2-тапсырма. Әрбір екі дауыссыз дыбысты салыстыра отырып, олардың бір-бірімен ұқсастығын және бірінен екіншісінің айырмасын көрсетіп жазыңыз.
1. Мейіз, семіз, тек, лақ, қат, хат, бол, нан, шаң, су, шу, бал, Қатира, Уасиха, циркуль, Қаһарман. 2. Көкше өңірінің әсем табиғаты, биік жартасты таулары мен тоғайлары, дала тынысын сәндендіріп, дүниені кеңейтіп жібергендей әсер береді. 3. Таң салқыны қазір күздің суық желіне айналған. Маңайда қызарып салған қурайлар көп көрінеді. Бүрінен айырылған тобылғы да қуқыл реңді. Ұзарып сарғайған селеу мен бозғыл көде, жусан – бәрі де жел лебінен қалтырайды. Бас шұлғып, елбек қағады. Қара жел қуған қаңбақ кең жазықта көп бұлыңдап, тынымсыз кезіп, жосып өтеді (М.Ә.).
3-тапсырма. Барлық дауыссыз фонемаларды түрлі топқа: жасалу жолына, жасалу орнына, жасалу тәсіліне, үн мен салдырдың қарым-қатынасына, сөз ішінде қолданылатын орнына қарай бөліп жинақтап топтаңыз.
Ұқып, тәртіп, тазалық, дәлдік дегендер Жомарттың бойына сіңген өзгеше қасиет (Ғ.Мұст.). Бұта-бұтаның түбін тінтіп, ұя тауып, құсқа тұзақ құрады. Жүріс-тұрысы, тұлға-тұрпаты тапжылмас табандылықты аңғартқандай. Тап қазір башқұрттарға тап беруге талай ауылдың тайсалатын түрі бар секілді. Жалаңаштап ұстаған қарулары аспандағы күнмен ойнап жалт-жұлт етеді (Ә.К.).
4-тапсырма. Дауыссыз дыбыстардың ауызекі сөйлеу кезінде өзгертіп айтылатын түрлерін байқап, олардың солай айтылу себебіне анықтама жазыңыз.
Тау төбесіндегі Егізкөлде не болып жатқаны белгісіз еді. Мен 1928 жылы күзге таман сол кездегі Қазақстан астанасы Қызылордаға бірінші рет қызметке шақырылдым. Ояң жерлер тіпті төмендеп, қыраң жерлер биіктеп кеткендей (Ғ.М.). Көлдің бурадай буырқануы Ботагөздің қуанышты сезімін өзгертпеді. Жұрт Дәметкеннің қылығына әрі сүйсінді, әрі аяды (С.М.).
5-тапсырма. Бір морфеманың құрамында жуан-жіңішке ерекше белгілері бар фонемалар болса, қандай фонетикалық құбылыстарға тап боламыз? (қандай фонетикалық өзгеше құбылыстар пайда болады?).
Құнанбай ұзақ сөйлеп отырғанда, Бөжей қыбыр етіп қозғалған жоқ. Көзін де төмен салған қалпынан бір көтермеді, сондықтан оның ұйықтап отырғаны я ойланып отырғаны мәлім емес. Қалың етті салбыраңқы қабағы кішкене көзін көрсетпей тасалап алған сияқты (М.Ә.). Апыр-ай, адамзатта да ондай сұлу болады екен-ау!.. Аққудың көгілдіріндей осы аппақ… Үстінде шетін кестелеген ақ көйлек, омырауын неше түрлі ілгектермен безеп тастаған қызыл пүліш камзол, басында үкі таққан бөрік, өзі сұлу адамды мүлде жандандырып, құбылдырып тұрды (Б.М.).
6-тапсырма. Не қатаң, не ұяң сыңарлары жоқ фонемаларды көрсетіңіз, олар қандай аллофондар арқылы берілген?
Өз ойының ауыртпалығы Абайға барлық тірлікті соншалық тойымсыз, жалған етіп көрсетті. Тоқырау өтіп, күзектегі ел күземін де алып болды. – Елге өнер білім керек. Оқу, тәрбие керек. Ендігі заман кең жайылыс, ұзақ өріске сеніп,қалың ұйқыны қуат біліп жататын заман емес. Өзге өнерлі елден оқып, үлгі алудың заманы, – дейді (М.Ә.).