6.2 Қазақстан – ядросыз аймақ Кеңес дәуірінде республикамыз ядролық қарудың аса қуатты базасы және әлемдегі төртінші ядролық ел болды. 1949 жылы Семей ядролық полигонында ашық түрде жарылыс жасады. Ол үш облыстың – Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының тоғысқан жерде жүздеген мың адамның денсаулығы мен өміріне қаншама зиян келтірді. Семей полигонда ядролық қарудың 500-ге жуық жер асты және жер үсті сынағы жасалды. Атомдық жарылыстардың жалпы қуаттылығы 1945 жылы Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2,5 мың есе көп болды.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін әскери қорында ядролық оқтұмсықтары бар 100-ден астам ракета қалғандықтан, республикамыз бірден ядролық елге айналды. Республиканың аэродромдарында ракеталармен бірге 40 стратегиялық бомбалаушы авиация самолеттері орналасты. Елде құрлық-аралық баллистикалық ракеталарға арналған 1 040 ядролық оқтұмсық, сондай-ақ әуеде орналасатын қанатты ракеталарға арналған 370 оқтұмсық болды.
Сонымен қатар ол жас және тәуелсіз республика үшін елеулі қауіп төндірді. Әрине, ядролық физика үшін Семей полигонындағы әскери база ғылым үшін қажет. Дегенмен, ядролық мемлекеттер тарапынан да қауіп ұлғая түсті. Осы ядролық қаруды сақтап қалу керек пе, әлде әкету керек пе деген мәселені шешу үшін шұғыл шаралар қажет болды. Н.Ә. Назарбаев «Ядролық жанжалдың нәтижесі тек қана дұшпанды құртып жіберу емес. Ең қиыны, іс жүзінде сол мемлекет жерінің өзі өмір сүру үшін мүмкін емес жерге айналады», –деген ұстанымда болды.
Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы тәуелсіздігін жариялаған сәттен басталды. Қазақстан дүниежүзінің барлық елдерімен бейбіт қатынас саясатын ұстанды. Н.Ә. Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: «Қазақстанның ядролық қарусыз аймақ атануын сөз етсек, біз айтқанымызда тұрдық. Қазақстан – дүние жүзінде ядролық сынақ алаңын жапқан бірден-бір мемлекет», - деп жазады. Сондықтан да Президент Жарлықтарының ең алғашқыларының бірі ядролық қарудан бас тарту болды. Президент 1991 жылдың 29 тамызында Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылды. Бұл еліміздің бейбіт саясатының көрінісі болды және әлемдік қауымдастықтадұрыс бағасын алды.
Президентіміз ядролық клубтың мүшелері, ең алдымен, АҚШ, Қытай және Ресейдің алдында, есесіне біздің ұлттық қауіпсіздігімізге, шекарамыздың қол сұғылмайтындығына және аймақтық тұтастығымызды сақтауға кепілдік болуы керек деген қатаң талап қойды.
1994 жылдың 5 желтоқсанында Будапешттегі ЕҚЫҰ Саммитінде АҚШ-тың, Ресейдің және Ұлыбританияның мемлекет басшылары ядролық қаруды таратпау туралы келісімшартқа қол қойған елдерге қауіпсіздік кепілдігін беру туралы Меморандумға қол қойылды. Кейіннен біздің елімізге осындай кепілдіктерді Қытай мен Франция да берді.
1996 жылы Қазақстан ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімшартқа мүше болды. 2000 жылы Семей ядролық полигонындағы соңғы ұңғыма жойылды.2006 жылы Семейде тағы бір маңызды оқиға болды: Орталық Азияның 5 республикасының Сыртқы істер министрлері Ядролық қарудан азат аймақ туралы келісімшартқа қол қойды.
Қазақстан бұдан былай да ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласындағы саясатын жалғастыра береді. Қазақстан басшылығының бастамасы бойынша 2009 жылдың 2 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы әрекет күні деп жариялау туралы тарихи қарар қабылданды. Сонымен, 1991 жылы біздің республикамыз біржақты түрде Семей полигонындағы сынақтарды тоқтатқан болатын.
Ядролық қарусыздану саясаты оң нәтижелерін берді.Ядролық қарудан бас тартқаннан кейін Қазақстан Республикасы өзін бейбітшілік сүйгіш ел ретінде мәлімдеді. Әлем қауымдастығының алдында Қазақстанның абыройы өсті. Аумақтық тұтастық пен шекарамыздың мызғымастығына төнетін қауіп, дегенмен де, жойылды. Енді бізге басқа мемлекеттердің ядролық ракеталарынан қауіп жоқ.
Қазақстан күрделі инфрақұрылымы бар ядролық қаруды ұстауға кететін орасан зор қаржылық ресурстарды үнемдеп, тұтасымен бейбіт әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бет бұрды. Осы күндер жөнінде Елбасы: «Біздің ядролық қарусыз мемлекет атанғанымызды сынайтындарды мен еш түсіне алмаймын. Ядролық қару ұстау үшін орасан зор қаражат пен жоғары дәрежелі мамандар керек. Бізде оның екеуі де жоқ. Оны былай қойғанда, ядролық қаруға ие болу деген сөз қай кезде қопарылып кетері белгісіз қатер ошағының үстінде отыру және басқа біреудің дәл саған қарай нысаналап қойған ядролық жебесінің сұғында отыру деген сөз. Сондықтан да кейбір адамдар өз жеріміздегі ядролық қаруды ешкімге бермейміз деп даурыға бастағанда, мен қарадай күйзеліп біттім. Ондай даңғойлар әбден уланып біткен Семей жерін көрмеген, қарадай қыршынынан қиылып, мүгедектікке ұшырап жатқан жазықсыз жандардың тауқыметін түсінбейді», – деп жазды.
Қоршаған орта да айтарлықтай жақсарды. Полигон аумағындағы тұрғындардың денсаулығына көңіл бөлінді. Бұрын полигон болған жерлер біртіндеп ауыл шаруашылық жұмыстарына пайдаланылды.Еліміз көптеген миллиондаған шетелдік инвестицияларға ие болды. Шетелдік шағын және орта бизнестің өкілдері Қазақстанға бет бұрды. Әлемдегі елдердің лидерлері Қазақстанның ядролық қарусыздану бастамаларына өте жоғары баға берді. Мысалға, Барак Обама Қазақстан Президенті Н. Назарбаев жөнінде былай деді: «Президент Назарбаев ядролық қаруларды таратпау және ядролық қауіпсіздік мәселелерінде әлемдегі үлгі тұтарлық Көшбасшылардың бірі болып табылады. Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік пен экономикалық гүлденуге қалай қол жеткізуге болатындығын көрсеткен елдің тамаша үлгісі болып табылады».
Сондықтан еліміздің әрбір азаматы ядролық сынақтарға төзбейтін ең бейбітшілік сүйгіш және толерантты ел ретінде Қазақстанның имиджін одан әрі жоғары көтеруде.
Бақылау сұрақтары:
1. Қазақстандаядролық қарудан бас тарту себептерін түсіндіріңіз.
2. Семей полигоны қашан жабылды?
3. Н.Ә. Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында полигон туралы жазғанын сипаттаңыз.
4. Ұлттық қауіпсіздікті нығайтуда ядролық қарудан бас тартудың мәнін айқындаңыз.