46. Біліктілік санаты келесі жағдайларда педагогтердің өтініші негізінде ұзартылады, бірақ бір жылдан аспайды: «Әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 23 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-108/2020 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21263 болып тіркелген) әлеуметтік мәні бар аурулар мен айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар тізбесіне сәйкес уақытша еңбекке жарамсыздық кезінде; жүктілікке және босануы бойынша демалыстан немесе бала үш жасқа толғанға дейін оны бағып-күтуге арналған демалыстан немесе жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлер үшін демалыстан шыққаннан кейін; білім беру ұйымдарына білім беру саласындағы уәкілетті органнан, білім беруді басқару органдарынан, әдістемелік кабинеттерден, біліктілікті арттыру институттарынан ауысқан жағдайда. Педагогтер біліктілік талаптарына сәйкес санатқа біліктілікті тестілеуді бір жылдан кейін тапсырады. Педагогтердің осы санаты үшін қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау кезеңін тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиясы Біліктілік тестілеуін тапсырған сәттен бастап бір жыл ішінде жүргізеді. Бұл ретте педагогтің осы кезеңде қолда бар біліктілік санаты сақталады. 47. Осы Қағидалардың 46-тармағындакөрсетілген педагогтер біліктілік санатының қолданылу мерзімін ұзарту туралы мәселені шешу үшін Комиссияға мынадай құжаттарды ұсынады немесе ақпараттық жүйедегі педагог профиліне жүктейді:
1) біліктілік санаттарының қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтініш (еркін нысан);
2) біліктілік санатының қолданылу мерзімін ұзартудың негізділігін растайтын құжат.
48. Комиссияның біліктілік санатының қолданылу мерзімін ұзарту жөніндегі отырысы өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өткізіледі.
49. Комиссияның біліктілік санатының қолданылу мерзімін ұзарту туралы шешімі осы Қағидаларға 14-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хаттамамен ресімделеді.
50. Жасы бойынша зейнетақыға дейін төрт жастан аспайтын педагогтер аттестаттау рәсімінен босатылады. Қолда бар біліктілік санаты ол берген өтініш негізінде зейнеткерлік жасқа толғанға дейін сақталады. Біліктілік санатының қолданылу мерзімін ұзарту туралы бұйрықты білім беру ұйымының басшысы шығарады. Бұйрықтың күші зейнеткерлік жасқа толғанға дейін сақталады. Зейнетақы жасы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін педагогикалық қызметті жүзеге асыруды жалғастыратын зейнеткерлік жастағы педагогтер аттестаттау рәсімінен жалпы негіздерде өтеді.
51. 30 және одан да көп жылдық педагогикалық өтілі бар зейнеткерлік жастағы педагогтер бұрын берілген біліктілік санатын растаған кезде Біліктілік тестілеуін тапсырудан босатылады және қызмет нәтижелерін кешенді қорытудан өтеді. 52. Мынадай санаттағы педагогтерге:
«санаты жоқ» біліктілік санаты «педагог» біліктілік санатына теңестіріледі;
«екінші санат» біліктілік санаты «педагог-модератор» біліктілік санатына теңестіріледі;
«бірінші санат» біліктілік санаты «педагог-сарапшы» біліктілік санатына теңестіріледі;
«жоғары санат» біліктілік санаты «педагог-зерттеуші» және (немесе) «педагог-шебер» біліктілік санаттарына теңестіріледі.
53. Қазақстан Республикасының шегінде педагогикалық салада тиісті мамандық бойынша жаңа жұмыс орнына ауысқан кезде педагогтердің (басшылардың, басшы орынбасарларының, әдіскерлердің) бар біліктілік санаты оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.
54. Педагогтерге біліктілік санатын беру білімі туралы дипломда көрсетілген мамандыққа (біліктілікке) немесе атқаратын лауазымы бойынша тиісті біліктілік беріле отырып, қайта даярлау туралы құжатқа сәйкес жүзеге асырылады.
55. Білім туралы дипломда бір мамандық ретінде көрсетілген пәндерді оқыту жағдайында біліктілік санатын беру оқытылатын/оқытылған пәнді/пәндерді (таңдау бойынша) көрсете отырып, негізгі лауазым бойынша жүргізіледі және негізгі лауазым бойынша санат беріледі. Негізгі лауазымы бойынша берілген біліктілік санаты тиісті бағыт бойынша оқытылатын барлық пәндерге/оқуларға қолданылады.
56. Шағын жинақталған мектеп педагогтері үшін дипломда көрсетілмеген пәндерді оқыту жағдайында кезекті біліктілік санатын беру пәнаралық (аралас) пәндер бойынша тиісті біліктілік бере отырып, қайта даярлау туралы құжат болған кезде атқаратын лауазымы бойынша жүргізіледі.
57. Педагог жоғары оқу орындарында немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында мамандарды кәсіптік даярлау жүзеге асырылмайтын пәндерді оқытқан жағдайда, оның бұрын алған санаты сақталады. Біліктілік санатын кезекті беру біліктілікті арттыру туралы тиісті құжат болған кезде жалпы негізде жүргізіледі.
58. Арнайы білім беру ұйымдарында сабақ беретін педагогтер кезекті біліктілік санатына дипломына сәйкес, бейіні немесе қайта даярлау туралы құжат бойынша, білім беру ұйымдарындағы тиісті бейін бойынша өтеді.
59. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері кезекті біліктілік санатына оқытатын бейінге сәйкес өтеді.
60. Әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың), қосымша білім беру ұйымдарының педагогтеріне (әдіскерлеріне) диплом бойынша немесе атқаратын лауазымы ескеріле отырып біліктілік санаттары беріледі.
61. Білім беру ұйымынан тиісті пән бойынша әдістемелік сүйемелдеуді жүзеге асыратын ұйымдарға немесе білім беру қызметін жүзеге асыратын ұйымдардан ауысқан кезде педагогтің бар «педагог-модератор», «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» біліктілік санаты оның қолданылу мерзімі өткенге дейін сақталады (теңестіріледі).
62. Әдістемелік кабинеттердің (білім беруді басқару органдарының құрылымдық бөлімшелерінің) басшыларына (меңгерушісіне), әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың), «Дарын» орталығының, ақпараттандыру, мектепке дейінгі, арнайы және қосымша білім беру орталықтарының, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының әдіскерлеріне білім беру ұйымдарына ауысу немесе қоса атқару немесе қоса атқару шарттарында оқытушылық қызметті жүзеге асыру кезінде қолда бар біліктілік санат сақталады.