4.51971-1990 жж. Қазақстан Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы.ХХ ғ. 60 жж. ортасы - 70-жылдарының басында басталған экономикалық реформаның қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған тұстары бұрмаланды. «Тоқырау» кезеңі дейтін 1971-1985 жылдар аралығында Қазақстан экономикасы бұрынғысынша техникалық прогреске қабілетсіз, қарапайым әдіспен дамыды. Бұл жылдары өнеркәсіпті өркендетуге 40,8 млрд. сом немесе халық шаруашылығына бөлінген барлық қаржының 32% жұмсалды. 15 жыл ішінде өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 2 есе, ал машина жасау, химия өнеркәсібі сияқты салаларда 3 еседен астам артты. Энергетикада электр қуатын өндіру одан әрі шоғырланып, орталықтандырылды. 1975 жылы республиканың барлық кәсіпорындары дерлік бір орталықтан энергиямен жабдықталды. Шевченко қаласында шапшаң нейтронға негізделген дүние жүзіндегі аса ірі атом реакторы жұмыс істеді.
1980 жылға дейін 250-ге жуық кәсіпорын, ірі өндірістер мен цехтар іске қосылды, өндірістің жаңа салалары пайда болды. Дегенмен осы жылдарда КСРО-ның бірыңғай халық шаруашылығы жүйесіне әбден кірігіп кеткен Қазақстан экономикасы қарқынды дами алған жоқ. Одақтық ведомстволар республиканың шикізат ресурстарын өздеріне тасып алып, аса зор пайда тапты. Қазақстан бюджетіне инфрақұрылымды дамытуға қаржы жұмсамады. Олар өз қарауындағы кәсіпорындар арқылы жылына 15 млрд. сом жалпы табыс алып отырса да, республикалық бюджетке бар болғаны 31 млн. сом немесе 1 пайыздан аз қаржы аударды. Өндірісті жоспарлауда кемшіліктер орын алды, жаңа өндірістік қуаттар кешігіп іске қосылды. Еңбек тәртібін бұзушылыққа жол берілді.
ІХ бесжылдықта жоспардың күрт төмендетілгеніне қарамастан өнеркәсіп көлемі 12,6%-ке орындалмады. Оныншы бесжылдық - 25%-ке, ал он бірінші – 3,6%-ке орындалған жоқ. Соның салдарынан қаралып отырған жылдарда ұлттық табыстың өсу қарқыны баяулап, 80-ші жылдардың бас кезінде экономикалық тоқырауға жақындатқан деңгейге дейін төмендеді.
Өндіріс теңестірілмеді, әкімшілік арқылы басқарылуы жағдайында жылдық, тоқсандық және айлық тапсырмалар үнемі өзгеріп отырды. 1981-1985 жылдары Қазақстанда түрлі министрліктер мен ведомстволардың жоспарлары 300-ден астам рет өзгертілген. Күрделі құрылыстарда бітпеген объектілер саны өсті. 70-жылдарда құрылыста бригадалық-мердігерлікті дамыту қозғалысы басталды. Оның негізінде жұмысшылардың өндірісте қорларды пайдалануда тәртіп орнату, еңбекақы төлеуде теңгермешілікті жоюға ұмтылыс болды.
Тоқырау кезеңін қамтыған үш бесжылдық аралығында ауыл шаруашылығын 1965 жылдан басталған реформалау әрі жалғастырылды. Аграрлық салаға қаржыны көптеп бөлу, селоның әлеуметтік проблемаларын шешу, шаруашылық есепті енгізу, ауыл шаруашылық өнімдерінің сатып алу бағасын арттыру шаралары белгіленді. Осы бағытта тек 1971-1978 жж. ауыл шаруашылық саласына 58,2 млрд. сом бөлінді. Мұның нәтижесінде 1985 жылға дейін негізгі егін шаруашылығы жұмыстары – жер жырту, тұқым себу, дәнді дақылдарды жинау, мал шаруашылығы саласындағы жұмыстар 75-90% техникамен жабдықталды. Ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік-экономикалық проблемалары шешілмей қалды.
Бұл кезде колхоздардың есебінен совхоздардың саны көбейді. 1960 жылы республикада 879 совхоз бен 1355 колхоз болса, 1985 жылы колхоздар есебінен совхоздар саны 2140-қа өсіп, 388 колхоз қалды. Сөйтіп, меншіктің кооперативтік-колхоздық түрінің үлес салмағы едәуір төмендеді.
Мал шаруашылығының жем-шөп базасы нығайтылды, жем-шөптік дақылдар егілетін алқаптар ұлғайтылды. Жемшөптік дақылдар егілетін алқаптар сегізінші бесжылдықтағы 6678,4 мың гектардың орнына ІХ бесжылдықта 8824,6 мың гектарға дейін жеткізілді. 1985 жылы жоспарланған 50 млн. қойдың орнына тек қана 35 млн. қой болды.
Осы жылдары мал шаруашылығын өнеркәсіптік негізге көшіру басталды. Сондай-ақ ет және сүт өндіретін кешендер мен мал бордақылайтын алаңдар салынды, малды өсіріп, күтетін мамандандырылған шаруашылық бірлестіктері, құнажындар өсіретін фермалар құрылды. Жалпы қуаты 23 мың ірі қара малды жедел өсіріп, бордақылайтын төрт кешен: Алматы облысы бойынша 10 мың басқа арналған «Жетіген», Шығыс Қазақстан облысында 5 мың басқа есептелген «Ждановский», Орал облысында 5 мың басқа арналған «Правда» газеті атындағы, Ақмола облысында 3 мың басқа арналған «Шалқар» кешендері жұмыс істеді. Қарағанды облысында шошқа өсіріп бордақылайтын «Волынский» кешені қатарға қосылды. 1976 жылдың басына қарай 575 мың бас ірі қара мал, 418 мың шошқа, 1,7 миллионнан астам қой өнеркәсіптік негізде күтіп бағылды.
ХХ ғ. 70-80 жж. бірінші жартысында Қазақстанда халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруде бірсыпыра істер атқарылды, жұмысшылар мен қызметшілердің орташа айлық табысы едәуір өсті. 70-жылдардың бірінші жартысында халық шаруашылығының өндірістік салаларында жаңа еңбек ақы белгіленді, ең төменгі жалақы 70 сомға жеткізілді. 1972-1974 жж. соғыс және еңбек мүгедектеріне айлық орташа зейнетақы 33%-ке көбейтілді, ал 1975 ж. Отан соғысының мүгедектеріне қосымша жеңілдіктер енгізілді.
Алайда, бұл шаралардың халықтың тұрмыс дәрежесін көтеруге ықпалы аз тиді. Өйткені мемлекеттің және кәсіпорындардың бағаны көтеруі, тауарлар сапасының нашарлауы, тапшылықтың өсуі, еңбек ақы төлеудегі теңгермешілік және т.б. халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуіне әкеп соқтырды. Оған ақшаның құнсыздануы әсер етті, тек 1970-1986 жж. құнсыздану 20%-ке өсті. Әлеуметтік саладағы ең өткір проблеманың бірі тұрғын үй проблемасы болды. Халық санының өсуіне байланысты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі аяғына дейін шешілмеді.
Қорыта айтқанда, 70-80-жылдары республика экономикасында тұтастай Одақтың халық шаруашылығына тән үйлесімсіздіктердің бәрі көріне бастады. Бұл ең алдымен басқарудың әміршіл-әкімшілдік әдістерінің әбден орнығуы еді. Экономикалық ынталандыруды жоққа шығара отырып, қалыптасқан жүйе экономиканы экстенсивтік даму жолында ұзақ ұстап қалды. Мемлекеттік меншіктің іс жүзінде ведомстволық меншікке айналдырылуы өндіріс қызметкерлерін құрал-жабдықтарынан алыстатуға алып келді. Еңбекақы төлеу жүйесі еңбектің нәтижесімен байланыстырылмады. Кәсіпорындардың ешқандай дербестігі болған жоқ.