Он жылдан соң, 1876 жылы 15 қазанда Ресейдің химия қоғамының жиналысында Д. И. Менделеев мұнайдың пайда болуы туралы гипотезасын ұсынды. Ғалымның пікірінше, таулардың түзілу процестері кезінде пайда болған сызаттар, жарықтар арқылы Жер қыртысына тереңдеп су өтеді. Температура мен қысымның әсерінен су жер қойнауында темір карбидімен әрекеттеседі, нәтижесінде темір оксиді және көмірсутектер, мысалы этан түзіледі. Түзілген заттар сол сызаттар арқылы жер қыртысының жоғарғы қабаттарына көтеріліп, кеуек шөгінділерді толтырады.