Пікір жазғандар: Кәрібаев Б. Б


Азамат соғысы және социалистік құрылыстың басталуы



бет49/93
Дата10.03.2023
өлшемі0,68 Mb.
#73115
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   93
Байланысты:
annotation165748

Азамат соғысы және социалистік құрылыстың басталуы. Азамат соғысы үкімет үшін күрестің жалғасы болды. Кеңес үкіметінің белсенді әрекеттеріне қарамастан, Қазақстанда азамат соғысының ошақтары өте тез пайда болды: 1917 ж. қарашаның аяғында Орынборда атаман Дутовтың басшылығымен ақ гвардия әскерлері Орынбордағы Кеңес күштерін шегіндіріп, билікті басып алды. Сол айда Жетісуда казак әскерлері кеңесінің «әскери үкіметі» және революцияға қарсы ошақ Оралда да құрылды. Құрылған облыстық әскери үкімет көп ұзамай жергілікті кеңесті таратып, өкіметті басып алды. Сөйтіп, Верныйда және Орал қалаларында ақгвардия диктатурасы орнатылды. Бұл үш «әскери үкімет» Қазақстанда кеңес өкіметіне қарсы қозғалыстың басты күші болып табылды. Олар ақгвардиялық офицерлерге, ауыл-село шаруаларына сүйенді және меньшевиктер мен «Алаш» партиясының жетекшілерінен қолдау тапты.
1918 ж. жазда азамат соғысы өршіп, кең етек алды. Ақ гвардияшылармен бірігіп алған империалистік мемлекеттердің белсенділік көрсетуіне орай ең басты пәрменді күш - Сібір мен Оралда шоғырланған Чехословакия корпусының офицерлері бүлік шығаруына байланысты әскери қақтығыстар күшейе түсті. Бұл корпус революцияға дейін Австро-Венгрияның чехтар мен словактардың тұтқын солдаттарынан құралған болатын. Осы корпустың бөлімдері революцияға қарсы ішкі күштермен бірлесіп, Ақмола, Петропавл, Атбасар, Қостанай қалаларын басып алды.
Мамыр айының аяғында В.В. Куйбышев В.И. Лениннен Орынбордағы Дутов авантюрасының тамырын жою туралы көмек сұрады, олай болмаған күнде Торғай мекенінің 12 млн. тұрғыны аштан қырылатындығы туралы ескерткен еді. Осыған орай облысқа әскери көмек көрсетіліп, Қызыл Армияның бөлімдері құрылды, кейін бұл бөлім Ақтөбе майданының құрамына енгізілді. Ақ гвардиялықтар негізінен Орынбор және Илецкі аудандарында Дутовтың басшылығымен әрекет етіп, олар Ташкент және Самараны Орталықтан бөліп тастады. 1918 ж. 2 шілдеде Дутов басқарған әскер Орынборды екінші рет басып алды да, Түркістанды орталық Ресейден бөліп тастады. Қызыл Армия бөлімі (10 мың адамға жуық) Орынбор қаласын тастап 2 топқа бөлінді. В.Г. Блюхер және Н. Каширин отрядтары солтүстікке кетіп, Шығыс майданның негізін құрды. Басқа бөлімдер Ақтөбе және Орск қалаларына шегініп 1918 жылы шілде айында Г.В. Зиновьевтың басшылығындағы бір армияға бірікті. Қызыл Армия күштері қанды қақтығыстар жүргізіп Орскны ұстап тұрды.
1918 ж. күзінде, яғни қазан айында Каспийге ағылшындардың келуіне байланысты Ақтөбе майданында қиын жағдай қалыптасты. Жоспар бойынша, ағылшындарға Қазақстан мен Орта Азияны ішкі контрреволюциялық күштер арқылы бір уақытта басып алу ұсынылды. «Орынбор тетігі» яғни стратегиялық негізгі темір жол қиылысы большевиктер өкіметін кәдімгідей ойландырды, сондықтан В.И.Лениннің нұсқауымен 1918 ж. Ә.Жангелдин басқарған 600 адамнан тұратын Балтық матростарының отряды қосылған әскери экспедиция орталықтан бөлініп қалып, көптеген қиыншылықтарды көре жүріп, 7 ай көлемінде Ақтөбе майданына қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізді. Негізгі күш Орынборға жұмылдырылды, себебі қаланы қалайда басып алу Түркістанды Дутовтан қорғау мүмкіндігін туғызды.
Орынборды алу операциясына Ақтөбе майданының әскерлері мен Шығыс майданның әскерлері де қатысты. 1918 ж. 29-желтоқсанда ауа райының қиындығына қарамастан шабуыл басталды, Дутов ақ гвардияшылары екі майданның әскерлерінің қысымынан жеңіліп, толық талқандалды. 1919 ж. 22-ші қаңтарында Орынбор қаласы алынып, Түркістан аудандары мен Орталық Ресей арасындағы қатынасты қалпына келтірді. Осымен Ақтөбе майданының тарихтағы 1-ші кезеңі аяқталды (1918 шілде-1919 қаңтар).
1918 ж. күзінде ақ гвардияшылар Жетісудағы Саратов, Покровское, Покатимовское жерлеріне белсенді шабуылдап, Қызыл Армия қарулы күштерінің қарсылығына қарамастан Сергиополь, Үржар, Сарқант және т.б. жерлерге бекінді. Сөйтіп, Солтүстік Жетісу майданы құрылды. 1918 ж. аяғында Жетісу майданында 10 мың қызылармияшылар мен біріктірілген Черкасск партизан күштері орналасты.
1918 ж. наурызда ақ гвардияшылар Орал қаласында Кеңес билігіне шабуылдап, облыстық атқару комитетінің мүшелерін қамап, соңынан оларды өлтірді. Алашорданың Батыс бөлімімен бірлесіп әрекет еткен Дутов бөлімдері Орал-Гурьев ауданында генерал Толстов басқарған ақтардың негізгі күштерімен бірікті. 1918 ж. күзінде Орал ақтарымен күресу үшін «Ерекше армия» (кейінгі шығыс майданының төртінші армиясы) құрылды. Жыл бойы Шығыс майданындағы Колчак әскерлерінің шешуші жеңісіне дейін Орал аймағы қолдан-қолға өтті. Орал облысында «Бірінші ерекше атты әскер» бригадасы құрылып, кейін Қызыл армияның 4-армиясының құрамына кірді. 4-ші Армияның қолбасшысы болып М.В.Фрунзе тағайындалды. Оралды босату операциясына В.И.Чапаев басқарған 2-ші Николаев дивизиясы және 4-ші армияның бөлімдері қатысты. 1919 ж. 24-ші қаңтарда қала босатылды. Сөйтіп большевиктер үшін азамат соғысының алғашқы кезеңі сәтті аяқталды.
1919 ж. көктемде Колчактың шабуылдауына байланысты Шығыс майданында жағдай бұрынғыдан да қиындай түсті. Колчак армиясы Орынбор мен Оралды алғаннан кейін Оңтүстік майдандағы Деникинге қосылу қажет болды. Сондықтан бұл аудандағы әскери қимылдар М.В.Фрунзе басқарған Шығыс майданының Оңтүстік әскери бөліміне тапсырылды. Шығыс майдандағы туған шиеленіс Батыс Қазақстандағы жағдайды да қиындатып жіберді. Осылайша Орынбор шығыстан, оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан 100-120 шақырымда Колчак армиясымен қоршауға алынып, қаладағы 1-ші Дутовтың орынбор казак корпусы және 2-ші корпусы шабуылдап, әскери қимылдар қайта басталып, 1919 ж. сәуірдің бас кезінде Ақтөбеге шабуыл жасауға кірісті. Ақтөбедегі жұмысшы отрядтары әскер күшін жабдықтай алмауынан 1919 ж. сәуірде қала тасталынып, қызыл гвардияшылар Қандыағаш станциясына шегініп, жергілікті тұрғындардан жаңа әскери күш жинақталып, оңтүстік Ақтөбе майданы құрылды. Ақтөбе майданы Түркістанның болашағы үшін стратегиялық негізгі нүкте болды.
Партиялық ұйымдар «Бәріміз Колчакқа қарсы күреске» деген ұранмен жұмысшылар, шаруалар, теміржолшыларды мобилизациялап, соғысқа аттандырды. Ақтөбе майданына Түркістан майданынан жүздеген ұлт өкілдері бар армия келіп қосылды. Майдан Түркістан АКСР-іне бағындырылды. Майдан құрамына Колузаевтың отряды (1105 адам), Қостанай партизан отряды (750 адам) қосылды. Майданды басқарған Колузаевтың Ембі ауданы және Темірде жүргізген әскери қимылдары сәтсіз өтті. Сондықтан да Түркістан АКСР-нің революциялық-әскери советі Колузаевті майдан қолбасшысы қызметінен алды. Ақтөбе майданы әскерлерінің қолбасшысы болып А.И.Астраханцевті, ал комиссары етіп И.Ф.Казаринды тағайындады. П.Кобозев басқарған ТүрЦИК комиссиясы мен Жиляев арасындағы әскери келіспеушілік нәтижесі майдандағы жағдайды қиындата түсті. 1919 ж. шілде аяғындағы шабуылға шыққан ақ гвардияшылар кеңес әскерлерін ескі Арал теңізіне шегіндірді. Бұл кезде Шығыс майданының әскери бөлімдері Түркістанға көмекке келді.
М.В.Фрунзенің ұсынысымен оңтүстік әскери топ Түркістан майданы болып бөлінді, олардың алдында: Орал мен Орынборды босату және Түркістанға экспедиция жіберу міндеті тұрды. 1919 ж. 30 тамызы мен 1-қыркүйекте қарсыластар Ақтөбе майданына шабуыл бастады. 1919 ж. қыркүйегінде Түркістан, Ақтөбе майдандары Мұғалжар станциясында бірікті. Оңтүстік Колчак армиясының негізгі күші талқандалып, Түркістанға жол ашылды.
Қазақстанның ақ гвардияшылар басып алған жерлерінде, олардың жіберген қателіктерінің салдарынан, партизан қозғалыстары мен халық көтерілістері де кеңінен өріс алды. Партизан қозғалысының ірі ошағы - Қостанай уезі болды. Партизан қозғалыстары Ақмола, Семей, Жетісу облыстарында, Павлодар, Өскемен, Бұқтырма мен Зайсан уездерінде, әсіресе Зырян, Катон-Қарағай, Шыңғыстау, Шемонайха болыстарында кең қанат жайды. Партизан отрядтарының негізін құраған шаруалар Қазақстанның барлық уездеріндегі большевиктік ұйымдарды құруда да ерекше роль атқарды. 1919 ж. көктемінде Шығыс және Ақтөбе майданының жақындауына байланысты партизандар қозғалысының белсенділігі күшейді. Шаруалар жергілікті ақ гвардияшыларды қамауға алып, әскери революциялық комитеттер сайлап, көптеген жаңа отрядтар жинақтады. Мәселен, Бурабай поселкісінде 1270 адамдық отряд құрылды. Шаруалар көтерілісін әскери–революциялық штаб басқарып, сәуірде Қостанай қаласы алынды. Қостанайға ақ гвардияшылардың ірі әскери күштері мен 32-ші Донецк полкі аттандырылды. Кескілескен ұрыстардың нәтижесіне партизан отрядтарының әскери дайындығының нашарлығы әсер етсе, оның үстіне қостанайлықтардың Ақтөбе майданына қосылуына «Алаш Орда» кедергі жасады. Партизан отряды Торғайға қарай аттанып, Торғай атты әскер отрядымен бірігуге тырысты, себебі Ақтөбе қаласын Дутовшылардан қорғау үшін қосымша әскери күш қажет еді. 1919 ж. А.Иманов Торғайдағы гарнизондар мен әскери ұйымдарды көшіру туралы бұйрық берді. Осы уақытта Қостанайлық партизандар штабы бастығының көмекшісі Л.Таранның отряды қалаға жақындайды. А.Иманов және Л.Таранды жолдастарымен Алашордашылар тұтқындап, бір айдан кейін жазалады. Тірі қалған Қостанай партизандары Ақтөбе майданының құрамына енгізілді. Нәтижесінде Қостанайлық партизан отряды Ақтөбе майданының үлгілі 4-Долбушев жаяу әскер полкіне айналды.
Азамат соғысында партизан қозғалысы етек алды. Черкасск қорғанысы, Тарбағатай мен Алтайдың «Тау қырандары» отрядтарының қозғалысы Қазақстандағы Азамат соғысы тарихынан өшпес орын алды. 1919 ж. жазында Шығыс майданда Колчак армиясының негізгі күші күйрегеннен кейін батыс, солтүстік, солтүстік-шығыс Қазақстан мен Жетісуды азат етуге жол ашылды. 1919 ж. аяғында Қазақстанның негізгі территориясы Дутов пен Анненковтың армияларының қалдықтарынан босатылып, 22 наурызда кеңес әскерлері Қапалды, 28 наурызда Арасан станциясын азат етті. 22 наурызда Үржар станциясын, 27 наурызда Бақты станциясын, 25 наурызда атаман Анненковтың ставкасы тұрған Үшаралды, 29 наурызда Қапал гарнизонын тізе бүктіріп, атаман Анненков және Дутов бастаған ақ гвардияшылардың қалдықтарын Синьцзянға қарай қуды. 1920 ж. 29 наурызында ең соңғы майдан Солтүстік Жетісу майданы жойылып, Кеңес үкіметі қайтадан қалпына келеді.
1920 жылы азамат соғысы аяқталып, онда қызылдар ақтарды талқандап, жеңіске жетті. Қызылдардың жеңісінің себептері: біріншіден, Кеңес өкіметіне қарсы күштер ұйымдасып, бірлесіп қимыл жасай алмады; екіншіден, ақ гвардияшылар өкіметі орнаған жерлерде бұқара халыққа қарсы бағытталған шаралар жүзеге асырылып, оған керісінше Кеңес өкіметі тарапынан ұлттардың өзін-өзі билеу құқығының сөз жүзінде болса да мойындалуы; үшіншіден, Кеңес өкіметінің орта шаруалармен одақ құруы және 1919 жылы шілдеде Казревком құрылғанда қазақтардың жерге мұқтаждығын өтеу жөнінде айтылып, Қазақстанға қоныс аударуды тоқтату мәселесі қойылды; төртіншіден, 1919 жылдың көктемінен бастап, А.Байтұрсынов бастаған алашордашылар қызылдар жағына шықты. Себебі, олардың Колчактық орыс шовинистік көзқарастарынан үміттері үзілді. Ақтар билеушілері қазақ халқына ұлттық автономия бергісі келмеді, тіпті, өздерінің қолдап жүрген Алаш орда үкіметін де мойындамады. Сібірдегі уақытша Бүкілресейлік үкімет 1918 жылы 22 қазан-4 қарашадағы грамотасымен Алаш орда Халық Кеңесі үкіметін таратып жіберді. Сонымен қатар, Сібір үкіметі Алаш автономиясын қазақтың территориялық мемлекеттігі деп танудан бас тартты. Оған қоса, 1919 жылы жазға қарай ақтар Сібірде жеңіліске ұшырады.
Алаш көсемдері қазақ мемлекеттілігін құрудың жаңа жолдарын іздеуге мәжбүр болды. Қазақ зиялылары ендігі жерде Кеңес үкіметімен ымыраға келу жолдарын қарастырды. 1919 ж. басында Алашордалықтар Кеңес үкіметімен арадағы келіссөздерін қайта жандандыра бастады. Келіссөздер Алашорда атынан емес, А.Байтұрсынов басқарған Торғайлық тобының атынан жүргізілді. А.Байтұрсынов ең әуелі Ә. Жангелдинмен одан кейін Мәскеуде Сталинмен келіссөздерді жалғастырды. 1919 ж. наурызда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті Алашордаға амнистия (кешірім) жариялады. Алашорда басшыларының бірі А.Байтұрсынов, оның жақтастарының үлкен тобы Кеңес үкіметінің жағына шықты. Желтоқсан айында Ә.Бөкейханов бастаған Алашорданың Шығыс бөлімі толығымен Кеңес үкіметін мойындады.
Кеңес үкіметі кеңестік негізде Қазақ Автономиясын құру жөнінде дайындық жұмысын жүргізе бастады. РКФСР ХКК-нің 1918 ж. 12 мамырдағы қаулысына сәйкес, ҚазАКСР-н құруға дайындық жұмыстарын ұйымдастыру үшін Ұлттар ісі халық комиссариаты жанынан алғашқы арнайы саяси орган – қырғыз (қазақ) бөлімі ашылды. Алайда, азамат соғысы басталып кеткендіктен бұл жұмыстар кейінге қалдырылды. Қазақ съезі шақырылып, Қазақ республикасының автономиясы жарияланғанша өлкені әскери-әкімшілік басқару үшін 1919 ж. 10-шы шілдеде РКСФР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И. Лениннің қол қоюымен «Қырғыз (қазақ) өлкесін басқаратын төңкеріс комитеті (Ревком) туралы уақытша ереже» жарияланды.
Ереженің 3-ші бабына сәйкес, Қазақ автономиялы республикасының территориясы Түркістан республикасымен, Қырғыз съезі және Орталық Кеңес үкіметімен келісіліп анықталғанға дейін Қазревком құзырына «…Астрахань губерниясымен Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарының территориялары қарайды» делінген.
Қазревкомның бірінші құрамына: С.Пестковский (төраға) А.Байтұрсынов, В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Тұнғаншин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев кірді. Әртүрлі уақытта Қазақ ревкомының мүшесі болып: Ә.Әйтиев, С.Арғыншиев, А.Авдиев, Ғ.Әлібеков, Б.Қаралдин еңбек етті. Әйтсе де Алашордалықтардың Кеңес үкіметінің жағына шығуы оңай болмады. Алашордаға жасалған кешірімге қарамастан оның басшыларына деген сенімсіздік ұзақ уақытқа сақталды. Ал Кеңес үкіметінің Қазақстандағы кейбір өкілдері Алашорда жетекшілеріне жау ретінде қарады. Біртұтас тәуелсіз ұлттық мемлекетті құруға талпынған қазақ зиялыларының пәрменді әрекеті нәтижесіз аяқталды. Кеңес үкіметі мойындамаған Қазақ Ұлттық Автономиясы қазақ зиялыларының өркениетке, тәуелсіздікке қол созған әрекеттері ретінде тарихта ғана қалды.
Алғашқы күннен Қазревком әрекет-қимылда жүрген армияны азық-түлікпен жабдықтау, астықты және басқа тамақ өнімдерін Орталыққа, Түркістан АССР-на жеткізу яғни, «соғыс коммунизм» саясатының басты мәселесін шешу ісімен айналысты. Бұл саясаттың мәні - өнеркәсіпті жаппай национализациялау, басшылықты орталықтандыру, тіршілік үшін маңызды тауарлардың бәрін бөлу, азық-түлік салғыртын, карточкалық жабдықтау жүйесін, жалпыға бірдей еңбек міндеткерлігін, еңбекке бір мөлшерде ақы төлеуді енгізу, тауар-ақша қатынастарын жою болды.
1920 ж. тамызында Мәскеу қаласында қазақ әскери төңкеріс комитеті және Түркістан майданының әскери–төңкеріс кеңесі, РКП(б) Түркістан өлкелік комитетінің партия және кеңестік ұйымдардың өкілдері қатысқан Қазақ АКСР-н құру туралы бірнеше мәжілістер өткізді. Соңғы мәжіліске В.И.Лениннің өзі төрағалық етті. Нәтижесінде 1920 ж. 17 тамызында РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі Қазақ Республикасы жөніндегі Декреттің жобасын қарап қолдады. 1920 ж. 26 тамызында Ленин мен Калинин қол қойған БОАК және РКФСР ХКК-нің құрамында, астанасы Орынбор қаласында болатын «Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялы Республикасын құру туралы» тарихи Декреті жарияланды. 1920 ж. 4-12 қазанында Орынбор қаласында өткен Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезі, Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялық социалистік республикасы еңбекшілері құқықтарының Декларациясын қабылдады, ол Декларация РКФСР құрамына жеке автономия болып кіретін ҚазАКСР-нің құрылуын жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар, қызыл әскерлер депутаттары Кеңестерінің Республикасы ретінде бекітті. С.Меңдешевті бас етіп, Орталық Атқару Комитетін (ОАК) және В.Радус–Зеньковичті бас етіп Халық комиссарлары Кеңесін (ХКК) сайлады.
1920 жылдың көктемінен Қазақстан жерінде азамат соғысы жылдарында өлкенің жаудан азат етілген аудандарында ақ гвардиялық аппараттар жойылып, кеңестік мемлекеттік органдар ұйымдастырылып жатты. 1920 жылдың көктемінде партияның ІХ съезі болды, онда халық шаруашылығын қалпына келтірудің бірыңғай жоспарын жасап бекітті. 1920 жылғы қаңтар-наурызда өлкенің губерниялары мен уездерінде партия конференциялары өтіп, оларда халық шаруашылығын қалпына келтіру мәселелері талқыланды. Өлкенің соғыстан зардап шекпеген жері кемде-кем еді. Қиыншылықтар мен ауыртпалықтарға қарамастан, Қазақстан еңбекшілері қиындыққа қарсы күресті. Өнеркәсіпке отын беру үшін Орал-Ембі мұнай кәсіпшіліктері қалпына келтіріліп, Ембі-Атырау мұнай құбыры бірнеше шақырымға тартылды. 1920 жылғы наурыз-маусым айларында Ембі мұнай кәсіпшіліктерінен көліктің барлық мүмкіндіктерімен және су жолы арқылы 17452 пұт мұнай тасылды. Қарағанды мен Екібастұздың шахталары қалпына келтіріліп, 1920 жылы Қарағанды мен Екібастұздың шахтерлары 3 млн. пұттан астам көмір өндірді. Екібастұз зауытында, Риддер кенішінде қорғасын концентраттарының қорынан қорғасын қорыту жұмысы жолға қойылды. Семей және Ақмола губернияларының кәсіпшіліктерінде жыл ішінде 8,5 млн. пұт тұз өндірілді. Оралда, Қостанайда, Семейде, Ақмолада электр станциялары жұмыс істей бастады.
Қазақстанның кеңес органдары совхоздар, артельдер, жерді бірлесіп өңдеу серіктестіктерін ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды қиыншылықтарға қарамастан жалғастыра берді. 1920 жылдың күзіне қарай Қазақстанда Жетісу облысын қосқанда 1039 коллективтік шаруашылық болды. Сол жылдары алғашқы ауылшаруашылық артельдері, коммуналар, совхоздар пайда болды. 1920 жылдың аяғында (Жетісу мен Оңтүстік облыстарды қоспағанда) 939 колхоз, оның ішінде 132 коммуна, 779 артель, 28 жерді бірлесіп өңдейтін серіктестік (ТОЗ), 348 тұтыну қоғамы жұмыс істеді.
1919 жылы сәуірде уездік және губерниялық Халық ағарту бөлімдерінің жанынан мәдени-ағарту ұйымдары құрылды. Оқу үйлері, кітапханалар, сауатсыздықты жою мектептері жұмыс істеді. Сол жылдары республикада 199 көпшілік кітапханасы, 196 клуб, 83 халық үйі, 1478 оқу үйі болды, үгіт қызыл керуендерін, ал темір жол бойында - үгіт вагондарын ұйымдастырды.
Қорыта келгенде, Қазақстанда Кеңес үкіметі негізінен және көпшілігінде күштеп орнатылды. Қазақ халқы Қазан төңкерісінің мәнін, Ленин бастаған большевиктер партиясының бағдарламасын түсінген де жоқ. Әлеуметтік революцияға Қазақстанда ешқандай негіз жоқ болатын.

Бақылау сұрақтары:





  1. Қазақстанның қай жерлерінде Кеңес өкіметі бейбіт жолмен орнады?

  2. Азамат соғысы кезінде А.Байтұрсынов бастаған алашордашылар неге қызылдар жағына шықты?

  3. Алашорданың қарулы күштері қандай деңгейде болды?

  4. ХХ ғ. 20-жж. Қандай мұнай құбырлары жұмыс істеді және жаңадан тартылды?





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   45   46   47   48   49   50   51   52   ...   93




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет