Педагогикалық рефлексия – тұлғаны тәрбиелеу, оқыту, дамыту қызметіне қойылған рефлексия; ол мұғалімнің рефлексиялық және рефлексия жасауы, сонымен қатар оқушылардың рефлексиялық ойлауын тәрбиелеу қабілеті, рефлексиялық білімінің негізінде арнайы құрал, әдіс, тәсілдер көмегімен рефлексиялық тұлғаны қалыптастыру үдерісін басқару біліктілігі.
Рефлексия мәселелеріне арналған ғылыми зерттеулерде педагогикалық рефлексияның мазмұндылығын түсіну үшін маңызды аспектілер айқындалған. Олар мұғалім қызметіндегі рефлексиялық үдерістерді көрсетеді және «педагогикалық рефлексия» ұғымының мазмұнын анықтайды. Оларға мұғалімнің әдіснамалық мәдениеті, мұғалім қызметінің адамгершілік, жаңашыл сипаты, үздіксіз өзінөзі дамыту және өзін-өзі жетілдіру үдерісі, өзін-өзі талдау және өзін-өзі бағалау негізінде педагогикалық «Мен-тұжырымдамасының» қалыптасуы мен жетілдіруі жатады.
Педагогикалық рефлексия 4 деңгейде көрінеді:
1ші деңгей: Өзін- өзі танудың рефлексиясы (мұғалім өзі туралы);
2ші деңгей: Басқаны тану туралы рефлексия (мұғалім оқушыны таниды);
3ші деңгей: Даму механизмдері туралы рефлексия (оқушының);
4ші деңгей: Дамудың әдістері мен тәсілдері туралы рефлексия (оқушының).
Педагогикалық рефлексияны дамыту критерийлерін көрнекті ғалым Г.Г.Ермакова ұсынды. Ғалымның пікірінше, педагогикалық рефлексияны дамытудың алғашқы критерийі – рефлексиялық білімнің жеткілікті болуы. Екінші критерийі ретінде педагогтың педагогикалық рефлексияға, рефлексиялық іс-әрекетке қатынасын атайды. Оның көрсеткіштері – құндылық және түрленушілік. Бұл критерийге сипаттама беруде автор келесі деңгейлерді белгілейді:жоғары, орта және төмен. Әрбір деңгейдің қасиеттері ретінде: өз педагогикалық рефлексиясына және рефлексиялық іс-әрекетіне деген қарым-қатынастар тиімділігі мен позициялығын қарастырады.
Педагогикалық рефлексияны дамытудың үшінші критерийі ретінде педагогтың шынайы рефлексиялық мінез-құлқын атайды. Көрсеткіштері – жеке бағдар мен кәсіби шеберлік.
Рефлексиялық психологияның дамуы А. Буземанның атымен байланысты, ол 20-ғасырдың басында оны өздік пән ретінде алғаш рет бөліп көрсеткен. «Рефлексия» деген сөздің өзі «артқа қарау, көрсету» дегенді білдіретін «reflexio» деген көне латын сөзінен шыққан.
Қазіргі уақытта психологияның жекелеген салаларында рефлексиялық үдерістерді зерттеу дәстүрлері қалыптасуда. Әр түрлі феномендердің психологиялық мазмұнын ашу үшін рефлексия сананы (Выготский Л.С., Гуткина Н.И., Леонтьев А.Н., Пушкин В.Н., Семенов И.Н., Смирнова Е.В., Сопиков А.П., Степанов С.Ю. және басқалары), ойлауды (Алексеев Н.Г., Брушлинский А.В., Давыдов В.В., Зак А.З., Зарецкий В.К., Кулюткин Ю.Н., Рубинштейн С.Л., Семенов И.Н., Степанов С.Ю. және басқалары), шығармашылықты (Пономарев Я.А., Гаджиев Ч.М., Степанов С.Ю., Семенов И.Н. және басқалары), қарым-қатынасты (Андреева Г.М., Бодалев А.А., Кондратьева С.В. және басқалары), жеке басты (Абульханова-Славская К.А., Анцыферова Л.И., Выготский Л.С., Зейгарник Б.В., Холмогорова А.Б. және басқалары) зерттеу тәсілдері шеңберінде қаралады.
Рефлексияның ойлаудағы рөлі мен орнын түйіндей келе, мыналарды атап өтуге болады:
- рефлексия ойлау үдерістерінің жоғары даму деңгейінің көрінісі;
- рефлексия адамға өз ойын оның мазмұны және оның құралдары тұрғысында саналы түрде реттеуге, бақылауға мүмкіндік береді;
- рефлексия ойлау қызметі өнімділігінің факторы;
-рефлексия басқа адамның міндеттерін шешу барысына «кіруге», оны түсінуге, мазмұнын «ашуға» және қажет болған жағдайда, қажетті түзету енгізуге немесе шешімнің жаңа бағытын ынталандыруға көмектеседі.