Өміріндегі бетбұрысты сәт оның 1972 жылы өзіне етене жақын Қарағанды металлургия комбинатында партия комитетінің хатшысы лауазымына тағайындалуы болды. Ол 30 мың адам жұмыс істейтін Қазақстан ауқымындағы аса ірі кәсіпорында комбинат директорынан кейінгі екінші тұлғаға айналды.
Бұл зор жауапкершілік жүктеген еді, оның ауыртпалығын көп ұзамай-ақ толық сезінді. Тек партиялық жұмыстармен ғана емес, өндіріспен, өнім шығару жоспарымен, жөндеу және құрылыс мәселелерімен, кәсіпорынды жабдықтаумен, көптеген адамның тұрмыстық, баспаналық, мәдени және отбасылық істерімен де айналысуға тура келді.
Ол комбинаттағы кемшіліктерді жасырмады, қайта олармен күресті. Нәтижесінде комбинаттағы істер оңға баса бастады, Теміртаудың өзінің де құрылысы дамып, абаттана, жақсара түсті.
Нұрсұлтан Назарбаев адамдардың игілігі үшін жұмыс істеді, сондықтан әрдайым өзін олардың қолдайтынына сенімді болды. Металлургтермен бірге ол қайнаған ыстықта жүрді, шахтерлермен бірге штольняларға түсті. Сондықтан Назарбаев үлкен лауазым иелерінің кабинеттеріне қаймықпай кіріп, әділдікке жету үшін «қара қылды қақ жарғандай» етіп шындықты ғана айтты. Ол жалаң сынаушы ғана болған жоқ, үнемі сол жерде түйткілдерді бірден шешудің қисынды жолдарын ұсынды, берік дәлел мен дәйекке ғана сүйенді. Сондықтан оның пікірі мұқият тыңдалды, жиі қолдау тапты. келісті Басшы ретінде Н.Назарбаевтың беделі жоғары болу себебі, ең алдымен, оның жұмысшылар қатарынан, ең төменгі буыннан көтерілгендігінен, барлық мәселелерді түп-төркінінен танып білетіндігінен еді.