Раматова Раисям Сеитжановна Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі – 1 -курс Пән: Қазақстанның қазіргі заман тарихы Негізгі сұрақтар:
1.Қазақстанда әскери жасақтардың ірі шайқастарға қатысуы, партизан қозғалыстары және ерліктері. 1941 жылы 18 шілдеде БКП (б) ОК «Неміс əскерінің тылында күресті ұйымдастыру туралы» қаулы қабылдады. Бұл қаулыда ерекше айтылатын міндет герман жаулаушылары үшін адам төзгісіз жағдай жасау, олардың байланыстарын үзіп, əскери техникаларын істен шығару, барлық іс- шараларын жүзеге асыруға жол бермеу, басқыншылар мен оларды қолдаушылардың көзін жою, атты жəне жаяу əскер партизандық бөлімдерді, диверсиондық жəне атқыштар топтарын құруға барынша көмектесу, басып алынған территорияларда жауға қарсы барлық жұмыстарды басқару үшін большевиктік астыртын ұйымдардың желісін құру болды. Сонымен қатар онда жау тылындағы күресті барынша белсендендіру туралы айтылды, бұл істі ұйымдастыруды республикалық, облыстық, аудандық, партиялық жəне кеңестік ұйымдардың жетекшілеріне жүктеді. 1941 жылы 28 шілдеде кеңес халқын жау уақытша басып алған аудандарда, жекелеген жау əскері бөліктерімен күресу үшін партизандық отрядтар мен диверсиондық топтарды құруға шақырды.
Кеңес адамдарының асқан патриотизмінің көрінісі болып неміс-фашист басқыншыларының тылындағы бүкілхалықтық күресі болды. Тіптен басып алынған территориялардағы көпшілік кеңес азаматтары өлім қауіпін сепкен қатаң террор жағдайында да басқыншыларға мойынсұнбады, неміс билігінің экономикалық жəне саяси шараларын бұзу мен бүліктер ұйымдастыруға қатысты, олардың полицайларын жазалады. 1941 жылдың жаз-күзінде уақытша басып алынған аудандарда жасырын партизандық астыртын жұмыс жүргізушілер, комсомолдық ұйымдар жұмыс жасады. 1943 жылдың аяғында миллионнан астам кеңес халқы партизандық қозғалысқа белсенді қатысты.
Жау тылындағы кеңес адамдарының күресі басқыншыларға ауыр соққы тигізді жəне оларды талқандауға үлес қосты. Толық емес деректер бойынша, кеңестік партизандар мен астыртын жұмыс жүргізушілер жаудың əскери техникасы мен əскерлері бар поездардың 21 мыңнан астамының аударылуын ұйымдастырған, 1618 паровозды істен шығарған, 170,8 мың вагондарды, 12 мың темір жол жəне тас жол көпірлерін жарған жəне өртеген, 1,6 миллионнан астам гитлерлік солдат, офицерлер мен олардың қолдаушыларын тұтқынға алған жəне көзін жойған, Қызыл Əскердің басқармасына көптеген маңызды барлаушылық мəліметтер əкелген. 1943 жылдың көктемінен бастап партизандардың соғыс əрекеттері əдетте Қызыл Əскердің операцияларымен үйлестіріліп отырылды.
Аса ауыр қиыншылықтарды жеңіп, қатерлі қауіпке қарамай, партизандар жаудың қатынас жолдарын қиратты, темір жолдарын істен шығарумен болды. 1942–1943 жылдың қысында Қызыл Əскер Волгада, Кавказда, Орта жəне Жоғарғы Донда жау əскерін талқандап жатқан кезде халықтық кекшілдер жаудың майданға резервтерін тасып жеткізіп тұрған темір жолдарын соққының астына алды. 1943 жылдың ақпанында Брянск партизандары Брянск-Карачев, Брянск-Гомель бөліктерінде бірнеше темір жол көпірлерін, оның ішінде Деснадағы көпірді бұзды. Күн сайын осы көпір арқылы майданға қарай 25-тен 40-қа дейін эшелон өтетін, ал тамтығы қалмаған бөлімдер, техника жəне тоналған мүліктер тиелген соншама поездар кері қарай өтіп жататын.
Партизан қозғалысына белсене қатысушы Əди Шəріпов өзінің естелігінде былай деп жазады:
«Біз қасықтай қанымыз қалғанша Отан-ананың алдында сүттей таза, əскери антқа берік болуға серт бердік. Біз Белоруссияның орман-тоғайы, орыстың кең жазық даласында қан кешкен ұрыстарда жүрсек те туып-өскен Қазақстанды, сүйікті Отанымызды, қорғайтынымызды жақсы білдік. Қай- қайсымыз болмайық, біз совет азаматы екенімізді, біздің күшіміз — халықтар достығының бірлігінде, коммунистік партияның төңірегінде тығыз топтасуымызда екенін жақсы білдік».
М. Құсайынов «Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты кітапшасында тек Белоруссияның партизан отрядтарында 800-ден астам қазақстандықтар, ал Украинаның территориясында 633 қазақ партизандары болғандығын жəне олардың кейбірін атап өтеді, олар: А. Айсаев, Г. Ахмедияров, Ф. Барабаш, Ж.Саин, Ə. Шəріпов, Қ.Қайсенов, С. Төлешов, Т. Жангелдин, И. Савельев, К. Еремеев, Ф. Озмитель, Н. Көшекбаев.
Герман фашизміне қарсы күресте асқан ерлік көрсеткен жүздеген қазақстандық партизандар болды. Олардың ішінде Ғалым Ахмедияров (Фрунзе атындағы партизандық бригаданың штаб бастығы), Əди Шəріпов (2-клетнян партизандық бригадасының комсомол жұмысы жөніндегі комиссардың орынбасары), Сатымбек Төлешев («Заря» отрядының командирі, соңынан партизандық құрамасының штаб бастығы), Василий Шарудо («Железняк» партизандық бригадасының командирі), Жұмағали Саин (партизандық ротаның политругі), Тоқтағали Жангелдин (комсомол жұмысы жөніндегі бригада командирінің орынбасары) жəне басқалары.
Соғыс тарихы бойынша, алдын ала берілген мəлімет бойынша (1946), Украинадағы 98,583 партизанның ішінде 633 қазақ болған, толық емес мəліметтерге қарағанда, Белоруссияның əр алуан аудандарында шайқасқан 28 партизан бригадасында, полктер мен бөлімдерінде 300-ге жуық қазақстандықтар болған. Ондағы көрсеткен ерліктері үшін 200-ден астам қазақстандықтар орден, медальдармен наградталған, ал екеуіне «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілген .
Сонымен қатар Черник атындағы партизандар бөлімінде рота командирі болған Алматы облысының тумасы А.Л. Манаенков, Е.П. Горелин, А.Ф. Маркова жəне басқаларының құрастыруымен жарық көрген «Партизанские формирования Белоруссии в годы Великой Отечественной войны (1941 июнь – 1944 июль)» атты еңбегінде Нұрым Сыдықовты, көкшетаулық Хамий Исмағұловты, ақмолалық М.Ф. Стрельниковтың соғыстағы ерліктері туралы айтып өтеді. Мысалы, Нұрым Сыдықов аталған партизандық бөлімнің барлық дерлік шайқастарына қатысқан, жаудың 3 эшелонын, 9 автокөлігін жаруға қатысып, 13 рет ашық ұрыста болған. Оның жеке əскери есебінде барлығы 65 өлтірілген жау солдаттары мен офицерлері бар.
Онда 1941 жылы Кеңес Одағының Батыры Лиза Чайкинаның бөліміндегі партизандық топтардың бірін бұрынғы мұғалім Нəумет Көшекбаевтың басқарғандығы жазылады. Ол Калининград облысын азат етуге қатысқан соң Қызыл Əскердің қатарында Украина, Польшаны азат етуге, Берлинге шабуылдауға қатысқан. Сонымен қатар партизандар Əди Шəріпов, Г. Омаров, Қ. Қайсенов, Ж. Саин.
«Боздақтар» топтамалық көлемді ғылыми еңбектің Қарағанды облысына қатысты жазылған жинағында да партизандар құрамасы туралы біршама жалпылаушы мəліметтер кезедеседі. Онда Белоруссия жеріндегі партизандар қатарында екі мыңға тарта қазақстандықтар болғанын, олардан: Қасым Қайсенов, Əди Шəріпов, Федор Озмитель, Дмитрий Сачаев, Петр Шленский, Ғалым Омаров, Жылбек Ақəділов, Сағымбек Төлешов, Тоқтағали Жангелдин тəрізді жігіттермен бірге Жамал Ақəділова, Нұрғаным Байсейітованы атап өтеді.
Партизандық қозғалыс үлкен саяси маңызға ие болды. Партизандық бөлімдер мен партиялық астыртын жұмыс жүргізушілер жергілікті тұрғындар арасында үлкен ауқымды жұмыстар жүргізді. Парақшалар, астыртын жұмыс газеттері арқылы, жеке əңгімелерінде олар басып алынған территорияларда тұрған кеңес адамдарына кеңес-герман майданындағы жағдай туралы шынайы ақпараттар берді, басқыншы биліктің жаласы мен өтірігін жоққа шығарды, фашистік езгіден азат болу жəне жаудың түпкілікті талқандалатындығына сенімді қолдады.
Шетелдегі Қарсыласу қозғалысына қатысқан қазақтар туралы біршама маңызды ақпараттар Қ. Исабайдың «Жаумен жат жерлерде жағаласқандар» атты мақаласында беріледі. Партизандардың естеліктеріне сүйене отырып, автор Еуропаның кейбір елдерін азат етуге қатысқан қазақтар туралы баяндайды. Мəселен, 1944 жылдың жазында Арден орманында шайқасқан Бельгия партизандары қатарында жау тұтқынынан қашып шыққан қазақтарды: Өтеген Абдуллин, Қашкен Жарбеков, Əмен Қанбаев, Жортуды Ыдырысов, Абдолла Бабановтарды атайды. Сонымен қатар 1944 жылдың күзіндегі Франция жерінде ірі операциялар жасап, фашистерден Саит, Аулуа, Фуа, Тулуза, Альба, Монтабан, Сант-Жерен жəне басқа қалаларды азат етуге қатысқан, Қадем Жұманиязов бастаған 90 адамдық партизан бөлімін ерекше айтады. Италияның «Гуйда Баскалье» партизандар бөлімі құрамында болған ақмолалық Кəрім Мұстафин өзімен бірге 70 шақты қазақ болғанын айтқан. 1943 жылдың күзінде Югославияның Словения аймағында 1 партизан отряды құрамында болған Бейсен Раисов 1945 жылы сəуірде Югославияның халық азаттық армиясы, 9 корпус, 18 бригада құрамында кеңес елінің жалпы алғанда 20 шақты ұлт өкілі болғанын атап көрсеткен. Олардың ішінде 130 орыс, 70 қазақ, 60 украин, 50 əзербайжан, 25 өзбек, 10 түркімен, 10 тəжік, 5 татар, 5 қырғыздың шайқасқанын айтып өткен.
Қорыта келе, неміс-фашист əскерлерімен басып алынған территориядағы кеңес адамдарының бүкілхалықтық күресі ауқымы, саяси жəне əскери нəтижесі бойынша фашизмді талқандаудың маңызды əскери саяси факторы мағынасына ие болды. Қазақстандықтар басқа да кеңес ұлт өкілдері қатарында соғыс жүріп жатқан аумақтың қай бөлігінде соғысса да, Отан алдындағы борышын абыроймен атқара білді. Партизандар қозғалысына қатысқан қазақстандықтар туралы мəселе əлі де талай тың зерттеулерді қажет етеді.