15 дәріс. Қабілеттер туралы жалпы ұғым. Сабақтың жоспары: 1. Қабілеттердің негізгі сипаттамалары
2. Қабілеттер және нышан.
3. Қабілеттер түрлері және деңгейлері.
4. Оқушылар қабілеттерінің дамуы.
Күнделiктi ауызекi сөзде “қабiлет” деген атауды жиi қолданамыз. Мәселен, мұғалiм оқушысына мiнездеме бере отырып, осы баланың математика пәнiне қабiлетi күштi екенiн айтады. Мектепте оқушыларға түрлi қоғамдық жұмыстар жүктелгенде де олардың кейбiреулерiнiң ұйымдастырғыштық, екiншiсiнiң - музыкалық, үшiншiсiнiң - суретшiлiк қабiлетi еске алынып, бұған ерекше мән берiлiп отырылады. Бұл мысалдар әр адамның әрекетiң бiр түрiне жарамдылығын көрсететiн дара ерек-шелiгi болатынын байқатады. Мұндай ерекшелiктер iс-әрекеттi орындау үстiнде, әсiресе, оның нәтижесiнен жақсы көрiнiп отырады. Мәселен, бiреу қолына алған iсiн бұрқыратып тез бiтiрiп тастайды және оны өте нәтижелi етiп шығарады. Ал екiншi бiреу өте баяу қимылдап әрi iстi сапасыз етiп орындайды. Бұл мысалда да бiрiншi адамның iске қабiлеттiлiгi екiншiге қарағанда әлдеқайда жоғары екендiгi көрiнiп тұр.
Қандай да болмасын бiрер нәрсеге қабiлетi жоқ адам болмайды. Ол бiреуде күштi, бiреуде шамалы болып келуi мүмкiн. Тәжiрибе мен парасат адамдардың тең емес екенiн дәлелдейдi дегенде теңдiк деп адамдардың қабiлеттерiнiң теңдiгi немесе дене күштерi мен рухани қабiлеттiктерiнiң бiрдейлiгiн түсiнедi.
Бұл мағынада алғанда адамдардың тең емес екендiгi түсiнiктi. Қабiлеттiлiктiң өлшемi — белгiлi бiр iстiң нәтижелi болып орындалуында. Қабiлет адамның iс-әрекетiнiң белгiлi бiр түрiне, өнер саласының бiрiне жарамдылығын жақсы көрсете алады. Белгiлi бiр iстi үздiк орындауға мүмкiндiк беретiн адамның әр түрлi жеке қасиеттерiнiң (музыкалық саңылау, түстердi жақсы ажырата алу, қолдың икемдiлiгi т. б.) қиысып келуiн, яғни адам қасиеттерiнiң синтезiн қабiлет деп атайды.
Қабiлеттiң дамуы оны қажет ететiн қызмет саласында және әрекетке үйрену үстiнде көрiнiп отырады.
Қабiлеттiң ойдағыдай дамуы адамда тиiстi бiлiм жүйесiнiң, икемдiлiк пен дағдының болуына байланысты болады. Мәселен, оқушыда техникалық қабiлеттiң ойдағыдай дамуы үшiн техникалық конструкциялардың құрылысын жақсы бiлуi, оны тәжiрибе жүзiнде пайдалана алуы қажет. Баланың бiлiмi тереңдеп, икемдiлiгi артып, дағдысы көбейе түссе, оның қабiлетi де ойдағыдай дамып отырады. Мәселен, кейбiр мұғалiмдер өз оқушыларының (тiптi ол жақсы оқитын оқушы болса да) үлгiрi-мiне көңiлi онша тола қоймайды. Ол өз оқушысының бар мүмкiндiгiмен жұмыс iстемейтiндiгiн айта келiп, егер ол сабаққа бар ынтасымен кiрiсетiн болса, бұдан да гөрi жақсы оқи алар едi-ау деп қынжылады. Бұл жерде мұғалiм қолынан iстесе, iс келетiн, дағдыға тез машықтанғыш баланың, қажырлы әрекетке бойын жөндi ұсына алмағандықтан, қабiлетiн жөндi көрсете алмай отырғанын айтып отыр.
Оқу-тәрбие процесiнде қабiлет, бiлiм, дағды, ептiлiк сияқты психологиялық ұғымдарды өз мәнiнде түсiне алмау мұғалiмдердi педагогикалық қателерге ұшыратуы да мүмкiн. Мұны дәлелдейтiн мысалдар көп. Сурет академиясына оқуға келген Суриковтың арнаулы қабiлетi ерте көрiнгенмен де, сурет салуға қажеттi дағды мен бiлiмi болмаған. Сондықтан да ол академияға қабылданбаған. Академияның мұғалiмдерi Суриковтың сурет өнерiне тиiстi бiлiмi мен дағдысының жоқтығына қарап, оның зор қабiлеттiлiгiн көре алмай, үлкен қате жiберген. Кейiн ол өзiнiң зор қабiлетiнiң арқасында сурет өнерiне қажеттi бiлiм мен дағдыны екi-үш ай iшiнде меңгередi де, академияға түсуге право алады. Бұл жайт академиядағылардың Суриков жөнiндегi пiкiрлерi жаңсақ болғандығын аңғартады. Бұл мысал адамның қабiлеттiлiгi бiлiмi мен икемдiлiгi, дағдыларды тез меңгеруге жағдай туғызатынын, сондай-ақ балалардың қабiлеттерiн дұрыс байқай алып, онымен санасып отырудың қажеттiлiгiне мұғалiмдердiң зер салуын керек етедi.
Қабiлет негiзiнен екiге бөлiнедi. Адамның ақыл-ой өзгешелiктерiнiң жеке қасиеттерiн көрсететiн кез келген адамнан табылатын қабiлет жалпы қабiлет деп аталады. Ақылдың орамдылығы мен сыншылдығы, материалды еске тез қалдыра алу, зейiндiлiк пен бақылағыштық, зеректiк пен тапқырлық т. б. осы секiлдi ақыл-ой әрекетiнде көрiнстiн өзгешелiктер жалпы қабiлет болып табылады.
Iс-әрекеттiң жеке салаларында ғана көрiнiп, оның нәтижелi орындалуына мүмкiндiк беретiн қабiлеттi арнаулы қабiлет деп атайды. Бұған суретшiнiң, музыканттың, актердiң, спортшының, математик-ғалымның ақын-жазушының қабiлеттерiн жатқызуға болады. Соңғы кездерi кейбiр зерттеушiлер қабiлеттiң үшiншi түрi деп практикалық iске қабiлеттiлiктi айтып жүр. Бұған ұйымдас-тырғыштық, педагогтық, конструктивтi-техникалық қабiлеттердi жатқызады. Қабiлеттердiң осы түрлерi iс-әрекеттiң басты салаларына (ғылым, өнер, практика) орайлас бөлiнедi.
Адам қабiлетiнiң дамуы қоғамның дамуына, оның әлеуметтiк сипатына ғылыми-техникалық прогресс байланысты болып отырады. Мәселен, капитализм қалыптасып келе жатқан дәуiрде, ғылымның сан алуан салаларының дамуына буржуазия қоғамы кең өрiс берiп отырды. Өйткенi қауырт дамып келе жатқан капиталистiк өндiрiс барған сайын жаңа ғылыми бiлiмдердi талап ете бастады. Мұның өзi бiлiмдi адамдардың көбейе түсуiне қолайлы жағдай туғызды. Сол кездерi жан-жақты қабiлеттi, аса дарынды адамдар көп болды. Өйткенi бұл қоғамның қажетiнен туған құбылыс едi. Ф. Энгельс “Қайта гүлдену дәуiрiне” берген сипаттамасында сол дәуiрдi: “күштi ой-өрiсi, құштарлығы мен сипаты, сан қырлылығы, ғылымдығы жағынан алыптарды керек еткен және сондай алыптарды туғызған заман болды... Ол кезде алысқа сапар шекпеген, төрт-бес тiлде сөйлемеген, творчествоның бiрнеше саласында жарқырап көзге түспеген бiрде-бiр iрi адам болған жоқ дерлiк едi. Леонардо да Винчи ұлы художник болып қана қойған жоқ, сонымен қатар, ұлы математик, механик және инженер болды, физиканың сан алуан тарауларында табылған маңызды жаңалықтар соның арқасы. Альберхт Дюрер суретшi, гравер, скульптор, архитектор болды, оның үстiне өзiндiк кейбiр идеялары бар фортификация системасын ойлап тапты. Бұл идеяларды көп заман өткеннен кейiн барып, Монталамбер және фортификация жайындағы ең жаңа немiс iлiмi қайтадан көтерiп кеттi. Макиавелли мемлекет қайраткерi, тарихшы, ақын болды, оның үстiне жаңа замандағы ауызға алуға лайықты бiрiншi әскери жазушы болды... Ол замандағы геройлар кiсiнiң өрiсiн тарылтатын, сыңар жақтық туғызатын, олардың iзбасарларының бойынан ықпалы бiзге сондай жиi байқалып жүрген еңбек бөлiнiсiнiң құлдары бола қойған жоқ-ты”. Ф. Энгельс айтып отырған Орта ғасырдағы “қайта гүлдену” (дұрысы “қайта өрлеу. қ. Ж.) ХХ-ға-сырдың бас кезiнде қазақ қоғамында да белең алған едi. Осы кездегi тарихи аренаға жан-жақты қабiлеттi адамдар Ш. Құдайбердиев, А. Байтұрсынов, X. Досмухамедов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, М. Шоқаев, М. Жұмабаев, т. б. шыққаны белгiлi.
Адам қабiлеттерiнiң жан-жақты жетiлуi еңбектiң ескi бөлiнiсiн, яғни ой еңбегi мен дене еңбегi болып бөлiнуiн, сөйтiп адамның белгiлi бiр кәсiпке немесе мамандықка таңылып қоюын бiрте-бiрте жоюды көздейдi.
Әрине, бұдан еңбектiң түрлi салалары жойылып кетедi деген мағына тумайды. Еңбектiң сан алуан түрлерiнiң ұштасуы адамның дене күшiнiң де, рухани күшiнiң де дамуына себепшi болады, адамның бiлiмi, шеберлiгi, iс-әрекеттiң түрлi саласындағы айрықша дамыған тәжiрибе мен бiлiм икемi дұрыс ұштасқанда ғана ғылым, техника, әдебиет пен өнер саласында адамның қабiлетi мен дарыны, таланты дамып, оның ойдағыдай өрiстей түсуiне кең мүмкiндiктер жасалады.