына байланысты университеттердің өзін-өзі басқару түрі қабылданды. Университеттерді сайланып қойылатын кеңес, ректорат және деканаттар басқарды.
Жарғыда оқу орындарының барлық түрінде жалпыға бірдей, тегін білім берілетіндігін жариялаған еді, бірақ қабылданған жарғының ізінше крепостной шаруалар гимназияларға алынбайды деген ескертпе жіберілді. Төменгі сословие өкілдері гимназияға қабылдану үшін бұрынғы сословиесінен шығып, онан жоғары сословиеге тіркелуі тиіс болды.
Оқу жарғысының тарихи прогресшіл жақтары да болды: оқу сатыларының бірімен-бірі тығыз байланысты болуы көзделді.
Бұрынғы гимназиялар, негізгі халық училищелерінің жаңа типті гимназия, кіші халықтық училищелер – уездік училищелердің болып қайта құрылуы екі жылға созылды.
Приходтық училищелер көп өзгеріске түскен жоқ. Олардың саны қаражаттың аздығынан баяу өсті.
Осы кезеңде мемлекеттік оқу орындарымен бәсекеге түсетін жеке меншік оқу орындары да ашыла бастады. Мысалы, Одессадағы Ришель лицейі (кейіннен университет болды), Ярославтағы лицей, Мәскеудегі Лазарев шет тілдер институты, В.В.Измайловтың Мәскеу түбіндегі пансионы, Смоленск губерниясындағы Архангельск селосында шаруа балаларына арналған А.А.Ширинский-Шихматов мектебі.
Лицейлердің (мемлекеттік жабық оқу орны - дворян балаларына арналған) ашылуына байланысты жеке меншік пансионат азая бастады. Царскосельский лицейін көрнекті администратор М.М.Сперанский (1722-1839) ұйымдастырды. Бұл лицейдің алғашқы директоры ағартушы В.Ф.Малиновский (1765-1814) болды. Царскосельский лицейінің қабырғасында ұлы ақын А.С.Пушкин, ірі дипломат А.М.Горчаков, декабристер И.И.Пущин мен В.К. Кюхельбекер тәрбиеленді. Лицейді оқып бітіргендердің білімі университет бітіргендермен тең болды.
Дворяндардың ортасында әлі де отбасы тәрбиесі басым болатын. Гувернерлердің бәрі дерлік француз-эмигранттары болды. Біртіндеп дворяндық тәрбие қоғам талабын қамтамасыз ете алмайтын күйге жетті. А.С.Пушкин сол кезеңдегі дворяндардың отбасы тәрбиесін өткір сынға алды.
1812 жылғы Отан соғысы қарсаңында Ресейдің 47 губерниялық қалаларының барлығында да гимназиялар, уездік қалаларда уездік және приходтық училищелер ашылды.
Үкімет крепостнойлық-сословиелік идеологияны күшейту үшін барлық оқу орындарына діни оқуды ендірді.
1812 жылғы Ресейдегі Отан соғысы орыс халқының сана-сезімін оятуда үлкен рөл атқарды. Елде бостандық сүйгіш пікірлер өрістеді, крепостнойлық пен патша саясатына қарсы саяси күреске шыққан құпия, жасырын одақтар құрылды. Оқу орындарында бұрын тыйым салынған декабристердің шығармалары таратылды. Бұған қарсы патша үкіметі ағарту саласында керітартпа саясатын күшейте түсуге тырысты.
Александр I патшалық құрып тұрған соңғы онжылдықта қоғамның дамуында реакцияшылдық тенденция басым болды:

  • 1816 жылы білім министрлігін А.Н.Голицын басқарған кезде мектеп ісі шенеуніктердің қолында болды, оқытушы өзінің жоғары басшыларының әмірін орындайтын дәрменсіз үкімет шенеунігі дәрежесінде қалды;

  • халықтың білім алуын тежеуге бағытталған бірнеше жарлық қабылданды. Декабристердің басты талаптарының бірі халық және крепостной шаруалардың арасына сауаттылықты тарату болатын. Олар патша шенеуніктерінің мәдениет пен ғылымның дамуына жасап отырған кедергілерін, ғалымдар мен оқытушылар үстінен жүргізіп отырған полициялық-бюрократтық бақылау жүйесін қатаң сынға алды;

  • оқу орындарындағы студенттер мен оқытушылардың үстінен полициялық бақылау қойылды. Декабристер көтерілісі күшпен басылғаннан кейін педагогикалық қоғамдар таратылды, крепостнойлық үкімет ағарту саласында реакцияшыл үстемдікті мейілінше өрістетті.

Николай I-нің (1825-1885) таққа отыруына байланысты білім беру жүйесі мен мектеп саясатына өзгерістер енді. Білім министрі болып граф Ливен бекітілді. Оның тұсында 1828 жылы “Бастауыш және орта мектеп туралы жарғы” қабылданды. Жарғыда бұрынғы төрт сатылы білім жүйесі сақталып, “Әр сословиеге өзіне тән білім деңгейі” деген ұстаным жүзеге асырылды.
1838 жылы Ресейдегі ең білімді адамдардың бірі С.С.Уваров Ағарту министрі болып тағайындалды, ол 1849 жылға дейін осы қызметті атқарды.
Ол Мәскеу университетін тексертіп, студенттер білімінің төмен болуын “еуропалық идеяның лебі” тиюі себебінен деп атап көрсетті. Тексеру қорытындысы бойынша тәрбие және білім берудің тұғыры ретінде үш ұстаным: “Православиелік, самодержавиялық, және халықтық” ұстанымдар ұсынылды. Уваровтың ұсынған ұстанымдары патшаның мүддесін қорғау, бұрынғы білім саласындағы қалыптасқан дәстүрді нығайта түсуді көздеді. Халықтық ұстанымы батыс еуропаның халық санасын ояту идеясынан туындаған еді, патша үкіметі оны да өз бойына икемдеді. 1835 жылы қабылданған Университет жарғысы попечительдердің жеке басқаруына ерік берді, сөйтіп университеттердің дербестігі жойылды.
Осыған қарамастан білім беру саласында белгілі жетістіктер де болды. 1832-1842 ж. ж. Ресейдегі білім деңгейінің бірсыпыра көтерілгені байқалды:
▪ университеттегі студенттер саны (Польша мен Финляндияны есептемегенде) 2,1 мыңнан 3,5 мыңға (соның ішінде университеттік диплом алғандар 477-ден 742-ге) жетті;
▪ түрлі оқу орындарындағы оқушылар саны – 69,3 мыңнан 99,8 мыңға жетті (шіркеу мектептері, әскери училищелер, патшайым Мария Федоровна ашқан әйелдер мектептерінен тысқары);
▪ гимназия саны – 64-тен 76-ға дейін;
▪ уездік мектептер - 393-тен 445-ке дейін;
▪ приходтық училищелер – 555-тен 1067- ге дейін;
▪ жеке меншік мектептер (пансиондарды қоса есептегенде) –358-ден 531-ге дейін;
▪ білім жүйесіндегі оқытушылар мен шенеуніктер саны – 4,8 мыңнан 6,8 мыңға дейін өсті.
1828 жылғы Жарғы бекіткен дворяндарға арналған жабық оқу орындар саны да артты. 1842 жылы губерниялық қалаларда сондай 47 оқу орны болды. Онда тәрбиеленушілердің кейбіреуі жабық оқу орнында дворяндық тәрбие алумен қатар гимназияда түрлі шендегілердің балаларымен бірге оқыды.
Министрлік қарамағындағы гимназиялар классикалық білім мектептері ретінде дамыды (жаратылыстану пәндері 1849 жылдан бастап оқу жоспарына енгізілгенімен, оны гимназиялар тегіс қабылдамады). Оқу бағдарламасында грек, латын тілдеріне ерекше мән берілді.
1849-1852 ж. ж. гимназия құрылымы өзгеріске ұшырады, үш түрлі гимназиялар ескі екі тілді (латын, грек тілдерін); жаратылыстану мен заңға кіріспе пәндерін; заңға кіріспе пәнін оқытатын гимназиялар құрылды.
Министрлік бақылауындағы жеке меншік оқу орындарының да маңызы күшейді. Университеттер ғылыми және педагогикалық орталыққа айналды. 1851 жылы Мәскеу университетінде педагогика кафедрасы ашылды.
ХІХ ғасырдың ортасынан бастап орыс қоғамында білім беру мен тәрбиенің батыстық және славяндық көзқарастағы топтары арасында пікірталас басталды.
Батыстық көзқарасты ұстанғандар (В.Г.Белинский, А.И.Герцен, К.Д.Кавелин, т.б.) батыстық нұсқадағы білімді қолдады, Ресейдегі крепостнойлық - сословиелық оқу-тәрбиеге қарсы тұрды, жеке тұлғаның өз мүмкіндігін іске асыру құқын сақтау қажеттігін ұсынды.
Славяндық көзқарастағылар орыстың халықтық тәрбиелік дәстүрін сақтауды көздеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   113




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет