Үшінші апта №5, №6дәріс тақырыбы: Математиканы оқытудың қағидалары.
Дәріс мазмұны:
1. Математиканы оқыту қағидасы туралы ұғым.
2. Математиканы оқытудың дидактикалық қағидалары
1. Кез келген басқа оқу пәні сияқты жеке тұлғаның қалыптасуы, саналы білім мазмұнын меңгеріп тікелей мақсатқа жетудің тиімді құралы математиканы оқыту болып табылады. Егер оқытудың негізіне белгілі жағдайлар оқыту тәжірибесімен бекітілген дидактикалық заңдылықтардың негізінен шықса, сонда ғана оқыту жұмысы ғылыми тұрғыдан қойылған деуге болады. Мұндай жағдайлар жүйесі математиканың оқу пәні ретіндегі арнайы ерекшеліктеріне сүйенеді және оның негізгі мазмұнын құрайды. Бұл бөлімде математиканы оқытуды сипаттайтын маңызды қағидалар талданады. Осы қағидаларды біле отырып болашақ мұғалімдер өздерінің жұмысын дұрыс ұйымдастыруға, оқу жұмысына сауатты жоғары ғылыми деңгейде талдау жасауға мүмкіндік алады. Оқыту процесі бүтіндей бір педагогикалық процестің құрамдас бөлігі бола отырып, жоғары және орта мектепте жеке тұлғаны жанжақты дамытып қалыптастыруға бағытталған.
2. Ғылымның негізінде оқушыларды оқытудың жалпыланған тәжірибесі көрсеткендей оқушыларға қойылатын бірыңғай талапты қамтамасыз етіп, оқыту жұмысына қажетті құрал-жабдықтар мен ережелерге, нұсқауларға сүйенуі керек. Осыған байланысты дидактикада оқыту процесін ұйымдастыруға, оның мазмұны, формасы мен әдістеріне қойылатын маңызды талаптар ретіндегі қағидалар талданған. Бұл бірыңғай талаптар дидактикалық қағидалар немесе оқыту қағидалары деп аталады. Оқыту процесін оқыту қағидаларына сай ұйымдастыру оқытуды ғылыми негізде құруға мүмкіндік береді. Математиканы оқыту қағидасы оқытудың белгілі заңдылықтарын және мектептің озық оқу-тәрбие жұмысын білдіреді, ол әркез өзгермейтін заңдылық емес, оны мұғалімдер басшылыққа алады. Дидактикалық талаптар мектеп пен қоғам алдына қойылған талаптардың өзгеруіне сай өзгеріп отырады.
Төртінші апта №7, 8 дәрістің тақырыбы: Математиканы оқытудың әдістері
Дәрістің мазмұны:
Оқыту әдістері және оның түрлері.
Математиканы оқытудың ғылыми әдістері
1. Математиканы оқыту процесінде оқушылардың жас ерекшеліктері мен пәннің мазмұнына сәйкес таңдалған оқыту әдістері білімнің саналы да, баянды болуын көздейді. Әдіс ең кең мағынада – мақсатқа жету тәсілі, белгілі бір тәртіппен реттелген қызмет. Оқу процесінде оқыту әдісі оқушы мен мұғалімнің арасындағы тиімді қарым–қатынастың бір түрі. Оқыту әдісі деп оқушылардың белсенді танымдық қызметін қамтамасыз ететін, мұғалім мен оқушының бірлескен әрекеттерінің нақты түрі. Оқыту сабақ беру мен үйренуден (оқу) тұрады. Сабақ беру – оқу материалын түсіндіретін, оқушылардың оқып үйрену және білімін, біліктілігін тексеруді ұйымдастыратын, алған білімдерін қолдана білулерін басқаратын мұғалімнің іс-әрекеті. Үйрену (оқу) – мұғалімнің басшылығымен орындалатын оқушылардың сапалы іс - әрекеті, ол белгілі бір оқу материалын қабылдауын және мұғалімнің түсіндіруін тыңдауын, теория мен тәжірибе арасындағы байланыстарды ұғып алуды, қорытындылауды, мұғалімнің тапсырмасы бойынша алған білімін қолдана білуді қамтиды [3]. Бұдан оқыту әдістері сабак беру әдістері мен үйрету әдістерінен тұрады деп айтуға болады. Сабак беру және үйрету әдістері – белгілі бір математикалық білім, білік және дағды жүйесін оқушыларға беру тәсілдері деп түсінеміз. Бұл әдіске әңгімелесу, мұғалімнің түсіндіруі және дәріс, тәжірибе, жаттығу ретінде өздігінен істейтін жұмысты басқару, оқушылардың оқу құралдармен, әдебиетпен жұмыс істеуіне басшылық ету. Үйрету әдістеріне (оқып үйрену) оқу материалын танып – білу оқушылардың өз беттерімен белсенді ізденіп білім алу жолдары жатады.
2. Математиканы оқытудың теориясы мен әдістемесін игеру тиімділігін арттыруда оқытудың ғылыми әдістері ерекше орын алады. Математиканы оқытудың ғылыми әдістерін қолдану арқылы оқушылар ойлау қабілетін дамытып, математика сабақтарында қалыптасқан тәсілдер мен ұғымдарды іс жүзінде қолдана білу қабілетін арттырады. Математиканы оқытудың ғылыми әдістеріне: 1) бақылау мен тәжірибе; 2) салыстыру мен аналогия; 3) анализ бен синтез; 4) индукция мен дедукция; 5) жалпылау, нақтылау және абстракциялау жатады