Құзырет – тұлғаның табысты іс-әрекетке даярлығы, қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін ішкі және сыртқы ресурстарын тиімді жұмсай алу қабілеті.
Құзыреттілік - оқушылардың әр-түрлі іс-әрекеттер түрлерін меңгеруімен анықталатын білім беру нәтижесі.
Кәсіби құзыретілік мәселесі халықаралық деңгейде Еуропалық кеңес форумдарында және ЮНЕСКО материалдарында жиі талқыланады. ЮНЕСКО құжаттарында құзыреттер (компетенции) білім беруден күтілетін нәтижелер ретінде қарастырылып олардың негізгі түрлері айқындалған.
В.А.Сластениннің, М.И.Мищенконың пікірлерінше педагогтыңкәсіби құзыреттілігі – іс-әрекетті атқарудағы теориялық және практикалық даярлықтарының бірлігі. Құзыреттілік тұрғыдан оқыту барысында басты назар білім беру нәтижесіне, оның тұрақтылығына, оның өлшемдеріне аударылады. Бұл бағытта оқушылардың дербестігі, өз беттерінше жұмыс істей алулары ескеріледі. Егер дәстүрлі оқытуда тек оқушылар үлгерімінің пайыздық көрсеткіштері маңызды болса, құзыреттілік тұрғысынан оқытуда олардың жетістіктері, мүмкіндіктер деңгейі, тұлғасының қалыптасуы, олардың әлеуметтенуі, іскерліктері жоғары мәнге ие болады.
Педагогтың танымдык (гностикалық) іскерлігі. Бұл компонент мұғалімнің танымдық қабілеттерін, интеллектуалдық мүмкіндігін, өз пәнін терең білуін, дүниетаным шеңберінің кеңдігін, өзін-өзі танып білуін қамтиды және маман еңбегінің негізі болып саналады. Танымдық іскерлікті қалыптастыру үшін адамның қабылдау, зейін, ойлау, елес, ес, т.б. психикалық қасиеттердің бірлікте дамуы қажет.
Педагогтың конструктивтік (кұрастыра білу) іскерлігі.Бұл іскерлік оқу-тәрбие жұмысын модельдеу, жоспарлау, композициялық материалдарды іріктей алумен, оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне сай оқу-тәрбие процесінің материалдық базасына сәйкес жұмысты ретімен ұйымдастыра білуімен сипатталады. Педагогтың коммуникативтік (қарым-қатынас) іскерлігі.Бұл іскерлік мұғалімнің түрлі категориядағы адамдармен тез тіл табысып, тиімді қарым-қатынас жасай алуын көрсетеді. Қарым-қатынас тәсілдері сөз сөйлеу техникасы, қимылдар, мимиканы игере білуден басталады. Бұл іскерлікті қалыптастыру үшін алдымен адам басқа адамды тусіне білуі, тани білуі және өзін де таныта білуі керек. Екіншіден, өзінің ой-пікірін, көңіл-күйін көзқарасын, мақсатын сөйлескен адамға, тыңдаушылар ұжымына түсіндіре білуге және оларды да түсіне білуге ұмтылуы қажет. Үшіншіден, адамдармен қарым-қатынас барысында толеранттылыққа негізделіп, оң шешім таба білуі маңызды.