Қосымшалардың табиғатына қатысты қазақ тіл біліміндегі әртүрлі ұстанымдар



Дата09.03.2023
өлшемі90,82 Kb.
#72683


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
филология факультеті
 
 



СӨЖ
 
Пәні: Қазақ тілінің морфологиясы
Тақырыбы: Қосымшалардың табиғатына қатысты қазақ тіл біліміндегі әртүрлі ұстанымдар
Орындаған: Мамырбекова Шұғыла қтә 202
Қабылдаған: Жұбай Орынай Сағынғалиқызы




Қосымшалардың табиғатына қатысты қазақ тіл біліміндегі әртүрлі ұстанымдар.
Ең алдымен осыған тоқталуды жөн көрдім.А.Байтұрсынұлы «Тіл-құрал» еңбегінде «Қосымшалар дегеніміз – сөз емес, сөзге жалғанатын буындар; бұларда өз алдына мағына да жоқ, басқа сөзге жалғанбай бөлек айтылмайды да. Сондықтан бұлар қосымшалар деп аталады. Қосымшалар екі түрлі: біреулері жалғанған сөзінің тұлғасын ғана өзгертіп, мағынасын өзгертпейді; екіншілері жалғанған сөзінің тұлғасын да, ішкі мағынасын да өзгертеді. Сондықтан бастапқы қосымшалар тысқарғы жалғаулар я тікелей жалғау деп аталады; екінші қосымшалар ішкергі жалғаулар я тікелей жұрнақ деп аталады.
Түсінікті болу үшін мысал келтірейік. Алалық, «жылқы» деген сөзді һәм «-шы», «-ның» қосымшаларды. «Жылқы» деген сөзге «-шы» қосымшаны да, «-ның» қосымшаны да қосып байқайық: қайсысы жалғау, қайсысы жұрнақ болып шығар екен. Жылқы-жылқы-шы, жылқы-жылқының, «жылқышы» дегенде сөздің бастапқы тұлғасы да, мағынасы да өзгерілді яғни «жыл- қышы» деген сөз енді малдың есімін көрсетпейді, адамның есімін көрсетеді. «Жылқының» дегенде, сөздің тұлғасы өзгерілді, мағынасы, өзгерген жоқ яғни «жылқының» деген сөз бәрібір малдың есімін көрсетіп тұр. Бұл айтылғаннан мәлім енді болды: «-шы» қосымша жұрнақ екендігі, «-ның» қосымша жалғау екендігі. Жалғау аз, жұрнақ көп. Жалғау түбір сөзде де, туынды
сөзде де болады. Жұрнақ түбір сөзде жоқ, туынды сөздерде ғана болады.__
Жалғay һәм жалғаулықтар.
Жалғау екі түрлі: 1) Септік жалғау; 2) Көптік жалғау.
Септік жалғаулар сөздердің үйлесуіне сеп болады. Көптік жалғаулар нәрсенің жеке емес, көп күйдегі есімін көрсетеді.
Септік жалғау бесеу: 1. Ілік жалғау «-дың»; 2. Барыс жалғау «-ға»; 3. Табыс жалғау «-ды»; 4. Жатыс жалғау «-да»; 5. Шығыс жалғау «-дан».
Қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде жоқ септік жалғауы — көмектес септік. Зерттеушілер көмектес септіктің мəніне жақын септік жалғауының якут, чуваш тілінде барлығын айтады. Дегенмен, арнаулы грамматикалық тұлғасы бар көмектес септік қазақ тілінің ғана ерекшелігі. Басқа түркі тілдерінде бұл септік жалғаудың қызметін біле (білен) шылауы атқарады. Көне түркі тілінде қазақ тіліндегі -мен септік жалғауы мен басқа түркі тілдеріндегі біле шылауының мəнін беретін арнаулы жалғау -ын, -ін, -н тұлғасы айтылған. Алайда бұл тұлға ескерткіштер тілінде бірле шылау сөзімен жарыса қолданылған.
 Ерекшеліктерге тоқтала келе,бұл айтылғандардан шығатын қорытынды қазақ тіліндегі көмектес септігі кейінгі дəуірде ғана пайда болған. А.Байтұрсынұлының жіктеген септік категориясында көмектес септігінің кездеспеуі — заңды құбылыс.


Көптік жалғау біреу-ақ: «-лар», «лар» жалғау жіңішке сөзде «-лер» болады.
Сөздің аяқ дыбысы дауыссыз яки жарты дауысты болса, «-лар» жалғау «-дар» болып, «-лер» жалғау «-дер» болып өзгереді.
Жалғаулықтар: менен, үшін, арқылы, туралы, тақырыпты уа ғайри сондай жалғау мағынасында жүретін сөздер.
Алдындағы сөздің аяқ дыбысының әуеніне қарап, жалғаулық «бенен» болып та айтылады. Қысқа түрлері «мен», «бен».
Түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде ғалымдар жіктік жалғауының шығу төркінін жіктеу есімдіктерімен байланыстырады. Мәселен, А.Байтұрсынұлы жіктік жалғауларының жіктеу есімдіктерінен шыққанын айтады. Яғни жіктік жалғаулары мен‚ сен, ол жіктеу есімдіктерінен шыққан. Соған байланысты І‚ ІІ жақ жіктеу есімдіктері мен етістік әрдайым қиыса байланысады. Әрі жіктеу есімдіктері етістіктен кейін келіп, өзара қиыса байланысқан. Кейін қосымшаға айналып кеткен. 
А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы еңбектерінде анайы жіктеудің І жақ көпше түрі жоқ екені айтылады. Қазақ тіліндегі жіктеу есімдіктерінің өзіндік ерекшелігіне сәйкес, сен есімдігінің көпше түрі сендер болғанмен, мен есімдігінің көпше түрі мендер бола алмайды. Ал кейінгі грамматикаларда көрсетіліп жүргендей, біз, біздер есімдігіне ауысса, ол сыпайы жіктеуге айналып кетеді. Анайы жіктеудің І жақ көпше түрінің біз-ге ауыса алмайтыны тәуелдеудің анайы-сыпайы түрін салыстырғанда‚ ерекше көзге түседі. А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы еңбектерін зерделей отырып, ғалымдардың тәуелдеу мен жіктеуді, ең алдымен, анайы және сыпайы түрге бөліп алғанын көреміз. Анайы түрін іштей І жақ (мендік), ІІ жақ (сендік), ІІІ жақ (бөгделік), сыпайы түрін І жақ (біздік), ІІ жақ (сіздік), ІІІ жақ (оларлық) түрінде бөліп алған. А.Байтұрсынұлы бала сөзінің жіктелуін былайша көрсетеді:
фактілері де көрсетіп отыр. Ресми стильде мен орнына біз қолданылады. Тіл – тұтас жүйе болғандықтан, оның әрбір мүшесі сол жүйеге бағынып тұрады. Сондықтан анайылық жөннің үш жақта көрінетіні сияқты, сыпайылық жөн де осы үлгімен берілуі қажет деп ойлаймыз. 
А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерін терең пайымдап, өзіне дейінгі тіл білімпаздарының еңбектерін зерделей отырып, жіктеуді‚ ең алдымен‚ анайылық және сыпайылық жөнге жіктейді де оларды іштей жекеше-көпше түрге саралайды. Сонымен қатар ортақ, оңаша тәуелдікті жіктеу іштей тағы да анайы-сыпайы, жекеше-көпше түрге бөлініп, жіктеу үлгісі бірізділікпен, жүйелі түрде баяндалған. Бұл жіктеу кейін Қ.Кемеңгерұлы еңбектерінде де сабақтастық тапқан. Қ.Кемеңгерұлы еңбектері орыс топтарына арналғандықтан, қолданған атаулары орысша болғанымен, жіктеу ерекшелігін танытуда А.Байтұрсынұлының еңбектерін басшылыққа алған. Сол себепті А.Байтұрсынұлы мен Қ.Кемеңгерұлы еңбектерінде біраз ұқсастықтар байқалады. Атап айтқанда:
а) жіктеуді анайы-сыпайы жөнге ажырату;
ә) анайы жіктеуді І жақ (мендік), ІІ жақ (сендік), ІІІ жақ (бөгделік); сыпайы жіктеуді І жақ (біздік), ІІ жақ (сіздік), ІІІ жақ (оларлық) түрінде жіктеу;
б) қазақ тілінде анайы жіктеудің І жақ көпше түрі жоқ екенін көрсету
в) тәуелдеулі жіктеу түрлерін, олардың өзіндік ерекшелігін (қиғаш жалғануын) көрсету;
г) жіктеулерді есімдерге қатысты да, етістіктерге қатысты да қолдану;
ғ) есім жіктеулерінің е- көмекші етістігінің қатысуы арқылы да жасалатынын айту; е- етістігінің жіктелу үлгісі;
д) етістік жіктеулерінің болымды-болымсыз түрлерін көрсету;
е) анайы жіктеудің І, ІІ жақтарында сөздер өзара жекеше, көпше ымыраласып, ІІІ жақ көпше түрінде ымырадан шығып кететінін көрсету. 
«Жіктеу» жалғаулары дегеннің орнына «айқындық» жалғаулары деп қолданғанмен, Қ.Басымұлының еңбектері де жіктеулерді анайы-сыпайы түрге бөлуі жағынан А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы еңбектерімен сарындас. Т.Шонановтың «Самоучитель казахского языка для русских» деген еңбегіне пікір жазушы Байменов пен Қасымов та автордың жіктеудің көпше түрі етістік түбіріне -ыңыз қосымшасы жалғану арқылы жасалады (алыңыз) деген тұжырымына қарсылық білдіріп, алыңыз деген сөз сыпайы жіктеудің жекеше түрі болатынын, ал етістігінің анайы, көпше түрі,алыңдар болуы керектігін айтады.


А.Байтұрсынұлы жалғауларды жай жалғау (көптеу, септеу), жақ жалғау (тәуелдеу, жіктеу) деп топтастырса, Қ.Кемеңгерұлы жалғаудың 3 түрін ғана көрсетеді. Олар: септеу, тәуелдеу, жіктеу. Ал көптік жалғауын жалғаулар қатарында танымайды. Ғалым көптік мән үстейтін қосымша ретінде -лар/-лер аффиксін ғана атайды да, оның жинақтау ұғымын білдіретін сөздерге жалғанбайтынын айтады. Жинақтау ұғымын білдіретін сөздерге Қ.Кемеңгерұлы аю-саю, түйе-мүйе сияқты екінші сыңары с, м дыбыстарына ауысқан қос сөздерді жатқызады.
Көптік мәннің берілу жолдарын түсіндіруде де ғалымның Н.Ильминский, М.Терентьев, П.Мелиоранский, И.Лаптев, Н.Созонтов еңбектерімен таныс болғаны байқалады. Алайда Н.Ильминский, П.Мелиоранский, Н.Созонтов еңбектеріндегі көптік жалғау халық, ру аттарына, жануар, дене мүшелерінің атауларына, қос сөздерге (бала-шаға) жалғанбайтыны туралы ойларын ғалым өз еңбектерінде келтірмейді. Бұл орайда Қ.Кемеңгерұлы мұндай сөздерге көптік жалғауының жалғана алатынын, алайда оның өзіндік стильдік жүгі, мағыналық ерекшелігі болатынын ескеріп, көптік қосымшасын жалғаулар қатарында қарастырмаған деп ойлаймыз.
Көптік жалғауын жұрнақ деп тануынан Қ.Кемеңгерұлының грамматикалық категорияның өзіндік ерекшелігін терең түсінген («категория» атауын өзі де қолданған) ғалым болғандығын аңғаруға болады. Қазақ тілінің өзіндік ерекшелігіне сәйкес‚ жалпы есімдер көптік жалғауы жалғанбай-ақ заттардың атын жинақтап көрсетіп‚ көптік ұғымды білдіре алады (ағаш‚ қағаз т.с.с.). Сол себепті көптік жалғаулы сөз бен көптік жалғауы жалғанбаған сөз бір-біріне қарама-қайшы жұп құрай алмайды. Екіншіден‚ категория ретінде танылу үшін оның ішінді біртектес‚ мәндес кем дегенде екі грамматикалық мағына‚ тұлға болуы қажет. Ал көптік форманы білдіретін -лар/-лер‚ -дар/-дер‚ -тар/-тер қосымшалары - бір жұрнақтың варианттары ғана. Яғни‚ ол парадигма құрай алмайды. Осындай ерекшелігіне байланысты зерттеуші көптік тұлғасын – септік‚ тәуелдік‚ жіктік жалғаулардың тобынан бөлек алып‚ оны форма тудырушы жұрнақтар қатарына қосқан. Оның үстіне жалғаулардың негізгі қызметі – сөздерді байланыстыру болса‚ көптік жалғауы (жіктік жалғауының ІІ жағынан басқа жағдайда) ондай қызмет атқара алмайды бала келді - балалар келеді т.с.с.
Ғалымның жалғауларға байланысты ой-тұжырымдары С.Аманжолов еңбектерінде де жалғасын тапқан. С.Аманжолов Қ.Кемеңгерұлы ізімен жалғауларды зат есім аясында ғана қарастырмай, жеке сөз етумен қатар барлық зат есімдерге көптік жалғауы жалғана беретінін айтады. Бірақ ғалым көптік қосымшасын жалғау ретінде таниды. Ал кейінгі еңбектерде бұл тұжырым ескерусіз қалып, «көптік категориясы морфологиялық, лексикалық, синтаксистік тәсілдер арқылы беріледі» деген пікір орныға бастайды. Соның нәтижесінде көптік кетегориясының морфологиялық тәсілмен жасалуына -лар/-лер жұрнағы; лексикалық тәсілмен жасалуына көптік жалғауын қабылдамай-ақ көптік мәні бар халық, ел аттары, ұсақ заттар, абстракт зат есімдер, жинақтық ұғымды білдіретін сөздер ретінде түлкі, қоян т.с.с. сөздер аталып, осы топқа ата-ана, ұсақ-түйек сияқты қос сөздер жатқызылып келді; ал синтаксистік тәсіл арқылы жасалуы деп сан есім мен зат есімнің тіркесуі‚ қайталама қос сөздер, топ, аз, әлденеше, көп т.б. сөздермен тіркесуі түсіндіріліп келді. Көптік категориясын осылайша сипаттаған еңбектердің қатарында Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев «Қазақ тілінің грамматикасы» (1944), «Қазіргі қазақ тілі» (1954), «Современный казахский язык» (1962)‚ А.Данияров «Категория множественности в современном казахском языке» (1965) [174]‚ «Қазақ тілінің грамматикасы» (1967); А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі» (1974) т.б. еңбектерді жатқызуға болады.
Ы.Маманов «Қазақ тіліндегі көптік форма» деген мақаласында:
- халық аттары, хайуан аттары, қосарлы дене мүшелерінің аттары т.б. сөздердің жинақтылық мағына білдіре алмайтынын;
- жинақтылық ұғымды қос сөздер ғана білдіре алатынын;
- көп, мол, қыруар, бірталай, әлденеше т.б. сөздердің білдіретін көптік ұғымы олардың ішкі семантикасынан екендігін, ендеше‚ олар грамматикалық көптік форма бола алмайтынын;
- сан есім және көптік ұғымды білдіретін көп, талай, бірнеше т.б. сөздер мен зат есімнің тіркесуі аналитикалық форма құрай алмайтынын, себебі олар біртұтас сөз дәрежесіне жетпегенін, түрлі сөз таптарына жататынын айта келіп, көптік форма лексикалық (семантикалық) және синтаксистік тәсілдер арқылы жасала алмайтынын дәлелдейді. Ғалым көптік форма тек қана -лар/-лер жұрнағы арқылы ғана жасалатынын көрсетеді [175].
Байқап отырғанымыздай, көптік форманың берілу жолын (-лар/-лер) көрсетуі, жинақтық ұғымды сөздерге қос сөздерді ғана жатқызуы жағынан Қ.Кемеңгерұлы мен Ы.Маманов еңбектері өзара сабақтас. Ы.Маманов Қ.Кемеңгерұлы тұжырымдарын одан әрі дамыта түсіп, -лар/-лер қосымшасы жалғанған сөздердің мағыналық ерекшеліктерін түсіндіреді.


Жалпы ғалымдардың бөлінісінде біз олардың әртүрлі тұжырымдарға байланысты өз ұстанымдарын бергенін көреміз.Меніңше Ахмет Байтұрсынұлының бөлінісінен тұжырымынан артық дұрысы жоқ.Себебі Ахмет атамыз тілдің жүйесін жетік білген және тілдің заңдарына ешбір ұстанымы қате келмейді.Қысқаша жазсам қазіргі қателіктерді осы Ахмет атамыздың бөлген,бекіткен ұстанымдары бойынша түзеп,қайта жазуымыз керек.Тілдік жүйеде қателіктер өте көп соның бірі көптік жалғауына байланысты.Менің ең дұрыс деп тапқан ұстанымым осы:


Қосымша морфемалар түбір морфемасыз өз алдына дербес жұмсалмай, түбір морфемаға үстеме мағына жамап отырады. Осы тұрғыдан алғанда-лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер формаларының орны ерекше. Көптік жалғаудың тілде бірнеше қызмет атқара алатындығын байқадық.
Біріншіден, көптік жалғау деп қарастырылып жүрген -лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер қосымшалары сөзге жалғанғанда ол сөзге қосымша мағына үстейді, яғни сөздің мағынасына өзгеріс енгізбесе де, сөзді түрлендіреді.
Екіншіден, адам есімдеріне жалғанғанда «және тағы басқа» секілді көмекші сөздің қызметін атқара алады.
Үшіншіден, көптік форма ІІ жақтағы жіктік жалғауымен қабаттасып келгенде ғана сөз бен сөзді байланыстыруға қатысатыны аңғарылады.
Төртіншіден, қазақ тіліндегі көптік форманың термин жасауға қатысы бар екені анықталды. Бұны Қ. Күдеринованың терминімен «ұластырғыш қызмет» деп берді. Бұл қызмет көптік форманың да жаңа сөз жасауға қатысатынын дәлелдей түседі. Негізінен, көптік форманың бұл қызметі оларды сөзжасам қосымшаларымен жақындастырады.
Көптік жалғауының жоғарыда аталған ерекшеліктерін ескере отырып, оны таза жұрнақ қатарына да, таза жалғау қатарына да жатқызуға болмайтын секілді. Бұл жалғаудың да, жұрнақтың да белгілерін бойына жинақтаған, сондықтан оны аралық категория деп санаған әлде қайда дұрыс болар еді. Әрі тілімізде осы уақытқа дейін дау туғызып жүрген біраз мәселелер шешімін табар еді деген ойдамыз.
Көптік жалғау (-лар) бір сөйлемде біріне-бірі қатысты бірнеше сөзге жалғана береді. Ондайда көптік жалғау, бір жағынан, сөздерді бір-бірімен қиыстыру үшін қолданылса, екінші жағынан, оларды сараландырып, айқын, ашық етіп ажыратып айту үшін де қолданылады.
Көптік жалғаудың семантикалық мағынасы, тілдегі қызметі өзара тығыз байланыста, бір-бірлеп ұштасып жатады.
-лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер формаларының әлі толық ашыла қоймаған қызметтері бар секілді. Сондықтан оның талай зерттеулердің нысанына айналары сөзсіз.
Бұл жоғарыда аталған ерекшеліктерін көптік форманың қолдану аясының әлде қайда кең екендігін және оның табиғаты тек көптік мағына беру ғана емес екендігін дәлелдей түседі.
Осы соңғы ұстаным мен үшін ең дұрысы!


Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. – Алматы: «Ана тілі», 2011.
2. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: «Ата тілі», 2014.
3. Оралбай Н. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы: - Алматы, 2007.
4. Қабылдина Л.М. Көптік категориясының морфологиялық көрсеткіштері. ҚР ҰҒА хабарлары. Филология сериясы. №4 – Алматы, 2006



Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет