- интерпретацияланатын сценарийлер негізінде.
Компиляцияланатын модульдер – орындалатын файлдарға таралып, web-сервермен орындалатын CGI (Common Gateway Interface) типіндегі модульдер. Серверде орындалатын жекелеген CGI модульдері (Perl тілінде құрылған сценарийлер) динамикалық сайттарды құрудағы бірінші web- қосымшалар болды. CGI-сценарийлері орындалу нәтижесі HTML форматындағы парақ болатын кәдімгі бағдарламалар.
Интерпретацияланатын сценарий негізінде сайт құру үшін серверлік скрипттер деп аталатын сценарий тілдері қолданылады. Сценарий коды, HTML коды сияқты интерпретацияланады, сондықтан HTML және сценарийлерді ұластыруға болады. Кең тараған серверлік скрипттер: CGI, PHP, ASP, ASP. NET, JSP, Cold Fusion, AJAX, Python, CSS, базы данных DB2, MsSQL, Oracle, Access және т.б.
Динамикалық сайттарды құру және сүйемелдеу үшін CMS (Content Management System) сайттарды басқару жүйесін пайдаланады. Кәзіргі кезде басқару жүйелерінің ішіндегі танымал болып Drupal, Joomla және Word Press саналады. Осы сайттарды басқару жүйесі негізінде функционалды және жеңіл басқаруға болатын PHP-сайттарды құруға болады. Сайттарды басқару жүйелері сайт мазмұны мен дизайнын бір-біріне кедергісіз өзгертуге болатындай мүмкіндік береді.
Оқушылар мен студенттерді дәстүрлі оқытудың оқу үрдісін сүйемелдеу үшін Joomla арқылы динамикалық интерактивті сайттар құрастыруға болады. Jommla-да сайтты ақпарат құралынан коммуникация құралына айналдыратын көптеген модульдер бар: форумдар, қонақ кітаптары, пошталық тарату, сұрақтар қою, тіркеу формалары, іздеу формалары, сайт қолданушылары арасындағы хабар алмасу жүйесі және т.б.
Клиент қосымшаларында (браузерде) қалыптасатын web-парақтардан тұратын динамикалық сайттарды құру үшін JavaScript және VBScript сценарий тілдері, ActiveX- технологиясы, Java- аплеттері қолданылады. Интернеттегі бірталай сайттардан ақысыз хостингке арналған JavaScript-те сайт құруға арналған ортаны тегін алуға болды.
Web-ke арналған интерактивті векторлық анимация арқылы сайтты интерактивті етіп құрастыру үшін HTML құжатына флэш-фрагменттер немесе Flash-роликтер (swf-файлдар) және Flash- формаларды пайдалануға болады.
Flash технологиясы векторлық графикалық қосымшаларды құруға арналған. Flash арқылы Web-ке арналған толыққанды ролик-парақ жасауға болады, бірақта мұндай парақтарды жүктеу көп уақытты талап етеді. Қазіргі кезде Flash-ты HTML құжаттарында дизайн элементі (логотиптер, флэш-меню, анимациялы графикалық элементтер), flash-баннер ретінде қолдану тиімді. Flash-сайттарындағы барлық операциялар ActionScript сценарий тілінің басқаруымен жүзеге асады.
Жоғарыда аталып өткен ақпараттық технологиялар білім беру жүйесіне мұғалім, оқушы және ата- ана арасында ақпараттық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осыған орай «Білім беру мекелерінің сайты қандай болуы керек?», - деген сұраққа тоқтала кетейік. Әрине барлығына бірдей қойылатын ереже жоқ, бірақ білім беру мекемелері болғаннан кейін біршама талаптарға сай болуы керек.
Білім беру мекемесінің сайты – оқу үрдісінің барлық құрамдас бөлігінің ақпараттық ортаға кірігуі.
Білім беру мекемесінің сайты категориясына жатады. Ол-негізгі құру мақсаты мекемені Интернет желісінде жайғастыру болып табылатын ақпараттық ресурс. Мекеме сайтын құру және жұмыс істеу мақсаты - ақпараттық ресурсты білім беру мекемесі көрсететін білімдік, әдістемелік, ақпараттық және т.б. қызметтерінің сұранысын қанағаттандыруға бағытталған «іскерлік құрал» ретінде қарастыруды қажет етеді.
Сайтта орналасатын барлық ақпарат«ақпараттық контент» деп аталады. Мекеме сайтын құру және оның жұмыс істеу мақсатын нақтылау үшін ақпараттық контент екі негізгі міндетті шешуге бағытталуы тиіс.
Ақпараттық контенттің негізгі міндеті, сайтты мақсатты қолданушыларына білім мекемесі туралы оңтайлы көзқарас қалыптастыру, басқа мекемелермен салыстырғандағы ерекшеліктерін көрсету болып табылады.
Білім беру мекемелерінің сайттарын мақсатты қолданушыларына келесі қолданушы категориялары жатады:
- педагогикалық кадрлар (бұл категорияда келесі топтарды ерекшелеуге болады: мұғалімдер, әдіскерлер, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының оқытушылары);
- оқушылар (бұл категорияға осы білім беру мекемесінің және басқа білім беру мекемелерінің оқушыларын жатқызуға болады);
- ата-аналар (бұл қолданушылар тобына балалардың туған туыстары және осы балалардың оқыту және тәрбиелеу мәселесіне құштарлық танытқан басқа адамдар);
- әкімшілік қызметкерлер (білім беру басқармасы және әдістемелік қызмет құрылымының қызметкерлері, білім беру мекемелерінің басшылары, т.б.).
Ақпараттық контенттің екінші басты мақсаты - сайтты қолданушылардың түрлі категорияларын білім беру мекемесінің іс-әрекеті туралы өзекті және превентивті (лат. praevenio — алдын алу, сақтандыру) ақпараттық сұраныстарын қанағаттандыру. Бұл міндетті шешу үшін ақпараттық контент келесі негізгі сапалы сипаттамаларымен ерекшелінуі тиіс:
- ақпараттылық - сайт қолданушыларына арналған ақпараты бар мазмұнды бөлімдердің толықтығы және қолданушылардың түрлі категорияларына ақпараттық материалдардың маңыздылығы;
- қолжетімділік - ақпараттық материалдардың құрылымдануымен байланысты керекті ақпаратты алу жеңілділігі; сайт бойынша навигацияның жеңілдігілі, қолданушылардың түрлі категорияларының сұраныстарының ерекшелігін ескеретін ақпараттық материалдардың ұсынылу формасымен (иллюстрациямен безендіру, мазмұндау стилі, кәсіби терминдердің орынды пайдаланылуы және т.б.); берілген материалдардың шынайылығы және объективтілігі – авторлықты көрсету, деректемеге сілтеме;
- жеделділік - ақпараттық материалдарды дер кезінде жаңарту [3].
Сайттың ақпараттық контентінің сапасы оның құру және жұмыс істету мақсаттарына сәйкестік дәрежесіне байланысты талданады және бағаланады.
Білім беру мекемелерінің ресми сайттарының ақпараттық контентіне қойылатын бірыңғай талап жоқ. Бірақ, жоғарыда айтылған сайттың ақпараттық контентінің міндеттерін ескере отырып, ақпараттық контенттің құрылымы және мазмұнымен байланысты ұсыныстар жасауға болады.
Білім беру мекемелерінің сайтында орналастырылатын ақпаратты екі топтамаға (блок) бөлуге болады.
Бірінші ақпараттық топтама білім беру мекемесінен шеткері қолданушыларға арналған: мекеменің болашақ оқушылары және олардың ата-аналары, басқа білім беру мекемелерінің мұғалімдері және оқушылары, жоғарғы саты қызметкерлеріне, әлеуметтік серіктестерге. Екінші топтама тікелей осы білім беру мекемесінің оқушыларын, мұғалімдерін, ата-аналарын қызықтыратын ақпарат.
Мысалы, білім беру мекемелерінің сайтында төмендегідей ақпарат орналастыруға болады:
- білім беру мекемесі жайында анықтамалық ақпарат (ұжым, оқу бағдарламалары, дәстүрлері туралы т.с.с.);
- білім беру мекемесінде болып жатқан жаңалықтар (мейрамдар, конференциялар, байқаулар...);
- әрдайым дамып отыратын мектеп жұмысының бағыттары (мектеп мұражайы, түрлі жобаларға қатысуы, т.с.с.);
- оқушылардың, студенттердің түрлі шығармашылық жұмыстары (суреттер, мақалалар, шығармалар, өлеңдер)
- мұғалімдер мен оқытушыларға өздерінің материалдарын орналастыруға мүмкіндік беру, бір пән немесе кафедра бойынша жеке бөлім беру;
- қашықтықтан оқыту элементтері (мысалы, виртуалды кеңес беру пункті);
- оқушылардың, мұғалімдердің, сыныптардың жеке парақтары;
- бітірушілерге арналған жеке бөлім.
Интернет-портал (ағыл.portal «басты кіру; қақпа») - Интернет қолданушыларына бір web-сайт ішінде жұмыс істейтін пошта, іздеу, жаңалықтар, форум, талқылау, дауыс беру т.с.с түрлі интерактивті сервистер беретін web-сайт [5].
Білім беру порталы оқушылар, мұғалімдер, оқытушылар және студенттерді, білім беру саласындағы басшыларды, ата-ана және халықты нормативті-құқықтық құжаттармен, білім беру саласындағы жаңалықтармен, білім беру қызметтері туралы т.с.с ақпаратпен қамтамасыз ете отырып, білім беру жүйесін жаңғыртуға ат салысады. Яғни, порталда дамыған желілік интерфейс, бірыңғай навигация жүйесі болуы қажет, цифлық білім беру ресурстарының кең спектірімен қамтамасыз етіп, келесі міндеттерді шешуі керек:
- интернет желісі арқылы білім беру кеңістігін кеңейту;
- білім беру ресурстарын, қызметтерін қалыптастырып, оларды іздеуді, индексациялауды, жүйелеуді оңтайландыру;
- оқушыларды, мұғалімдерді, оқытушылар және студенттерді, халықты білім беру саласындағы жаңалықтармен хабардар ету;
- барлық пәндер бойынша, оқушылармен сыныптан тыс және мектептен тыс жүргізілетін жұмыстар туралы білім беру ресурстарын және қызметтерін жүйелеу.
Білім беру мекемелері үшін сайт құрастыру қажеттілік болып табылады, өйткені ақпарат әлемді басқарады. Білім беру мекемесі туралы ақпараттың Интернет желісінде болмауы, оның ақпараттық қоғамдастықта жоқ екенін білдіреді. Ондай жағдай заманауи білім беру мекемесі үшін жол бергісіз болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |