Дәрістің мақсаты: Конфликт психологиясы негізінде мінез-құлық модельдерін талдау арқылы конфликт ұғымы, мінез-құлықтың психологиялық аспектілері және конфликтілі мінез-құлықтың модельдері терминдерін, конфликтінің алдын алу шарттарын игеріп, тұлғалық дамуда өзін тарату, өз білімін көтеру, өзіне психологиялық көмек бере алу тәсілдерін, дағдыларын студенттерде қалыптастыру.
І. Осы дәрісті ұлы Гетенің сөзімен бастағым келеді: «Мінез-құлық –ол әркім өзін көретін айна. Тек көрсетіп ғана қоймайды сол айнада қалай көріну керек деген таланттар болады, сол арқылы қоршағандарға өз қатынасын дәл ұстап алады». Міне адамның өзінің беделін (имиджін) қалыптастырудың құпиясы осында.
Конфликт карым-қатынас барысында туындайды. Қақтығыс, конфликт адамдар арасындағы қарым-қатынас психологиясының негізгі бір сұрағы, конфликтінің пайда болуын, шығу себептерін, факторларын, конфликтілік жағдайларды, оның түрлерін, технологиясы мен механизмін, дамуы немесе тежелуін, оларды болдырмау немесе шешімін табу жолдары сияқты мәселелерді психологияның бір негізгі саласы конфликт психологиясы карастырады.
Конфликт ұғымықазақ тілінде қақтығыс, егесу, керісу, жанжал, дау-жанжал, тартыс деген мағыналарда жиі қолданылады. Конфликт – (латын тілінен conflictus – қақтығыс) қарама-қарсы бағыттағы субъектілердің мақсаттарының, көзқарастарының өзара келіспеушіліктері.
Конфликт ұғымына анықтама берсек, конфликт дегеніміз– адамдардың қызығулары, қажеттіліктері, мақсаттары, түсініктері мен көзқарастары бір-біріне қарама-қайшы келетін және бір-біріне деген жағымсыз (негативті) қатынастың әсерінен туындайтын әлеуметтік құбылыс.
Конфликт процесінің шарттары:
1.Уақытша кеңістігі (кикілжіңнің шешілу мекені, уақыты, жағдайы);
2.Әлеуметтік-психологиялық факторлары (кикілжің топтың климаты және олардың өзара қатынасы, конфликт мүшелерінің қал-жағдайы);
3.Әлеуметтік мүшелердің қатысы (түрлі әлеуметтік топтардың: жыныстық, отбасылық, кәсібилік, этностық) және т.б.;
4.Конфликті жағдайдың көрінісі – бұл конфликт мүшелерінің қарама-қарсы жаққа және конфликт ортасына деген жеке көзқарасы;
5.Конфликтке қатыскандардың іс-әрекеттері: шабуыл, корғану, нейтрал, белсенділік, енжарлық;
6.Конфликтінің шығу мүмкіндігі: біреудің толық немесе жартылай бағынуы, ымыраға келуі (компромисс), конфликтті іс-әрекеттің үзілуі, ықпалдастық (интеграция) және т.б.
Психологиялық тұрғыдан конфликт, қарсы бағытталған, қажеттіліктердің сәйкес болмауынан, дәлелдердің, ойлардың, сезімдердің, әрекеттер мен мінездердің қақтығыстарын білдіреді. Конфликтіде эмоция күшейеді, қарсылық шиеленіседі, барлық қатысушыларға өз ауыртпалығын тигізеді, стресс береді әртүрлі психосоматикалық аурулардың себепшісі болуы мүмкін.