2 Дәріс. «Философияның тарихи типтері мен түрлері».
Философияның тарихи типтері:
1. Ежелгі Шығыс философиясы.
2. Антикалық философия.
3. Орта ғасыр және Қайта Өрлеу дәуірінің философиясы.
4. Жаңа заман философиясы.
5. ХІХ ғасырдағы қазақ ағартушық философиясы.
6. ХХ-ХХI ғасыр философиясы.
Ежелгі Үнді философиясы. Біздің жыл санауымыздан үш мыңдай жыл бұрын Ежелгі Үнді жерінде қауымдық қоғам ыдырап, оның орнына құлдық қоғам қалыптаса бастады. Осыған орай ежелгі үнді қоғамы төрт варнаға (каста) бөлінді. Олар: брахмандар (абыздар), кшатрийлер (әскербасылар), вайшьилер (ауқатты шаруалар) және шудралар (құлдар). Әр варна тұйықталған әлеуметтік топ болды да, әрқайсысы қоғамда өзіне тиесілі орын алды және өздеріне ғана тән дәстүрлі қызметтері болды.
Мысалы, брахмандардың үлесіне – ой еңбегі, кшатрийларға – әскери қызмет, вайшьилерге – ауылшаруашылық, қолөнер кәсібі, саудагерлік тисе, шудраларға – қара жұмыс қана тиді. Ежелгі үнді қоғамының осы даму кезеңіне сай мифологиялық, философиялық көзқарастары да, қалыптасты.
Үнді философиясының мақсаттары – адамгершілікке, руханилыққа баса назар аудару, адамның «өзін басқа барлық нәрседен және басқа барлық нәрселерді өзінен» көру, «иога» жаттықтыру, денені машықтандыру. Ежелгі Қытай философиясы. Ежелгі Қытайдың қола дәуірінен темір дәуіріне өтуіне байланысты ауыл шаруашылығы мен қала тұрғындарының еңбектерінің бөлінуіне, әр түрлі сатыдағы әлеуметтік топтардың пайда болуына әкеліп соқтырды.
Ежелгі Қытай мемлекеті – шын мәніндегі шығыстық деспотия болатын. Мемлекет басшысы – әрі патша, әрі абыз және жалғыз ғана жер иесі болды.
Б.д.д. үшінші ғасырдың аяғында пайда болған Ежелгі Қытай философиясы кейінірек негізі алты философиялық бағытқа – мектептерге бөлінді. Олар: конфуцийшылдық, моизм, заң мектебі (легистер), даосизм, тұрпайы философтар (натурфилософия) және Атаулар мектебі. Конфуцийшылдық. Бұл философиялық ағымның пайда болуы және қалыптасуы, осы ағымның негізін қалаушы Кун-фу-цзы, оның ізбасарлары Мэн-цзы және Сюнь-цзының есімдерімен байланысты. Кун-фу-цзының ілімінше, ең жоғары жаратушы күш – аспан. Ол жерде әділеттілік болуын қадағалап отырады. Ал қоғамдағы теңсіздік, әртүрлі сатыдағы топтардың болуы ол – әділеттілік. Олай болса, аспан (көк) осы теңсіздікті қорғайды. Ең басты мәселелер – адамдар арасындағы қарым-қатынас, тәрбие.
Антика заманының философиясы (б.д.д. VІІ-VІ ғғ.). Аталған дәуірлерде Эллада полистерінде (қала-мемлекет) қолөнер, сауда, ақшалай-заттық қатынастар жоғары қарқында дамып, осы себептердің негізінде өзіндік талап-мүдделері ерекшеленген әлеуметтік топтар пайда болды. Бұл ой еңбегі мен дене еңбегінің бөлінуіне, осы негізде таза зиялылар қауымының пайда болуына, әртүрлі әлеуметтік топтардың талап-мүдделеріне сай саяси-әлеуметтік, философиялық көзқарастардың қоғамдық сана ретінде қалыптасуына әкеліп соқтырды.
Сонымен қатар, антика философиясының қалыптасуына Крит-Микен, Гомерлік Греция кезеңдеріндегі әдеби-діни-мифологиялық көзқарастар және күнделікті өмір тұрғысынан тұжырымдалған данышпандық ой-пікірлер негізінде дамыған грек мәдениетінің сол кездегі Көне Шығыс мәдениетінің озық үлгілерін өз бойына сіңіруі арқасында қалыптасқан әлемнің субстанционалдық негізін іздеген, рационалданған көзқарастар зор әсер етті.
Орта ғасырлық философия. Құлиеленушілік қоғам күйреп, оның орнына Батыс Еуропа елдерінің қай-қайсысында да феодалдық қоғамдық қатынастар қалыптасып, христиан дінінің кең етек алып, тарауына байланысты, «шіркеу әкейлері» мен «пұтқа табынушылар» философиясының арасындағы мәмлеге келмес күрестің өрбу деңгейіне байланысты ортағасырлық философияны негізгі үш кезеңге бөліп қарастырады. Біздің заманымыздағы ІІ ғасырынан бастап, алғашқы христиандық ойшылдардың ілімдерін жиынтықтап, кейін апологетика (қорғау) деп аталып кеткен діни-философиялық бағыт пайда болады. Негізгі өкілдері: Тициан, Тертуллаин Квинт Септимий Флоренс, т.б. Олар өз ілімдерінде христиан діні ежелгі грек философиясы сияқты жалпыадамзат алдында тұрған маңызды да күрделі мәселелерді көтеріп, оларға ежелгі грек философтарынан гөрі тереңірек, ауқымды және ұтымдырақ жауап береді, сондықтан да оларды христиан дініне сенбейтін билеушілер мен ғалымдардың сынауы негізсіз деген пікірді басшылыққа ала отырып, жаңа грек философиясының орнын басатын христиандық діни-философия жасауға бар күштерін салды.
Орта ғасырлық Шығыста VІІІ-ІХ ғасырларда Батыс Еуропаның мәдениеттік даму деңгейі төмен дәрежеде қалып қойған кезде араб тілді философия, араб мәдениеті кең өркен жайды. Ол ислам дінінің пайда болуымен де байланысты болды.
Феодализм дәуірінде ортағасырлық өркениеттің бір ошағы болған Орта Азияда әл-Хорезми, әл-Фараби, әл-Бируни, Ибн Сина (Авиценна, Омар Хайям сияқты өз заманының ғұлама ғалымдары, ірі философ, ойшылдары өмір сүрді. ІХ-Х ғ. Орта Азия халықтары араб халифатының үстемдігінен құтылып, жергілікті феодалдық мемлекеттер пайда болды. Осы кезде мұнда жаратылыстану ғылымдары айтарлықтай күшті дамыды.
Қайта Өрлеу дәуірінің философиясы. ХV ғасырдың аяғында өндірістің, сауданың, әскери саланың жедел қарқынымен өсуі – техниканың, табиғаттану ғылымдарының, математиканың, механиканың дамуына себепші болды. Қолөнер өндірісінен машина өндірісіне өту басталды. Капиталистік өндірістік қатынастардың одан әрі дамуы ХV ғ. аяғы мен XVI ғ. басында ұлы географиялық жаңалықтардың ашылуына алып келді. Мұның бәрі сайып келгенде ақыл-ойдың схоластикалық ойлаудан азат болып, дүниетанудың жаратылыстану ғылыми тәсілдеріне көшуін талап етті. Бұл бағытты Қайта өрлеу дәуірінің аса ірі ойшылдары Н.Кузанский, Н.Коперник, Дж. Бруно, Г.Галилей және т.б. жақтады. Бұл дәуірде жаңа мәдениет – гуманизм пайда болды.
Жалпы алғанда Қайта өрлеу философиясы негізгі үш бағытта дамыды:
1) Біріншісі (Н.Кузанский, П.Мирандолла, Леонардо да Винчи, т.б.) адамның еркін, бостандығын өздерінің философиялық ілімдерінің негізгі өзегі етіп қабылдап, рухани өмірде, мәдениетте гуманизм (адам сүйгіштік) деген бағытты дүниеге әкелді.
2) Екіншісі (Т.Компанелла, Т.Мор), қоғамдық құрылысты сынап, утопиялық социалистік идеяға бой ұрады.
3)Үшіншісі (Н.Коперник, Д.Бруно, Г.Галилей), табиғаттану ғылымдарының жетістіктеріне сүйене отырып, христиан дінінің әлемнің пайда болуы және оның құрылысы туралы іліміне сәйкес келмейтін, табиғат құбылыстарын өз заңдылықтарына сүйеніп түсіндіруге болатын көзқарастың дамуына үлкен әсер еткен революциялық жаңалықтар ашты. Жаңа заман философиясы мен мәдениетінің дамуына Ренессанс үлкен ықпалын тигізді. Ренессанс дәуірінде білімнің қарқынды дамуы, антик мәдениетін қайта жаңғырту, жаратылыстанымдық ғылымдардың пайда болуы сияқты құбылыстар орын алды. XVI-XVII ғ.ғ. Батыс Еуропадағы дамыған елдерде феодалдық қоғамдық қатынастар біртіндеп ыдырап, капиталистік өндірістік қарым-қатынастар өмірге келіп, жаңа қоғамдық тап-буржуазия дербес әлеуметтік күшке айнала бастады. XVII ғасырдағы материализм механистік және метафизикалық сипатта болды, өйткені ол кездегі ең дамыған ғылымдар механика мен математика еді. Сондықтан философияның ғылымға қатынасын анықтау көптеген философтардың маңызды міндетіне айналды. Осыған орай философ-эмпитистер Локк және Юм, трансценденталист Кант философия мен жаратылыстану арасындағы шекараны демаркациялау туралы мәселені шешумен айналысты.
Ағартушылық философиясы және француз материализмі. XVII-XVIII ғ.ғ. алғашында Англияда, содан соң Францияда, кейінен Германияда феодалдық қоғам идеологиясына қарсы, адамның ақыл-ой бостандығы үшін күресте ағартушылық деп аталатын кең ауқымды философиялық ағым пайда болды.
Ағылшын ағартушысы Дж. Толанд, француз ағартушылары Гассенди, Монтескье, Вольтер, Кондильяк, Руссо, неміс ағартушылары Х.Вольф, Лессинг, Гете, т.б. діни сенімге шек қойып, ақыл-ой мен ғылыми дүниеге көзқарасқа кең жол ашу, моральды діннің «қамқоршылығынан» азат ету, сөйтіп, ақыл-ойдың табиғи дамуына жол ашу үшін күресті.
Ресейде философиялық ой-пікірдің өз дәстүрлері мен ерекшелітері бар. Олар, көбінесе, Ресейде ғасырлар бойы орын алған мәдени-әлеуметтік процестерге байланысты. Орыс философиясындағы материалистік дәстүрлер Ломоносовтан басталады. М.В.Ломоносов аты әлемге әйгілі бірінші орыс ойшылы, ғалымы, ғылымның сан-саласын дәйекті дамытқан данышпан (материалист).
Философияның негізгі мәселесін материалистік тұрғыдан шеше отырып, Ломоносов материя атомдардан тұрады, ал атомдар өзара қосылыса келе молекулаларды құрайды, ал соңғылардың қосылысынан аралық заттар түзіледі деп есептеді. Әлеуметтік өмірді түсіндіруде Ломоносов ағартушылық, гуманистік көзқарасты ұстады. Сондай-ақ оның көзқарасында деизмнің элементтері де бар еді.
ХІХ ғасырдағы қазақ ағартушыларының дүниетанымдық көзқарасы. Ресейге күштеп қосылу нәтижесінде Қазақстанда өндіргіш күштер мен халық ағарту ісін ұйымдастыру және басқаруда ілгерілеу байқалды. Орыс революционер демократтарының идеалдары Қазақстан ағартушы демократтарының жанына жақын келді. Олардың кейбірі (Уәлиханов, Абай, Алтынсарин) Н.Г.Чернышевскийдің, Н.А.Добролюбовтың, А.И.Герценнің, В.Г.Белинскийдің еңбектерімен, ал кейбірі (Уәлиханов, Абай) авторларымен таныс болатын. Қазақ ағартушылығының негізін салушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов – демократиялық ұлттық мәдениетіміздің көрнекті өкілі. Энциклопедист-ғалым, шығыстанушы, саяхатшы, публицист және қоғам қайраткері Шоқан Уәлиханов өз бойында шын мәнінде еуропалық білімділік пен Шығыс халықтарының мәдениеті жайлы терең түсінікті үйлестірді және қысқа ғұмырында мол да жан-жақты шығармашылық мұра қалдырды. Ш.Уәлиханов тікелей философиялық мәселелер жөнінде еңбектер жазбаған, алайда, көптеген шығармаларынан философиялық пікірлері мен тұжырымдарын байқауға болады. Ол «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы», «Даладағы мұсылмандық жөнінде», «Тәңір (құдай)» деген еңбектерінде философияның негізгі мәселесіне қатысты пікірлер айтады.
Маркстік философияның пайда болуының тікелей әлеуметтік алғышарты – өнеркәсіптік жұмысшы табының дамуы және оның революциялық қызметінің өсуі болып табылады. Маркстік философияның дүниеге келуінің ғылыми себептері де болды. Бұл кездегі ұлы ғылыми жаңалықтар табиғатта да, қоғамда да барлық құбылыстар бір-бірімен тығыз байланыста және ұдайы даму үстінде болатынын дәлелдеді. Маркстік философияның негізін қалаушылар: Карл Маркс, Фридрих Энгельс, В.И.Ленин.
Батыс философиясы үшін ХІХ-ғасырдың соңы мен ХХ-ғасыр дәуірдің өзіндік санасы айқын көрініс тапқан және тарих пен мәдениет дамуының логикасы бұрынғыдан өзгеше түсіндірілген неше түрлі бағыттарға толы ерекше кезең болды. ХІХ-ғасырдың соңынан бастап Батыс философиясында философияның жаңа, классикалық емес типі қалыптаса бастады және ол ХХ-ғасырда қарқынды дамыды. Оның құрамына неотомизм, тотенциализм, позитивизм, постмодернизм, структурализм және тағы басқа бағыттар кіреді. Оларға белгілі бір деңгейде тұтастық тән деуі болады, бірақ айқын білінетін ерекшеліктері де бар. XX-ХХІ г-ғы философиясының негізгі багыттары: психоанализ. (З.Фрейд және Э.Фромм), неопозитивизм, экзистенциализм (М.Хайдеггер. Ж.Сартр. А.Камю. К.Ясперс. Н.Аббаньяно), постмодернизм, неотомизм, герменевтика және т.б. Олар негізінде рационалистік және иррационалистік бағыттарға бөлінеді.
Философиялық білімнің түрлері:
1.Философия дұниетанымның түрі ретінде.
2. Философия табиғат, қоғам және ойлаудың ең жалпы заңдылықтары туралы ғылым ретінде.
3. Философия ғылыми танымның әдістемесі ретінде.
4. Философия қоғамдық сананың тұрі ретінде.
5.Философия идеологияның түрі ретінде.