Пікір жазғандар: Кәрібаев Б. Б



бет61/93
Дата10.03.2023
өлшемі0,68 Mb.
#73115
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   93
5 ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН


5.1 Қазақстанның тәуелсіздігінің жариялануы және ТМД-ның құрылуы
КСРО экономикасындағы тоқыраушылық, озық технологияның болмауы, өндіріс шығарған тауар сапасының төмендігі бір кездегі алып мемлекеттің құлауына алып келді. Елдің қорғаныс ісіне көп қаржы жұмсалды, өйткені КСРО АҚШ-пен әскери бәсекеге түсіп және капиталистік елдермен әскери-стратегиялық тепе-теңдікті сақтауға тырысты. 1950-1990 жылдар арасындағы әскери шығын 20 триллион долларды құраған. Осындай көрсеткіш экономиканы орасан зор зардаптарға ұшыратты.
1991 ж. 8 желтоқсанда ТМД-ның құрылуы туралы Беларусь Республикасы, РСФКР және Украинаның келісімге қол қоюы КСРО-ның толық құлауына алып келді. 1991 ж. 21 желтоқсанда Алматыда 11 республика өкілдері қатынасқан кездесу болды. Олар тең құқықтық жағдайдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылғандығы жөніндегі шартқа қол қойды. Алматыда қабылданған декларацияда Минскідегі айтылған жалпы принциптік мәселелердің барлығы мақұлданды.
КСРО-ның құлау себептерін талдағанда жүйенің өз ішіндегі жағдайды қарастырған жөн. Ал сыртқы фактордан «қырғи қабақ соғыс» жағдайы әсер еткені белгілі. Осы жағынан алғанда КСРО-ның құлау себептерін былай атап көрсетуге болады:
Біріншіден, Кеңес Одағында көп ұлтты және федеративті мемлекет ретінде шиеленіскен әкімшіл-әміршіл құрылым болды. Ол сатылық сипатта еді, яғни кеңестік федерация ұлттық-мемлекеттік құрылымдардың бес түріне бөлінді. Олар: одақтас республикалар, автономдық республикалар, автономды облыстар, шеткері аймақтар, ұлттық аудандар. Федерацияның әр субъектісінің түрі әр алуан құқықтар мен өкілеттіктерге ие болды да, ол құқықтары тең емес жағдайға әкелді. Сондықтанкеңістік федерациясының әлсіздігі байқалысымен, көптеген ұлттық және аймақтық элиталар бірден барлық әдістермен КСРО-дан шығу деңгейіне дейін өз мәртебесін көтеруге ұмытылды. Сонымен қатар, елуден астам Кеңес Одағындағы тұрғылықты және тұрғылықты емес халықтар ешбір автономияға ие болмады.
Екіншіден, кеңестік идеология әлсіреді. КСРО Конституциясында одақ құрамына кіретін республикалардың шығу құқығы жазылған болатын, ал бұл өз кезегінде жарияланған федерализм мен іс жүзіндегі унитарлықтың арасындағы қарама-қайшылықты тудырды. Көп ұлтті мемлекеттің басты тіреушісі ретіндегі идеология маңызды еді. Ортақ кеңес құрамын құруға шақырған интернационалистік идеологияның үміті ақталмады. Қайта құру жылдарындағы коммунистік құндылықтардың дағдарысы орын алды. Елдегі демократиялық үдерістер, социалистік мемлекеттердегі демократиялық бағыттағы өзгерістер Одақ құрамындағы республикалардың арасында да ұлттық қозғалыстардың өрістеуіне алып келді. Коммунистік жүйе құндылықтарының дағдарысы іс жүзінде рухани бос кеңістіктің пайда болып, оның өзі ұлттық идеялармен толықты. КСРО-ның соңғы өмір сүру жылдарындағы көрініс тапқан саяси, экономикалық пен идеологиялық дағдарыс орталықтағы биліктің әлсіреуіне және республикалардың, ондағы саяси элиталарының күшеюіне әкелді.
Үшіншіден, соңғы он жылдықта Кеңес Одағының өмір сүруі жағдайында оның экономикалық жағдайы қиындай түсті. Кеңестік орталықтан жоспарланған, командалық-әкімшілік экономикалық жүйе нарықтық жүйеге қарағанда тиімсіздеу болды. Ірі табиғи ресурстарды пайдалана отырып, Кеңес Одағы елдерінің экономикасы ХХ ғасырдың соңында да қарқынды дамуын жалғастырды. КСРО индустриалдық даму жолын таңдап, өзге постиндустриалдық мемлекеттерге қарағанда кейін қалды. Кеңестік экономика Солтүстік Америка, Батыс Еуропа мен Жапония елдерінің экономикалық даму деңгейінен артта қалды. Бұл Кеңес Одағының ішінде ғана емес, кеңестік жүйедегі елдерде де наразылық тудырды. ХХ ғасырдың 80-жылдарының ортасында кеңестік экспорттың негізгі тауары мұнайға баға елеулі деңгейде төмендеді. Қайта құру кезеңінде экономикадағы орталықтанған жүйенің үстемдігі де КСРО ішіндегі халықтардың наразылығын тудырады.
КСРО-ның ішкі экономикалық саласы да дағдарысқа ұшырады. Қайта құру жылдарында ресми экономиканың көлеңкелі экономикамен үйлесуі қатар жүрді. Әр алуан сипаттағы заңды және заңсыз өндірістік пен сауда қызметтің дамуына біршама кәсіпорындар тартылды. Көлеңкелі экономикадан түскен табыстар көптеген миллиардтармен бағаланды. ХХ ғасырдың 80-жылдарының басында кеңестік жүйені шектелген реформалаудың сәтсіздігі айқын болды. Шаруашылық жүйенің стихиялық түрдегі қайта қаралуы кеңестік қоғамның бүкіл өмір салтын өзгертті: басшылар мен кәсіпорындардың құқықтары қайта бөлінді, ведомство қызметі артты, әлеуметтік теңсіздік күшейді. Кәсіпорындардың арасындағы өндірістік қарым-қатынастардың сипаты өзгерді, еңбек тәртібі әлсіреді, ұрлық-тонау әрекеттері көбейді. Сонымен бірге, елде еңбекке мәжбүрлеу сақталды. Таза еңбекке бастаған ортақ құндылықтар орнын материалдық заттар алмастырды. Саяси билікте жемқорлық күшейді. Номенклатураның арасында да моральдық құлдырау орын алды.
Төртіншіден, Кеңес Одағы ұзақ уақыт бойы шығынды сыртқы саясатты жүргізіп, елдің беделін түсірді. Екінші дүниежүзілік соғыстағы және одан кейінгі «қырғи-қабақ соғыстың» барысында әскери салаға көп қаржыны жұмсады. Кеңестік басшылық әлемдік сахнада идеологиялық қағидаларға сәйкес әрекет етіп, өзінің басты мақсаты ретінде бүкіл әлемде коммунизммен күресте жеңіске жету деп белгіледі. Әрине, КСРО-ның сыртқы саясатында біршама жетістіктердің болғанын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ қайта құру жылдарында КСРО-ның сыртқы саясаты да дағдарысқа тап келген еді. Бұл, ең алдымен, М.Горбачевтің «қайта құруы» жылдарындағы социалистік жүйенің құлауымен байланысты болды. 1989 жылы кеңес әскерлері Шығыс және Орталық Еуропа мемлекетттерінен шығарыла бастады. КСРО-ның Варшава әскери келісім-шарты бойынша одақтастарына айналған Еуропа мемлекеттеріндегі әскери қатысуының әлсіреуі антикеңістік көңіл-күйдің белсенді сипатқа ие болуына әкелді. 1989 жылдардың аяғы 1990 жылдардың басында басталған демократияландыру үдерістері Польша, ГДР, Чехословакия, Венгрия, Болгария және Албаниядағы революцияға әкелді. 1989 жылдың желтоқсанында Румынияда әскери күштің пайдалануымен В.Чаушеску тәртібі құлатылды. 1990 жылғы өткізілген референдумның нәтижесінде ГДР ГФР-ге қосылды. Бұл олардың кеңестік басқару жүйесінен алшақтауына әкелді. Нәтижесінде, КСРО одақтастарының қатары азайып, әлемдік саясаттағы социалистік жүйе құлдырады.
Қазақстан экономикасының артта қалуы және ондағы кемшіліктер туралы 1986 жылдан бастап ашық айтыла бастады. 12-бесжылдықта (1986-1990 жж.) республика экономикасын қайта құру мүмкіндіктері іздестірілді. Дегенмен де қоғамдық өндіріс көлемі заман талаптарына сай келмеді, себебі басқарудың әкімшіл-әміршіл жүйесі өте икемсіз еді. Өндіріс тиімділігін арттыратын экономикалық тетіктердің толып жатқан көздері іске қосылмай жатты. 1990 жылдың орта шенінде өнімнің өсу қарқынының бұрынғы жылдармен салыстырғанда мықтап құлдырады. Көмір алқаптарындағы кеншілердің, металлургтердің тұрмыс дәрежесі нашарлап, төмендеді. Сондықтан олардың наразылығы күшейіп, оны ашық айтты. Кеншілер өз ұжымдарының ерікті болуын, өндіріп жатқан көмірдің кейбір бөлігін өз қалауынша сатып, қажетті тауарларға айырбастап алып отыруға мүмкіндік берілуін талап етті.
Елдегі осындай күрделі жағдайда Республика экономикасын нарықтық қатынасқа шығару мақсатымен 1991 жылдың ақпан айында Жоғарғы экономикалық кеңес құрылады. Оның құрамына белгілі экономист Г.Явлинский, АҚШ-тан келген доктор Бэнг т.б. ірі экономист мамандар кіріп, ел экономикасына нарықтық қатынастарды енгізу жолдарын қарастырады.
Қазақстанда мемлекеттік меншікпен қатар жеке меншіктің жаңа түрлері – акционерлік қоғамдар, жалдық және кооперативтік кәсіпорындар, шаруа қожалықтары, біріккен кәсіпорындар, түрлі қауымдастықтар мен бірлестіктер қалыптаса бастады. 1991 жылдың ортасында республикада 35 біріккен кәсіпорындар, 16 сыртқы экономикалық қауымдастықтар, халықаралық коммерциялық банктер жұмыс істеді.
Дегенмен, Қазақстанда экономикалық қиындықтардың күшеюі түрлі себептерге байланысты болды. Әсіресе, Кеңес Одағы республикаларының бір-бірімен біте қайнасып, бірігіп-кірігіп кеткен шаруашылық қарым-қатынасының бұзылуы басты себептің бірі еді. 1991 жылдың қорытындысында қоғамдық өнім шығару соның алдындағы жылмен салыстырғанда 7,2%-ға, ұлттық табыс 10%-ға, еңбек өнімділігі 5,4%-ға төмендеді. Тұтыну-сауда саласындағы жағдай шиеленісе түсті. Жеке сауда тауар айналымының ерекше қысқаруы «көлеңкелі» экономиканың кеңінен өрістеуіне, халықтың тұрмыс дәрежесінің одан әрі төмендеуіне алып келді. Елде ақшаның құны түсіп, құны жоқ қағаз ақшаның көлемі 1991 жылы 1990 жылмен салыстырғанда 4,5 есе өсіп 8,7 миллиард сомға жетті, оның 3 миллиарды 1991 жылдың соңғы екі айында шығарылды. Республиканың мемлекеттік қарызы 7,8 миллиард сомға дейін өсті. 1991 жылы Қазақстандағы барлық кәсіпорындар мен ұжымдардың 11%-і шаруашылық жылын шығынмен аяқтады. Халық тұтынатын тауарлар азайды.
1990-1995 жылдар нарықтық қатынастарға жаппай көшіп, ауыл экономикасының тоқыраған жылдары болды. 1996 ж. бастап оң өзгерістер бола бастады. 1995 ж. 1990 ж. қарағанда өндірілген астық көлемі 66,6 пайызға, оның ішінде бидай 60%, күріш 68,2%, картоп 57,0%, қант қызылшасы 64,5 пайызға кем болды. Мал шаруашылығы өнімдері ішінде ойсырау 1990-1995 жж. ет, жүн өнімдері бойынша байқалды.
Халық шаруашылығына жұмсалған қаржының барлық көлемі 1990 жылмен салыстырғанда 7%-ға азайды. Іске қосылуға тиісті 57 халық шаруашылығы объектілерінің тек 30-ы ғана бітіп, оның есесіне аяқталмаған құрылыстар саны 1,4 есеге көбейді. 1991 жылдың аяғында 17 миллиард сом қаржы осындай құрылысқа жұмсалмай қалған. Транспорт бойынша 1990 жылмен салыстырғанда жолаушыларды тасу 8%-ға қысқарды. Шет елдерге бұрынғысынша шикізат, жартылай өңделген материалдарды шығару басым болды. Оның 60% қара және түсті металлургия өнеркәсіп өнімдерін құрады.
Кеңестік билік басындағылар ұлт мәселесін терең түсінбеді, ұлтаралық қатынастар мен оны шешудің жолдарын көрсетіп бере алмады. Сондықтан бірқатар ұлт республикалары Одақтан бөлініп, өздерінің егеменді мемлекет болуы жөніндегі талаптарын қойды. Міне, осының нәтижесінде 1988 жылдың қараша – 1989 жылдың мамыр айлары аралығында Балтық жағалауындағы Эстония, Литва, Латвия республикалары өздерінің егемендігі туралы алғашқы құжаттарын қабылдап, олар КСРО құрамынан шығып, жеке тәуелсіз мемлекетке айналды. Осыдан кейін, көп кешікпей-ақ, яғни 1989-1990 жылдары егемендік туралы Декларацияны КСРО-ның басқа республикалары да қабылдады.
Елдегі мемлекеттік өкімет билігі жүйесі мен экономиканың шұғыл күйреуі жағдайында 1990 ж. 25 қазанда республика Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдады. Бұл Декларацияда негізінен мына мәселелерге мән берілді: КСРО мен ҚазКСР арасындағы қатынас келісім-шарт негізінде жүзеге асады; Республика әкімшілік-аумақтық құрылымға, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени-ұлттық құрылыстарға байланысты барлық мәселелерді дербес шешеді; Республика өз аумағында Қазақ КСР заңдарын бұзатын КСРО заңдарының қолданылуын тоқтатуға құқылы; Қазақстанның өз шекарасындағы аумағына қол сұғылмайды, бөлінбейді және оның келісімінсіз өзгертілмейді; Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің келісімінсіз оның аумағында басқа мемлекеттердің әскери құрамалары, олардың әскери базалары орналаса алмайды; Қазақстан өзінің дербес ішкі әскерін, мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік органдарын ұстауға құқылы. Қазақ КСР халықаралық қатынастарда дербес, өзінің мүдделеріне сай сыртқы саясатын жүргізеді. Декларацияның жаңа одақтық шарт жасасу және Қазақ КСР жаңа Конституциясын қабылдау үшін негіз болып табылатындығы туралы арнайы бапта көрсетілді. Егемендік алу Қазақстанда жалпы демократиялық үдерістердің барысын тездетті, мұның өзі елдегі болып жатқан оқиғалармен тығыз байланысты еді. 1991 жылдың ортасынан-ақ Қазақстан басқа республикалармен бірге іс жүзінде орталыққа оппозицияда болды. Қазақстанның бастамасы бойынша Белоруссиямен, Украинамен, Ресеймен және басқа республикалармен бір-бірінің егемендігін, қалыптасқан шекараларды, орнатылып жатқан өзара пайдалы экономикалық байланыстарды мойындау туралы екі жақты келісімдер жасалды. 1990 жылы желтоқсанда төрт республика – Ресей, Украина, Белоруссия және Қазақстан егеменді мемлекеттер одағын құру туралы бастама көтерді, Новоогарев келісімін талдап жасау жөніндегі бірлескен жұмыс басталды.
1991 ж. 18-21 тамыз аралығындағы «Тамыз бүлігі» бұл жұмысты үзіп жіберді. КСРО вице-президенті Г.И. Янаев, КСРО премьер-министрі В.С. Павлов, КСРО Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы В.А. Крючков, КСРО Ішкі істер министрі Б.К. Пуго, КСРО Қорғаныс министрі Д.Т. Язов, КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы А. Лукьянов, т.б. 18 тамыз күні Төтенше жағдайлар жөніндегі Мемлекеттік комитет (ТЖМК) құрып, елдегі барлық билік осы ұйымның қолына өтетіндігін мәлімдеді. Бұл іс жүзінде Кеңес Одағындағы ескі мемлекеттік билік пен қоғамдық қатынастарды сақтап қалу мақсатында Мәскеуде ұйымдастырылған төңкеріс еді. Осы кезде Қырымда (Фороста) болған КСРО президенті М.С. Горбачевтің сыртқы әлеммен байланысын үзіп тастаған ТЖМК мүшелері оны өз қызметін атқаруға денсаулығы жарамайды деп хабарлады. Бұл төңкеріс 20 тамызда қол қойылуға тиіс «Егеменді мемлекеттер одағы туралы шартқа» қарсы бағытталды. Ол шарт Кеңестер Одағына кіретін республикаларға бұрынғыдан әлдеқайда көп дербестік беретін. Тамыз бүлігінде елде қалыптасып келе жатқан демократия нышандарын тұншықтыру және нарықтық қатынастардың орнығуына жол бермеу арқылы елдегі әміршіл-әкімшіл жүйені сақтап қалу көзделді. Төтенше жағдайлар жөніндегі Мемлекеттік комитеттің № 1 қаулысына сай саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық қозғалыстардың қызметі тоқтатылатын болды және митингілер мен демонстрациялар өткізуге, көше шерулеріне, ереуілдерге шығуға тыйым салынды. Тамыз бүлігіне қарсы күресті Ресей президенті Б.Н. Ельцин басқарды. Оны Мәскеу қаласының мэрі Г. Попов, Ленинград облысы мен қаласының басшысы А. Собчак, КОКП басшыларының бірі А. Яковлев, Э. Шеварднадзе және т.б. қолдады. Төңкерісшілерді жоғары шенді әскерилер мен партиялық номенклатураның шағын бөлігі ғана қолдады. Бұл өз кезегінде тамыз бүлігінің көп ұзамай басылуына алып келді. Мәскеудегі жұртшылық шеруге шығып, тамыз бүлігін айыптады. 21 тамыз күні Ресей үкіметі жіберген ұшақпен Горбачев Мәскеуге жетті. Ол елдегі басшылықты қайтадан қолына алды. ТЖМК мүшелері тұтқынға алынып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Тамыздағы мемлекеттік төңкеріс және орталықтың ешқандай ымыраға келмегендіктен байланысты одақтас республикалардың жетекшілері бұған дейін жүргізіп келген келіссөз талаптарынан бас тартты. Ол КСРО-ның күйреуін және бұрынғы одақтас республикалардың, оның ішінде Қазақстанның егемендік алуын жеделдетті. КОКП, оның бір бөлігі Қазақстан Компартиясы тарих сахнасынан кетті.
Республикадағы жоғары атқарушы және билік жүргізуші өкімет басшысы ретінде Қазақ КСР-ның Президентіне жеткілікті өкілеттік беру қажеттігі пісіп жетілді. Мұндай өкілеттіктер республика парламенті 1991 ж. 20 қарашада қабылдаған Қазақ КСР-ның «Қазақ КСР-нда мемлекеттік өкімет билігі мен басқару құрылымын жетілдіру және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңына) өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» Заңы бойынша берілді.
1991 ж. 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет республика Президентін бүкілхалықтық сайлау өтті. Халықтың демократиялық жолмен өз еркін білдіруі арқасында Н.Ә. Назарбаев Президент болып сайланды. Республикада көптеген өзгерістер жасалды: прокуратура, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, әділет, сот органдары қайта құрылды; Қазақстанның мемлекеттік қорғаныс комитеті ұйымдастырылды; Президенттің одаққа бағынатын кәсіпорындар мен ұйымдарды Қазақ КСР-і үкіметінің қарамағына беру туралы, республиканың сыртқы экономикалық қызметінің дербестігін қамтамасыз ету туралы, Қазақстанда алтын запасы мен алмас қорын жасау туралы жарлықтары шықты. 1991 ж. 2 қазанда қазақ жерінде Байқоңыр ғарыш алаңы 40 жыл өмір сүргенде тұңғыш рет онан ғарышқа бірінші ғарышкер қазақ Т.О.Әубәкіров ұшты.
1991 ж. 10 желтоқсанда Қазақ КСР-ы атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді. 1991 ж. 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылдады. Заңның бірінші бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет деп жарияланды. Ол өзінің жеріне, ұлттық табысына жоғары иелік ету құқы бар, тәуелсіз сыртқы және ішкі саясатын жүргізеді, басқа шет мемлекеттермен халықаралық құқықтық принциптері негізінде өзара байланыс жасайды деп көрсетілді. Республиканың барлық ұлттарының азаматтары Қазақстанның біртұтас халқын құрайды, олар республикадағы егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады. Республика азаматтары өздерінің ұлтына, ұстайтын дініне, қандай қоғамдық бірлестікке жататынына, тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, шұғылданатын қызметіне, тұрғылықты орнына қарамастан бірдей құқықтар иеленіп, бірдей міндеткерлікте болады делінген. Заңда Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғау мақсатында өзінің Қарулы Күштерін құруға хақылы екендігі, республика азаматтарының әскери міндетін өтеу, оның тәртіптері мен талаптары жөнінде айтылған. Сөйтіп, 1991 жылғы 16 желтоқсан республиканың тәуелсіз күні ретінде бүкіл әлемге танылды.
Өзінің тәуелсіздігін алған Қазақстан Республикасын дүниежүзінің ондаған елі таныды. Біздің елді алғашқылардың бірі болып Түркия, сол сияқты АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания және т.б. ірі-ірі мемлекеттер мойындады. Қазақстан шет елдерде дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашуға кірісті.
Елтаңба, Ту, Әнұран - әрбір тәуелсіз мемлекеттің ажырамас бөлігі. 1992 ж. 4 маусым Қазақстан тарихында мемлекеттік рәміздердің дүниеге келген ерекше мәртебелі күн. Қазақстан Республикасы туының авторы – Ш.Ниязбеков. Тудың бір түстілігі Қазақстан халқының бірлігін білдірсе, көгілдір түс геральдика тілінде адалдықты, кіршіксіз тазалық пен пәктіктің нышаны, күн – энергия көзі, байлықтың нышаны. Тудағы бүркіт бейнесі мемлекеттік билікті, кеңдікті білдіреді, еркіндіктің, тәуелсіздіктің, болашаққа деген талпыныстың нышаны. Елтаңбаның авторлары – Ж. Мәлібеков пен Ш. Уәлиханов. Елтаңба мәңгі өмірдің белгісі, отбасы берекесін, бірлікті, байлықты, бейбітшілікті меңзейді. Қазақстан Әнұраны әуенінің авторлары – композиторлар М. Төлебаев, Е. Брусиловский, Л. Хамиди болса, мәтінінің авторлары – ақындар М. Әлімбаев, Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев, Ж. Дәрібаева. Әнұранның әуені 1992 жылы 4 маусымда, ал мәтіні 1992 ж. 11 желтоқсанда бекітілді.
2007 ж. 7 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, бұрынғы Әнұранның орнына жаңа Әнұранның мәтіні қабылданды. Еліміздің жаңа Әнұраны - жұртқа әйгілі «Менің Қазақстаным» әні. Оның сөзінің авторы – Жұмекен Нажмиденов, ал ән әуенінің авторы – Шәмші Қалдаяқов. Жаңа Әнұранның мәтіні бүгінгі өмір талаптарына сай ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев тарапынан толықтырылды. Ал 2007 жылы Елбасы Жарлығымен 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні болып белгіленді. Бұл – Мемлекеттік рәміздерге деген шынайы құрмет белгісі.
Қоғамды демократияландыру барысында жаңа саяси институттар – парламент, 1993-ші және 1995 жылдардағы конституциялар қабылданды, тәуелсіз сот билігі қалыптасты. Қазақстанда көппартиялық жүйе пайда болды. 1999 ж. республикада 14 саяси партиялар мен 30-ға жуық саяси қоғамдық қозғалыстар, бірлестіктер құрылды. Ал 2003 жылы саяси партиялардың саны 19-ға жетті. Жаңадан халық арасында танымал «Отан», «Ақ жол» т.б. партиялар бой көтерді.
1995 жылғы желтоқсанда өткен бірінше қоспалаталы парламент сайлауынан кейін Қазақстанда қоғамды демократияландыру қадамдары одан әрі жалғасын тапты. Ашық баламалы сайлау, саяси күрес мәдениеті, көппартиялық жүйеге кең жол ашылды. Оның нақтылы дәлелі ретінде елімізде жүргізілген Президент, Парламент Сенаты, Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауды айтуға болады.
1999 жылғы 10 қаңтарда болып өткен Қазақстан Президенті сайлауына балама негізде 4 кандидат тіркелді. Олар: Коммунистік партия өкілі С.Ә.Әбділдин, Сенат депутаты Ә.Ғ.Ғаббасов, Мемлекеттік Кеден комитетінің төрағасы Ғ.Е.Қасымов және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан Президентін сайлауға барлық сайлаушылардың 87,05 проценті қатысты. Дауыс беру қорытындысында Н.Ә.Назарбаев жеңіске жетіп, қайтадан Қазақстан Республикасы Президенті болып сайланды. Оған дауыс беруге қатысқан барлық сайлаушылардың 79,79 пайызы өз дауыстарын берді.
Қазақстандағы болып жатқан демократиялық өзгерістер 1995 жылы қабылданған Ата Заңында өзінің басты көрінісін тапты. Еліміз егемендік алғаннан бері екі Конституция қабылданды. Оның біріншісі – 1993 ж. қаңтарында өмірге келді. Бірақ оның елеулі жетіспеушілігі мен кемшілігі бар еді. Бірінші Конституцияны жасауда асығыстыққа жол берілді. Нақтылап айтсақ, ел ішінде болып жатқан саяси-экономикалық және әлеуметтік процестерді бірден ой елегінен өткізу, мемлекетіміздің мүмкіндіктерін ғылыми тұрғыдан нақты айқындау әлі мүмкін болмады. Осындай себептерге байланысты жаңа Конституция қабылдау қажеттігі туындады. 1995 жылы 30 тамызда бүкіл халықтық дауыс беру арқылы референдумда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды.
Жаңа Конституцияға, оның алдыңғысымен салыстырғанды, көптеген өзгеріс, ғылыми қағидалар енгізілді. Егер бұрынғы Ата Заң 4 бөлім, 21 тарау, 131 баптан тұрған болса, кейінгісі көлемі жағынан едәуір қысқарып, 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Онда еліміздің экономикалық күш-қуаты мен мүмкіндіктері ғылыми тұрғыдан тиянақталып, халықтың әлеуметтік топтарына тиісті кепілдікті құқықтар беретін көкейкесті мәселелерді шешу ескерілді. Жаңа Ата Заң құқықтық мемлекет құруға бағдарланған. Конституцияның кіріспесінде: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,- делінген. Мемлекеттік билік заң шығарушы, атқарушы және сот биліктеріне бөлінеді.
Конституцияда Парламенттің орны мен атқаратын қызметі айқын белгіленген. Ол заңдар шығарып, қабылдайтын орган. Парламент – Сенат және Мәжіліс палаталарынан тұрады. Бұған дейін Парламентте мұндай екі палата деген ұғым болған емес. Жаңа Конституцияда екі палаталы парламенттің ерекшеліктері де жан-жақты көрсетілген. Жоғары мемлекеттік органдар жүйесіндегі үкіметтің тиісті орны, сот билігінің, прокуратураның қызметтері де айқындалған. Бұрынғы Ата Заңда көрсетілген, бірақ жете тиянақталмаған көптеген маңызды мәселелердің түйіні кейінгі Конституцияда жаңаша шешілген. Оны, әсіресе, жер, тіл, азаматтық,, негізгі құқықтар мен бостандық сипаты туралы, қос палаталы парламент құрылымы және Президентті айып тағу арқылы қызметтен кетіру мәселесі жөніндегі баптар мен тармақтардан айқын көруге болады.
2007 жылы мамырда «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Ол республика халқы тарапынан түсіністікпен жылы қабылданды. Конституциялық реформалардың негізгі мақсаты – қоғамды одан әрі демократияландыру. Бұл жаңа өзгерістер мен толықтырулардың негізгі мәні біріншіден, президенттік жүйеден басқарудың президенттік-парламенттік моделіне көшудің конституциялық негізі қаланды. Елбасы өз ұсынысымен біраз өкілеттілігін Парламентке берді. Конституцияға осыған байланысты бірқатар өзгерістер енгізілді. Парламенттің құзіреті едәуір кеңейтілді. Президенттің құзіреті біршама шектелді. 2012 жылдан кейін Президент 7 жылға емес, 5 жылға сайланатын болды. Мемлекет басшысы ел басқарудағы міндеттер мен жауапкершілікті Парламентпен бөлісті. Президент Үкімет басшысын саяси партиялардың фракцияларымен ақылдасып-кеңесуден кейін әрі Мәжіліс депутаттары көпшілігінің келісімімен ғана тағайындайтын болды, яғни Президент үкіметті жасақтауды Мәжіліспен келісіп шешеді. Енді Премьер-Министрді бекітуде, демек бүкіл Үкіметті де бекітуде басты рөл Мәжіліске беріледі.
Парламенттің мәртебесін көтеретін бірқатар өзгерістер енгізілді. Біріншіден, оның сандық құрамы өсті. Мәселен, Мәжілісте енді 107 депутат болады. Екіншіден, оны сайлаудың түрі өзгерді. Бұрынғыдай мажоритарлық жүйемен жеке округтар бойынша емес, пропорционалды негізде партиялық тізім бойынша сайланады. Депутаттар сайлаудың пропорционалдық жүйесіне көшу саяси партиялардың қоғамдағы рөлін арттыруға, әрі депутаттардың сапалық құрамын жақсартуға көмектеседі. Парламент бюджетті бекітуге ғана емес, оның орындалуына да бақылау жасай алады. Палаталардың бірлескен отырысында Парламент Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің бекітілген бюджеттің орындалуы туралы есебін қарап бекітеді. Егер оны бекітпесе, бұл Үкіметке білдірілген сенімсіздік деп танылады. Мәжілістің Үкіметке сенімсіздік білдіруі үшін бұрынғыдай депутаттар дауысының үштен екісінің емес, депутаттардың жай көпшілік дауысы жеткілікті болады. Сөйтіп, Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Үкіметтің Мемлекет басшысының алдында ғана емес, Парламент алдында да жауапкершілігі белгіленеді.
Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Мәжілістің 9 депутаты Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланады. Сенат депутаттарының бір бөлігі Ассамблеямен кеңескеннен кейін тағайындалады. Сенат та көп өкілеттілікке ие болады. Ол Ұлттық банктің төрағасын, Бас прокурорды, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындау және оларды қызметтен босату жөнінде Президентке келісім береді. Сенат құрамы республика Президенті тағайындайтын 15 депутаттың есебінен көбейтілді. Парламенттегі 154 депутаттың 47-сі сенаторлардан құралады. Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысы ең қажетті жағдайда өтеді. Мәжіліс өз қызметін тоқтатқан жағдайда Сенат бүкіл Парламент үшін жұмыс істей береді.
Конституциялық реформа бойынша жергілікті өзін-өзі басқару жаңа деңгейге көтеріледі. Жергілікті мәслихаттар мен олардың депутаттарының өкілеттілігі кеңейтілді. Олардың өкілеттік мерзімі 4 жылдан 5 жылға ұзартылады. Мәслихаттар жергілікті әкімдерді тағайындауға келісім береді. Ендігі жерде облыстардың, қалалар мен аудандардың әкімдері сол деңгейлердегі мәслихаттардың келісімімен ғана тағайындалатын болады. Сондай-ақ мәслихаттарға басым көпшілік дауыспен әкімдерге сенімсіздік білдіру, оларды қызметінен босату жөнінде мәселе көтеру құқығы берілді.
Конституциялық реформада саяси партиялардың қоғамдағы рөлін күшейтуге көп негіз жасалған. Сайлауда жеңіске жеткен партия үкімет жасақтауға мүмкіндік алады.
Сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар ескерілді. Судьяны іріктеу-таңдау бір жүйеге келтіріліп, Жоғары Сот Кеңесінің қарауына берілді. Бұдан былай барлық деңгейдегі соттардың судьяларын тағайындауға ұсынымды Жоғары Сот Кеңесі жасайтын болады. Елімізде 2004 жылдан бері өлім жазасына мораторий жарияланған болатын. Енді өлім жазасы іс жүзінде қолданыстан шығарылды.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға бағытталған Конституцияның 16-бабының 2-тармағы жаңа редакциямен қабылданды. Заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы беріледі. Прокуратура органдары бұл құқықтан айырылады. Соттың санкциясынсыз адамды 72 сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады.
Жаңарған Конституция бойынша жасы қырыққа толған, мемлекеттік тілді толық меңгерген, соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұратын, туа республиканың азаматы болып табылатын кез келген адамның Президент болып сайлануға құқығы бар.
2007 жылғы 18 тамызда өткен Қазақстан Республикасы Парламентінің төменгі палатасы - Мәжілісті, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары – облыстық және аудандық мәслихаттарын мерзімінен бұрын сайлау 2007 жылғы 21 мамырда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуімен байланысты болып, ол елдің президенттік басқарудан президенттік-парламенттік басқару түріне өтуін заң жүзінде баянды етті. Мұндай қадам демократияны дамыту мен азаматтық қоғам құруға бағытталған Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып отырған саясаттың қисынды нәтижесі болды.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет бұл сайлау пропорционалды жүйе негізінде партиялық тізіммен өтті. Мажоритарлық жүйеден кетіп, саяси партиялар бәсекеге түсетін сайлау жүйесін қалыптастырдық. Сайлауға жеті саяси партия қатысты. Ел азаматтарының өз еріктерін еркін білдіруі нәтижесінде «Нұр Отан» партиясы жеңімпаз атанды, бұл партияны Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқарады. Сөйтіп, елдің қалауымен көп дауыс жинаған «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық партиясы қатарластарынан озып шықты. Сайлауға электораттың 65 пайызға жуығы қатысуы жағдайында бұл партия дауыстардың 88-ден астам пайызын жинады.
Мониторингтің нәтижелері бойынша, тұтастай алғанда, Қазақстан Республикасындағы кезектен тыс сайлау елдің қолданыстағы заңына сәйкес өткізілді. Барлық саяси партиялармен қатар, үміткерлерге тең жағдай жасалды. Сөйтіп, біз тарихымызда тұңғыш рет Шығыс Азия мемлекеттерінің тәжірибесін және өзіміздің көпұлтты әрі көп дінді қоғамымыздың ерекшелігін ескеріп, Батыс демократиясының қағидаттарына сай келетін тәуелсіз мемлекетімізді орнаттық.

Бақылау сұрақтары:





  1. КСРО-ның құлау себептері неде?

  2. «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» ҚР-ның Заңы қашан қабылданды?

  3. 1995 ж. жаңа Конституцияда екі палаталы парламенттің ерекшеліктері қалай көрсетілген?

  4. 2007 ж. 7 қаңтарда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» конституциялық заңға қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді?





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   93




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет