Плазма да, сарысу да сұйық зат. Оның түсі құрамында бояғыш заттардың (лютеин, каротин, ксантофилл) болуына байланысты. Плазманың кұрамында 90-92% су, 8-10% құрғақ зат болады. Құрғақ заттың 6-8%-ы белоктардан тұрады. Плазма белоктары альбумин, глобулин, фибриноген фракцияларына бөлінеді. Қан плазмасы құрамында несепнәр, зәр қышқылы, пурин негіздері, креатин, амин қышқылдары, аммиак сияқты белок алмасуының қалдық өнімдері болады. Бұл қосылыстарды қалдық азот деп атайды. Оның қандағы мөлшері белок алмасуының қарқынына, организмнің физиологиялық жағдайына байланысты өзгереді. Плазма құрамында көмірсулар (глюкоза), липидтер және минералды заттар (0,9%) болады.
Қанның формалы элементтері, олардың қызметтері
Плазма белоктары әр түрлі маңызды қызмет атқарады. Оларға буферлік қасиет тән, сондықтан белоктар қанның рН-ын тұрақты деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Белоктар қанға тұтқырлық қасиет беріп, артериялардағы қысымды қалыптастыруда маңызды роль атқарады. Олар онкостық қысым туғызып, қан кұрамындағы су мөлшерінің тұрақтылығын сақтайды, қан мен ұлпа арасындағы судың алмасуын реттейді. Альбуминдер әр түрлі дәрі-дәрмек препараттарын, дәрүмендәрілерді, гормондарды бояғыш заттарды (пигменттерді) тасымалдауда зор роль атқарады. Глобулиндерден түрлі қорғаныш денелер түзіледі, сондықтан олар организм иммунитетін қалыптастырады. Фибриноген канның ұю процесіне катысады. Қан ұйыған кезде фибриногеннің физикалық қасиеттері өзгеріп, ол ерімейтін фибрин талшықтарын түзеді. Плазма белоктары ұлпа белоктарын құрау үшін пайдаланылады.
Қанның ұюы
Тамырлар жарақаттанғанда одан аққан қан ұйып, қанның ағуына кедергі жасайтын іркілдек зат — тромб түзеді. Іркілдек зат бірте-бірте қоюланып тамырдың зақымданған жерін бітейді де, аққан қанды тоқтатады. Біраз уақыт өткен соң тамыр жарақаты жазылып, тромб жойылады.
Тромб негізінен ерімейтін талшықты белок — фибриннен құралады. Фибрин плазмада еріген белок — фибирногеннен түзіледі. Фибрин түзілуі үшін қанда және қан пластинкалары, тамырлар мен оларды қоршап жатқан тканьдер бұзылғанда пайда болатын ерекше заттар қажет. Қан ұйығанда кальции тұздарының маңызы зор. Егер кальций тұздарын бөліп алса, қан ұйымайтын болады. Фибрин жіпшелерінің аралығына қан клеткалары тұтылып, іркілдек зат қызыл түске боялады. Қанның іркілдек заты үш-сегіз минутта түзіледі.
Лимфада да фибриноген болады. Ол қан ұйитын жағдайда, бірақ қаннан гөрі баяуырақ ұйиды.
Кейбір адамдар іштен туа қаны ұйымайтын ауруға тап болады. Мұндай адамдар болмашы жарақаттанудан-ақ қаннан айырылып, қаза табуы мүмкін.
Қанның ұйуы дегеніміз организмді қан кетуден сақтандыратын, оны қорғанышты бейімділігі болып табылады.