Қабiлет саласындағы дара айырмашылықтар және оларды қалыптастыру “Алуан-алуан жүйрiк бар, әлiне карай шабатын” дегендей адамдардың қабiлет саласындағы дара айырмашылықтары да сан алуан болып келедi. Мәселен, бiреу iске күштi жiгермен, қатты мейiрмен кiрiседi. Мұндай адам жұмысты сапалы орындай алады. Ендi бiреу, керiсiнше, сол iстi әрi баяу, сапасын төмен етiп орындайды. Қабiлеттi адамдардың бiрi — зеректiлiгiмен, екiн-шiлерi байқағыштығымен, үшiншiлерi материалды еске сақтағыштығымен ерекше көзге түседi. Бұл айтылған қасиеттер кейде бiр адамның басында да тоғыса бередi.
Қандай болмасын әрекеттi сапалы етiп орындау үшiн қабiлеттiң бiр ғана түрiне сүйенуге болмайды. Бiр әрекеттiң өзiн орындау үшiн кейде бiрнеше қабiлеттiң жиынтығы керек болады. Мәселен, мұғалiмге ұйымдастырғыштық қабiлетпен қатар, бақылағыштық, ақыл-ой ерекшелiктерiнiң белсендiлiгiмен қатар, сөйлеу шеберлiгi, зейiн қойғыштық т. б. қажет болады.
Адам қабiлетiн аз, көп деп сан жағынан өлшеудiң ғылымға қажеттiгi шамалы. Өйткенi алғашқы кезде түрлi себептермен көрiне алмаған қабiлеттiң оның есейген шағында көрiнуi де ғажап емес. Жас шақта сөзге олақ адамдардың есейе келе iрi ақын, жазушы болғандары; көрген нәрсесiн есiнде жөндi сақтай алмайтын адамдардың кейiннен талантты суретшi болып шыққандары да бар. Мәселен, ескi заманның аса көрнектi ораторы (шешенi) Демосфен бала кезiнде тұттықпа кекеш бола тұрса да өзiн ерекше жаттықтырудың арқасында қабiлетiнiң кемiстiгiн жойып, аты-шулы шешен деген атаққа ие болған. Зор талант иелерiнiң арасында да қабiлеттерi өте кеш дамыған адамдар аз емес. Мәселен, В. Скотт бiрiншi романын 43 жасында, орыс жазушысы С. Аксаков алғашқы кiтабын 56 жасында жазған. 40 жасында сауатын ашып, 73 жасында ғылым докторы болған ғалым Е. К. Гусеваның өмiрi де осы айтылғанға жақсы дәлел. Осы адамдардың жас шағында да кабiлеттерi болғанмен оның лаулап жануына жағдай тумаған. Көздегенiне жетемiн деген сенiмнiң күштiлiгi, қайрат-жiгерлерiнiң молдығы — осы адамдардьщ қай-қайсысына да тән қасиеттер. Адам психикасының басты бiр ерекшелiгi: бiр қасиеттiң орнын екiншi бiр қасиетпен толтыра, яғни адамның өзiнде жетiспеген бiрер қабiлеттi басқа қабiлеттермен алмастыра алатындығы. Өткен тараулардың бiрiнде орыс ғалымы О. Скороходованың өмiрi жайлы сөз болды. Сол кiсiнiң құлағы естiп, көзi көрмесе де өлшеусiз жаттығып, үйренудiң нәтижесiнде зор қабiлетке ие болғандығы осы айтылғанға айқын дәлел. Сөйтiп, адамның белгiлi бiр әрекетпен шұғылдануына оның бейiмдiлiгi, кызығуы және басқа қабiлеттсрi демеу берсе, ол ерiк жiгерi күштi еңбек сүйгiш адам болса, жеке бiр қабiлеттiң жеткiлiксiздiгi оның iс-әрекеттi ойдағыдай орындауына бөгет бола алмайды. Қабiлеттiлiктiң даму шегi жоқ.
И. П. Павловтың жүйке жүйесiнiң типтерi туралы iлiмi (бұл жөнiнде темперамент туралы тарауда толық айтылды) қабiлеттердiң физиологиялық негiзiн түсiнуде де үлкен орын алады. Ми қабығында жасалатын уақытша байланыстар жүйесiнiң пайда болу жылдамдығы мен берiктiгi қозу, тежелу процестерiнiң күшi мен тепе теңдiгiне, қозғалғыштығына байланысты болатындығы, ал адамның iс-әрекетiнiң белгiлi бiр түрiн нәтижелi етiп орындауда осылардың елеулi роль атқаратындығы күнбе-күнгi тәжiрибеде жақсы байқалып жұр.
Адам қабiлетiнiң әр қилы болып келуi сигнал жүйелерiнiң ерекшелiктерiне де байланысты. Нерв әрекетiнiң жеке көрiнiстерiнде сигнал жүйелерiнiң бiр-бiрiнен басым келуiн И. П. Павлов адамға тән нерв қызметiнiң үш түрлi типi болады деп тұжырымдады. Егер адамның жүйке әрекетiнде бiрiншi сигнал жүйесiнiң жұмысы басым болса, оны “суретшi тип”, ал екiншi сигнал жүйесiнiң жұмысы басым болса, “ойшыл тип” деп атауды ұйғарды. “Суретшi тип” қабылдау мен естiң образдылығы және ашықтығымен (мұндай типке суретшiлер мен музыканттар кiредi), қиялдың байлығымен сипатталса, “ойшыл тип” абстрактылық ойлаудың басымдылығынан (бұған философтар, математиктер жатады) көрiнедi. И.П. Павлов сигнал жүйелерiнiң типтiк ерекшелiктерi психикалық әрекеттiң кез келген түрiнен байқалады және олар өмiрде бiр-бiрiне ауысып, өзгерiп отырады. Осы типтердiң кез келгенiнiң негiзiнде қабiлеттi жан-жақты дамытып отыруға болады дедi.
Бастауыш кластарда мұғалiм оқушылардың оқуға ынтасын тәрбиелеу арқылы олардың қабiлеттерiнiң дамуына кең жол ашады. Мұғалiм алғашқы күннен бастап оқушының ыждағаты мен бейiмдiлiгiн, оның қолынан не iстеу келетiндiгiн, оқу мен енбекке ұқыптылығы қандай екендiгiн есепке алып, оқу процесiн осы негiзге орайластыра жүргiзгенi дұрыс.
Кейбiр мұғалiмдер баланың кабiлеттiлiгiн одның оқу материалдарын тез ұға алушылығымен ғана байланыстырады. Бұл жерде де мұғалiмнiң аса сезiмталдығы қажет. Өйткенi нерв жүйесiнiң, тума қасиеттерiне байланысты табиғатынан баяу (флегматиктер мен меланхоликтер) болып келетiн балалар да аз емес. Осындай баяу ойланып жауап беретiн балалар қабiлетсiздер қатарына қосылатын болса, бұл педагогикалық тұрғыдан өрескел қате болып ееептеледi.
Бала қабiлетiн тәрбиелеу үшiн жүргiзiлетiн жұмыстардың мазмұны мен түрлерi сан алуан. Бұларды нақты жағдайларға байланысты (оқушылардың жас, дара ерекшелiктерi, түрған жерi, отбасы жағдайы, т. б.) жүргiзе бiлу әбiр мұғалiмнiң жеке творчестволық iсi. Мәселен, мұғалiм жүргiзетiн осындай жұмыстардың бiрi — оқушылардың оқу әрекетiн тартымды, мазмұнды, қызғылықты етiп ұйымдастыру. Әсiресе, төменгi класс оқушыларының бейiмдiлiктерiн, қызығуларын көре бiлумен қатар, оларды барынша көтермелеп, белсендiлiгiн үнемi арттырып отырған жөн. Мәселен, мұғалiм жақсы үлгiретiн оқушыларға талапты көбiрек койып, қосымша тапсырмалар беретiн болса, “орташа” қабiлетi бар балаларды да бакылаудан тыс қалдырмаған дұрыс. Кей жағдайларда осындай балалардың, табиғи мүмкiндiктерi жеткiлiктi болғанымен, мүғалiмнiң назарынан тыс қалып кояды да, ол “орташа” оқушы болып кете бередi. Сондықтан да оқушының келешегiне зор үмiтпен қарау керек. Мұғалiм оқушылардың практикалық қабiлеттерiн дамытып отыруды да ұмытпауы тиiс. Бұл үшiн оқушыларға қоғамдық тапсырма бередi, оның орындалу сапасын тексередi, сондай-ақ баланың ыждағаттылығын, ұқыптылығын қадағалап, оның қабiлетiнiң дами түсуiне бағыт көрсетiп отырады. Баланың практикалық қабiлеттерiн дамытуда мектептегi қоғамдық ұйымдардың жұмысы, еңбек, дене шынықтыру, айтыс, диспут, ән-күй сабақтары таптырмайтын шаралар болып табылады.